БАЛҚАШТЫҢ БАҒЫНА БIТКЕН МЫС

БАЛҚАШТЫҢ БАҒЫНА БIТКЕН МЫС

БАЛҚАШТЫҢ БАҒЫНА БIТКЕН МЫС
ашық дереккөзі
490

Биылғы жылдың 24 қарашасында балқаштық өңделмеген мыстың алғаш алынғанына тура 70 жыл толады. Осы уақыт iшiнде Балқаш тау-кен, металллургия комбинаты талай жетiстiктер мен құлдырауды басынан өткiздi. Комбинат әр уақыттың өзiндiк қиындығына қарамастан басты байлығы – өз жұмысына адал берiлген еңбек ұжымын сақтап қалды.

Әрине, жергiлiктi тұрғындар "Балқаш маңайы экологиясы нашарлап кеттi" деп дабыл қақса да, комбинат жұмысшылары мыссыз өмiр жоқ дегендi мойындаудан қашпайды. Бүгiнгi таңда "Балқашцветмет" өндiрiстiк бiрлестiгi технологиялық құрал-жабдықтармен толығып, экологиялық жағдайды бiршама дұрыстады. Айтар болсақ, былтырғы жылы күкiрт қышқылы өндiрiсiнiң құрылысы аяқталды, ендi жақын арада күкiрт қышқылы цехы iске қосылады деп күтiлуде. Яғни, аз уақыттың iшiнде ауаға тарайтын зиянды қалдықтар әсерi бiршама азаятын болады.

"Қазақмыс" корпорациясы "Балқашцветмет" өндiрiстiк бiрлестiгiнiң жанды жүрегi – Балқаш мыс зауытының мыс балқыту цехы болып табылады. Бұл цех балқыту, конверторлық және анодтық сияқты негiзгi үш бөлiктен тұрады. Өндiрiстiң даму тарихы бетiнде оның әрқайсысының өзiндiк орны бар. Бiз бүгiн әлi өңделмеген әрi тазартылмаған мысты алудағы соңғы стадия – анодтық бөлiкке тоқталуды жөн көрдiк.

1952 жылы 18 қаңтарда анодтық бөлiм пайдалануға берiлiп және учаске мәртебiсiмен метлаллургиялық цехтың құрамына ендi. Ол iске қосылғаннан бастап комбинаттың еңбек ұжымы зерттеу институттарымен бiрлесе отырып, жаңа технологияны енгiзу және анодтық учаскенiң агрегат қызметiн ұзарту тұрғысында тапжылмай жұмыс iстедi. Елiмiзде ең алғаш табиғи ағаш отындар осы Балқаш комбинатында мазутқа алмастырылған едi. Мұның өзi кен балқытуды 4 сағаттан 2 сағатқа азайтып, нәтижесiнде ағаш шығыны екi есеге қысқарды. Бұрынғы ескi пешке қаланатын отқа төзiмдi делiнген кiрпiш тез тозып қалатындықтан да, хромомагнетиздi кiрпiшке ауыстырылды. Осы тұрғыда өнертапқыштар М.Майсаков пен А.Ветровтың еңбегi арқасында автоматикалық iс-әрекеттегi механикалық анод түсiргiш машинасыны енгiзiлгенi белгiлi. Бұл жаңа әдiс жұмысшылардың мыс құю кезiнде кездесетiн ауыр еңбегiне едәуiр жеңiлдiк беретiн жағдайға жеттi. Әлбетте, техниканың ең шарықтау шегi – ПЖВ пешi емес пе? Бұл тиiмдi әрi жаңа заманауи пештер құрамында мысы аз шикiзатты да қиналмай балқыта алады. Ал мыс балқытудың технологиясы мынадай: құрамында 15-17% мысы бар шикiзат комбинатқа түседi, ал пеште балқығаннан кейiн 45% мысы бар штейн шығады. Әбден балқығаннан соң құрамында 93-95% мыс пайда болады. Осы процестен кейiн мыс анодтық учаскеде, электролиттiк ваннада өңделiп, нәтижесiнде қазақмыстық металлугртердiң нәтижелi жемiсi – төрттоғыздық 99, 9%, яғни, жүз пайыздық мыс алынады. Мiне, мұндай табыстан кейiн "Балқашцветмет" өндiрiстiк бiрлестiгiнiң мыс балқыту цехында қызу жұмыс басталады. Күндiз-түнi от алаулаған пештiң алдында жалтылдаған штейн мен өңделмеген мысты салған крандар 70 жыл бойы дамыл таппай елiмiздiң экономикалық аренасына Балқаштың сарқылмас мысын қосып келетiнiн бiз емес, сонда еңбек етiп жүрген металлургтер бiледi.

Тәжiрибелi металлург, ауысым шеберi 1974 жылдан берi комбинатта балқытушы болып еңбек етiп келе жатқан Әбiлқайыр Сейдыханов анодтық учаскенiң жұмысы туралы былай дейдi: "Анодтық пеште сұйық, тазартылмаған мыс қайта өңделедi. Бұл сұйық мыс немесе мистер қалақшаға құйылып, аспалы кранмен анодтық пешке берiледi. Анодтық пеш мазутпен жұмыс iстейдi" дегендi айтады. Демек, анодтық бөлiктегi жұмыс әрекетiн екi бөлiмге – балқытылатын және құйылатын деп бөлiп қарастырамыз. Бiр ауысымның өзiнде 200-ден астам жұмысшы еңбек етсе, олар бiр күнде шамамен 250 тонна өңделмеген мыс алады екен. Айта кетерлiгi, мұндағы ауысымдарда көбiнесе 25-30 жас аралығындағы жастар еңбек етедi. Соның бiрi–үшiншi ауысымда екi жылдан берi бригадир қызметiн атқарып келе жатқан 24 жастағы Жанайдар Қасенов. Ол Балқаш тау-кен металлургиялық колледжiн бiтiргелi берi төменгi сатыдан бастап осы қызметке дейiн көтерiлдi. Оның айтуынша, бiлiктi металлург болу үшiн еңбек жолын төменнен бастау керек. Ал анодтық учаске бөлiмiн басқарушы Владимир Мирошниченко кейiнгi кезде бiлiмдi әрi бiлiктi жас мамандардың еңбекке қабылданып жатқанына қуанады. "Жастардың техникалық бiлiмi жоғары, бәрiнде тез қабылдап, өз iсiне етене сiңiсiп кетедi. Олардың iшiнде Ерлан Жорабеков, Асхат Мәжитаев, Арнур Ысқақов, Сергей Чурзин, Сергей Николаевичтердi ерекше атап өткiм келедi" дейдi ол жас мамандардың қарым-қабiлетiне риза болып.

Ағымдағы жылдың 24-қарашасында Балқаш қаласының металлургтерi ең алғаш балқаштық мыстың балқуына 70 жыл толған мерейтойын дүбiрлетiп атап өтпекшi. Бұл күнi еңбек ұжымы комбинатқа талай жылдан берi еңбегi сiңген металлургтердi еске алып, сондай-ақ, бүгiнгi күнi от пен судың ортасында жүрген тәжiрибелi жастарды бiр серпiлтiп тастайтын болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары