Экономика жаңалықтары

Экономика жаңалықтары

Экономика жаңалықтары
ашық дереккөзі
230

КЕДЕНГЕ КЕДЕРГI КЕЛТIРМЕЙТIН БОЛДЫ

ҚР Президентi Н.Назарбаев Кедендiк бақылау комитетiнiң төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозовты қабылдады. Кеден басшысы жемқорлық, шекаралық аймақтардағы сейф-пакет, ынтымақтаса отырып бақылау жұмысы, құжаттарды жедел рәсiмдеу сияқты бiрқатар мәселелерге тоқталды.

Кәрбозовтың мәлiмдеуiнше, 2008 жылдың алғашқы тоқсанында мемлекеттiк бюджетке түскен кедендiк төлемдер мен салықтар кiрiсi бюджеттiк кiрiстiң 31,7 пайызына тең болған. Ең бастысы, Президенттiң пәрменiне сәйкес, кедендiк органдардың қазақстандық шағын және орта кәсiпкерлiктi тексерудiң барлық түрi тоқтатылған. Демек, жыл соңына дейiн көптеген қандас сансыз тексеруден құтылады. Президент Кәрбозов басқаратын комитет жұмысына оң баға бердi. Кеден iсiн жетiлдiру мен оны дамытуға арналған тапсырмаларды да ұмытпады және кедендегi тәртiптiң орнауына мүдделi еместердi қыжыртты: "Аз уақыт iшiнде өте көп шаруа атқарылған. Соған қарамастан мен тәртiп орнатуға қарсы үлкен қарсылықты сезiп тұрмын. Мен Кедендiк бақылау комитетiнiң қызметiн қолдаймын. Комитет тәртiп орната бастаса болды, телефон қоңыраулары, қысым көрсету көбейе түседi. Бұл — шектен шыққандық. Мен барлығына Кедендiк бақылау комиетiтiнiң қызметiне қолдау көрсетуге тапсырма беремiн".

ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

Қазақстандық экономиканы жаңғырту мәселелерi жөнiндегi комиссияның жиырмасыншы рет өткiзiлген кеңесiнде ҚР 2003-2015 жылдарға арналған индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру, азық-түлiк қауiпсiздiгi секiлдi басқа да мәселелер сарапталды.

ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Б.Сұлтанов iс-шаралар, оны жүзеге асыру мерзiмi мен нақты орындаушылары анықталған, ҚР Президентiнiң тапсырмаларын орындау жөнiндегi жоспарды көпшiлiк талқысына ұсынды. Жоба бойынша, ҚР 2003-2015 жж. индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру бес топқа бөлiнген: инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз ету, "Қазақстанның 30 корпоративтi көшбасшысы" бағдарламасын жүзеге асыру, қазақстандық кластерлiк бастаманы iске қосу, бизнес-климатты жақсарту жөнiндегi шараларды жүйелi түрде орындау, ӘКК және мемлекеттiк холдингтер жұмысы. Мемлекеттiк комиссия мүшелерi мемлекеттiк органдар мен ұлттық холдингтерге 2 күн мерзiм iшiнде iс-шаралар жоспарының жобасымен танысуды, соған байланысты тиiстi ұсыныстар мен ескертулердi жеткiзудi мiндеттейтiн қаулыны бiрауыздан қолдады. Сонымен қатар үкiметтiк отырыста ҚР Ауыл шаруашылығы министрi А.Күрiшбаев, "Қазына" ТДҚ" АҚ Басқарма төрағасы А.Дунаевтың тарапынан бiлдiрiлген ауыл шаруашылығы өнеркәсiптiк кешенiнiң кәсiпорындарын несиелеуге байланысты ұсыныстары ортаға салынды.

КАСПИЙ БАНКIНIҢ ТАПҚАН ПАЙДАСЫ КӨП

Қазақстандағы екiншi деңгейлi жетекшi банктердiң бiрi — Каспий банкi 2007 жылы өз пайдасын 43 пайызға, ал меншiктi капиталын 51 пайызға арттырды. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген банк басшылығы хабарлады.

Каспий банкiнiң Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе: "Банктiң 2006 ж. соңында қабылдаған консервативтi және сапалы өнiм стратегиясы 2007 жылы халықаралық нарықтағы қиын жағдайға қарамастан, табысты қаржылық нәтижелерге қол жеткiзуге мүмкiндiк бердi. Активтерiмiз 35,4 пайызға, ал несиелiк қоржын көлемi өткен жылмен салыстырғанда, 53,3 пайызға артты. Осының нәтижесiнде, банктiң таза пайда көлемi 45,6 пайызға өстi" деп мәлiмдедi. Жыл қорытындысымен салыстырғанда, пайыздық кiрiс операциялық шығындарға қарағанда жылдам. Халықаралық сарапшылар әлемдiк қаржы нарығындағы ахуалдың қазiр тұрақтанбайтынын және құлдырау процесi жалғаса беретiнiн айтады. Әрине, тәуекелдiк менеджментiн тиiмдi жүргiзе бiлген қаржылық құрылымдар айтарлықтай зиян шекпейтiнi белгiлi. Банк басшысы Ломтадзе мырза: "Үстiмiздегi жылы бүкiл банк саласындағы өсу қарқыны 15 %-ға төмендейдi. Бiздiң 2009 жылға дейiнгi өсу стратегиясының шеңберiнде жоспарланған жылдық 35%-дық өсуiмiз 2006 жылдың соңында қаржы ресурстарымен қамтылғандықтан, биыл Каспий банкi қазақстандық банктер iшiндегi жетекшi банктердiң бiрi болады. Бiзге бөлшектi бизнесте өз үлесiмiздi арттыру қажет. Алайда, өсу сапамыз бен тиiмдiлiгiмiз стратегиялық басымдық күйiнде сақталмақ" дейдi. 2007 жылдың соңына қарай жеке тұлғалардың Каспий банкiне сенiп тапсырған салымы 31,5 млрд. теңгеге жеткен. Ал үстiмiздегi жылдың басынан берi салымшылардың қаржысы 4 млрд. теңгеге өсiптi.

SAMSUNG БАСШЫСЫ ОТСТАВКАҒА КЕТТI

Әлемдегi ең iрi компаниялардың бiрi — Оңтүстiк Кореядағы Samsung төңiрегiндегi дау-дамай сәл де болса саябырситын сыңайлы. Сейсенбi күнi жемқорлыққа қатысты айыпталған Samsung компаниясының басшысы Ли Гон Хи отставкаға кететiнiн мәлiмдедi.

Осыдан бiрнеше уақыт бұрын Ли Гон Хиге "салық төлеуден жалтарды және өз мiндетiн өтеуден бас тартты, ол басшылық ететiн компания соттар мен прокурорларға пара бердi" деген айып тағылған едi. Үш айға созылған тексеру жұмыстары тағылған айыпты дәлелдейтiн дәйектер таба алмады. Samsung кәсiпорнының бiрқатар басшылары "миллиардтаған долларлық активтерiн мемлекеттен жасырды" деп айыпталса да әзiр бостандықта жүр. Ли Гон Хи жемқорлықпен байланысты аталуы ұлттың арына түскен дақ ретiнде қабылдайтынын, сондықтан кешiрiм өтiнетiнiн, заңдық әрi моральдық тұрғыдағы жауапкершiлiктi сезiне отырып, қызметiнен өз еркiмен кететiнiн мәлiмдедi. Электроника бұйымдары, кеме құрастырумен айналысатын Samsung кәсiпорнының негiзiн қалаған адамның ұрпағы — 66 жастағы Хи компанияны 1986 жылдан берi басқарып келген. 2006 жылғы кiрiсi 12,9 млрд. долларға теңгерiлген Samsung кәсiпорнында 254 мың адам қызмет етедi. Ал компания өндiрген өнiм елден экспортталатын өнiмдердiң 20 пайызын құрайды.

Құлаққағыс

Апта басында ҚР Үкiметi мамыр айындағы мерекелерге орай демалыс күндерiн ауыстыру туралы қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, 2008 жылдың 4 мамырындағы жексенбiлiк демалыс 2008 жылдың 2 мамырына ауыстырылды. Өндiрiс орындарында өнiм өндiру, қаржылық және басқа да қызмет түрлерiн көрсету, құрылыс нысандарын iске қосу үшiн еңбек, материалдық және қаржы ресурстарымен қамтамасыз етiлген ұйымдарға кәсiподақ ұйымдарымен келiсiм бойынша, 2008 жылдың 2 мамырында жұмыс iстеуге заң жүзiнде рұқсат бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары