БІЛІКТІ БӘРІН ЖЫҒАДЫ

БІЛІКТІ БӘРІН ЖЫҒАДЫ

БІЛІКТІ БӘРІН ЖЫҒАДЫ
ашық дереккөзі

Жуырда Ақтауда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның еншілес және тәуелді ұйымдарындағы жұмысшылар арасында «Үздік маман» байқауы болып өтті. Байқау аясында компанияға қарасты барлық құрылымдардың жұмысшылары өздерінің кәсіби біліктілігінің жоғары екенін паш етті.

Байқаудың мақсаты – жұмысшы мамандардың еңбекке деген құлшынысын арттыру, үздік тәжірибені баршамен бөлісу, кәсіби біліктілікті жетілдіріп, теориялық дайындық деңгейін көтеру және корпоративтік рухты күшейту.

Қыркүйек айының алғашқы жек­сенбісі – Қазақстанда мұнай-газ кешені қызмкеткерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтеді. Биыл мұнайшылар күні қыркүйектің 2-сінде аталмақ. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның мамандары арасындағы «Үздік маман» біліктілік байқауы дәл осынау айтулы мерекеге орайластырылған. Бұған дейін, тамыз айының 15-17 күндері Ақтау қаласындағы «Қаражанбасмұнай» АҚ өндірістік базасында теориялық және тәжірибелік тапсырмадан тұратын байқаудың іріктеу кезеңі өткізілген.

Ал байқаудың ақтық кезеңінде мұнайшылар мұнай және газ өндіру операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, мұнайды дайындау операторы, жер қабаты қысымын қадағалау операторы, мұнай кәсіпшілігі құрылғыларын жөндеу слесарі, газ-электр дәнекерлеушісі, токарь, электр монтері, автоматика және бақылау-өлшеу құралдарының слесарі мамандықтары бойынша өзара сайысқа түсті.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Үздік маман» төсбелгісімен және дипломдармен марапатталып, тұрмыстық техника сатып алу сертификаттарына ие болды. Сонымен қатар, бірінші, екінші, үшінші орынды иеленген байқау жүлдегерлерінің жалақыларына бір жыл бойы тарифтік мөлшерлемеден 30, 20 және 10 пайыз көлемінде үстемақы төленеді.

Байқау барысында арнайы қазылар алқасы мамандарға берілген тапсырмалардың сапалы әрі жылдам орындалуын бағалады. Әсіресе қауіпсіздік техникасының сақталуына ерекше мән берілді. Өйткені «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ-ында еңбек қауіпсіздігін қорғау – басқарудың ең басты элементтерінің бірі болып табылады. Қазір компанияның өндіріс барысында жүргізіліп отырған шаралары еңбек жағдайын жақсартуға, апаттардың алдын алу мен болған жағдайда зардабын жылдам жоюға бағытталған. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ биыл бұл байқауды тұңғыш рет өткізіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылдан бастап «Үздік маман» байқауы дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.

Айдын ОЛЖАЕВ

Ақтау