ЖҮРЕКТЕРГЕ АЛАУ ЖАҚҚАН ЭЛЛАДА

ЖҮРЕКТЕРГЕ АЛАУ ЖАҚҚАН ЭЛЛАДА

ЖҮРЕКТЕРГЕ  АЛАУ  ЖАҚҚАН ЭЛЛАДА
ашық дереккөзі

Кеше ғана жүректердi жылытып, Алматы көшелерiне нұрын шашқан Олимпиада алауы жұмыр жердiң төсiн шарлап кеттi. Сол жолы Олимпиада алауын ұстап тұрып Сидней олимпиадасының жеңiмпазы – Ермахан Ыбырайымов толқып былай деген едi: "Сидней олимпиадасында халқымның абыройын асқақтатып алтын медаль алған едiм. Сол кезде адам айтқысыз бiр сезiмде болдым. Дәл қазiр де тура сондай сезiмде тұрмын". Даңқты боксшының аузына осындай сөз салған қандай құдiрет?!

Олимпиада алтынына дейiнгi ауыр жолдан жанкештi еңбегiмен, үлкен мақсатпен, төзiмдiлiгiмен, мықтылығымен өттi. Шелек-шелек тер төгiлдi, ұйқысыз түндер, күлкiсiз күндер өттi басынан. Сидней олимпиадасының алдында ол: "Осы жолы тек алтын әкелуiм керек" деп кесiп айтқан. Арыстан жүрек адам ғана осылай айта алады. Жеңiс жолындағыларды жапыра ұрып, қазақ деген ұлттың алтын жұдырығын әлемге танытты. Ұлтының абыройын асқақтатты. Қазақтың көгiлдiр туы қияндағы Австралия елiнiң кiндiгiнде желбiредi. Алтын тұғырға шығып, жүрек жара тебiренген сәттi Олимпиада алауын ұстаған бiр мезетпен теңеу мүмкiн бе?! Бұл – қарапайым пенденiң кеудесiндегi сұрақ. Олимпиада жеңiмпазын тебiренткен алаудың құдыретi неде?

Эллада – көне шежiренi құндақтаған топырақ. Сонау көне дәуiрдегi үшiншi мыңжылдықтың өзiнде бүгiнгi Греция топырағында қатты дамыған өркениет болған. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi екiншi ғасырда Греция көне Римнiң ықпалында болды. Ғасырлар бойы бiрнеше азулы елдердiң тоқпағының астында жүрсе де мәдениетi мен тарихын өлтiрмедi. Тiптен гректердiң өркениетi өздерiн жаулап алған көне Рим империясының мәдениетiнiң өркендеуiне де өз ықпалын жасаған. Езгiде жүрсе де ұлттық құндылықтарын жоғалтпай, жүректерiнiң отын өшiрмей, арпалысып күн кештi.

Бүгiнгi күнi дөңгеленген дүниенi дүбiрлеткен Олимпиаданың бастауы – бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 776 жыл. Сол заманның өзiнде Олимпиадаға, олимпиада жеңiмпаздарына деген құрмет ерекше едi. Сол дәуiрде Олимпиада жеңiмпаздарына көзi тiрiсiнiң өзiнде ескерткiш тұрғызған. Ақындардың асқақтаған одалары түндiктердi желпiлдеткен. Олимпиада жеңiмпазы болған адам туған қаласына келгенде арнайы қақпадан енбеген. Үстiне қызылдан жарқырай киiм киген, мойнына венок тағып арнайы доңғалақты көлiкке мiнген жеңiмпаз қала қорғанының қабырғасын тесiп кiрген. Қала халқы үңiрейiп қалған жердi сол күнi бiтеген. Бұл – қалаға кiрген Олимпиада жеңiсi халыққа қуат, рух берсiн, қайта шығып кетпесiн деген ой, сенiм, наным.

Бiздiң дәуiрiмiздегi соңғы Олимпиада 393 жылы өттi. Содан кейiн-ақ Олимпиада әлемiн өлi тыныштық жайлады. 1503 жыл үзiлiстен кейiн ғана 1896 жылы қазiргi заманның Олимпиада алауы тұтанды. Бұл Олимпиада алауының жануына ұйтқы болған – француз қоғам қайраткерi, тарихшы Пьер де Кубертен. Ол алғаш рет Олимпиада ойындарын жаңғырту туралы үлкен ой тастады. Осы бiр iзгiлiктi ойды 1894 жылы 23 маусымда Париждегi Сорбоннаның үлкен залында Олимпиадалық ойындарды өткiзу туралы комиссия талқылады. Оның бас хатшысы болып Пьер де Кубертен сайланды. Халықаралық Олимпиадалық комитет тiркелдi. Осы ХОК шешiмiмен 1996 жылы сәуiр айында бiрiншi Олимпиада Грецияның Панафинийск стадионында өттi. Халықтың Олимпиадаға деген ықыласы ерекше едi. 70 мың адамдық стадиондағы спорт мерекесiн 80 мың адам тамашалады.

Iзгi ойды айту бар да, ол ойдың жүзеге асуы бар. Олимпиада өтерде үлкен қиындықтар кездестi. Елдегi экономиканың әлсiздiгi тығырыққа тiредi. Сол кездегi Премьер-министр Триконис орасан зор қаржы қажет ететiн мұндай шараны өткiзуге мүмкiндiк жоқ екенiн Кубертенге бiрден айтты. Дереу ұйымдастыру комитетi құрылды. Жанашыр жұрт жеке қаржыларын ұсынды. Елге ықпалды қоғам қайраткерлерi қолдау көрсеттi. Халық күткен Олимпиада да өттi. Дегенмен спорт ғимаратының нашар дайындығы спортшылардың көрсеткiштерiне керi әсерiн тигiзгенi даусыз.

Олимпиада өткен сол Панафинийск стадионы қазiр тарихи ескерткiш. Әрине, бұл жерде қазiр жарыс өтпейдi. Бiрақ сол кезеңнiң шежiресiндей болған ақ мраморлы Панафинийск стадионына жұрт ағылып келiп жатады…

Қатпарлы қалың тарихта талай адамның iзi жатыр. Тарихтың бетiнде ерекше iз қалдырған адамдардың есiмi мезгiл-мезгiл жаңғырып тұрады. Шежiре тарихта миллиондаған адамның жүрегiне шуақ шашқан данышпанның да, миллиондаған адамды ,тұтас мемлекеттердi қан кұстырған қандықол жауыздың да iзi қалған.

1932 жылы ХI Олимпиаданы Берлинде өткiзу туралы шешiм қабылданады. Ал 1933 жылы Үкiмет басына фашистер келдi. Олар Олимпиадаға дайындық шараларын өз идеяларын насихаттау үшiн пайдалануға күш салды. Олимпиада өткiзу үшiн Берлинде 100 мың адамдық стадион салды. Бұл стадион жобасының иесi архитектор Вернер Марх алтын медальмен наградталды. Ал сол 1936 жылғы Олимпиада ойындарын ашқан – Адольф Гитлер едi.

Қасиеттi отты жағу рәсiмi де көне гректерден қалған. Мұны 1912 жылы жаңғыртқан да сол Кубертен. Доғадай иiлген айна көмегi арқылы күннiң шоғырланған сәулесiмен жақты алауды. Олимпиада алауы тазалық, жеңiс үшiн күрес, бейбiтшiлiк пен достықтың белгiсiн бiлдiредi. Сондықтан да Олимпиаданың салтанатты ашылуынан жабылуына дейiн жанып тұрады. Осы от ұлтының рухын көтерiп келген әр спортшының жүрек отын, намыс отын маздатады. Сондықтан да қасиеттi, сондықтан да қастерлi. Ермахан батырдың тебiренгенi де содан болар.

Олимпиаданың ашылу салтанатында қасиеттi отты қастерлеген Греция елiнiң спортшыларына құрмет көрсетiледi. Греция спортшылары кез келген Олимпиаданың салтанатты шеруiнде жұмыр жердiң спортшыларының көшiн бастап өтедi. Сонау 1896 жылғы Олимпиадаға 14 мемлекеттен 311 спортшы қатысқан екен. Барлығы еркектер. Ал Афинадағы байрақты бәсекеде 202 мемлекеттiң саңлақтары бақ сынады. Олимпиада алауының құдiретi деген осы!

Тамырын тым тереңге жiберiп, шежiре-тарихын аялай құндақтаған жұдырықтай ел салт-дәстүрiн, тiлiн төбесiне көтерiп жүр. Ниетi бөлек келiмсекке есiгiн ашпайтын гректер айрандай ұйып, iргесiн қымтап отыр. Елдiң негiзгi халқы – гректер. Олардың үлес салмағы – 95%! Бұл елдегi туризм – экономиканың ең негiзгi секторларының бiрi. Дөңгеленген дүниенiң кез келген пұшпағының туристiн осы жерден көресiз. Ағылады да жатады… Адамзат баласының жүрегiне Олимпиада алауын жаққан Эллада елiнiң спортшылары ендi Пекин олимпиадасында да салтанатты шерудi бастайды. Сол шеруге қатысатын қазақ спортшыларының да байрақты бәсекеде өз несiбесi бар екенi даусыз.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ