"САБАСЫНА ҚАРАЙ ПIСПЕГI"

"САБАСЫНА ҚАРАЙ ПIСПЕГI"

"САБАСЫНА ҚАРАЙ ПIСПЕГI"
ашық дереккөзі
304

Бүкiл әлем бойынша, тұтынушылар құқығын қорғаудың үш тәсiлi бар: сот, мемлекеттiк органдар және тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдар арқылы. Егер қоғамның дамуына белсендi ықпал ететiн тұтынушы осы үш тәсiлдi бiрдей қолданып, өз құқығын қорғай бiлсе ғана iс оңға басады. Бұл әлемдiк тәжiрибеде әлдеқашан дәлелденген. Өкiнiшке қарай, осы үш тағанның бiркелкi жұмыс iстемеуiнiң кесiрiнен қазақ қоғамында тұтынушы құқығы аяққа жиi тапталады. Оған "ит үредi, керуен көшедiнiң" керiмен қолды бiр сiлтейтiн ұлттық менталитеттi және заңды шала бiлетiн сауатсыздықты тағы қосыңыз.

1961 жылдың 15 наурызында АҚШ Конгресiнiң алдында сөз сөйлеген Америка президентi Джон Кеннеди қоғамның дамуына ықпал ететiн негiзгi күш – тұтынушылар үшiн ең маңызды мәселенi алға тартқан. Сол кезден бастап тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдар Кеннедидiң сөзiн өздерiнiң басты қағидасы етiп алды. Ал Жер шарының түкпiр-түкпiрiндегi көптеген ел 15 наурызды тұтынушылар құқығын қорғау күнi ретiнде тойлауды үрдiске айналдырды. Бұл мерекенi атап өту Қазақстанда 2000 жылдан басталады.

Қазақстандағы тұтынушылар қозғалысы ел тәуелсiздiгiмен бiрге құрылған. 1991 жылы Қазақ ССР Сауда министрлiгiнiң тұтынушылар құқығын қорғау жөнiндегi бөлiмi "Қазақстанның тұтынушылар одағы" үкiметтiк емес ұйымына айналды. 1994 жылы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын кәсiпкерлiктi қолдау агенттiгiнiң жанынан Тұтынушылар құқығын қорғау бөлiмi ашылды. 1995 жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасының 20 министрлiгi мен өзге де мемлекеттiк ұйымдардан тұратын Тұтынушылар құқығын қорғау жөнiндегi мекемеаралық кеңес құрылды. ТМД елдерi арасында ең бiрiншi болып тұтынушылар құқығына қатысты нормативтiк-құқықтық базаны iске қосқан Қазақстан "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" Заңды 1991 жылы қабылдады. Сол уақыттан берi Жоғарғы сот тарапынан қабылданған 2 қаулыны есептемегенде, аталған заң бiрде-бiр рет өзгертiлмеген. Сарапшылар қауымы тауарлар мен тұтынушыларға көрсетiлетiн қызмет түрлерiнiң көбеюiне байланысты Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлуi қажет дейдi. Мысалы, осыдан он жетi жыл бұрын қабылданған құжатта ЖКС, ұялы байланыс жүйесiмен бiрге денсаулық сақтау мен бiлiм беру саласындағы кейбiр жайттар ескерiлмеген. Былтыр мемлекет мүдделi тараптардың өтiнiшiне байланысты тұтынушылардың құқығы мен қызмет көрсетушiлердiң мiндетi айқын көрсетiлетiн заңдық құжат қабылдануы тиiс болатын. Өкiнiшке қарай, көтерiлген мәселе нәтижесi керiсiнше шықты. Басқаша айтқанда, тұтынушылардың мiндетi артып, есесiне, қызмет көрсетушiлердiң құқық аясы кеңiдi… Бүгiнгi таңда тұтынушылар құқығын қорғауға қатысты жаңа заң жобасы дайындалуда. Жоспар бойынша, 2009 жылдың соңына қарай жаңа заң жобасы депутаттар талқысына ұсынылады.

Өкiнiшке қарай, Қазақстанда тұтынушылар құқығы жиi аяққа тапталады. Қазақстандық тұтынушылардың ұлттық лигасына былтыр 4253 адам шағым түсiрiптi. Жалпы саны 1023-i – азаматтық iс, 969-ы – сатып алынған сапасыз техникаға, 850-i – КСК әрекетiне, 731 —медициналық және бiлiм беру саласындағы халыққа сапасыз қызмет көрсетуге қатысты болса, 680-i коммуналдық қызмет көрсететiн монополист компаниялармен байланысты. Тұтынушылардың құқығын қорғайтын Лига өкiлдерi барлық шағымды сотқа жолдауға дайындап жатыр. Арыздар мен наразылықтар жарықпен, сумен, ұялы байланыс жүйесiмен және газбен қамтамасыз ететiн мекемелерге қатысты. ТҚҰЛ өкiлдерi 2008 жылды тұтынушылар құқығын қорғау жылы деп жариялап, азаматтарды өз құқықтарын қорғауға, өндiрушiлер мен қызмет көрсетушiлерден сапа мен құрметтi талап етуге шақыруда. Жыл өткен сайын тауарлар мен қызмет көрсету аясының кеңеюiне байланысты тұтынушылар тарапынан қойылатын талаптар да қатайып келедi. Себебi, тұрмысы түзелiп, жағдайы оңала бастаған отандастар ақ-адал термен тапқан қаржысының желге ұшпағанын, сатып алған тауарларының бағасына сай, сапалы болғанын қалайды. Оның үстiне, тұтынушылар сенiмiне кiруге ұмтылған кәсiпкерлер мен кәсiпорындар қатары жиiлеген. Олар Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өтуге талпынған Қазақстанның iшкi нарығына көз сүзiп отырған шетелдiк компанияларға лайықты бәсекелес болу үшiн тұрақты сатып алушылар санын арттыруға мүдделi. Сенiммен айырылған компаниялар мен кәсiпорындардың келешегi күңгiрт. Нарық талаптарына төтеп бере алмайтын, тұтынушылар сенiмсiздiк танытатындардың ерте ме, кеш пе, банкротқа ұшырайтыны анық.

Әрине, құқығын заңмен қорғауға қатысты азаматтар пiкiр әзiр түбегейлi өзгерген жоқ. Қоғамды дендеп алған жемқорлық, соттарға деген сенiмсiздiк, сатушылардың мәдениетi мен қызмет көрсету сапасының төмендiгi тұтынушыларды кемшiлiктерге көзжұмбайлықпен қарауға мәжбүрлейдi. Сарапшылар пiкiрiнше, бүгiнгi таңда тауарлар мен қызмет көрсету саласында 4 негiзгi мәселе бар: тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы бiртұтас саясаттың жоқтығы. Тұтынушы мен тауарлар және қызмет көрсету саласы өкiлдерiнiң өзара байланысын реттейтiн қазақстандық заңнамалардың шалағайлығы, тұтынушылардың сауатын ашу жүйесiнiң дамытылмауы және халықаралық тәжiрибемен ынтымақтастықтың жолға қойылмауы. Мамандар осы кемшiлiктердi жойғанда ғана iстiң нәтижелi болатынын айтады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары