ОН БОКСШЫ АТҚА ҚОНДЫ

ОН БОКСШЫ АТҚА ҚОНДЫ

ОН БОКСШЫ  АТҚА ҚОНДЫ
ашық дереккөзі
264

Наурыз айының 17-сi мен 23-i аралығында Астана қаласында отандық бокс тарихында тұңғыш рет AIBA II Азиялық олимпиадалық iрiктеу турнирi болып өттi. Турнирге 24 мемлекеттен 105 боксшы қатысты. 25 АIВА төрешiсi төрелiк жасады. Әр елдiң үкiлеген үмiттерi Пекин Олимпиадасына берiлетiн соңғы 19 жолдама үшiн айқасты.

Жұдырықтай түйiлген қазақтың бес боксшысы алғашқы кездесулерден-ақ ешкiмге ырық бермедi. Жеңiлiссiз, кiдiрiссiз жолдама тұрған биiкке ұмтылды. Тек аса ауыр салмақтағы Руслан ғана өз кезегiн күтiп, бауырларының тiлеуiн тiлеп, сырттай көз тiктi. Турнирге келген аса ауыр салмақтағы бес боксшыға берiлетiнi – жалғыз жолдама. Сондықтан да Руслан жартылай ақтық айқасқа бiрден шығатын едi.

Қазақ боксшылары жұбын жазбай жартылай ақтық айқасқа жеттi. Ұлыстың ұлы күнi арқаның ызғарын қайтарып, күн мейiрiмiн төгiп тұрды. Жанкүйер жақсы ырымға балады. 48 келiдегi тараздық Нұрлан Әбдiрайымов қырғыз елiнiң атынан айқасқа түстi. Моңғол боксшысы төрт раунд бойы Нұрланнан басым түстi. Бұл салмақтағы бiр жолдаманы Тайландта өткен турнирде Бiржан Жақыпов жеңiп алған болатын. 51 келiдегi Мират Сәрсенбаев үндi боксшысы Кумар Житенбердi төрт солақай соққымен алғашқы раундта-ақ тұқыртты. Екiншi раундта Мират қарқыны бәсеңдеп қалғандай. Үшiншi раундта оңқай тура соққысы үндiнiң бет-аузын жапырып жiбере жаздады. Ендi бiрде алып соқты үндiнi. Төртiншi раундқа үндi боксшысы шықпады. Есеп – 11:3. Қазақ жұдырығы үндi боксшысының жүрегiн шайлықтырған сияқты. Осы салмақта өзбек пен филиппиндiк боксшы тiстесе айқасып жатты. Жеңгенi ақтық айқаста Миратпен шығады. Қай-қайсысы да Миратқа оңай болмайтынын байқадық.

Кейiнгi жылдары мұсылман елдерi де боксқа ерекше көңiл бөле бастады. Қаулап көтерiлiп келедi. Осы жартылай ақтық айқаста Қанат Әбутәлiповке жолыққан сириялық боксшы Махшидинеш Кумар. Қанат екiншi раундта солақайымен солқылдата ұрып жүрiп 13 ұпай алды. Есеп – 13:3. Үшiншi раундқа Сирия бокшысы шықпады. Осыдан кейiн барып бұл әрекеттiң астарын түсiндiк. 51 және 54 келi салмақтарда үш жолдамадан берiлетiн едi. Ал осы екi салмақта да үлкен ұпай айырмашылықтармен қазақ боксшыларына жеңiлiп жатты. Айқасты жалғастырғаннан пайда жоқ екенiн секунданттары түсiндi. Сондықтан да келесi айқасқа күш сақтағанды жөн көрдi. Өйткенi бұл күнi жеңiлiп үшiншi орын алған боксшылар үшiншi жолдама үшiн айқасатын едi.

Әлем чемпионы Галиб Жафаров екiншi жұпта қырғыз Шалқар Бакировпен шықты. Тәжiрибелi Галиб аңдып ұрып, артық қимыл жасамай, қырғызды ұтып жатыр. Үшiншi раунд. Галиб жұдырық санын 20:5-ке жеткiздi. Қырғыз нокдаун алды. "Қазақстан" спорт сарайы дүрлiгiп кеттi. Құлақ тұнды. Қырғыз қайсар екен. Қазақ жанкүйерлерi дауылдай көтерiлсе, ол екiленiп шыға келедi. Оңбай таяқ жеп жүрiп шабуылға шығатын боксшыны көргенiм осы. 27:6 есебiмен жеңiс Жафаровтың қанжығасына байланды.

60 келi салмақтағы Мерей Ақшалов рингке көтерiлгенде дуылдаған жанкүйер тағы қиқуға басты. Мерей филиппиндiк қарсыласы Вазадре Генеберттi жұдырықтан көз аштырмады. Қос қолмен бiрдей ұрып, түйдек-түйдек соққылармен ес жиғызбады. Екiншi раундтың өзiнде ұпай саны 23:4 болды. "Ендi бiр соққы", – деп дүрлiктi жанкүйер. Үшiншi раундтағы Мерейдiң дәл ұрған жалғыз соққысы филиппиндiк боксшының тағдырын шештi. Айқын басымдылық! 24:4! Айқас тоқтатылды.

Бас-көзге төпелеп жататын бокста да тебiренiстi сәттер болады. 75 келi салмақтағы үндi Фижендер мен ирандық Амири Хомайонның арасындағы айқас керемет тартысты өттi. Екеуi де аянбай айқасты. 4-раундта үндiнiң ұпайы асты, бағы жанды. Жолдама қолда! Бiреуi қуаныштан, екiншiсi өкiнiштен есеңгiреп қалғандай. Үндi боксшысы тiзерлей отыра қалып ринг төсiн сүйдi. Ирандық болса өз бұрышына барып терiс қарап жүресiнен отырды да басын ринг бұрышына сүйедi. Өкiнiш өзегiне өрт болып түстi. Содан шалқалап жата кеттi. Тұрар емес. Бапкерi қолын созды. Боксшы селт етпейдi. Жаңа ғана алапат айқас жасаған Амири Хомайон морт сынды. Бiр кезде барып сең соққан балықтай орнынан көтерiлдi. Рингтi босату керек қой. Әйтпесе, тұрмай жатып алары бар. Фижендер болса дағарадай ұлттық бас киiм киген үндiнiң құшағында тұрды тебiренiп.

Мына бiр жай да көз алдымыздан кетер емес. 81 келi салмақтағы ирандық Хорбани Мехти иорданиялық Ихаб Алмутболидi 26:8 есебiмен жеңдi. Жолдама қолда! Тiзерлей отыра қалып Ұлыстың ұлы күнiнде жеңiс сыйлаған қазақ рингiнiң төсiн сүйдi. Екi қолын жоғары жайып, күбiрлеп отырды да бетiн сыйпады. "Жаратқанға алғысын айтып отыр-ау" деп ойладық. Қалт еткен үзiлiстi пайдаланып, осы боксшымен тiлдесiп қалдық. "Күнде жатарда, айқас алдында Алладан шын жүрегiммен медет сұрадым", – дедi Хорбани Мехти.

64, 69, +91 салмақтағы боксшыларға жалғыз жолдамадан ғана бөлiнген. Жалғыз жолдаманың жолы ауыр. Бiзге тек аса ауыр салмақтағы жолдама ғана керек едi. Қалған екi салмақтағы жолдаманы Чикагода өткен әлем чемпионатында алғанбыз. Аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев рингке ширығып шықты. Тiзгiн үзiп, жұлқынып-ақ тұр. Дүрлiккен жанкүйер. Руслан екi раунд бойы үндi Парвеен Кумарды 6:0 есебiмен сабап шықты. Екi раундта соқыр ұпай ұстатпаған қазақтан үндiнiң бетi қайтқан. Үшiншi раундқа шықпады. Екiншi жұпта өзбек пен сириялық шықты. Жанкүйер бiткен iргедегi өзбектi емес, Сомар Хасанды қолдап, қиқуға басты. Сомар Хасан өзбек Саидовтан айласын асырып, ұпайына ұпай қосып барады. Рингтегi үндi төрешiсi сириялық боксшыға қатаң ескерту бердi. Не үшiн?! Түсiнiксiз… Үшiншi раундта тағы қатаң ескерту бердi сириялық боксшыға. Ескерту ұпайлар өзбек боксшысының пайдасына қосылып жатыр. Сириялық әлсiрей бастады, жанкүйер жаны мұрындарының ұшында. Сириялықтың тiлеуiн тiлеп, сарайды дүрлiктiрiп тұр. 4-раундтың гонгы да соғылды. Өзбек жете алмады. Ұпай саны – 9:6. Ақтық айқаста Руслан осы сириялықпен шығатын болды.

Наурыздың 23-i күнi таңертең ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясында журналистермен кездесу болды. Төрде – Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының президентi Чинг-Куо Ву, Қазақстан әуесқой бокс федерациясының президентi Ұзақбай Қарабалин, Азия әуесқой бокс конфедерациясының президентi Джианпинг Чонг, АIВА вице-президентi Гафур Рахимов. Бiр сағат кездесуде журналистер өздерiн мазалаған бiраз сұрақтарға жауап алып үлгердi.

Ақтық айқасқа ағылған жанкүйер. Қаптаған тәртiп сақшылары. 51,54,57,60 келiлерде әр салмаққа екi жолдамадан берiледi. Бiздiң төрт жiгiт ақтық айқаста. Төрт жолдама қолда. Бiрақ бiрiншi орын алып, Президенттiң 10 кубогының бiрiне ие болғанға не жетсiн! Әр салмақтағы жеңiмпазға Президент кубогы тапсырылмақ. Алынбаған жалғыз жолдама – аса ауыр салмақта.

Ақтық айқаста 51 келiдегi Мират өзбек Данияровты еркiн жеңдi. Әлем чемпионатының қола жүлдегерi, Азия чемпионы өзбектiң бiрден мысын басты. Үшiншi жолдама үндi боксшысының қанжығасында. 54 келi салмақтағы Қанат Әбутәлiпов өзбек Тоджибаевты оңдырмай ұрды. Екiншi раундта 20 ұпай айырмашылықпен айқасты мерзiмiнен бұрын аяқтады. Бұл салмақтағы үшiншi жолдама корей боксшысында. 57 келiдегi Галиб Жафаров моңғол Ехзориг Зоригваатордан бағын асырды. Үшiншi раундта моңғол секунданты рингке ақ орамал лақтырды. Ал Мерей Ақшалов қырғыз Асылбек Таласбаевқа ес жиғызбады. 23:6 есебiмен рингтен қуып түстi. Аса ауыр салмақтағы Руслан сириялық боксшыны тықсыра бастады. Соққылары керемет. Хасан Сомар дәрменсiз. Екiншi раундта нокдаун алды. Есеп 19:3. Бiр кезде сириялық боксшы басындағы шлемiн, қолғаптарын шешiп, лақтырып жiбердi де тұра қашты. Түсiнiп көр?! Тұрсын Едiловтың шәкiртi ерледi. Сонымен тағы бес жолдаманы жеңiп алдық. Он боксшы Пекинге аттанады.

Өтемiстен туған он едiк,

Онымыз атқа қонғанда,

Жер қайысқан қол едiк, – демей ме Махамбет!

Тоғыз боксшымен келген қырғыздар жалғыз жолдамаға қол жеткiздi. Өзбектер еншiсiнде – екi жолдама. Турнирде тегеурiн көрсеткен: үндi, моңғол боксшылары. Екi елдiң құрамасы да сегiз боксшыдан әкелiптi. Бұл елдер үш жолдамадан олжалады. Корей боксшылары болса екi жолдаманы еншiледi. Тәжiкстан, Иран, Түркiменстан елдерiне бұйырғаны – бiр-бiр жолдама.

Жарыс аяқталды. Сыртқа шықтық. "Қазақстан" спорт сарайының шынылы сыртқы қос есiгi күл-талқан…

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары