«БАРЫСТЫҢ» БАҒЫ ЖАНҒАЛЫ ТҰР

«БАРЫСТЫҢ» БАҒЫ ЖАНҒАЛЫ ТҰР

«БАРЫСТЫҢ» БАҒЫ ЖАНҒАЛЫ ТҰР
ашық дереккөзі

Бүгiн Астанада Ел Президентiнiң кубогын сарапқа салу үшiн «Нұр-Отан» партиясы мен Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясы ұйымдастырған III халықаралық жарыс жалауын желбiретедi. Алдын ала баспасөз мәслихатын өткiзген ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбiрлi дода бес күнге созылып, онда «Барыс», «Югра», «СКА» хоккей клубтары мен Өскеменнiң «Қазцинк-Торпедосы» және Қазақстан ұлттық құрамасы өзара сынға түседi. «Барыстың» жаңа сайланған бас бапкерi Владимир Крикуновке жолығып, хоккейшiлерiмiздiң жарысқа дайындығы жөнiнде сұраған едiк.

– Ойын 9-13 тамыз аралығында «Қазақ­стан» спорт сарайында өтедi. Хоккейшiлер де, спорт сарайы да бүгiнгi жарысқа толықтай дайын, – дедi бас бапкер. – Спорт ғимараты барлық техникалық талапқа жа-уап бередi, оған құрлықаралық хоккей лигасы жасақтаған комиссияның шешiмi дәлел. Жарыс өтетiн жердi алдын ала сынақтан өткiзген сарапшылар нысанның тек сыйымдылығына ғана ескерту жасады, бiрақ ол iргетасы қаланған кезде солай бекiтiлген ғой. Оған ешкiм ештеңе жасай алмайды. Сондықтан да шығар «Қазақстан» спорт сарайы Қазақстан Республикасы Президентiнiң кубогын сарапқа салатын III халықаралық хоккей турнирiне дайын» деген қорытынды жасады.

Содан кейiн бiз «Барыстың» капитанына жолыққымыз келген: бас бапкер Владимир Крикунов команданың капитаны Президент кубогы жолындағы халықаралық турнир өз мәресiне жеткеннен кейiн белгiлi болатынын жеткiздi. Ал бұл мiндет оған дейiн өзiне жүктелiп отыр екен. Оның айтуынша, бiр командада бiр капитан мiндеттi түрде болады, бiрақ ол мықтының iшiндегi мықтысы болу керек. – Сондықтан Президент кубогында «Барыс» командасын әр кездесу сайын әртүрлi ойыншы бастап шығады. Бiздiң мұндай қадамға баруымыз хоккейшiлердiң мұз айдынындағы шеберлiгiн өз көзiмiзбен көрiп, ертеңгi күнi таңдау жасауға үлкен септiгiн тигiзер деген ой, – дейдi ол.

Сонымен, жарыстың алғашқы күнi елi­мiз­дiң құрама командасы Санкт-Петербургтiң «СКА» командасымен кездессе, Астананың «Барысы» Ханты-Мансийск қаласының «Юграсын» қабылдайды. «Барыстың» құрамы түбегейлi өзгергенiн ескерсек, алғашқы ойыннан соң-ақ көп нәрсенi аңғаруға болады.

Көрермендер жайында сөз етсек: би­ыл жылдағыға қарағанда хоккей көрушiлердiң саны көп болатын сыңайлы. Өйткенi Лондон олимпиадасы желпiндiрген жанкүйерлер қазiрдiң өзiнде бұл турнирдiң басталуын тағатсыздана күтiп отыр. Оған Елордадағы Кенесары хан ескертiшiнiң алаңында «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен акция барысында көз жеткiздiк. Акцияның негiзгi мақсаты: жастарды салауатты өмiр салтын насихаттауға шақыру, отандық командаларымызды қолдау және қала тұрғындарына турнир туралы толық мағлұмат беру болып табылады.

Концерттiк бағдарламалармен ұлас­қан шара барысында келушiлер үшiн аталмыш турнирдiң билеттерi ойнатылып, «Барыс» командасының ойыншыларымен естелiк суретке түсумен жалғасты. Акцияға қатысқан жастардың ешқайсысы да Ел Президентiнiң кубогы сарапқа салынатын жарыстан қалғысы жоқ: бәрi байрақты бәсекеге куә болғысы келедi. Әңгiмеге тарта қалсаң, Лондон олимпиадасына барған көрермендердi мысалға келтiрiп, «бiз өзiмiз осында жүрiп, мұз айдынындағы хоккейдi неге көрмеске?! Бармай қалсақ, ол бiздiң азаматтығымызға сын, Құдай қаласа «Барыстың бағы жанғалы тұр!» деген әңгiме айтады.

Көрермендердiң де спортқа деген қызы­ғу­шылығы артып, деңгейi артқан. Байрақты бәсекеде «Барыстың» бағы жансын!

Базарбек ТҮКIБАЙ

Астана