ЖАМАҒАТ «МӘДИНА» МЕШІТІНЕ ЖИЫЛДЫ

Алматы қаласында тағы бір мешіт бой көтерді. Құрылысының басталғанына 4 жылдай уақыт болған мешіт есігін айқара ашты. Мешіттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген қаланың бас имамы Нұрбек Есмағамбет: «Бұл мешіт 3 мың адамға есептелген және ол Жетісу ауданындағы ең үлкен мешіт болып саналады. «Мәдина» атты жаңа мешіт осы аудандағы төртінші мешіт болып табылады», – деді.

Алып шаһардағы мешіттерде орынның жетіспеушілігі көптен бері айтылып келеді. Бұған дейін жамағатқа есік ашқан 33 мешіттің өзі аздық еткен. Оның көбінің аумағы тар және көшенің бойында орналасқандықтан да халыққа қиындық тудыратын. Экс-мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі де бұл мәселенің оң шешімін табуына күш салды. «Орталық мешітке шамамен 10 мыңдай адам намазға келеді. Ал мынау мешіт сол орталық мешіттің ауыртпалығын бөліседі. Қаламызда 33 мешіт бар, осы мешіт 34-ші мешіт. Одан басқа, биыл тағы екі мешіт ашылмақшы. Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай», – деді Нұрбек Есмағамбет.

«Медина» мешіті үш қабатты. Орталық залда михраб орналасқан. Және 45 адамға есептелген ерлер және әйелдердің дәрет алатын бөлмелері бар. Жаңа мешіттің ашылуымен құттықтаған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жамағатқа уағыз айтып, мешіт салудың сансыз сауабына тоқталды. «Алла тағала мешіт тұрғызған пендеге жәннаттан үй салып береді. Құрметті жамағат, нағыз бақыт деген осы емес пе? Бүгінде еліміз бойынша жер-жерде мешіттер бой көтеріп, ізгіліктің, имандылықтың, ілім мен береке, бірліктің орталығына айналуда. Бұл қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осындай бейбіт заманда жүзеге асып отыр. Алланың қалауымен, Елбасының бастамасымен зәулім мешіттер салынуда. Пайдалануға берілгелі тұрған бұл мешіт те жақсылықтың жаршысына, адамгершілік пен ізеттіліктің рухани ордасына айналсын. Іші жамағатқа толып, ынтымағымыз, ауызбіршілігіміз нығая берсін. Жаңа мешіт құтты да қайырлы болсын!» – деді Бас мүфти. Сондай-ақ, ол келешекте мешіт аумағынан әйелдерге арналған медресе салынатындығын жеткізді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Back to top button