ҚАРЖЫ ӘЛЕМIНДЕГI ЖАНТАЛАС

ҚАРЖЫ ӘЛЕМIНДЕГI ЖАНТАЛАС

ҚАРЖЫ ӘЛЕМIНДЕГI ЖАНТАЛАС
ашық дереккөзі
284

Халықаралық қаржы қорының өкiлдерi қаржылық тұрғыда қауқарлы елдердiң үкiметтерiн қаржылық дағдарыстан шығудың жолдарын бiрге қарастыруға шақырды. Америкалық ипотекалық дағдарыстан қиындық әлемдiк қаржылық дағдарысқа ұласқаны белгiлi. Сарапшылар қауымының болжауынша, қаржы әлемiндегi қарбалас келесi жылдың ортасына қарай бәсеңдемек. Тұрақтылық та сол кезеңнен басталуы тиiс.

Қаржы тапшылығына әкеп соққан дағдарыстың арыны әлi де қайтқан жоқ. Бұған дейiн халықаралық сарапшылар тарапынан америкалық экономиканың рецессияға ұшырау мүмкiндiгiне қатысты айтылған пiкiрлердi АҚШ Федералдық қор жүйесi терiске шығарып келген болатын. Алайда, экономикалық өсу қарқынының төмендеуi, елдегi жұмыссыздық деңгейiнiң күрт өсуi, өндiрiс ошақтарының бiрiнен кейiн бiрi банкротқа ұшырауы, тұтынушылық сұраныстың бәсеңдеуi секiлдi басқа да мәселелер америкалық қоғамдағы экономикалық-әлеуметтiк ахуалды қиындатып жiбердi. Пайыздық көрсеткiштердi үздiксiз төмендетуден танбаған ФҚЖ экономиканы тығырықтан алып шығуға жанталасуда. АҚШ қаржы министрi Генри Полсон америкалық экономика күрт төмендеп кеткенiмен, бiрнеше айдан кейiн жағдайдың жақсаратынына үмiт артып отыр. Ал сарапшылардың көпшiлiгi керiсiнше, АҚШ экономикасы бүгiнде рецессияны басынан кешiрiп жатыр деген сенiмде. Қаржыгерлер ел экономикасын аяғынан тiк қоюға жанталасып жатқан Ақ Үйдiң инфляция мәселесiне бас қатыруға құлықсыз екендiгiн айтады.

Халықаралық қаржы қорының басшысы Доминик Стросс-Кан әлемнiң көптеген елдерiнiң үкiметтерiн дүниежүзiлiк қаржылық дағдарыстан бiрге құтылуға шақырды. Оның пiкiрiнше, "үкiметтер банктерге көмектесудiң орнына нарықты қаржыға қарық қып қойып, қарап отыр". Ақша алаңындағы ахуалдың шиеленiсуi банкаралық несиелеуге де керi әсер еткенi белгiлi. Инвестициялық қауқарын әлсiретiп алудан қашқан банктер бiр-бiрiне қарыз беруге қорқады. Құнды қағаздар мен ипотекалық несиелендiру саласының жағдайы да мәз емес. Стросс-Кан қаржылық нарықты қадағалаумен шектелiп отырған үкiметтердi облигациялар мен ипотекалық мәселелердi шешуде белсендiлiк танытуға және дағдарыстың дауылы қайта айналып соғар болса, қаржылық қауiпсiздiк шараларын қарастырып қоюға шақырып отыр: "Банк саласында қалыптасқан дағдарыс – тек Американың ғана проблемасы емес, бүкiл әлемнiң проблемасы". Доминик мырзаның жанталасуы тегiн емес. Халықаралық мамандардың келешектi көздейтiн экономикалық болжамдары күн өткен сайын оң бағытқа қарай өзгерудiң орнына, керi кетiп барады. Егер әлемдiк экономикалық көрсеткiштер бәсең тартса да, алға жылжудан танбаса, дүниежүзiлiк қаржы нарығындағы жағдай 2009 жылдың ортасына қарай тұрақтанатын көрiнедi.

Айтпақшы, қаржы тапшылығы Халықаралық қаржы қорын да айналып өтпептi. Бүгiнде бюджеттiк дефицит 400 млн. АҚШ долларының көлемiнде. ХҚҚ проблемасын алтынның көмегiмен шешiп алғысы келедi. Кейiнгi кездерi әлемдiк қор нарығындағы алтынның бағасы едәуiр қымбаттады. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын 500 тонна алтын сатылады екен. Оның үстiне, дамушы елдердiң көпшiлiгi ХҚҚ-дағы алтын-валюталық қорының көлемiн арттыруға белсене кiрiсiптi. Халықаралық қаржы қорының өкiлдерi 400 млн. доллар көлемiндегi бюджеттiк дефициттi жабу үшiн резервтегi алтынның 400 тоннасын (12 пайызға жуық бөлiгi) сатуға ұсыныс жасап отыр. ХҚҚ қаржылық тапшылықты шешiп алумен қатар 6 млрд. долларға америкалық үкiметтiк және корпоративтiк облигацияларды сатып алуды жоспарлауда. Бұл қысылтаяң шақтарда тығырықтан аман алып шығатын тұрақты қаржы қорын қалыптастыруға мүмкiндiк бередi. Егер ұйымға мүше мемлекеттердiң басым бөлiгi ХҚҚ ұсынысын қолдаса, "ХҚҚ қаржылық және саяси тұрғыда тәуелсiз, жауапкершiлiктi, мiндетiне бекем әрi қазiргi заман талаптарына сай халықаралық ұйым қалпын сақтап қалады және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүгiн жеңiлдетедi" (Доминик Стросс-Кан).

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары