ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЭКОНОМИКА ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
293

ҚАЗАҚТАР МЕН АРАБТАР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Премьер Мәсiмов кувейттiк шенеунiкпен өткiзген кездесуде Қазақстан мен Кувейт арасындағы саяси, сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты мәселелердi талқыға салды.

Кәрiм Мәсiмов Кувейт Әмiрлiгi әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi, шейх Насыр Сабах әл-Ахмад ес-Сабахпен кездесуде елiмiздегi әлеуметтiк-экономикалық реформалар барысынан сөз етiп, иннофациялық, өнеркәсiп, бiлiм беру, медициналық, инфрақұрылымдық даму бағдарламалары туралы ақпар бердi: "Қазақстан экономикасы кувейттiк кәсiпкерлерге металлургиялық, химиялық, тау-кен байыту және ауыл шаруашылығы салаларында кең көлемдегi өнiмдердi ұсынуға мүдделiмiз". Министрлер кабинетiнiң басшысы мұнай мен газ саласындағы, көлiк, энергетика, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен өнеркәсiптiк өндiрiстер, туризм салаларына Кувейттен инвестиция тартуға мүдделi екендiгiн мәлiмдедi.

ЖАПОНДАР АРАЛДА БАЛЫҚ ӨСIРМЕК

КСРО кезiнде мыңдаған адамды ашаршылықтан аман алып қалу үшiн 14 вагон балық жөнелткен Арал теңiзiндегi балық шаруашылығын дамытуға жапондар қол ұшын беретiн болды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен Дүниежүзiлiк банктiк Қазақстандағы тұрақты өкiлi қабылдаған екiжақты келiсiмде осы мәселе қамтылды.

Министр А.Есiмов пен Дүниежүзiлiк банк өкiлi Сергей Шаталов "Арал теңiзiндегi балық шаруашылығын дамыту және қоғамдық басқару" жобасын жүзеге асыру мақсатында бөлiнген құжатқа қол қойды. Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Тэцуо Ито жапон үкiметiнiң бiздiң елiмiздегi балық шаруашылығының дамытылуына мүдделi екендiгiн және қаржылай көмек көрсететiндiктерiн мәлiмдедi: "Жапонияда Арал мәселесi КСРО-ның жағымсыз әрекетi ретiнде мәлiм. Жапон үкiметiнiң Дүниежүзiлiк банкпен бiрлескен жобасы ретiнде жүзеге асырылып жатқан қызметтiң екiншi кезеңiн атқаратынымызға қуаныштымын". Бүгiнде Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiнен Көкарал бөгетi салынып, Сырдария өзенiнiң арнасы арқылы ағатын су деңгейi екi есеге дейiн көбейген. Солтүстiк бөлiктегi су алабының 500 шаршы шақырымға жеткенiн көлденең тартқан Үкiмет, соңғы 5 жылда аймақтағы балық аулау кәсiбiнiң қайтадан жолға қойылғанын айтады. Ресми деректерге сүйенсек, Арал теңiзiнен жылына 2 мың тонна балық ауланатын көрiнедi.

ҚАЗАҚ МҰНАЙЫ — БАТЫСҚА

Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрi Л.Қисынов Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы қазақ мұнайын тасымалдаудың жаңа жүйесiн құруды қамтамасыз ететiн құжаттың қабылданғанын мәлiмдедi.

Өткен аптада Мәжiлiстiң жалпы отырысында депутаттар Қазақстан Республикасы мен Әзiрбайжан Республикасының аумағы арқылы мұнайды Баку-Тбилиси-Жейхан жүйесiмен халықаралық нарықтарға тасымалдауға қолдау көрсету және жәрдемдесу жөнiндегi шартты ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады. Бұл құжатқа екi ел президенттерi 2006 жылы қол қойған болатын. Қисынов: "Мемлекетiмiздiң ұстанып отырған көмiрсутегiлердi көпвекторлы бағыт бойынша тасымалдау саясатына байланысты жаңа экспорттық жолдарды қарастыру маңызды шара болып табылады" дедi. Жоба бойынша Ескене-Құрық мұнай құбырын салу, жаңа қуаттар мен Құрық портын кеңейту жоспарлануда.

АҚШ ПЕН ҚЫТАЙ ТАТУЛАСУҒА МҮДДЕЛI

АҚШ қаржы министрi Генри Полсон кеше Қытайға келдi. Басты мақсат — екi ел арасындағы экономикалық дауларды шешу.Ху Цзиньтаомен кездескен америкалық шенеунiк 2007 жылы қабылдаған экономикалық келiсiмдi жүзеге асырудың жайын сөз еттi.

Қытайлық билiкпен жүздескен Полсон алдағы он жылға белгiленген энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы екiжақты келiсiмдердi жүзеге асыру мәселесiн талқылады. Былтыр Құрама Штаттар мен аспанасты елiндегi сауда дефицитi 256,3 млрд. долларға тең болған. Сарапшылар пiкiрiнше, бұған қытайдың ұлттық валютасының бағамын қолдан төмендету себеп болғанын айтады. Бүгiнде юанның 1 долларға шаққандағы бағамы – 7,02. Мамандар қауымы бұл бағамның келешекте едәуiр өсетiнiн болжап отыр.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ДАУЫ

Гректер жерiндегi зейнетақылық реформаға қатысты туындаған дау қыза түстi. Бiрнеше күннен берi билiкке деген наразылықтарын танықтан гректер түрлi шаралар ұйымдастырып, қарсылықтарын бiлдiрсе де, үкiмет құлақ асспай қойған едi. Бiрақ апта басында парламент осы мәселеге қатысты референдум өткiзудi талқылады.

Гректердiң парламентi елдегi зейнетақылық реформаны талқыға салуға қатысты референдум өткiзудi таразы басына тартуы тиiс. "Билiк басындағы "Жаңа демократия" партиясы қабылдаған зейнетақы жүйесiн реформалау жөнiндегi заң халықтың талқысына ұсыныла ма, жоқ па?" деген сауалды депутаттар дауысқа салу арқылы шешедi. Гректердiң 80 пайыздан астамы зейнетке шығу жасын ұлғайтып (62-ден 65-ке дейiн), есесiне, зейнетақы мөлшерiн азайтатын заңға қарсы. Билiк егер аталған реформа жүзеге асырылмаса, елдiң зейнетақы жүйесi көп кешiкпей, банкротқа ұшырайтынын айтады. Грекиядағы Еуоодақтың басқа елдерiндегiдей қарт адамдар санының артуы, жарналардың азаюы елдегi ахуалды ушықтырып отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары