ТҮРКИЯ ТАҒЫ ТОЛҚЫДЫ

ТҮРКИЯ ТАҒЫ ТОЛҚЫДЫ

ТҮРКИЯ ТАҒЫ ТОЛҚЫДЫ
ашық дереккөзі
259

"Жау жағадан алғанда, бөрi – етектен". Осы мақал бауырлас халық – түрiктер елiндегi бүгiнгi саяси ахуалға дәл келедi. Қырық жылдан астам уақыттан берi есiгiнен телмiрткен Еуроодақ, Ирактың солтүстiгiне бекiнiп алып, дүркiн – дүркiн жарылыстар мен лаңкестiк әрекеттер ұйымдастырған күрд содырлары, қыршын кеткен 40 мыңға жуық бейбiт тұрғындар, үйдiң iшiнен үй тiгуге ұмтылған КЖП, былтыр айқын басымдықпен жеңiске жеткен партияны билiктен тайдыруға ұмтылған оппозиция өкiлдерi, қапы қалмас үшiн Атазаңға өзгерiстер енгiзуге ұмтылған премьер, Түркиядағы саяси қарсыластарды сабырға шақырған еуропалық шенеунiктер…

Әлем назары тағы да түрiктер елiне ауды. Халықаралық БАҚ-ты қызықтырған да – Түркиядағы саяси ахуал. "Түркия дағдарысқа тап болды" (Guardian), "Қарқынды дамып келе жатқан экономиканың келешегi бұлыңғыр тартты" (Washington Times), "Түркия бiрнеше айға созылатын саяси және экономикалық дағдарыспен бетпе-бет келдi" (Financial Times), "Сот жасыл жарық жақты" (Le Monde), "Turban – Түркияда саяси символ" (Washington Post) т.б. Үстiмiздегi жылдың 14 наурызында Түркия Аппеляциялық сотының бас прокуроры Абдуррахман Ялчынкай билiк басындағы Әдiлет және даму партиясының (ӘДП) үстiнен Түркияның Конституциялық сотына шағым түсiрген едi. Прокурор партияны "зайырлы қоғам саналатын Түркияға шариғаттың заңын күштеп таңуға әрекет етуде" деп айыптады. 2007 жылғы парламенттiк сайлауда 46 пайыз дауыс жинап (550 орынның 340-ы – ӘДП еншiсiнде), бiрпартиялық үкiметтi құрған ӘДП көсемi – премьер Реджеп Тайип Ердоған. Былтыр президенттiк сайлауда жеңiске жеткен Абдулла Гүл де осы партияның мүшесi. Түркия Ұлттық Мәжiлiсi ақпан айында жоғарғы оқу орындарында орамал тартуға салынған тыйымның күшiн жою туралы үкiметтiк заң жобасын қабылдаған болатын. А.Ялчынкай тарапынан тағылған айыпты терiске шығарған Ердоған партияны отставкаға жiберу туралы шешiм қабылданған жағдайда, "тарихтың кешiрмейтiнiн" айтты. Конституциялық сот қорғауға дайындық үшiн ӘДП өкiлдерiне 1 ай мерзiм бердi. Ал партияның тағдыры Конституциялық соттың 11 мүшесiнiң қолында. Егер мүшелердiң кем дегенде 7-еуi ӘДП өкiлдерiне қарсы дауыс берсе, партия отставкаға кетедi. Сонымен қатар Бас прокурор ӘДП құрамындағы 70 белсендi мүшесiне алдағы 5 жыл мерзiм iшiнде саясатпен айналысуға тыйым салуды да талап еттi. Олардың арасында президент Гүл де, премьер Ердоған да бар. Бiрақ Конституциялық сот президент Абдулла Гүлдiң саясаттан шеттетiлмейтiнiн, яғни, оның үстiнен қылмыстық iс қозғалмайтынын мәлiмдедi. Есесiне, партияға қатысты iстi қабылдады. Оңайлықпен берiспеуге бекiнген Ердоған партияны таратуға тыйым салатын заң жобаларын қабылдауға әзiрленiп жатыр.

Сөз жоқ, түрiктер жерiндегi тартыс пен саяси ойындар Батысқа керi әсер еттi. Еуропалық Одақты кеңейту жөнiндегi комиссар Оли Рен Әдiлет және даму партиясы отставкаға жiберiлсе, ЕО-ға мүшелiкке өтуге қатысты келiссөздердiң тоқтатылатынын ескерттi. Сейсенбi күнi Стамбұл мен Анкараға арнайы ат басын бұрған НАТО Парламенттiк Ассамблеясының азаматтық қауiпсiздiк мәселесi жөнiндегi комитетiнiң демократиялық басқару басқарамасының жетекшiсi Тчетин Казак бастаған делегация түрiктер елiнiң iшкi және сыртқы саясаты, Ирактың солтүстiгiндегi саяси ахуал, күрдтер проблемасы мен лаңкестерге қарсы күрес мәселелерiн талқыға салды. Ресми Анкара 46 жылдан берi есiгiнен телмiртiп келе жатқан Еуропалық Одаққа өкпесiн айтты, "Түркияны батыстық iрi ұйымның қатарынан көргiсi келмейтiн кейбiр жекелеген мемлекеттердiң кесiрiнен ЕО құрамына кiре алмай отырмыз" дедi. Басқосуда түрiк билiгi Еуроодаққа мүшелiкке өтсе де, өтпесе де, саяси реформаларды жалғастыра беру керектiгiн мойындады.

Бұған дейiн түрiктердiң Конституциялық соты елдегi 20-ға жуық партияны жауып тастаған болатын. Тағылған айыптардың бастысы – "зайырлы қоғамға шариғаттың шарттарын енгiзу арқылы зиянын тигiзу". 1980 жылғы әскери төңкерiстен бастап мектептер мен жоғарғы оқу орындарында орамал тағуға заң жүзiнде қатаң тыйым салынған болатын. Түркия мемлекетiнiң негiзiн қалаған Мұстафа Кемал Ататүрiктiң зайырлы қоғам құндылықтарын қорғауды басты мiндетi деп бiлетiн түрiктердiң армиясы былтыр қабылданған заңға да, ислам дiнiне бүйрегi бұратын ӘДП өкiлдерiнiң билiк басына келуiне де қатты қарсылық көрсеткен. Бiрақ әскерилердiң қалауынан халықтың тiлегi мен премьерге деген сенiмi асып түстi. Ердоғанның партиясы билiк басына екiншi рет келдi.

Сондай-ақ, қазiргi кезде Түркиядағы саяси ахуалды әсiреұлтшылдыққа қатысты қозғалып жатқан қылмыстық iс те ширықтырып жiбердi. Әсiресе, "билiктi күштеп тартып алуға тырысты" деген айып тағылған әсiреұлтшыл "Ергенекон" ұйымының төңiрегiнде өрбiген даулар. Бұған дейiн аталған ұйымға қатысы бар деген айыппен ұсталған 40-тан астам азаматтың үстiнен қылмыстық iс қозғалған болатын. Олардың арасында белгiлi журналистер, саясаткерлер мен зиялы қауым өкiлдерi де бар. Iстiң насырға шапқаны соншалық, айып тағылғандардың бiрқатарының жүйкелерi мен жүректерi сыр берiп, аурухана төсегiне таңылды.

Елдегi жағдайдың ушығып кеткенiне қарапайым азаматтар да алаңдаулы. Бұрнағы күнi Түркиядағы Сауда палатасы билiк пен оппозиция өкiлдерiн сабырға шақырды: "Бiз, шенеунiктер, жұмысшылар мен өндiрiсшiлер Түркияның басына туған қиын кезеңде өзектi мәселелердi шешуге өзiндiк үлесiмiздi қосуға әзiрмiз. Бiрақ сiздер елдегi жiкшiлдiк пен арандатушылыққа жол берiп алмаңыздар".

Еуропалық шенеунiктер Түркиядағы заң шығарушы органның халықтың тiлегiне қарсы келгенiн, яғни, былтыр парламенттiк сайлауда 46 пайыз дауыс берушiнiң қолдауына ие болған партияны таратуға әрекеттенiп жатқанын сынға алады. Егер ӘДП шынымен билiктен шеттетiлсе, халықтың ғана емес, ЕО-дағылардың да наразылықтарына тап болмақ. Түркия-ЕО парламентаралық комиссиясының басшысы Жуст Лагендайк: "Саясатқа қарсы құқықтық төңкерiстер ұйымдастырылуда" дедi. Айтпақшы, ЕО Түркиядан тез арада Қылмыстық кодекстегi 301-бапты алып тастауды талап етуде. Мемлекеттiң тұтастығы мен ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiруге қатысты қозғалатын осы бап талай жазушы мен журналистi сорлатқан. Анкара таяу күндерi 301-баптың күшiн жоюға уәде берiп отыр.

Бүгiн, яғни, 3 сәуiрде ұсынылатын баяндамаға өзгерiстер енгiзiлiп, Еуропарламенттiң бекiтiлуiне жiбередi. Ал мамыр айында еуропалық депутаттар құжатты дауысқа салады. Егер ЕО мен Түркия арасындағы келiссөздер тоқтату керек деп шешiлсе, түрiктердiң алдағы жарты ғасырда да ЕО-ның босағасынан аттауы арман қалпында қалмақ. Қазiргi премьер Ердоған билiк басына келгеннен бастап, Еуроодақпен арадағы келiссөздер жүргiзiле бастаған едi. Елде бiршама оң саяси өзгерiстер болды. Экономикалық тұрғыда тұралап қалған түрiктер елi еңсесiн тiктеп, халықаралық инвесторлардың қызығушылығы арта бастаған. Халықаралық сарапшылар сөзiне сенсек, Түркияның ЕО-ға мүшелiкке өту мәселесi алдағы 10-15 жылдың iшiнде шешiлуi тиiс. Әрине, кедергiлер мен келеңсiздiктер де жетерлiк. Бiрақ түрiктердiң өз арасында алауыздық туындап жатқанда, шапанның шалғайынан тартқан батыстықтар туралы әңгiме қозғау артық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары