ШЕНЕУНІКТЕР ОТАНДЫҚ КӨЛІККЕ ОТЫРУЫ КЕРЕК

Шалқар Нұртілеуов, Hundai Auto Truck & Bus компаниясының директоры:

Соңғы кездері еліміздегі көлік шығару саласы дамытылуда. Астана экономикалық форумының шеңберінде отандық шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың тиімді тәсілі туралы мәселе қозғалған баспасөз мәслихатынан кейін Қазақстандағы Hundai Auto Truck & Bus компаниясының директоры Шалқар Нұртілеуов мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Шалқар Әбуғалиұлы, сіздіңше, Астана экономикалық форумының отандық шағын және орта кәсіпкерлікке берері не?

– Форумның маңызы өте зор. Өйткені, қазақстандық кәсіпкерлер мен билік арасында диалог орнайды. Кәсіпкерлікке қатысты айтылатын ұсыныстар мен талап-тілектер ортаға салынады. Hundai Auto Truck & Bus компаниясы – еліміздегі көлік өндіру саласына ең алғаш рет қадам басқан кәсіпорындардың бірі. Жалпылама айтар болсақ, біздің көкейкесті мәселелеріміз көбінесе биліктің құлағына жете бермейді. Сондықтан бүгін «Даму» қоры тарапынан ұйымдастырылатын «Қазақстандағы кәсіпкерлік: қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбына арналған арнайы сессияда талқыланған мәселелер келешекте біздің бизнесіміздің дамуына оң ықпал етеді деген үміттеміз. Үкімет жүзеге асырып жатқан «Бизнестің жол картасы» шеңберінде отандық кәсіпкерлерге үлкен көмек көрсетілуде. Мәселен, біздің кәсіпорынның ашылғанына екі жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында аталған бағдарлама шеңберінде «Даму» қорынан көптеген көмек көрсетілді. Мысалы, екінші деңгейлі банктен алған несиемізді субсидиялады. Екіншіден, өндіріліп жатқан өнімнің 90 пайызға жуығы отандық кәсіпкерлерге сатылуда. Қормен қоян-қолтық жұмыс істеуіміздің арқасында серіктестігіміз нығайды.

– Қазір байқасаңыз қазақ нарығында шетелдік көліктің үлес салмағы басым…

– Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, кез келген мемлекетте автокөлік нарығында автокөліктердің 40 пайызына жуығы импортталады. Ал біздегі жағдай басқаша. Соңғы деректер бойынша 2012 жылы сатылған барлық көліктің шамамен 20 пайызы отандық зауыттарда өндірілгені анықталды. Меніңше, Тәуелсіздігін енді алған жас мемлекетіміз үшін бұл көрсеткіш жаман емес. Әрі біздегі көлік шығару өндірісі енді қалыптасуда. Алдын ала жасалған болжамдарға сәйкес, 2013 жылы қазақстандық нарыққа 140 мыңдай көлік сатылмақ. Оның 20-25 пайызы отандық өндірушілердің үлесінде болса, еңбегіміздің босқа кетпегені және еліміздегі енді қалыптасып келе жатқан көлік өндірісі қызметкерлерінің үлкен жетістігі. Күні бүгінге дейін Жер шарындағы көлік өндіретін алпауыт елдер көліктерді импорттаудан бас тартқан емес. Мәселен, егер сіз Жапонияға барсаңыз, көшелерден Германия, Корея, Америкада шығарылатын көліктерді кездестіресіз. Яғни, нарықтағы тұтынушылық сұранысқа сәйкес, көлік жасау өндірісі әлдеқашан жолға қойылып, жақсы дамыған мемлекеттердің өздерінде көліктер импортталады.

– Қазақстанда өндірілетін көліктердің құны отандық тұтынушының қалтасы көтере алатын деңгейде болуы шарт. Сіздің компаниядағы баға саясаты қалай түзілуде?

– Дәл осы бағытта біздің кәсіпорын өте ауқымды жұмыс атқарды. «Даму» қорының «Бизнестің жол картасы» шеңберінде елімізде шығарылатын көліктердің бағасын қолжетімді етуге күш салынуда. Кәсіпкерлікке ыңғайлы жүк көліктерінің құны 2011 жылға дейін, яғни, біздің компания ашылмай тұрғанда қазіргі бағадан 20-25 пайызға қымбат болатын. Аталған көліктер Қазақстанда шығарылып жатқандықтан, құны да едәуір арзандады. Әлбетте, баға саясаты үздіксіз жетілдіріле бермек.

– Бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе – шенеуніктердің шетелдік қымбат көліктерге әуестігі. Былтыр Елбасы да мемлекеттік қызметкерлерді қатты сынға алған болатын. Бірақ шенеуніктер шетелдік көліктерден түсер емес. Не істеу керек?

– Ол үшін мемлекет тарапынан мемлекеттік қызмет­керлерге арнайы тапсырма беріліп, отандық өнімді тұтыну міндеттелуі шарт. Облыс әкімідктеріне, аймақтық әкімдерге көлік алу үшін мемлекеттікбюджеттен қаражат бөлінеді. Олар әрине, көңілдері қалаған көлікті сатып алатыны белгілі. Бұл дұрыс емес. Өйткені әкімдіктегілер көбінесе құны тым қымбат көліктерді таңдайды. Егер отандық өндірушілерден сатып алса, екі есе арзанға түсер еді.

– Ал сапа жағынан алғанда, отандық көліктер импортталатын өнімдермен теңдесе ала ма?

– Әлбетте, теңдесе алады! Мысалы, біздің компания халықаралық деңгейде өнім шығаратын Hundai кәсіпорнының көліктерін жинаумен айналысады. Арнайы тіркеуден өтіп, сертификат алдық. Зауыттағы мамандарымыз Оңтүстік Кореяда арнайы білім алып, кәсіби біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отырады. Осыдан екі жыл бұрын кәсіпорнымыз енді ашылғанда небары 15 жұмысшы болса, қазір бұл көрсеткіш 100-ден асты. Шығаратын өнім көлемін де 10 есеге арттырдық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button