540
САЯСИ ЛАГЕРДЕ — 33 ЖЫЛ
САЯСИ ЛАГЕРДЕ — 33 ЖЫЛ
Баяғы 60-жылдары кеңестік үкіметке кеселдей болып көрінген «ЕСЕП» жасырын ұйымның бір мүшесі ретінде тағдырдың айдауымен сол бір шоқша сақалды, мұртты сиректеу қызыл шырайлы ақсақалмен түрмеде кездескенде, біз өрімдей жас едік. Бүгіндегі марқұм досым Зейнолла Игілікұлы екеумізді батпақтың үстіне төсеген солқылдақ ағаш төсенішпен айдап әкеліп, лагердің ауыр есігі шиқылдап қарсы алғанда аржақтан кезіккендердің алғашқы сұрағы «қай жақтан» екеніміз болған. Жайымызды білген соң «е, сендердің Бабайларың да осында» дескен.
Бүкіл лагерь Бабай атаған Бейсенұлы Құнанбай ақсақал басқа түскен тауқыметтен жалтақтап отырған бізді түске жақын өзі іздеп келіп, амандасты. Бұл екі ортада талай өзбек, түрікпен жігіттері Бабайдың лагердегі стажы 33 жыл екенін естіртіп үлгерген еді. Осыншама уақыт – бір адамның жарты ғұмырын лагерде өткізген кісіге тағзым еткендей табынып қарай бердік. – Е, балалар, бір жазу болып қалған екен, уақасы жоқ. Әлі-ақ өте шығады, – деп бізді жұбатқанынан-ақ даусынан мейірім ескен еді. Менің сол жақ қолым таңулы-тын. Челябинскінің түрмесінде бір құбыжықтай орыспен жекпе-жекке шығарған. Оның қолында пышақ, мен құр алақан. Өмір үшін жанталастық. Пышақ тіліп өткен қол көтертпейді. Талай сұмдықты көрген Бабай соны тез байқап қалған. – Кәне, саусағынды қимылдатшы,– деп зер салды да: – Саусағың аман екен. Жазылып кетесің, – деп көңіл жұбатты. Талай пересылкадан өтіп, сан қилы құқайды көріп жеткен бізде әлі де болса елдің дәмі – бір сүйем қазы бар еді. Құнекең ақсақал «е, өтті ғой өмір» деп сәл түйіліңкіреп алып, талай сыр шертетін. Жұмыстан қолымыз босаған сәтте сол кісінің маңындамыз. Шым-шымдап ол кісінің «өмір» атты тауқыметіне қана бердік. Иә, бай болыпты. Атадан қалған екі жарым мыңдай жылқысы, мыңға тарта қойы – кедей-кепшік, ағайынға ырыс-береке екен. Онан соң Ресей империясының ішіндегі дүмпуден сескенген ағылшындар Жолымбет руднигін Құнанбай ақсақалға өткізіп кетіпті. Қыр мен Сырдағы байлар атып-асудан, қырғыннан қырылып біткен заманда тірі байды көремін деп, онымен тағдырлас болармын деп кім ойлапты. Советтің мектебінен бойға сіңген дағдымен үстем тап деушіні, елді қанаған езуші топтың өкілін танып отырмыз. Бірақ сол қағиданың ру тірлігімен өмір сүрген қазақ үшін келе бермейтіні де бұрыннан көңілде бар. Сол түйткілдің шындығын білуге ынтықпыз. Тірі байды кезіктірген тағдырға да осындайда ризасың. Құнекеңнің малын бағысатындар ағайындары екен. Сол мал ішінде өздерінің де малы жүретіні даусыз. Еуропаның жалдамалы жұмыскеріне жалақы бередіге үйреніп қалған ауыз «ақысына не бересіңге» барып қала береді. Ақсақал күледі. – Иә, сендердің сұрақтарың дұрыс. Сендерді солай оқытты ғой. Ресейдің капиталисі мен помещигіне кедей орыс жалданады. Оған ақың деп ақша береді. Байы мен кедейінің арасы жер мен көктей, аралары ит пен мысықтай. Туыстық қатынастары да, таныстықтары да жоқ. Осылай ма? – Иә, – дейміз еріксіз. – Ал қазақ ру-ру боп тұрған. Бір рудың адамы немере, шөбере, шөпшек – бәрі туыс. Біреуі – ағаң, бірі – атаң, не інің. Оларды сен қалай қанайсың? Оларды таптауға қазақы мұсылмандық, бойға, қанға сіңген тәлім-тәрбиең жібере ме?! – Иә, – деймін, – есте қалған немере ағалар еске түсіп. Оларды көрмесек тұра алмаймыз. Үлкен әкемнің ағасы Мұқайдың бар баласы әжем Ғазизаның бауырында өскен. Анау ағайындарымыз Мақыш, Ыбырақым, Әуесқандар әкеммен телқозыдай. Әбеу, Көпжан ақсақалдарға ел бағынады. – Қазақ деген халық осы ғой, – деп күрсінді Құнекең (ол кісінің екінші есімі Қошқарбай екенін кейін білдік). Солай, солай, шырақтарым. Әй, осы сендердің совхоз дегендеріңде соған керектің бәрін тауып, тасымалдайтын біреу бар деп естимін. Солай ма? – Иә, оны… – Мен нағыз солмын. Малдың аты ғана менікі. Сол мал баққан ағайынның жоғын іздеп, тауып әкелуші ғанамын. Кемпіріне кимешек, қатынына көйлек, қызына әсем киім, еркегіне саптама етік, о, айта берсе, шексіз дүние, соны іздеп барып тауып әкелуге қала көрмеген, орыс не басқаның саудагерінің алдауына түсіп, ысылмаған ағайынның жоғын іздеп еріксіз мен кетемін. Бұл бір бітпейтін шаруа. Бірі бітсе, бірі шығады. Шаршап, сүрініп жығылатынмын. Сонда бұл бай кім? Мен бе, әлде олар ма? Жауап таппаған мен төбемді қасимын. «Сіз байсыз ғой» деймін беріспегенсіп. – Солай, шырағым. Менің атым ғана бай. Сол мал елдің ырысы. Кедейлеу біреудің қызы тұрмысқа шығады. Оның жасауын жасауға сол туысқанымның шамасы аз. Ал намыс – сол рудікі. Сол қыздың жасауы да менің мойнымда. Енді бір ағайынның баласы қырық жеті беріп, қыз алмақшы. Барын өзі берсе, өзі түксіз қалады. Оған көмек етер тағы мен. Маған бақ-дәулетті Алла берді, екі мыңнан аса жылқының осындайда пайдасын көрмесек, орнына жұмсамасақ оның керегі не? Қойдың жүнін, сауынның сүтін сатып, кәсіп етіп көрген емес. Құрт-ірімшік жасап алып, оны қалай жаратамын десе де ағайынның еркі. Олар жұмсаған тоқты-торымға, жылқышы үйі сойған соғымға назарым түскен емес. Ағайынның наннан қысылмауын, киім-кешектен тарылмауын мойныма алғам. Осы жерде қазақы мінез, қазақы қоғамға тән психологияның де ерекшелігін айтпай кетуге болмас. Құнекеңнің әкесі – баласы он алты жасқа толғаннан кейін мал-жанға көңіл бөлмей, бүркітін салып, тазысын жүгіртіп, енді мал иесі сенсің деп жүре берген екен. Барлық, береке ақ пейілге Алланың беруінен деп түсінген, ешкімнің ала жібін аттамаған қазақы психология, имандылықтан туып жатқан тірлік екені даусыз. Құнекең ақсақал да сол ата дәстүрінен алыс кетпеген. Түбі Ұлытау жағынан шыққан қызыл ат деген сәйгүлігі болыпты. Жануар, күніне қанша жүрсе шалдықпайтын жылқы екен. Ат шыдаса да адам шыдамай, әлденеше метр шүберекпен денесін таңып тастап жүретін күндер де болған. Сонау 1928 жылы ағайындарын кәмпескелеп, әлдене айыптарды қоса тағып, алыстағы лагерге айдағанда Құнекең осы қызыл атпен іздеп келіп кеткенін, екінші рет қатынасқанында туысқандарын атып тастаған үстінен шыққанын күрсіне отырып әңгімелейді. Байларды тәркілеуден бұрын-ақ көзі ашық Құнекең бар малын ағайынға үлестіріп жіберген екен. Келе жатқан апаттан айналаны сақтау үшін ағайынды біріктіріп, мойынсерік, колхоз да ұйымдастырыпты. Бірақ… кәріне іліккеннің өмірін жіпке тізгендей тізетін ГПУ-дің назарынан Құнекең тыс қала алмапты. Сонау бір жылдары Алаштың азаматы Қазақтың Ордасын тігеміз деп жатқанда қаржылай көмек көрсеткенін, алаш әскеріне деп ылғи сәйгүлік ат бергенін жау ұмытпапты. Әрі ағылшыннан алып қалған Жолымбет кенішінен тапқан пайдаңды өткіз деген де қосылған. Сонымен, халық жауы атанған Құнанбай ақсақал әуелі он жылға кесіліп, онысын бітірген соң бір жылдан аса тағы үкімсіз отырып, тағы он жылға отыруға «өз еркімен» қол қойыпты. Ол да біткен соң тағы арада жыл жарым бос отырып, тағы он жылға мерзімін созып, саяси лагердің орын босатпас иесі боп шыға келген. Жалпы отырғаны өзі босап шыққанша 33 жылға толды. Адам ғұмырын осыншама тәлкек ету бұрын-соңды тарихта болып көрді ме? Құнекең Колыма, Тайшеттің талай-талай лагерлерін ақтап шыққан. Кейде бірер ай ғана ұстап, кесіктілерді лагерден лагерге ауыстыру жүйеге мықтап енген. Әбден титықтаған сорлыларды жолшыбай атып кету мылтық сынау ермегіне айналған. Аш-жалаңаш тұтқындардың қарсы сөз айтпақ түгілі бастықтың бетіне қарауға қақысы жоқ, алара қараған ажал тырнағына ілініп кете береді. – Әсіресе ауыр шақ соғыс жылдарында болды, – дейді Құнекең ақсақал. – Нарда қатар жатқан екі адамның күбірлеп тіл қатысуға хақысы болмады. Құдды мылқау адамша өмір кештік. Жаныңдағымен тілдесу-астыртын жұмыс ұйымдастырып жүр деген айыпқа тікелей апаратын еді. Міне, сол кезде мен Тайшеттегі бір лагерден Сейфолланың Сәкенін көрдім. Бұрын Ақмоладан білетін едім, тілдесе алмадым, оны тез ауыстырып әкетті. Құнекең Хрущев заманының жылымық шағында бірер жылын Қарағанды түбіндегі Спасск саяси лагерінде өткізіпті. Сол жылдары ғана бәйбішесімен жолығуға мүмкіндік туып, лагерден тысқары жерде күндіз жұмыс істеуге рұқсаты болған екен. Ол лагерь Хрущев Америкаға барған жолы Спасскіде кәзір не бар?» деген журналист сұрағына іліккен. – Онда кәзір құс фабрикасы бар, – деген совет үкіметінің басшысының сасқалақ жауабынан соң, басқа жаққа көшірілген. Сол Спасск лагерінде 1958 жылы лагердің аттары үшін шөп шауып жүргенде ойда жоқта НЛО-мен (летающий тарелка жөнінде ол кезде еш хабар болмайтын), оның иелерімен кездесіп қалғанын да жырдай қылып жеткізген. Бұл өзі жеке әңгіме. Лагердің тамағын «жуынды» дейтін. Аштық қатты еді. Ауыр жұмыс істеген жас организм тамақ тілейді. Аштыққа шыдай алмай ағаш үгіндісін (опилканы) шайнаған күндер болды. (Оның зардабын кейін ұзақ жылдар тарттым). Сондай бір күні мұнымды біліп қалған Құнекең ақсақал көзі жасаурап, кепкен нанын алдымнан алып шыққаны естен кетер ме. – Шыда, шырағым, шыда. Үгіндіні енді аузыңа салмауға тырыс, – деді Бабай. Ал лагерде «стукачтарға», басқаға білдірмей әркімнің арнайы жерінде жеке бір мезгіл колбаса, май-нан береді екен. Үстінен түскенім де бар. Адам баласын тек мейірімге ғана тәрбиелеген мектептің гуманистік идеясы қанымызға сіңген біз сол Хрущев дәуірінде лагердің сұмдықтарын жаза бастаса да, оған сенуіміз қиын еді. Сан айуандықтың тірі куәсінен нелер жан түршігерлік уақиғаларды ести отырып, Құнекеңнің соның бәрінен қалай тірі шыққанына танданатынбыз. Басына кірпіш түсіп кету, бөрененің астына қалу деген түк емес қой. Иә, ол кісі де сондай сан құқайды көрген. Бір жылы салып жатқан көп қабатты үйдегі бесінші қабаттан құлап түскен. Қолы, бұғанасы, қабырғасы сынып, ес-түссіз жатқан жерінен күн өткізіп барып тауып алған. – Е… – деп, теріс біткен қолын сыртынан сылай отырып дауысын созатын Құнекең. –Ажалымның жоқтығы да, мың адамның оны қалмағанын да көз көрді ғой. Саяси лагерде танданатын уақиға аждаҺадай аузын ашқан ажалдың ала алмауы десе болар еді. Ақсақалды білмейтін, оның атын естімеген саяси тұтқын жоқ-тын. Жан-жақтан, кешегі КСРО-ның түкпір-түкпіріндегі лагерлерден ауысып келгендер ол кісіні іздеп келіп, сол жақтағы тағдырластардан сәлем жеткізіп жататын. Лагерге алғаш түскендер ол кісінің саяси стажын естіп, аспаннан пері түскендей танданатын. Иә, совет конститутциясында ең ұзақ кесік мерзімі 15 жыл ғой, «33-ті» көргенде тілің байланбасқа не шара?! 1954 жылы Жезқазғанда танкімен таптағанда аман қалғандар, советтің «ЧП» деген киносының шын кейіпкерлері, Новочеркасск уақиғасының бірер адамдары (денін Печора лагерінде ұстады), Вайгаг аралына қыста 10 мың кісіні төгіп, қатып өлгендерден қос жасап тірі шыққан бірен-сарандар, айтып тауысқысыз сан сұмдықтың куәгерлері Бабайға құрметпен қарайтын. Қазақтың бар жақсылығы бойынан табылатын ақсақалдың құмалақшылығы да бар еді. Ол кісі елден торыққан болса, уыздай жас біз елге зарыққан едік. Бақасы шуылдаған орманның бір шеті ашылып кетіп, шексіз-шетсіз туған даламыз көрініп қалатындай алыс-алысқа үңілетінбіз. Ақсақалға құмалақ салдыратынбыз. Ол кісінің құмалақшылығын да көпшілік мойындайтын. Лагерде өзінің тыңшысын ұстау үшін басшылар кейбір ұры-қары, жемқордың статьясын өзгертіп, жалған 58-бен соттаған қылып біздің арамызға қосып қоятын. Сондай салпаң құлақ «стукачтың» бірі: – Ә, Бабай, бал ашып отырсың ба? –деп келеке еткісі келеді. – Саған да бал ашуыма болады, – деді ақсақал оның сөз саптауын түсіне қалып әрі құмалақты ашып жіберіп: – Сен мынадай түстес, мынадай киімді адамнан пәлен күн бұрын ақша алыпсың, әрі онан ұрлаған мынадай затың бар екен. Соны тез қайтармасаң – біттің, – деді. Әлгі сорлы бәрін мойындап, жапырақтай қалтырағанының куәсі болдық. «Ә, балалар, мерзімдеріңді толық өтеу пешенелеріңе жазылған. Елге де барарсыңдар, онда да өмірлерің ауыр болар» дейтін. Айтқаны келді. Мен әр қадамымды аңдыған агенттен, үйіме «обыск» жасаудан, үстімнен арыз жазудан көз ашпадым. Зейнолла досым елге келгеннен соң ұзақ жылдарға созылған қуғыннан ауруға ұшырап, ақыры дүниеден өтті. Ғұмырының жартысын зорлық-зомбылықтың көз аштырмас ордасы – лагерде өткізіп, ішін улаған аштықта жүрсе де Құнекең аузына «харам» доңыз етін салмай кеткен әулие адам еді. Көк аяз нан, ашып кеткен капустадан бірінші, сонан кейін екінші береді. Сол удай сорпаның бетінде кей-кейде адасып келгендей доңыздың талшығы жүреді. Ондайды қадағалап отыратын ақсақал тіпті асханаға басын да сұқпайтын. Біздің қолымыздан келері кей-кейде беретін, жартылай саси бастаған 60-70 грамм балығымызды әкеліп, сол кісіге ұсыну ғана. Оның өзін: «Ей, балалар, мен өлмеспін, сендер жассыңдар, өздерің жеңдер», – деп алмайтын. Көк аяз нанды кептіріп, ас ететін. Қаншама қиыншылықта жүрсе де дініне берік ақсақал тәнін де, үсті-басын да таза ұстап өтті. Бір күні жұмыстан келсек, жуып іліп қойған күпәйкесінің бір өңірі ойылып қалыпты. Сөйтсек оны-мұны тастауға кірген ат-арбаға ілесіп, лагерге кірген біреудің шошқасы Құнекеңнің күпәйкесін иіскеп қойыпты. Оны көрген ақсақал күпәйкенің өңірін пышақпен ойып лақтырып жіберіпті. Бөтен халық «әй, Бабай» деп бас шайқаса, бар мұсылман жағы осы ісін іштей мақтан тұттық. Әрине, «Бабайдың» сол сәтте-ақ киімі бүтін болған еді. Құнекең аспандағы жұлдыздар туралы тамаша сыр шертетін. Ондайға бұрыннан әуестігім бар мен құлап түстім. Ақсақалдың білгенін біліп қалғым келеді. Бірақ түнде барактан шығуға рұқсат жоқ. Мұнарада тұрған қарауыл атып тастай салады. Кей түнде үйілген ағаш арасында жасырынып, ақсақалдан түн жұлдыздарының қазақы атауын, т.б. сұраймын. – Әй, пәленбай жыл орыстың оғынан аман жүр едім, сен бір күні оққа байлайсың ғой,– деді Құнекең. – Әйтеуір өлім бар, ең болмаса біліп өлейік те, – деймін. – Сен бе… сен… түбі бір жерден тесіп шығарсың. Бірақ кісі қолынан, жау қолынан өлмесең болды. (Құнекең бабайдың осы сөзін күні-бүгін жазушы Қалихан ағам қайталап ескертуден жалықпайды. «Жалғыз жүрме, түнде шықпа». Ал Мұхтар Мағауин «өтіп бара жатқанда басыңа кірпіш түсіп кетпей, көшеде машина басып кетпей, бір нақұрыс жүгіріп өтіп бара жатып пышақ сұғып алмай аман жүргенің, осы өмірде алған марапатың, орденің» дейді.) Бір лагерден қаңғытып апарып, қайта әкелгенде қуанышпен қарсы алған да осы Құнекең еді. Қуанышы – мен кішкентайлы болыппын. Ақсақалдың қолында әкем жазған хат, алдында кептіріп қойған төрт тілім көк аяз наны. Үлкен той! Грузин досым Индико бір шымшым шәйін қайта-қайта, бес рет қайнатып: Чай первяк, чай вторяк Чай грузинский мой земляк, – деп өлеңдетеді. Достардың әрқайсысы бірдеңе-сірдеңе тауып әкелгендей. Құттықтаймыз деп латыш Виктор Калнынш, еврей Кацта кепті. Бір ұрттам шәйдан әр кім ұрттаған боп, дәмін татады. Қырымдық Шауқат қоңыр дауыспен ән айтқан. «Біз ала торғай, боз торғай», – деп мұңды үнімен тербеткенде, көзінен аққан тамшы етегіне тырс-тырс тамып тұрғанын қалай ұмытарсың. Адал еді-ау сол жігіттер, бұл жалғанда қайтып бір кездеспей кеткенбіз. Жұмыс ауыр. Ағаш кесіп, оны жарып, үю керек. Әр адамға норма 5 куб ағаш. «Ә» дегенде тыраштанып көріп едік, мұндай норманы біз сияқты аш құрсақ адамның екеуі жабылып орындай алар емеспіз. Жігіттердің әлсіздеулері құлап жатыр. Сонан екі адам көмектесіп, екі кубты орындасақ деген сөз аузымнан шығып кетті. Соған үш бригаданың адамы тегіс қосылды. Арамызда «стукач та» бар екен. Идеяның кімнен шыққанын біліп, ақыры мені карцерге апарып тықты. Карцердің шынысы жоқ алақандай терезесінен ызғырық соғады. Іші дымқыл. Әрі қараңғы. Аяқ астына еден ретінде салған бөренелердің тегіс жағын астына қаратып, бұтақ-бұтақтарының орны сәл кесілген бұдыр-бұдыр беттерін жоғары қаратып салған. Жатпақ түгілі бұдырмақтар жамбасыңа кіріп, отыратын орын таппайсың.Екі адам арқа тірестіріп отырып, не бұтақ-бұтақ арасына тізерлеп, екі шынтақты тірер орын тауып,төрт тағандап көз ілгендей боламыз. Күніне жылымық бірдеме береді. – Әй, ей! – деген ащы дауыс тыстан естілді. – Бабай айқайлап тұр, – деді Кнут Скуинекс. Құнекең өтіп бара жатқан әлдекімге айқайлаған болып, дауыстап тұр. Карцерге тіке таянып, айқайлауға болмайды, онда ажал құшасың. Ақсақалдың рухтандыруға, дем беруге тапқан әдісі осы. Іштен біз үн қатып, тірлігімізді білдіреміз. Кіріп келген надзирательдер өгіз өлтіретін дубинкалармен сабап, құлатып тынады. Зона биік-биік дуалмен қоршалып, оның арғы-бергі жағы тоқ жүргізілген сымдармен өрілген. Дуалға дейінгі жиырма метр жер жыртылып, топырағы әбден тегістелген. Бетіне құстың ізі түседі. Бір жылы соны тағы тегістей түсуге он шақты жігітті айдап апарды. Түске дейін «перекур» деп отырдық. Түсте: «Біз қашқымыз келеді, мұндай жұмысты біз істемейміз», – деп бас тарттық. Тағы да баяғы карцер. Жоқтаушымыз Бабай. Бір бастаған соң карцерге бару үзілмейді екен. Көзі ежірейген ефрейтор надзиратель кінәліні тез «тауып», өзімді карцерге талай-талай сүйрей берді. Өмірден түңілген ақсақалдың бұл тірліктен күтері айына бір-ақ рет келетін екі баласының хаты еді. Балалары Үмбет пен Кәрібай кезек жазатын. Жүректегі жалғыз жылуы – сол хаттарды сақтап, өзі де оқып, бізге де оқыттырып, үнсіз жер шұқып отырар еді. Жылына кейде бір ретке рұқсат ететін сәлемдемеге (посылка) балалары қазы салып, сол қазының ішіне қуыстап екі жиырма бес сомдық салып, әкелеріне жеткізетін. Сол сәлемдеме аман – есен қолға түскенде «Үмбетім, Кәрібайым» деп тебіренетін. (Құнекеңнің сол балалары менімен хабарласса шын өте қуанар едім.) Заты пысық ақсақал сол ақшасына бір әшмөңке шай тауып алатын. Посылка өмірін түрмеде өткізген, кәртайған Құнекеңе Хрущевтің жасаған «қамқорлығы», ондай «қамқорлықтан» біз адамыз. Оның өзі бес келіден аспауы керек. Лагерге келген алғашқы жылы үй-іші маған да посылка жіберіпті. Бермесі анық. Қайтып елге барса, шіріген посылканы көріп, ауру шешем, күйінген әкем не болды деп қатты қамықтым. Лагердің саяси басқарушысы майор Каштанов деген бар-тын. Сан адамды өз қолымен атқан қанішер десетін лагердегілер. Соған барып, посылканы осы жерде өртеп жіберуді ұсынғым келді. – Барма оған, – деп зар қақты Құнекең. – Оның күтіп отырғаны да осы сәт. Саған неше түрліні айтады. Шыдамай бетіне түкірсең, табан асты атады. Боқтасаң тағы он жылға кеседі. Өміріңді түрмеде шірітеді. Аяғыңды баспа ол жаққа қарай. – Құнеке, не болса да көрейін. – Не айтса да, шыда. Шыда, шырағым, – деген Құнекең Каштановтың есігінің босағасына дейін еріп келді. Каштанов жек көре, зәрлене жиырылып қарсы алды. Үстелдің үстінде пистолеті жатыр. «Посылканы бермей-ақ қойыңыздар. Осы жерде жойылсын. Үйге алдым деп хат жазайын. Шешем ауру, әкем кәрі, әйелім жүкті еді», – деп жатырмын. – Ә, солай ма? Есің кірейін деген екен. Біздің мақсатымыз сендейлерді құрту. Осы лагерден не өліп шығасың, не мүгедек – инвалид боп босайсың. Шешең шіріп өлсін, әкең отқа түссін. А? Әйелің бе? Ол әркімнің ойыншығы… Каштанов боқтықты боратып жатыр. Екі көзі қан жеген иттей қызарып кеткен. Менің үстелді ұстаған саусақтарым мысықтың тырнағындай ағашқа кіріп бара жатқан сияқты. Үстел дір-дір етеді. Каштанов пистолетіне қол созды. – Шыда! Шыда! – деген үн санамды тіліп өткендей болды. Жүгіріп шыққанымды білемін. Босағадан аттаған бетте Құнекең құшақтай алған. «Өң жоқ қой өзіңде», – деді қырымдық Марат. Сол күнгі төнген ажалдан ақсақалдың «шыда» дегені алып шыққан еді. 1964 жылдың жазы да шықты. Ақсақалдың лагерден босауына бір жарым ай қалған. Ол кісі қатты тебіреніс үстінде еді. Сан жылды өтеп, жігері шайлыққан кәрия тағы да он жыл жамар деп күтетін. Біз көңілін аулап бағамыз. Сөйтіп жүргенде лагердегі жас жігіттерді үлкендердің «кері әсерінен» аулақ ұстамақ болып, жеке лагерь ашып, айдап әкетті. Әкемізден кем көрмеген Құнекең ақсақалмен көзге жас алып тұрып қимай қоштасып, артымызға қарай-қарай жүре бердік. Иә, ол кісіні сол жазда 33 жылға созылған саяси лагерден босатыпты деп естідік. Қарияның туған жеріне оралғанына бар халықтың өкілі қуанған еді.
Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы