"ШАҢЫРАҚТАҒЫ" ШАТАҚТЫҢ СОҢЫНДА...

"ШАҢЫРАҚТАҒЫ" ШАТАҚТЫҢ СОҢЫНДА...

"ШАҢЫРАҚТАҒЫ" ШАТАҚТЫҢ СОҢЫНДА...
ашық дереккөзі
412

ТӨРТ БОЗДАҚ ҚАМАЛЫП, ОЛАРДЫҢ АРТЫНДА БIРНЕШЕ ЖАННЫҢ ЖҮРЕГI ҚАНЖЫЛАП ҚАЛДЫ

Ауылдан қалаға ағылып жатқан көштiң санында шек жоқ. Әлбетте, олардың денi басқа қалаға емес, жұмыс көзi көп Алматы секiлдi iрi қаржы орталығына ат арытып келiп жатыр. Әйтеуiр, тапқан-таянғанын жинап, қала шетiнен ұлтарақтай жер сатып алу үшiн жанталасып, еңбек етiп, өлместiң күнiн көруге мойынсұнған. Ал бiрақ барымен, нарымен сатып алған жерi заңсыз болып, сан соғып қалғандар да, ақыр аяғы темiр тордың арғы жағынан бiр-ақ шыққандар да өзiмiздiң бауырлар болып отыр.

2006 жылы Әуезов ауданының әкiмшiлiгi шаңырақтықтардың қолындағы құжатты заңсыз деп тауып, 116 үйдi бұзу жөнiнде шешiм шығарған. Айдың, күннiң аманында бiр топ мұздай қаруланған солдаттарды көрген шырт ұйқыда жатқан бейкүнә халық шарқ ұрып әбiгерге түскен. 4-сәуiр күнi шамамен 700-дей әкiмшiлiк қызметкерлерi жиналып көпшiлiктiң алдында 6 балалы отбасының үйiн бұзып тастағанын өз көзiмiзбен көрдiк. Алайда, халық асарлатып, сол күннiң ертесiне-ақ, үйдi қайта тұрғызып, оңай берiспейтiндiктерiн дәлелдедi. Ал 2006 жылдың 13-наурызында "Әйгерiм", "Шаңырақ" ықшамауданында сол кездегi Әуезов ауданы әкiмi В.Устюговтiң бұйрығы бойынша 20 үй бұзылған. Ең сорақысы да сол, бастарын қатер мен оққа тiккен "Шаңырақтағы" жер дауының аяғы жазылмас қайғыға соқтырып, екi жақтың ызалы кегiнiң нәтижесiнде 24 жасар полиция қызметкерi, тергеушi Әсет Бейсеновтiң отқа оранып өлуiне әкелдi. Осыдан кейiн заң органдары осы өлiмге қатысы бар деген жиырма бес шаңырақтықтарды (iшiнде қызбалалар да бар) қамауға алып, сот процесiн бастап кеп жiберген-дi. Сол жылдың шiлде айынан басталған "Шаңырақтағы" қақтығысқа қатысты сот процесi бақандай тоғыз айға созылып, былтырғы жылдың соңында нүкте қойылды. Алайда, айыпталушы деп танылған 25 азамат ақырғы отырыста да өздерiн ақтауды өтiнiп қалуға тырысып бақса да, тiрiдей жанып кеткен 24 жастағы Әсет Бейсеновтiң туыстары "Оларды темiр тордың iшiнде шiрiту керек" деген ұстанымнан таймайтындығын бiлдiрдi. Айналып келгенде, құрқылтайдың ұясындай баспанасын қорғаймын деп, асыра қызбалыққа салынған қаһарман азаматтар қатаң режимдегi калонияда жазасын өтеуге мәжбүр болды. Сонымен, сот үкiмi бойынша 25 айыпталушының 21-i жазасын 1 жылдан 3 жылға дейiн шартты түрде өтейтiн болып шешiлсе, бiреуi түбегейлi ақталды. Ал 4 азамат, басты айыпталушы Арон Атабек 18 жылға, "Әсет Бейсеновтiң үстiне жанар-жағармай құйды" делiнген Рүстем Тұяқов 14 жылға, "от қойған" Құрманғазы Өтегенов 16 жылға, ал Ерқанат Тараншиев 15 жылға бас бостандығынан айрылып, қараңғы қапасқа жабылды. Бүгiнде баласының қайғысы жанына батқан ана мен жан жолдасының қалған өмiрiне алаңдаған адал жар жанын қоярға жер таппай, тiршiлiк кешуде.

Жақында бауыр етi баласы мен арқа сүйер асыраушысы — жолдасын темiр тордың ар жағына тапсырған ана мен жесiр қалған келiншекпен жолығып, әңгiмелескен едiк.

Тұяқова Райхан, 14 жылға сотталған Рүстем Тұяқовтың анасы:

— Алматы облысы, Райымбек ауданынан келген едiк. Рүстем 1983 жылы туылған, 7 баланың кенжесi едi. Өзiм жесiрмiн. Жасым болса 59-да. Басқа балаларым аяғынан тiк тұрып, өздi-өзi боп кеттi. Әйтеуiр, өз еңбегiммен әкесiнiң жоқтығын бiлдiрмей ел қатарына қостым деп жүргенмiн. Оны ел-жұрт бiледi. Рүстем әкесiнен 7 жасында жетiм қалды. Ұлым салмақты, сабырлы. Баламның бәрiне дұрыс тәрбие беруге тырысып келдiм. Ауылда жұмыс болмаған соң балаларым қалаға келiп, жұмыс iстедi. Оның үстiне Н.Назарбаевтың: "Ауылдық жердегi жастарды қалаға тартуымыз керек" деген сөзi бар емес пе?! Шамам келгенiнше, екi баламды оқыттым. 2006 жылы Рүстем де 11-сыныпты бiтiрiп, оқуға түсе алмағаннан кейiн осындағы ағаларының жанына келдi. Сосын бiр жыл жұмыс iстеп азын-аулақ ақша жинап: "20 дан астым, үлкен азамат болдым, жер алып үй салсақ қайтедi?!" дедi. Сөйтiп жүрiп, бар тапқанымызды жинап, "Шаңырақтан" 8 сотық жердi 1 жарым мың долларға алып, мәз болыстық. Бұл сатып алған жерiм сайдың төмен жағында, саз емес жерде. Бар ақшамды сатқан кiсiнiң қолына берiп, "Құжаттарымды заңдастырып бер, шырағым" деп едiм, ол: "Ешқандай да саспаңыз, менiң бар құжатым компьютерде тiркелген" деп шаң жуықтырмады. Сөйтiп, маған "Мiне, шешiмiңiз" деп бiр жапырақ қағаз әкеп бердi. Оның өтiрiк шешiм екенiн кейiннен бiр-ақ бiлдiк қой. Сосын Рүстем жұмыс орны арқылы банктен 3 мың доллар несие алып, үйдiң iргетасын тұрғызып, керектi материалдарын жинай бастады. Содан "Мама, бiз үй саламыз, тамақ жасайтын адам керек" деп менi ауылдан әкелген едi.

… Рүстем ертеңгiсiн жұмысқа кеткен. Кешке қайтатын уақытынан тым кешiктi. Дереу үлкен баламның үйiне келiп, "Рүстем жұмыстан неге кешiктi екен?" деп едiм, "Сiз естiмедiңiз бе, "Шаңырақта" көтерiлiс болыпты" деп жүресiнен қойып қалғаны. Абыр-сабыр болып жатқанымызда, сағат 9-дар шамасында балам келдi. "Шаңырақта бiр жағдай болыпты ғой" деп сұрай бергенiмде, Рүстем: "Таңертең жұмысқа кетiп бара жатыр едiм, өңкей омондар жолды жауып тастап, жасы үлкен апаларды ұрып-соғып жатыр екен, тiптi, ақ шашты аналардың "Адамгершiлiктерiң қайда, бiздi осылай таптатып қоясыңдар ма?" деп жылап тұрғанын көргенiмде шыдай алмадым да, қалай енiп кеткенiмдi бiлмедiм. Аяққа тапталып жатқан бiр-екi ананы суырып алдым" дедi. Мiне, соның ақыры осындай пәле-жалаға душар еттi қайтейiн (көзiне жас алды). Балам босқа күйiндi. Сотталған үш азаматтың өлiмге ешқандай қатысы жоқ.

— Сонда олар 24 жасар Әсеттi мерт қылғандардың қатарында жоқ болғаны ма?

— Оның iшiнде болған жоқ. Олар – ақ. Бар болғаны баламның: "Ей кетсеңдершi, қазақтар! Бiр-бiрiмiздi өлтiремiз бе? Бiр-бiрiмiздi түтiп жеймiз бе? Азар болса, жұмыстан қуылатын шығарсыңдар. Не көрiндi сонша?!" деп сөйлегенiн таспаға жазып алыпты. Мiне, содан соң әлгi түсiрушi Рүстем қайда барса, сонда барып, iлесiп түсiре берiптi. Бар болғаны осы. Ал ол жiгiттiң өлiмiне баламның тiкелей қатынасы жоқ. Өйткенi, сол бейнетаспада Әсет Бейсеновты кiмнiң өлтiргенi де анық көрiнiп тұр. 2 жылдан берi бұның бәрi шiрiп бiткен. Алды да, жазықсыз төртеуiн қамап тастады. Темiр торда жатқанына 2 жылдың жүзi болды. Алғаш қағаз келгенде, 10 тамыз күнi баламды өз аяғымен апарып бердiм. Содан не керек, бiр қорғаушы жалдап едiм, 80 мың ақшамды босқа жеп кеттi. Осы баламды қайтсем де құтқарып алам деп бар малымды саттым. Ендi қайтем, өмiрiн арашалап қалам деп жанталастым ғой.

Гүлжан Құрманова, 16 жылға сотталған Құрманғазы Өтегеновтiң жұбайы, үш баланың анасы:

— Құрманғазы 1976 жылы туылған. Бiздiң отасқанымызға сегiз жыл болды. Жамбыл облысы, Жаңатас қаласынан келдiк. Құрманғазы екi қыздан кейiн өмiрге ұл бала келгенде, жүрегi жарылардай қуанған едi. Мiне, сол артындағы ұлы әкесiнен екi айлығында қалды. Көрген жоқ. Танымайды да. Асыраушым да Құрманғазы едi. Өзi құрылысшы болып жұмыс iстеп жүрдi.

…6 сотық жердi 2005 жылы 3 мың долларға сатып алдық. Сатқан адам қолымызға "Мiне, жердiң құжаты…" деп шешiмiн бердi. Қаражатымыз болмай, тиындап жүрiп жинап, күздiң қара суығында екi бөлмелi времянканы көтердiк. Өзiмiз пәтер жалдап жүрiп, айына он бес мың теңге төлеп тұратынбыз. Ендi мiне, адам қатарына қосылдық па деп отырғанда, мынадай жағдайға тап болдық. Алғаш жолдың шетiндегi Даубаеваның үйiн бұзғанда кәдiмгiдей шу болды. Негiзi "Шаңырақ" киелi жер. Сол Даубаеваның үйiн бұзып жатқанда, трактор бұзылып қалды. Бiрақ солдаттар қара жұмысшы алып келiп, қолмен бұздырды. Бүкiл жергiлiктi халық үш күнде үйдi қайта соғып бердi.

Ал 14 шiлде күнiне келсем, сол күнi Құрманғазы жұмысынан таңға жуық келдi. Сағат төрт шамасында есiк ашылды да, бiреу: "Шығыңдар, мына жақта екi автобус милиция келе жатыр" деп айқайлағанда, не iстерiмдi бiлмей Құрманғазыны ояттым. Ол да ұйқылы-ояу атып тұрып, "Не болды екен деп" далаға тұра жүгiрдi. Мен де артынан қалмай бiрге iлестiм. Таң ендi ғана қылауланып атып келе жатқан кезде-ақ, көшеде халық көп, қатар-қатар тiзiлген милиция, қалың қара түтiн басқан. Шабуылды бастап кеп жiбергенде, алдында тұрған қарт кiсiлерге қараған жоқ. Ақ шашты ананың өзi аяққа тапталып, орамалы бiр жақта қалды. Содан бiр уақытта Құрманғазыдан көз жазып қалдым. Халық омондарға тас лақтырып қорғанып жатыр екен.

Асан деген куәгерге тас лақтырған кезде қатты тиген болу керек, жоғарыдан төменге қарай домалап кетiптi. "Шаңырақтың" жұрты жарақаттанғандарды iшке кiргiзiп, көмек қолын созды. "Ойбу, бiреуiнiң басы жарылып, бiреуiнiң аяғы жарақаттанып қалыпты, бұларда қандай кiнә бар, бар болғаны орындаушы ғана ғой, оның үстiне өзiмiздiң қазақтың балалары екен" деп жандары ашып асты-үстiне түсiп жатыр. Ал соттағылар болса, халық оларды "заложник" ретiнде ұстап алды деп кiнә тағуда. Халықта "заложник" ұстау керек деген ой тiптен болған жоқ. Егер қастандық ойлаған болсақ, жедел-жәрдем қызметiн шақырар ма едiк?! Сол жердегi жiгiттер (iшiнде менiң күйеуiм Құрманғазы да бар) әлгi Асанды жедел-жәрдем көлiгiне көтерiп апарды. "Ендi екi жақ келiсiмге келдi ғой" деп ойлаған Құрманғазы марқұм Әсет Бейсеновтi де көтерiп бара жатқанның iшiнде бар екенi бейнетаспада тұр. Бiрақ олар полиция қызметкерлерiн тас жолға дейiн апарған кезде, қолдарынан басқа адамдар, ортадағы арандатушы бiреулер жұлып әкеткен. Өйткенi, таңғы төрт, бестен-ақ он шақты қара маска киген бейтаныс адамдар жүрген-тұғын. Бәлкiм, "мынаны бүйту керек, сөйту керек" деген сондайлардың арбауымен бiреу-мiреу бензин құйып жiбердi ме екен, кiм бiлсiн?! Ашынған халық қызбалыққа салынып, мүмкiн не iстеп, не қойғанын байқамай да қалды. Сосын бұл қылмысқа осы сайда тұратын өзiмiзге жалған куәгер болған ағайынды Ибрагимовтардың да қатысы бар. Олар өтiрiк куә болып: "Құрманғазы өртедi. Әсет Бейсеновтi жолға алып шығып, байлаған да Құрманғазы" деп жалған айып айтқан. Ал бейнетаспада мұндай әрекет жоқ. Бар болғаны, алда ағайынды Ибрагимовтар тұр, тура сол өртенетiн мезетте, бiреуi артқа қарай шегiнiп кеткен кезде өрт шығып отыр. Ал неге сот процесiнде осыны ескерiп, тексермедi?

Құрманғазыны 23 шiлде күнi жұмыстан келе жатқанда ұстап алыпты. Ал мұның алдында, "Қауiптi қылмыскер Құрманғазы Өтегеновке iздеу саламыз" деп хабарландыру iлiптi. Жұмыста отырсам, маған телефон шалып: "Сiз Құрманғазы Өтегеновтың әйелiсiз бе, жолдасыңыз Iшкi iстер бөлiмiнде қамауда. Тез арада киiмiн, тамағын әкелiңiз" дедi.

— Сiз қайда шағымдандыңыз?

— Жан-жақтан араша сұрап, Астанаға да бардық. Бiз өз жерiн қорғаған адамдарға он алты, он бес, он сегiз жыл бергенiне келiспеймiз. Бар үмiттi Жоғарғы соттан күтiп отырмыз. Өйткенi, "сот әдiл шешiлмедi" деп аппеляцияға берген едiк.

Қарапайым халықтың кiнәсi не? Бар жазығы баспанасын қорғағаны ма? Қай жерде даулы мәселе болса, қазақтарды кiнәлi етедi. Мәселен, Маловодноеда ұрысты шешендер бастады, екi ортада қазақтарды жапты. Сонда қазақтың жанайқайы кiмге қажет?

Рахила Иманқұлова, 15 жылға сотталған Ерқанат Тараншиевтiң анасы:

— Балам Ерқанат 1978 жылы туылған, бойдақ. Өзiм алпысты алқымдаған анамын. Ерқанат 2006 жылдың тамызында ұсталды. Оны да ұрып соғып, қабырғасын сындыруға дейiн барған. Сот шешiмi бойынша төрт бапты мойнына iлдi. Оның iшiнде ең ауыры да сол, адам өлiмiне қатысы бар деген 96-бап. Ерқанаттың да бұл өлiмге қатысы жоқ. Бейнетаспада әлгi "заложник" дегендердiң жанында ол болған жоқ, тек тас лақтырғаны және газ баллонының үстiнде отырғаны бейнетаспаға түсiрiлiп алынған екен. Ерқанат өте еңбекқор, өз ортасында қарапайым, арақ та iшпейдi, темекi де тартпайтын жiгiт. Ұлымды үйлендiрiп, қызығын ендi көрем деп отырғанда, аяғы мынау болды. 15 жыл деген сұмдық қой! Бiздi кiм тыңдайды? Бiздiң жанайқайымыз билiктiң құлағына шалынса екен.

Қалдыбай Әбенов, қоғамдық қорғаушы:

— "Шаңыраққа" қатысты сот процесi әдiл өттi десек, жалған айтқандық болар едi. Сот iсi барысында бiз 72 том материалды, 17 бейнетаспа кассетасын қарап шықтық. Осы материалдың бiрде-бiреуiнде 25 айыпталушыға таққан кiнә, Әсет Бейсеновтiң өлiмiне қатысы бар деген жала ешбiр дәлелденбеген. Соған қарамастан, Қайсенов деген жас жiгiттiң өзiн бiр жылдан аса ұстады. Халық ашулы, шаңырағын қиратты. 25 айыпталушының 21-iн 3,4 жылға шартты түрде шығарды. Олар 4 жылдың шiнде балағат сөз айтпауы керек, еш шындықты жарияламауы керек, қысқасы, ақиқатты айтқызбауға мойынсұндырып отыр. Ал қалған төртеуiнiң айыбы дәлелденбедi. Әрине олар өз шаңырағын, отбасын, қарындасын қорғауға күш салды. Бiз талай рет әскери қызметкерлерге: "Егер өз ошақтарыңызға шабуыл жасаса не iстер едiңiздер?!" дегенде олар қарсы тұрып, бiздi арандатып жатыр деп шықты. Керек десеңiз, сол сот процесi барысында прокурор Оспановты жұмыс орнынан қудырдық. Өйткенi, ол "Шаңырақтағы" жiгiттерге балағат сөздер айтып, Роман Жаппасов деген азаматқа "Сен Қызылорданың итiсiң, сенi 25 жылға дейiн түрмеде шiрiтемiн" деген. Өзi прокурор бола тұра, сот процесiнде iшiп алған. Жасарал Қуанышәлi, Дос Көшiм, бәрiмiз қарсы шықтық. Мынандай тарихи сот процесi барысында прокурордың iшiп алып, адам тағдырымен ойнауы нағыз масқаралық. Оны арнайы бейнетаспаға түсiрiп алып, дәлелдеп, жұмыстан босатуға түрткi болдық. Өкiнiшке қарай, халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын Үкiмет басында ешкiм жоқ. Былтырғы жылдың 25-қарашасында Арон Атабектiң поэзиялық кешiн ұйымдастырып, бүкiл зиялы қауымның қолы қойылған хатты Н.Назарбаевқа жолдадық. Онда "Құрметтi, Нұрсұлтан Әбiшұлы! Бiз төменде қол қоюшы ҚР азаматтары және Алматы қаласында тұратын зиялы қауым өкiлдерi демократиялық қозғалыстың бастауы болған Желтоқсанның 21 жылдығы мен 2006 жылдың 14-шiлдесiнде "Шаңырақ" ықшамауданындағы оқиғада "елiн, жерiн, анасын, бала-шағасын оттан қорғаймын" деп жала жабылып, тар қапаста отырған айыпталушыларды Арон Едiгеевтi, Ерқанат Тараншиевтi, Құрманғазы Өтегеновтi, Рүстем Тұяқовты, өткенге салауат деп, өзiңiз араша болып, бостандыққа шығарып, кейiнгi мәселенiң түйiнiн өркениеттi түрде шешедi деп бiлемiз. Бүкiл дүниежүзi ҚР демократиялық бағытты ұстанған мемлекет деп санайтынын ескере отырып, өзiңiзден мемлекетiмiздiң гаранты ретiнде рақымшылық, қайырымдылық күтемiз" деп жаздық.

"Шаңыраққа" қатысты даулы мәселе туындағанда-ақ, Парламент қабырғасында сол кездегi депутат Е.Әбiлқасымов барлық жерге қатысты мәселелердi анықтау мақсатында арнайы комиссия құру керек деп бастама көтерген едi, бiрақ оны басқалары жаратпай тастаған-ды. Осыған байланысты кiнәлi шенеунiктердi тауып, заң жүзiнде қатаң жазаға тарту, үйлерi бұзылатын азаматтарды баспанамен қамтамасыз етiп, қажеттiсiне өтемақы төлеу керек дегенi де сөз жүзiнде қалды. Қысқасы, билiк бұл мәселенi шешiп беруде мүдделiлiк танытпады.

Алайда, қорғаушы топ пен бостандығынан айрылған азаматтардың туыстары сот процесiнде кiнәлi деп тапқандардың қылмысын дәлелдей алмады. Олар: "Қамаудағы азаматтарды ұрып-соғу, қысқасы қысым көрсету арқылы әрқайсысына бiр емес, 4-5 баптан iлiп қойған" дегендi алға тартады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары