П.И.ЧАЙКОВСКИЙГЕ АРНАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ

П.И.ЧАЙКОВСКИЙГЕ АРНАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ

П.И.ЧАЙКОВСКИЙГЕ АРНАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ
ашық дереккөзі
305

Жуырда Жамбыл атындағы мемлекеттiк филармонияда П.И.Чайковскийге арналған музыка фестивалiне орай баспасөз мәслихаты болып өттi. Бұл фестиваль сәуiрдiң 15-i мен мамырдың 21-i аралығында жалғаспақ. Осыған орай, жұртшылық Абай атындағы академиялық Опера және балет театрында фестивальдiң ашылу салтанатын тамашалады.

Орыс композиторы П.И.Чайковский байқауын Жамбыл атындағы мемлекеттiк филармония ұйымдастырып отыр. "Былтырғы жылы өткен Рахманиновтың концертi бiзге классикалық музыка өте қажет екенiн байқатты. Себебi, өткен кеште ауыз толтырып айтарлықтай дүйiм жұрт жиналған болатын. Көпшiлiктiң көңiлiнен шыққан осынау қызықты кештен қатысушы өнерпаздар да үлкен әсер алған едi. Биылғы фестивальдiң бұрын-соңды болмаған, қайталанбас, ерекше болатыны даусыз", — дейдi филармония директорының орынбасары Сәуле Сүниятқызы.

Айтса айтқандай-ақ, биылғы шараның орны айрықша. Әлемге әйгiлi халықаралық байқаулардың лауреаттары Ресей мен Швейцарияның фортепиано орындаушысы Андрей Гаврилов, Израиль дирижерi Ваг Папян, Ресейдiң Халық әртiсi, дирижер Мурад Аннамамедов пен елiмiздiң Халық әртiсi, фортепианошы Гүлжәмилә Қыдырбекова және жас скрипкашы Аида Аюпова, виолончельдiң шебер орындаушысы Ермек Құрманаев пен дирижер Ерболат Ахмедьяров бастаған өнер шеберлерi Алматы тұрғындарының құлағының құрышын классикалық музыкамен қандырмақ. Фестивальде қазақтың хор капелласы да өнер көрсетедi.

— Мен 1989 жылдан бастап Қазақстанның мемлекеттiк филармониясымен жұмыс жасаймын. Сол жылы бiз Украина мен Ресейдi аралап, 8 концерт берген едiк. Халық ұжымды жақсы қарсы алды. Қазақтың филармониясы сөзсiз мықты шығармашылық ұжым, — дейдi кешке қатысушы Израильден келген қонақ Ваг Папян.

Қорыта айтқанда, алматылықтар классикалық музыка фестивалiн сағынышпен қарсы алып, көзайым болуда.

Жансая ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары