"СЕН ӨЗ БАҚЫТЫҢДЫ ТАПТАМА"
"СЕН ӨЗ БАҚЫТЫҢДЫ ТАПТАМА"
Жер мен көктi қамтып жатқан қиырсыз да шетсiз, шексiз де өлшеусiз тылсым дүниеде адам өмiрiнен қымбат нәрсе табыла қоймас. Әр адам — бiр әлем. Перзент болып туылғаннан кейiн адам баласы баянды ғұмыр кешiп, бақытты өмiр сүруге талпынатыны сөзсiз. ҚР Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты Нұрманов Әбен Алдабергенұлының "Сен өз бақытыңды таптама" атты кiтабы дәл осы тақырыпқа өзектелген.
Автор адам заты үшiн сана-сезiмнен жоғары тұратын ешнәрсе жоғын ескере келiп, бақыт жолында жүрген әр адамның өмiрiнде қиялдың, ой-арманның, сенiм мен тiлектiң, iзгi ниеттiң қалайша әсер ететiнi жайында, сан алуан қабiлет пен әр алуан қасиет түрлерiнiң қандай жағдайларда дамып жетiлетiнi, қандай жағдайларда тежелiп тоқырауы мүмкiн екендiгi жайында тереңнен сыр толғайды. Күнделiктi тiршiлiкте бой көрсетiп қалатын қиыншылықтар мен ауыртпалықтардан арылудың немесе оның алдын алудың жолдарын көрсетуге күш салады.
Ә.Алдабергенұлы бұған дейiн де оқырмандарға түс жору туралы кiтапшалар топтамасын, "Таңғы шық", "Ғұмырнама" сынды қомақты шығармаларын ұсынған болатын. Әдебиет пен ғылымның, өнер мен бiлiмнiң нешелеген сырларын, ұлы даланы иеленген еркiндiк сүйгiш халықтың психологиясын мейлiне жетiк меңгерген дарын иесiнiң "Сен өз бақытыңды таптама!" деуi де тегiн емес. Осының өзi ғана оның бай мұратын, кiршiксiз арман-тiлегiн айқындап тұр десек қателеспеймiз. Жуық маңда оның осы тақырып аясындағы тағы екi кiтабы жарық көрмек.
"Осы кiтапты жазуға маған ерiк берген ел-жұртқа қажетi болар деген ой. Қиялмен еркелей алмаған адам өзгенi де еркелетедi дегенге сенбеймiн. Алдарыңыздағы кiтап жүрегiмнен еркелеп шыққан туындым" – дейдi автор.
Ұлы арманға жетуге iстiң сәтi келiп тұрғанда ойыңызда арамдық пайда болса бiттi дей берiңiз. Толық бiтпейдi. Өз басыңыздың пайдасын ойламауыңыз, табар табысты алдын ала болжамауыңыз керек. Одан алар ләззатты, кiмдермен қызметтес болуды, кiмдерге және өзiңiзге қалай қуаныш әкелерiңiздi ойлап жүрсеңiз, өмiр сыбағасынан құр қалмайсыз.
Қуаты мол құдiретi күштi қазақ тiлiнiң ұшан-теңiзiне өзгеше таным-түсiнiкпен, қарымды қабiлетпен бойлаған автордың осынау кiтабы көпшiлiк қауымның жүрегiне жол табатынына сенiмдiмiз.
Балжан ҮСЕЕВА