ЕКIНШI БОЛУ ЕНШІМІЗГЕ ЖАЗЫЛҒАН БА?

ЕКIНШI БОЛУ ЕНШІМІЗГЕ ЖАЗЫЛҒАН БА?

ЕКIНШI БОЛУ ЕНШІМІЗГЕ ЖАЗЫЛҒАН БА?
ашық дереккөзі

Бұл сұрақтың менi мазалағанына көп болды. Бұрынғы-бұрынғы ма, соңғы кезде аталмыш сұрақтың төске шарпыған оттай өршеленiп алғаны сондай, ой-санамның астан-кестеңiн шығарып, басқадай пайымдауға мұрша бермей қойды. Ендi осы сұраққа байланысты өз тоқығаным мен тоқтамымды ортаға салуды жөн көрдім.

Қазақ не себепті екінші болуды намыс санамайды? Шынында да, оның себебi не? Арғы бабалары әлемге әкелiк әмiрiн жүргiзген айбынды империялар мен қағанаттар құрып, дәуiрлеген қазақ не себептi екiншi тұруды намыс көрмейтiн болды? Әлде, екiншi болу – қазақтың ұлттық ерекшелiгi ме? Әлде, бiрiншi болу – қазақтың маңдайына жазылмаған ба? Нелiктен бұлай?..

Қарап отырсаңыз, ықылым заманнан берi – осы, қазақ ылғи да екiншi кезекте тұрады. Екiншi саны құдды бiр қазақтың ұлттық «коды» сияқты. Оқулықты ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да, тарихи-танымдық кiтаптарды парақтасаң да, интернет, видеоскопияға қарап қалсаң да егiз қозыдай бiрiнен-бiрi аумайтын, жауыр болған жаттанды сөздерге тап боласың. Мысалы, «Атақты Александрия кiтапханасынан кейiнгi әлемдегi екiншi кiтапхана – Отырар кiтапханасы», немесе «Шығыс ғалымдары Аристотельдi – бiрiншi ұстаз, Әбу Насыр әл-Фарабидi – екiншi ұстаз деп таниды», әйтпесе «Түркiстан – бүкiл түркi дүниесiнiң рухани астанасы. Мұсылман әлемiнiң екiншi Меккесi» деген сыңайда … «Құдай-ау, бұл неғылған соншама көп ұқсас екiлiктер?!», – деп қайран қалмасқа лаж жоқ.

Екiншi дегеннен шығады, жалпы, адамзат тарихын iндете зерттеп, зердеге құйып жазғандардың көпшiлiгi еуропалықтар екенi даусыз ақиқат. Бұл не деген сөз? Бұл – тарихты қалай жазуды, қалай талдап, қалай тұжырымдауды бiзге еуропалықтар үйреттi деген сөз. Яки, қазiргi кез келген тарих еуропалықтардың көзiмен жазылған. Еуропалықтардың көзiмен жазылған тарих, сөз жоқ, еуропацентристiк көзқарас идеясымен уланады. Мәжбүрлiкпен тықпаланған бұл идея қазақ тарихын да айналып өткен жоқ. Айналып өтпегенi былай тұрсын, әбден бұрмалап, бұтарлап, шатыстырып жiбердi. Өйткенi осылай жасау өздерi үшiн тиiмдi болды. Қазақ халқы ең кем дегенде үш – ХVIII, ХIХ, ХХ ғасыр бойы тарихқа империялық Ресейдiң көзiмен қарап келдi. Осы уақытқа дейiн қазақ оқыған, көңiлге тоқыған адамзат тарихына қатысты қағидаттардың бәрi де негiзiнен тоталитарлық идеология тұрғысынан жазылған.

Осы орайда мынадай бiр сұраққа жауап беру маңызды деп ойлаймын. Еуропацентризм идеясы деген не? Ол қандай мақсат көздейдi?

Бiз бiлетiн еуропацентристiк идеяның мақсаты бiреу ғана: ол – қашанда басқалардың алды болу, бiрiншi тұру; басқаны Еуропаның алдына шығармау, одан ешкiмдi оздырмау; сөйтiп басқаны екiншi орында ұстап отыру арқылы әлемге «әкелiк әмiрiн» жүргiзу; «бiзден кейiнгi халықсың» дегендi меңзеу, соны тұспалдау; «адамзат қолымен жасалған барлық тарих пен мәдениет өрiстерi түпкi бастауын тек Батыстан алады» деген ой-тұжырымды миға сiңiру; соны санада бекiту; бекiткенде ешкiмнiң жанын да ауыртпай, қанын да шығармай шегелеу, үркiту. Мейлi, ақыл-ой жарысы, сөз жарысы бола ма, мейлi, әдебиет, мәдениет, өнер, кино, спорт жарысы бола ма, бәрiбiр, әйтеуiр бiрiншiнi Еуропадан басқаға бермеу. Мiнеки, «Отырар кiтапханасы Александрия кiтапханасынан кейiнгi – екiншi кiтапхана», «Әлемнiң бiрiншi ұстазы Аристотельден кейiнгi – екiншi ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби» деп нықтай көрсетiп, тiптi тұрақты сөз тiркесiне айналдырып, қайта-қайта еске сала берудiң түпкi астарында осындай гәп жатыр. Бiле – бiлсек, бұл – «Құмырсқа жолыңды, қазақ әлiңдi бiл» дегендiк. Осы идеяны «өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмай» санада бекiтiп, бiржола дағдыға айналдыру үшiн қаншама амал-айла мен уақыт керек болды десеңiзшi!..

«Тарихты жеңiмпаздар жазады» дейдi Станислав Ежи Лец. Расы да сол. Өкiнiштiсi, өзiнiң жеңiс жолдарын талдап жазған жеңiмпаздардың тарихқа қиянат жасамағаны жоқ. Тарихты бұрмалау былай тұрсын, күштеп бұра тартқан тұстары тiптi көп. Соның бiрi грек патшасы Ескендiр Зұлқарнайнның (Александр Македонский) пәрменiмен салынған Александрия кiтапханасының өртелуiне қатысты оқиға.

Александрия кiтапханасы б.з.д. III ға­сыр­да Птоломейдiң жобасы бойынша атақ­ты жаулаушының аты берiлген қалада тұрғы­зыл­ған. Зерттеушiлердiң пайымдауынша, ол сол кездiң өзiнде-ақ екi рет өртке оранып­ты. Мiне, осы кiтапхананың өртенiп кетуiне бүкiл христиан әлемi бiрауыздан мұсылмандарды кiнәлап келген болатын… Бiрақ, бұл кiнәлау мұсылмандарға қарсы христиандардың өшпендiлiгiн тудыру үшiн бiреулердiң әдейi ойлап тапқан айла-шарғысы ғана болып шығыпты. Бұған кезiнде Парижде иммиграцияда жүрген М.Шоқайдың өзi бей-жай қарай алмай, арнайы мақала жазып қалдырған екен. Ол былай дейдi: «Александрия кiтапханасын Халифа Әмiрдiң өртегендiгi туралы хикая бүкiлдей жалған. «Le matin» (Таң) газетiнiң 1923 жылғы 30 наурызындағы санында жарияланған Француз Ғылым Академиясының хабарламасында (Acadimie des inscription et belles – Uettres) айтылғандарға қарағанда, бұл оқиға алғашқы дәуiр тарихшыларына беймағлұм. Ол тек 12 ғасырдың ортасында ғана пайда болған. Яки, осы ғасырдан бұрынғы құжаттарда кiтапхананың өртенгендiгi туралы ешбiр дерек кездеспейдi. Ендеше Александрия кiтапханасын кiм және қашан өртеген, деген заңды сұрақ туады.

Ол үшiн орыс тiлiндегi Брокгауз – Эфрон сөздiгiндегi (1891 ж.) мынадай жолдарға назар аударайық: «…Александрия кiтапханасының бүкiл Рим, Грек, Үндi және Мысыр әдебиетiн сақтаған ең үлкен бөлiгi бiздiң жыл санауымыздан бұрынғы 48-47 жылдарда Юлий Цезарь мен мысырлықтар арасындағы сұрапыл соғыс кезiнде өртенiп кеткен… Кiтапхананың екiншi бөлiмi, яғни Птоломей заманында жинақталған шағын кiтапхана Феодосия дәуiрiне дейiн сақталған. Оны басқарып тұрған Серафим ертедегi мысырлық алмандардың бiрiншi ғибадат етуiне кектенiп, патриарх Теофильдiң үгiттеуімен Серпион махалласына шабуыл жасаған жауыз христиандар жағынан өртелген (391 ж.) болатын. Сондықтан атақты ғылым қазынасы Әмiр әскерлерiнiң 642 жылғы жорығынан емес, христиандардың шабуылынан ойрандалған» (М.Шоқай. Таңдамалы. – А., «Қайнар», Т.1., 1998 ж.).

Қалай дегенде, М.Шоқайға сенбеуге ешқандай себеп жоқ. Қазiргi зерттеушiлер де, тiптi араб басқыншылығы жайлы ең көп жағымсыз қалам тербеген Иоанн Никиуский де, исламға бүйрегi бұрмайтын өзге христиан тарихшылары да кiтапхананы мұсылмандардың өртегенi туралы ешбiр дерек келтiрмейдi. Сондықтан кiтапхананың өртенгендiгiне не пұтқа табынушылар, немесе христиандар, не болмаса мұсылмандар кiнәлi деп кесiп айту мүмкiн емес. «Бұл туралы нақты пiкiр айту қиын, – дейдi «История Халифата» (2000 ж.) кiтабының авторы В.О.Большаков. – Мәселен, оған Плутарх Юлий Цезарьді, Эдуард Гибсон жауыз христиандарды, Григорий Бар – Эбрей мұсылмандарды кiнәлайды, ал Британ энциклопедиясының авторлары бар кiнәні Рим императоры Аврелийге артады».

Олай болса, Александрия кiтапханасын мұсыл­мандар өртедi деп жала жабу кiм үшiн және­ неге керек болды?

Оған М.Шоқай былай жауап бередi: «Көрiп отырсыздар, Александрия кiтапханасы Александрия қаласын арабтардың жаулап алуынан 250 жыл бұрын, патриарх Теофиль бастаған христиандардың қолымен өртелген. Ендеше, «кiтапхананы мұсылмандардың өртегенi туралы аңыз 12 ғасырдың ортасында ғана пайда болған» деген Франция Ғылым Академиясы жариялаған хабарламаны еске алыңызшы. Бұл жалған аңыз не үшiн керек болды?

ХI-ХII ғасырларда Батыстық хрис­тиан­дардың Шығыстық мұсылмандарға қар­сы шармық (крест) жорықтарын ұйым­дас­тыр­ғанын кез келген адам бiледi. ХII ғасырдың ортасы екiншi шармық жорығының аралығына тура келедi. Екiншi шармық жорығында христиандық Еуропа сәтсiздiкке ұшырайды. Жорықшылар Дамаскiнi қоршап алғанымен, жеңiлiске тап болып, керi шегiнуге мәжбүр болған едi. Мiне, сол кезде мұсылмандарға қарсы христиандардың өшпендiлiгiн арттыру мақсатымен «Александрия кiтапханасының Әмiр тарапынан өртелуi» туралы жалған аңызды ойдан шығарып тарату қажеттiгi туған болса керек» (Бұл да сонда).

Не десек те, М.Шоқайдың дәлелi логи­ка­лық тұрғыдан қисынға келедi.

Бұл сөз болып отырған оқиғаның бүгiнгi тақырыпқа қандай қатысы бар дерсiз. Бар болғанда қандай! Жалпы, Батыстың кiм екенiн бiлгiңiз келсе, онымен дос болу жеткiлiксiз, оның тiлiн үйренiп, салт-дәстүрiн зерделеп, құпия тарихына терең бойлау керек. Бiз бiлетiн еуропацентристiк Батыс өз мақсат-мүддесi үшiн жала жабу мен жалған аңыз ойлап табуда болсын, өшпендiлiк отын ешкiм күтпеген жерден тұтандырып алып, одан өзiн сүттен ақ, судан таза етiп ақтап алуда болсын алдына жан салмайтыны мәлiм. Тек айтатынымыз, «Атақты Александрия кiтапханасынан кейiнгi әлемдегi екiншi кiтапхана – Отырар кiтапханасы», «Шығыс ғұламалары бiрiншi ұстаз Аристотельден кейiн – екiншi ұстаз деп әл-Фарабидi таниды», тағы басқа сияқты бiрiншi, екiншi туралы жалған аңыздарды ойлап табу арқылы қазақты үнемi екiншi қатарда, яғни еуропалықтан кейiнгi кезекте ұстап, сөйтiп өз мүддесiн әрқашан бiрiншi кезекте өткiзiп отырудың барып тұрған аяр, зымиян амал-айласы. Түсiнгенге, бұл сұмдық идеология ғана емес, қауiптi идея. Әсiресе, бiз сияқты оң-солын ендi танып келе жатқан ел үшiн өте қауiптi.

Олай болса, 1220 жылы Шыңғысханның бұй­рығымен өртелген Отырар кiтапханасы бiз­дiң жыл санауымыздағы 391 жылы патриарх Тео­филь бастаған христиандар қолымен жермен-жексен болған Александрия кiтапханасынан көлемi жағынан кiшi болды, екiншi болды деп көрсету де ойдан шығарылған аңыз. Шын мәнiнде, олардың кiтапхана қорын салыстыра санаған кiм бар? Ондай тарихи дерек, не құжат сақталған ба? Жоқ, сақталмаған. Ендеше, еуропацентрис­терге осындай аңыз ойлап табу не үшiн керек болды?

Мәселенiң мәнiсi осы сұрақта жатыр. Оның түпкi негiзiнде – қазақ өркениетi мен мәдениетiн қалайда екiншi етiп ұстау мақсаты тұр! Бұл – бiр қарағанда көңiл аударуға тұрмайтын елеусiз мәселе сияқты. Алайда, ол бiр қарағанда ғана солай. Өйткенi, екiншi болу да жаман емес қой деп әркiм де ойлап қалуы мүмкiн… Бiрақ, бiрiншi болғанға не жетсiн?! Жеңiмпаз болғанға не жетсiн!

Ойдан ой туады. Кiтапхана бар жерде жазу, сызу, ғылым, бiлiм бар. Нағыз өркениеттiк даму деген осы. Отырар, сөз жоқ, тап осындай өркениеттi дамыған қала болатын. Оның ұлы кiтапханасы болмаса, әл-Фарабидей данышпан шығар ма едi? Шықпас едi. Осы кезеңдi тереңдей зерттеген ғалым Ә.Дербiсәлi сол заманда Отырардан шыққан оқымыстылар мен ғұламалардың 50-ден астамының аты-жөнi белгiлi екенiн айта келiп, «әлi қаншамасының аты бiзге жетпей жатыр» деген едi. Ендi ойлаңыз, мұншама көп ғұламалар мен ғалымдар тақыр жерде пайда болмаған шығар. Олар рухани қазынасы, ғылым-бiлiмi, кiтап мәдениетi дамыған жерде ғана өсiп-өнедi. Басқаша болуы мүмкiн емес. Мiне, еуропацентристер бiздiң осы жанды жерiмiзге көздi ала бере аңқауси «қанжар салғысы» келедi.

***

Отырарлық ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамызды Аристотельден кейiн қойып, «әлемнiң екiншi ұстазы» деп танудың астарында да осындай «еуропацентристiк саяси мүдде» жасырынып жатыр. Сценарий бiреу.

Ал, тарихи шындық не дейдi? Зерттеу­лерге қарағанда, ғұламаның өмiрi туралы оның өзi немесе замандастары жазып қалдырған дерек жоққа тән. Өйткенi ол өте қарапайым өмiр сүрiптi. Қарапайым өмiр сүргенi сонша, оны өз уақытында ескерiп, еңбектерiнiң хронологиялық тiзiмiн жасап, жазып қалдырған да ешкiм болмапты. Ғұлама жөнiндегi әңгiмелердiң көпшiлiгi кейiнгiлерге ауызекi түрде, аңыз сипатында ғана жеткен. Сондықтан да ол туралы жазылған зерттеу еңбектер мен кiтаптарда ғұламаның өмiрi мен шығармашылығына қатысты қалыптасқан пiкiрлер көбiне тақ-тұқ. Дегенмен, ол туралы жазылған кiтаптардағы ғұмырбаяны көбiне бiр сарынды. Мәселен, «Әбу Насыр әл-Фараби (873–950 ж.ж.) – қазақ даласынан шыққан ғұлама, әлемге әйгiлi ойшыл философ, сондай-ақ математика, физика, астрономия, ботаника, лингвистика сияқты тағы басқа да көптеген ғылымдардың теоретигi.

Әл-Фараби Сырдария бойындағы ежелгi Отырар қаласында туған. Ол iргелi еңбектер жазуда, музыканың теориясы мен тарихы жөнiндегi зерттеулерi бойынша өз заманындағы көптеген ойшылдардан асып түскен. «Китаб әл-музики әл-кабир» («Музыканың үлкен кiтабы») деп аталатын еңбегi жарық көрген соң-ақ оны дүние жүзiнiң барша ғалымдары Аристотельден кейiнгi екiншi ұстаз деп таныды» деген сыңайда болып келедi. Осы орайда мынандай мәселеге ерекше назар аудару керек. Шындығында, әл-Фарабидiң өмiрi мен шығармашылық өмiрбаянын жасауға байланыс­ты алғашқы талпыныстар ғұлама дүниеден озған соң 150-200 жылдан кейiн ғана қолға алына бастаған. Ол туралы алғашқы дерек көздерi хорезмдiк мәшһүр ғалым Захир ад-Дин әл-Байхаки (1105–1169), араб оқымыстылары Ибн Сайд әл-Кифти (1167–1248), Ибн Әби Усайбиға (1203–1270), Ибн Халикан (1211–1282) еңбектерiнде кездеседi. Бiрақ, ғұлама туралы жазылған осы алғашқы дереккөздердiң түп-нұсқаларында әл-Фарабидiң «Аристотельден кейiнгi екiншi ұстаз» атануына байланыс­ты ешбiр мағлұмат кездеспейдi екен. Бұл не деген сөз? Яғни бұл отырарлық әл-Фарабидi – эллиндiк Аристотельден кейiнгi екiншi ұстаз жасау идеясы кейiнгi ғасырларда пайда болған ойдан шығарылған аңыз деп қорытынды жасауға мүмкiндiк бередi.

Ендеше, әл-Фарабиден екiншi ұстаз жасау туралы жалған аңыз не үшiн керек болды?

Алдымен, отырарлық ғұламаның «екiншi ұстаз» деп аталуына байланысты аңыздың қайдан шыққандығы туралы әңгiмеге келейiк.

Сонау ХV ғасырда өмiр сүрген араб оқы­мыстысы А.Абнан ғалым Мулла Лутфидiң «Касиф әз-Зунун» атты кiтабындағы мағлұматқа сүйенiп, мынадай дерек келтiредi. Түркiстанда жүрген әл-Фараби Саманид әмiрi Мансұр ибн Нухтың жеке өтiнiшi бойынша «Әт-Тағлим Әс-Сани» («Екiншi тағлым») еңбегiн жазыпты. Мiне, ғалымдар әл-Фарабидiң «Аристотельден кейiнгi «Муслим әс-Сани», яки екiншi ұстаз» атануын осы жағдаймен байланыстырады (Х.Султанов. Помни имя свое., «Казахстанская правда», 10.02.2006 г.). Белгiлi шығыстанушылар М.Хайруллаев та, В.Бартольд та, басқалар да осы пiкiрдi ұстанады (Айта кететiнi, осы еңбектiң түпнұсқасы осы күнде Исфақан кiтапханасында сақтаулы тұр. Еуропалықтар Авеценна атап кеткен әйгiлi Ибн-Сина философия мәселелерiн ең алдымен осы кiтап арқылы оқып, таныған деседi). Ендi ойланып көрейiк. Әл-Фараби бұл еңбегiн жазғанда Аристотельдi Шығыс та, Батыс та бiлмейтiн едi, оның есiмi халық жадынан әлдеқашан шығып кеткен болатын. Олай болса, әл-Фарабиге «Аристотельден кейiнгi екiншi ұстаз» деген лақап аттың берiлуi қалайша осы кiтаптың жазылуымен байланысты болмақ? Ешқандай логикаға сыймайды. Осыдан-ақ отырарлық ғұламаның «екiншi ұстаз» атануы еуропацентристiк пиғылдағы ғалымдардың кейiнгi ғасырларда «ойдан шығарған аңызы» екендiгiне тағы бiр көз жеткiземiз. Бұл – бiр. Екiншiден, «Әт-Тағлим Әс-Сани» – екiншi тағлым, екiншi тәлiм-тәрбие деген мағынаға ие. Оның «екiншi ұстаз» деген ұғымға қандай қатысы бар?..

Орайы келгенде айта кететiнi, әл-Фараби заманында Аристотельдiң аты мүл­дем ұмытылып, оның еңбектерiнiң түп­нұс­қасын еуропалықтардың өзi түсiнбейтiн жағ­да­йға жеткен едi. Оны түсiндiрiп, өңдеп, еуро­палықтарға қайта танытқан бiздiң әл-Фараби бабамыз болатын. Аристотельдi қай­та тануда отырарлық ғұламаның аса ма­ң­ыз­ды қызмет атқарғанын еуропацентристiк көз­қарастағы ғалымдардың өздерi де мойындайды. Осы ойды таратып айтатын болсақ, көптеген зерттеушiлер Еуропадағы қайта өрлеу дәуiрiн (возрождение) тек ондағы мәдениет пен өнердiң гүлденуi деген мағынада ғана ұғынады. Ал, негiзiнде бұл Аристотель заманындағы эллинизмнiң Еуропадағы қайта жаңғыруы деген ұғымды бiлдiредi. Басқаша айтқанда, бүгiн Еуропа өздерiн «бiрiншi ұстаз» Аристотельдiң жол көрсетуiмен Александр-Ескендiр негiзiн қалаған грек-эллиндiк өркениет пен мәдени ағымның тiкелей мұрагерiмiз деп есептейдi. Яки, ежелгi Грек-эллинизм өркениетi бүгiнгi «мейманасы тасыған» Батыс мәдениетiнiң бас­тау көзi болып табылады. Еуропацентризм идеясын жақтаушылардың қайткенде Аристотель мен Александрға бiрiншi кезекте жол берiп, бүйрегi ала бөтен бұрып тұратыны сондықтан. Мiне, осы Еуропадағы эллинизм жаңғырығына – Аристотель еңбектерiне араб тiлiнде түсiнiктеме жазып, сақтап қалуы арқылы бiздiң әл-Фараби бабамыз үлкен үлес қосқан. Сонымен бiрге ол Батыс философиясының аталары саналатын Платон, Эвклид, Птоломей, Александр Афродизиский, Порфирий, тағы басқа ежелгi грек ақыл-ой алыптарының түпнұсқалық еңбектерiне де түсiнiктеме жазған. Қысқасы, ол антикалық Грек философиясын әлемде бiрiншi болып түсiндiрiп берген ғұлама.

Бiздiң көбiмiздiң әдiлеттi болғымыздың келе­тiнi рас. Бiрақ көбiне олай бола бермейдi. Мәселен, әл-Фарабидiң «Музыканың үлкен кiтабы» атты еңбегiнiң өзi неге тұрады?! Бұл кiтап бүгiнгi күнде де музыка теориясының бас кiтабы болып саналады. Яки, әл-Фараби көк күмбездер музыкасы, немесе аспан гармониясына (ғарыш сарыны) сүйенiп, музыка ноталарын алғаш ойлап тауып, ондағы 5-4 терция коэфициентiн тұңғыш қолданған ғалым. Бұл ненi бiлдiредi? Яғни, бұл кiтап бүгiнгi қолданыстағы нотаның негiзiн қалаған ұлы зерттеу. Ал, еуропалықтарға әл-Фараби ойлап тапқан осы «тиiмдi нотаны» тану үшiн 600 жыл уақыт қажет болды. Оны батыс ғалымдары тек 14 ғасырдан бастап қана ашық қолдана бастаған. Ол-ол ма, бiздiң бабамыз жердiң тартылыс күшiнiң құпиясын ашқанда, осы заңды ашты деп жүрген Иссак Ньютонның жетiншi атасы әлi жөргекте жат­қан болатын. Соны неге бiлмеймiз? Әл-Фараби одан басқа «Ғылымдардың шығу тегi мен таралуы», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Ғылымдар энцикло­педиясы», «Философияны аңсап үйрену үшiн алдын ала не бiлу қажеттiгi жайлы», «Мемлекеттiк қайраткерлердiң нақыл сөздерi», «Ақылдың мәнi туралы», «Әлеуметтiк-этикалық трактаттар», «Философиялық трактаттар», тағы басқа сияқты ғылымдардың әр саласы бойынша 200-ге тарта iргелi еңбек жазып қалдырған (Ш.Штейшнейде – 117, А.Атеш – 160, Б.Ғафуров – 200). Адамзат тарихында ғылымға мұншама көп еңбек сiңiрген кiм бар?.. Егер ғұламаның еңбектерiне терең үңiлетiн болсақ, одан бергi уақытта өмiр сүрген еуропалық оқымыстылар тапты деп жүрген бiраз ой бас­таулары бiздiң бабамыздың трактаттарының қайнар көзiнде жатқанына назар аударар едi. Мәселен, әл-Фарабидiң өте бағалы еңбегiнiң бiрi «Даналықтың маржандары» атты трактаты Шығыс университеттерiнде 1000 жылдан берi негiзгi оқу құралы ретiнде оқытылып келе жатса, оның көптеген еңбектерi Еуропаның қайта өрлеуiне қосқан үлесiнiң қаншалық зор болғанын жоғарыда айтып өттiк. Анығырағы, ғұлама кiтаптары ХVIII ғасырдың соңына дейiн Еуропаның барлық университеттерiнде оқытылып, Леонардо да Винчи, Коперник, Кеплер, Лейбниц сияқты ғалымдардың дүниетанымына қатты ықпал жасаса, Ибн Баджа, Ибн Туфайль, Ибн Рушд, әл-Бируни, Ибн Сина, О.Хаям, Р.Бэкон, Ф.Аквинский секiлдi өзге де ойшылар өз шығармаларын әл-Фараби бабамыздың еңбектерiне сүйенiп жазған екен. Ендеше, бiз әдетке айналып, әбден үйреншiктi болып кеткен қате қағиданы түзету мәселесiн неге қолға алмаймыз? Бiз өз керегiмiздi сұрай бiлсек, дәлелдей бiлсек, күресе бiлсек, жердiң тартылыс күшiне байланысты заңның атасы И.Ньютон емес, Әбу Насыр әл-Фараби екенiн жалпақ әлем бiлер едi. Қазақ топырағынан шыққан ұлы ғұлама «әлемнiң екiншi ұстазы емес», бiрiншi ұстазы екенiн мойындар едi. Ал, «Аристотельден кейiнгi екiншi ұстаз» деген лақап атты еуропацентристер адамдарды адастыру үшiн әдейi ойлап тапқан жалған аңыз екенiн сезiнер едi. Сөйтiп, қазақ деген халықтың да тақыр жерден пайда болмағанына ең алдымен қазақтардың өзi көз жеткiзер едi. Қазақстандық патриотизмдi қалыптастырудағы ең сенiмдi, сонымен бiрге өте қарапайым төте жолдың бiрi осы емес пе?!

Олай болса, мынадай бiр сұрақ: «Александрия кiтапханасы – бiрiншi, Отырар кiтапханасы – екiншi», «Аристотель – бiрiншi ұстаз, әл-Фараби – екiншi ұстаз» деген жалған аңызды кiм ойлап тапты және қашан пайда болды?

Қарап отырсақ, «Отырар кiтапханасының екiншiлiгi» мен «әл-Фарабидiң екiншiлiгi» туралы тұрақты сөз тiркесi өткен ғасырдың алғашқы ширегiне дейiн бiрде бiр тарихи құжатта кездеспейдi екен. Демек, «қазақтың екiншiлiгi» туралы бұл жалған аңыз өткен ғасырдың 30-40 жылдарынан бергi кезеңнiң жемiсi деп тұжырым жасауға болатындай. Орыстардың «аға» ұлт ретiнде өзiне қарайтын «кiшi» ұлттардан артықшылығын көрсету мақсатымен «Кремль қожайындары» осы аңызды әдейi ойлап тауып, санада бекiту қажеттiгi туса керек. Оның авторлары түп негiзiн еуропацентристiк идеядан бас­тау алатын тоталитарлық дәуiрдiң қызыл коммунистерi екендiгiнде дау жоқ. Бұл ойдан шығарылған «қазақтың екiншiлiгi» туралы жалған аңыз не үшiн керек болды деген сұраққа келсек, қазақтың қоғамдық пiкiрi, ақыл-ойы бiзден ұзап кетпесе екен, ұлттық, елдiк сана нығаймаса екен, қазақ үнемi Батысқа қарап, қалпағын қолына алып, жалтақтап отырса екен деген мақсат көзделгенi анық. Түйiндей айтқанда, қазақты екiншi сортты ұлт ретiнде ұстап отыру идеологиясы арқылы, бiрiншi болуына ешқашан жол бермеудi мұрат санаған.

Әл-Фарабиге қайта оралсақ. Тарихта аты алтын әрiптермен жазылып қалған ұлы ғұламалар мен данышпандар көп, бiрақ бүкiл ақыл-ойы мен саналы ғұмырын адамзаттың бақытты өмiр сүру жолына арнап, азаматтық ғылымды соншама терең игерген әл-Фарабидей ғұлама жалғыз! Сондықтан да қазақ топырағынан шыққан әл-Фарабидей алыпты эллиндiк-еуропейд Аристотельден кейiн ұстап отыру – еуропацентристiк ұстанымдағы ғалымдар мен саясатшылар үшiн тиiмдi едi. Осы орайда араб музыкасының атақты бiлгiрi Г.Фармердiң: «Барлық ғылымдар саласында әл-Фараби– «Екiншi Ұстаз». Ал, музыка саласын алатын болсақ, ол, әл-Фараби бiр өзi ғана бас король болып табылады. Басқаша айтқанда, музыка саласында әл-Фарабиге үлгi боларлық, бiрiншi ұстаз боларлық адам болмаған», – деп ағынан жарылғаны еске түседi. Осыдан бiрнеше жылдар бұрын фарабитанушылардың Алматыда бас қосқан ғылыми жиынында белгiлi араб ғалымының бiздiң атақты бабамыз туралы айтқан пiкiрi де жадымызда сақталып қалыпты. Ол мiнберден көпшiлiкке қарап тұрып: «Бiз әл-Фарабидi әлемнiң бiрiншi ұстазы деп танимыз!», – деген болатын. Расында, бiз де бiреудiң қаңсығын таңсық көрiп, Батыстың аузына қарап жалтақтай бермей, осы ұстанымға тоқтайтын уақыт болды деп ойлаймыз.

Қазаққа қарсы ғасырлар бойы жүргiзiлген идеологиялық шабуыл ақыры өз дегенiне жеттi. Бiр кезде әлемдi ат тұяғымен дүбiрлеткен халық ұрпағының рухани қорғанысы әлсiреп, титықтап бiттi. Әсiресе, өткен ХХ ғасыр қазақ үшiн қасiреттен көз ашпаған дәуiр болды. Еуропацентрист-коммунистер қазақты өзiнен кейiнгi қатарда ұстап тұрудың көз көрiп, құлақ естiмеген «классикалық үлгiлерiн» жасады. Соның әсерiнен қазақтан шыққан ардақтыларымызды еуропалықтар мен орыстың мықтыларына теңеп, солардың алдына жығып беруде алдымызға жан салмайтын болдық. Екiншi болуды намыс көрмек түгiлi, соны мақтан тұтатын болдық. Жағымпаздықтың, екiжүздiлiктiң, түлкi бұлаңдаудың, екiншi болып ұрандаудың неше түрлi айлаларын үйренiп алдық. Оған етiмiздiң үйренiп кеткенi соншалық, екiншi болуға өзiмiз икемделiп тұратын жағдайға жеттiк. Мысалы, жыр алыбы Жамбыл жәкемдi – «ХХ ғасырдың Гомерi» деп асқақтаттық (Бiлетiндердiң дәлелiнше, бұл сөз тiркесiн тұңғыш рет 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерiнiң онкүндiгiнде халық комиссары С.Луначарский қолданыпты). Сұңқар тектi С.Сейфуллиндi – «қазақтың Маяковскийi», Б.Майлиндi – «қазақтың Чеховы» деп мақтадық. Одан басқа, «қазақтың Пушкинi», «…Фадеевi», «…Данкосы», «…Гоголi». «…Есенинi», «…Шукшинi», «…Н.Рубцовы» атанған қазақ ақын жазушылары қаншама. Зейнолла Қабдолов ақын Әбу Сәрсенбаевқа «Ақындар арасындағы Айвазовский» деп көпшiк қойғаны да есiмiзде. Күйшi композитор Құрманғазыны – «даланың Моцарты», қазақ вальсiнiң королi Шәмшiнi – «қазақтың Штраусы» деп далақтаған кездер де болған. Сол сияқты ақиық ақын Мұқағали Мақатаев Қазақ ССР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы қызметiнде отырған Бәйкен Әшiмовке арнау өлең жазып, оны «қазақтың Косыгиніне» теңегенiн ұмыта қойғамыз жоқ. Ол-ол ма, Ұлы Отан соғысы бастала салысымен-ақ жау дзотын тұңғыш рет кеудесiмен жауып, ерлiктiң ерен үлгiсiн көрсеткен Сұлтан Баймағанбетовті – «қазақтың Матросовы» деп әспеттегенiмiз өз алдына бiр әңгiме. Әдiлет тұрғысынан келсек, Матросовты – «орыстың Баймағамбетові» деу дұрысырақ болар едi. Өйткенi бұл ерлiктi Баймағамбетов Матросовтан бұрын жасаған… Жоқ, ол мүмкiн емес. Себебi ол кездегi кеңестiк саясаттың тәртiбi бойынша, мұндай ерлiктi бiрiншi болып «ұлы» халықтың ұланы жасау керек, ал «кiшi» халықтың ұланы мұндай ерлiктi бiрiншi жасауы мүмкiн емес. Бiрiншi жасау мүмкiн болмаса, оны қайталау да мүмкiн емес. Мұндай өнегенi тек «ұлы» орыс халқының ұландары ғана көрсете алады. Ал, «кiшi» халық тек «ұлы» халықтың ерлiгiн қайталауы ғана мүмкiн. Өйткенi «ұлы» орыс халқына ұят келмесiн! Сол сияқты алғашқы болып өртке оранған ұшағын жау колоннасының үстiне құлатқан Нұркен Әбдiровті – «қазақтың Гастеллосы» дедiк. Мiнеки, қазақтың «қанын да шығармай, жанын да ауыртпай» аспанға шығарып, осылай мақтау арқылы «бiзден кейiнгi халықсың» дегенді санада бекiту «эстафетасы» осылай жалғасты…

Қалай десек те, бұл – құлдық психологиядан әлi ес жия алмай жатқанымыздың айғағы. Батыста (Ресейде де солай) осы теңгермешiлiктiң он екi де бiр нұсқасы жоқ. Болған күннiң өзiнде «Аристотель – грек философиясының Ескендiр Зұлқарнайы» (К.Маркс) дегеннен арыға бармайды. Сенбесеңiз, Германияға барып Гетенi – «қазақтың Абайы» деп көрiңiзшi? Немесе, Францияға барып Бальзак – «француздың Әуезовi» деп мақтаңыз? Не болар едi? Сұмдық таң қалар едi. Мынаның денi сау емес шығар деп жаны ашып, қарадай қиналар едi. Бұл неден сонда? Үнемi екiншi сортты халық ретiнде етiмiздiң үйренiп кеткендiгiнен. Мiнезсiздiктен, ұлттық «меннiң» жоғалуынан. Құл болуды, айдатқа жүрудi намыс санамайтындықтан. Қайта оны үлкен абырой санап, екiншi болу да «жаман емес қой» деп тұратындықтан.

«Бастарыңа келген бәле-жала қолдарыңнан iстегендерiңнiң кесiрiнен» дейдi Құран Кәрiмнiң Шура сүресi, 30-аятында.

Бiздiңше, теңгермешiлiктiң осындай екiжүздi, қитұрқы, зымиян түрлерiнен бас тартатын кез жеттi. Ол үшiн алдымен мектеп бағдарламаларындағы оқулықтарда жазылған «Отырар кiтапханасы – екiншi», «әл-Фараби – екiншi ұстаз» деген сияқты кеңес ғылымы зорлықпен тықпалаған тiркестердi мүлдем алып тастау керек. Сонсоң Қазақстанда шығатын кiтаптарда теңгермешiлiктi бұлай қолдануға тыйым салынғаны жөн. Сонда ғана бiз ұлт ретiнде өзiмiздi қайта танып қана қоймай, «екiншi болудың» дертiнен айығып, намысшыл болуды үйренер едiк. Бұлайша мақтау, қазақты бәрiбiр ұшпаққа шығармайды.

Болат ШАРАХЫМБАЙ