ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛУДЫ АРМАНДАЙТЫН МАҚСАТ

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛУДЫ АРМАНДАЙТЫН МАҚСАТ

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛУДЫ АРМАНДАЙТЫН МАҚСАТ
ашық дереккөзі
426

Өнердiң бастауы, әдетте, елiктеу болып келедi. Жақсыға, әсемдiкке елiктеу, сұлулыққа ұмтылу. Әрi спорт, әрi өнер саналатын таэквондоның қазақ елiнде қанат жаюына бiрден бiр себепкер атақты Мұстафа Өзтүрiк екенi баршаға белгiлi. "Ғалымның хаты, жақсының аты қалады" демекшi, бүгiнде бақилық көрнектi таэквондошының iсiн оның шәкiрттерi абыройлы жалғастырып келедi. Солардың бiрi – есiмi республикаға белгiлi таэквондошы, ҚР еңбек сiңiрген жаттықтырушы, Алматы облысы, Қаскелең қаласындағы Қарасай батыр атындағы спорт кешенiн ұйымдастырушы Қайрат Тағабергенов. Ал, бiз сөз еткелi отырған Мақсат Қахарман оның талантты шәкiрттерiнiң бiрi.

Бiрде, ата-анасымен Республика сарайында өткен бiр кешке барған ол сол сахнадан таэквондошы балалардың өнерiн көрiп қатты қызығыпты. "Шiркiн, мен де осылардай болсам!" деп армандайды екен.

– Ол Мұстафа Өзтүрiктi еске алу кешi едi. Сахнада атақты таэквондошы мектебiнiң оқушылары өнер көрсеткен, – дейдi Мақсаттың әкесi Сабыр Қахарманұлы. – Өзiм кезiнде қазiргi Спорт және туризм академиясында оқығанмын, бiрақ, таза спорт жолына түспедiм. Төрт-бес жасынан бастап Мақсатты әртүрлi спорттық шараларға, футболға ертiп барып жүрдiм.Сол кештен келген соң Мақсат аяқ-қолын сермеп, өзiнше таэквондошы бола бастады, –деп жалғастырды әңгiмесiн жас чемпионның әкесi. – Ұлымыздың табиғаты шахматқа емес, шығыс сайыстарына келетiнiн сол кезде байқадым, алып бара жатқан энергияны бiр арнаға түсiру үшiн жақсы бiр спорт мектебiн қарастыруға тура келген. Лайық көргенiмiз Қаскелеңдегi Қарасай атындағы спорт кешенi болды. Оның ұйымдастырушысы Қайрат Тағабергенов болса, республикаға есiмi белгiлi спортшы, республиканың ғана емес, Азия чемпиондарын тәрбиелеп шығарған жаттықтырушы. Спорт деген – үлкен тәрбие мектебi ғой. Қайрат сынды азаматтар қаншама баланы, жасөспiрiмдi жақсы жолға бастауда. Балалардың дайындығына, рухының мықты болуына көп мән беретiн оған ата-аналар, оның iшiнде бiз де қатты ризамыз. Ал, ұлымыздың жеңiсiне тiлекшiлер аз емес, солардың қатарында демеушiлiк көрсеткен азаматтар – Жуаныш Қаекешов пен Дархан Сапабаевқа алғысымыз мол. Өзiмнiң риза болатыным – Мақсаттың қайтпас мiнезi бар. Әйтпесе соңғы турнир оңай турнир емес едi…

Республикалық /WTF/ осы екiншi турнирге Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, ОҚО, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласындағы Мұстафа Өзтүрiк, Асқар Шайхиев атындағы таэквондо клубтарынан 500-ге тарта бала мен жасөспiрiм спортшы қатысып, өз салмақ дәрежелерiнде бәсекелесiптi. Мақсат финалға төрт қарсыласын жеңiп шыққан, финалда екiншi раундта жеңiске жеткен ол алтын жүлде иеленiптi. Ал, бұл үлкен жеңiске дейiн ол облыстық, республикалық бiрнеше жарыстың жүлдегерi болған. Бiр қарамаққа нәзiк те ашаң көрiнетiн таэквондошы бала сайысқа еш тайсалмай шығады екен. "Қахарман ата, аруағың қолдасын" деймiн де, жекпе-жекке кiрiсiп кетемiн. Мақсатым – әлем чемпионы болу" дейдi ол.

Мамыр айының бас кезiнде Павлодарда республикалық жарыс өтпекшi. Жазда Кореяда жаттығу жиыны. Сонан соң халықаралық турнир. Жаттықтырушысы, таэквондо шеберi Қайрат Тағабергенов төзiмдi де тындырымды, өжет шәкiртi Мақсат Қахарманнан үлкен үмiт күтетiнiн айтады. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жандосов ауылы Жандосов атындағы мектептiң оқушысы, жасы он бiрге ендi ғана толатын таэквондошы асқаралы мақсатына жетiп, әлем чемпионы атансын, деп бiз де тiлек қосайық.

Нұрлан ТҰРСЫНБЕК

Серіктес жаңалықтары