ШЕКАРАМЫЗ СЫЗЫЛДЫ ДЕСЕК ТЕ...

ШЕКАРАМЫЗ СЫЗЫЛДЫ ДЕСЕК ТЕ...

ШЕКАРАМЫЗ СЫЗЫЛДЫ ДЕСЕК ТЕ...
ашық дереккөзі

Қазақ жерiнiң ұланғайыр, әрi асты-үстi толған байлық екенiн қазiр еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейiн бiледi. Сондай-ақ, шекарасы толық анықталып, iргесi қымталған ТМД-дағы алғашқы мемлекет бiзбiз деп бөркiмiздi атқанымыз да айдан анық. Дегенмен, демаркация аяқталып, делимитация жасалынса да, көршi мемлекеттер көзi түскен жерлерiн қалап алып, орнына сондай көлемде жер бере алады екен.

МӘСЕЛЕ ӘУЕЖАЙДА МА ЕКЕН?

Ресей Федерациясының Орынбор облысының губернаторы Алексей Чернышев Ақтөбе облысынан жер сұрап, өтiнiш бiлдiргенi жайында қауесеттiң тарағанына бiраз уақыт болған. Өткен аптаның соңында бұл мәселе екi елдiң Төтенше және өкiлеттi елшiлерi деңгейiнде қарастырылды. Ресейдiң Қазақстаннан сұрап отырғаны Ор қаласы әуежайының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн қондырғы. Шекара бөлiсi кезiнде Қазақстан аумағында қалып қойыпты. Қазақстан комиссиясын Сыртқы iстер министрлiгiнiң ерекше жағдайлар жөнiндегi елшiсi Вячеслав Гиззатов басқарса, Ресей комиссиясын Ресей Федерациясы Сыртқы iстер министрлiгiнiң Төтенше және өкiлеттi елшiсi Владимир Волков басқарды. Ақтөбе қаласында өткен бұл жиынға облыс әкiмiнiң I орынбасары Iзбақ Өмiрзақов, облыстық мәслихат депутаттары, әкiмшiлiк пен кәсiпорындар өкiлдерi қатысты. Ресей сыртқы ведомство өкiлдерiнiң айтуына қарағанда, Ор қаласындағы әуежайдың Қазақстан аумағында қалып қойған 2,5 шақырым бөлiгi әуе кемелерiнiң ұшып-қонуына барынша кедергi келтiрiп тұрғанға ұқсайды. "Бұл үшiн Ор қаласынан мамандар үнемi шекара қызметкерлерiмен келiссөз жүргiзуге мәжбүр болады. Бұған кемiнде 10 сағат уақытымыз шығындалады. Ал, қауiпсiздiк талаптары бойынша бар болғаны 30-40 минуттық уақыт керек болса, бiздiң қызметкерлер ол талаптың үдесiнен шыға алмай қалады" — дейдi В. Волков.

Орынбор қаласының губернаторы бұл жердi сұрағаннан берi бұл жайында Ресей мен Қазақстан арасында 5 рет жиын өткiзiлген. Жиындардың қай-қайсысы да жабық есiк жағдайында өткiзiлiп, кейiн мәселенiң мәнi журналистерге жеткiзiлiп отырған. Бұл жолғы мәлiметтерге қарағанда, Волков Ресейдiң Қазақстан тарапынан қаншалықты көлемдегi жерге құда түсiп отырғандығының анықталмағандығын айтады. Бiрақ, ол жерлерде елдiмекендер болмайды, пайдалы қазба байлықтары жоқ. Дегенмен, комиссия мүшелерi Мәртөк және Қарғалы аудандарын аралап, сондағы халықпен сөйлесiп, тамырларын басқан көрiнедi. Демек, көз сол аудандағы жерлерге түсiп отыр. Кейбiр ақпарат құралдарының мәлiметтерiне қарағанда, жергiлiктi тұрғындар бұл мекендердiң көршiге берiлмеуiн қалайды. Өйткенi, ол жерлер шұрайлы, шабындықты, әйтеуiр, халықтың күнкөруiнiң негiзгi арқауына айналған жерлер. Қазақстан тарапы тату көршiсiнiң көңiлiн қимай қалағанын беруге келiсiп те қойыпты, есесiне, Орынбор облысынан қазақтың қалаған жерi "ойылып тұрып" берiлетiн болды.

Дегенмен, Ресей әуежайдың қалған бөлiгiн сылтау етiп, стратегиялық маңызы жоғары жерлерге көз тiгiп отыр ма екен? Есiмiзде болса, 2005 жылы Ресей мен Қазақстан арасында делимитация жүргiзiлiп жатқан кезде Қостанай облысындағы Огнеупорный ауылын Магнитогорскiдегi кiрпiш зауытына шикiзат даярлап беруi үшiн оның орнына стратегиялық маңызы шамалы жерлермен айырбастаған едiк. Ресей қашанда өзiнiң мүддесi үшiн өзгенiң ұлттық мүддесiне асқақ қарап үйренгенi белгiлi. Демек, бұл жерде мәселе тек әуежайда ғана болмаса керек. Көршiмiздiң көзде¬генi одан ары жатпасына кiм кепiл.

ҚЫРҒЫЗҒА ДА ЕСЕМIЗ КЕТТI МЕ?

Өткен аптада ресми сапармен Қазақстанға ат басын бұрған Құрманбек Бакиев пен Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы келiссөздердiң аса жемiстi болғандығын бүкiл ақпарат құралдары шуласа айтып жатты. Бұл сапардың жемiстi болуына Қырғыз Парламентiнiң Қазақстан мен Қырғызстан арасында 2001 жылы келiсiлген шекара сызығын делимитациялауды аяқтауы себеп болып отыр. Ақпарат құралдары, әсiресе, Қазақстанның Ыстықкөл жағалауындағы пансионаттарға иелiк ететiндiгiн мақтанышпен әлемге жар салып жарияласты. Қырғыз Жоғары кеңесi "Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық нысандарына меншiк құқықтарын реттеу туралы" Заң жобасын мақұлдады. Бұл заң арқылы қырғыздар Ыстықкөлдегi төрт пансионат қазақтың меншiгi екенiн мойындады. Заң талабына сай ол жердегi демалыс нысандарының қызметi төрт жұлдызды қонақ үйлердiң дәрежесiне сай келуi тиiс, және жұмысшылардың сексен пайызы қырғыз азаматтары болуы керек.

Қазақстанның өзге емес, туған бауырындай Қырғызстанмен арадағы шекарасының осы күнге дейiн аяқталмауына осыдан 3 жыл бұрын тұтанған бейбiт революция кiнәлi. Одан кейiн Қырғызстанда саяси тұрақтылықтың күнi алыстап кетiп едi. Мәселе биыл ғана өз арнасын тауып, реттеле бастады. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанмен арадағы қарым-қатынастың алға жүруiне әлi күнге аяқталмаған шекара делимитациясы кедергi болатындығын ашық айтқаны да бар. Қырғыз бен қазақ арасындағы шекара 1050 шақырымға созылады екен. Шекара делимитациясы ратификацияланғанға дейiн екi ел арасындағы таласты аумақтардың саны 12-ге жеткен.

Талас облысындағы көлемi 79 гектар болатын мәрмәр кенi 1980 жылғы Қырғыз КСР-iнiң Министрлер кеңесiнiң Қаулысы бойынша Қазақстанның пайдалануына берiлген болатын. 2003 жылы Қырғыз депутаттары бұл кен орнын өздерiне қайтаруды талап еттi. Нәтижесiнде Қазақстан аумағы мәрмәр карьерiне сай келетiн жермен алмасатын болды. Туйуп ауданынан Қазақстанға 620 гектар жайылым жерлер берiлiп, Қазақстан орнына Санташ ауылынан 1100 гектар жер бердi.

Қазақ саясаткерлерi де, шенеунiктерi де Қырғызстанмен арадағы шекара бөлiсiнде үстемдiк танытып, өз дегендерiне қол жеткiзгендерiн айтып, алақандарын ысқылап жүр. Алайда, "Жас Алаш" газетiнiң 15.IҮ. 2008 жылғы №30 санында "Қырғыздар 4302 гектар жер берiп, Қазақстаннан 6800 гектар жер алды. Қырғыз Парламентi халықаралық iстер жөнiндегi комитет төрағасының орынбасары К. Қарабеков солай дедi" деген шағын мәлiмет жарық көрдi. Демек, қанша езулесек те бiздiң Қырғызға да есемiз кеткенi ме сонда?

ҚЫТАЙ МЕН ҮНДIСТАН ҚАЗАҚСТАНҒА КӨЗ АЛАРТА МА?

Үндiстанның "CALCUTTA TELEGRAPH" атты басылымындағы 14-сәуiрде "Жер жетпей ме, Қазақстан шақырады" атты мақаланы "Экономика" газетiнiң "шетел басылымына шолу" айдарында аударып басты. Онда "Үндiстан шаруалары ұланғайыр аумақты иеленiп жатқан Қазақстанда — 600 000 мың текше шақырым — Үндiстанның бестен бiр бөлiгiне жуығында — тек шөп пен пiшен ғана өсiрiлетiндiгiн естiп қайран қалғандығы туралы жазылады. Үндiстан вице-президентi Хамид Ансаридiң Қазақстанға сапары кезiнде шенеунiктердiң бiрi "Жердi өңдеу үшiн шетелдiктерге 10 жылға жалға беретiндiгi" жөнiнде айтқандығы жазылады. Мұнда 820 000 мың текше шақырым егiндiк бар көрiнедi. Жалпы, мақаладан аңғарғанымыз Үндiстан шенеунiктерi алақандай жерде, Қазақстанның территориясынан 5-6 есе кiшi Үндiстанда күн санап өсiп бара жатқан шаруаларын жерi кең, халқының саны аз Қазақстанға қалай жөнелтудiң амалын iздеп шарқ ұра бастаған көрiнедi.

Жыл өткен сайын Қазақстанға заңды, заңсыз жолмен ағылып келiп, қазақ қыздарына үйленiп, Қазақстан азаматтығын алып, iшкi өмiрiмiзге дендей енiп бара жатқан қытай олардың түпкi ойы осы — Қазақстанда тұрақты тұру. Халықаралық қауымдастыққа адам құқығы жайында сөз қозғап, Қытайға сыймай жатқан шаруаларды бос жатқан Орта Азия елдерiне қарай ығыстыру, сол арқылы Қазақ даласына ауыз салуды көздеп отырмасына кiм кепiл. Мұндай ақпараттарды бiз күн өткен сайын жолықтырып отырамыз. Қазiр Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы жоғары деңгейде. Қарым-қатынас күн өткен сайын жақсарып келедi. Қытайдың Қазақстан экономикасында алар орны да салмақты. Атасу-Алашаңқай құбыры арқылы Қытайға қара алтынымызды жөнелте бастадық. Ең бастысы, елiмiзге келген қытайлар өз компанияларындағы жұмысшыларға Қытай ән ұранын айтқызып, қытай тiлiнде сөйлетуге мәжбүрлейдi. Демек, бұның барлығы Қытай экспансиясының басы болып жүрмесе болғаны.

Есенгүл Кәпқызы