КӨШТЕН ҚАЛМАЙМЫЗ ДЕП...
КӨШТЕН ҚАЛМАЙМЫЗ ДЕП...
Бiлiм және ғылым министрлiгi келесi оқу жылынан бастап мектеп табалдырығын аттаған жеткiншектердiң 1-сыныптан бастап ағылшын тiлiн игере бастайтындығын, бұдан бөлек бiлiм ұяларында бiрнеше пәндердi кезең-кезеңiмен ағылшын тiлiнде жүргiзу әдiсi енгзiлетiндiгiн айтқан болатын.
«Қазірдің өзінде еліміздің 33 мектебінде бірінші сынып оқушылары ағылшын тілін оқиды. Айта кету керек, бұл тәжірибе жемісін беріп келеді. Сондықтан да келесі жылдың қыркүйегінен бұл іс-тәжірибе жаппай енгізіледі», – деді министр. Министрдің айтуына қарағанда, қазақ тілімен қоса, ағылшын және орыс тілдерін білу Қазақстан халқына әлемдік нарық пен әлемдік білім саласына енудің кілті іспетті.
Мына заманда оқушының да бәсекеге қабілетті болғаны қажет. Алайда жаңа туған балаға әлі оң қол, сол қолының қайсы екенін білмей жатып бірден үш тіл үйрету – олардың миын «аталаға» айналдыру емес пе?! Басқа елдердің ғалымдары мұндай ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы пікір айтқан. Жапонияда бала 12 жасқа дейін тек қана өзінің ана тілінде білім-тәрбие алады. Өзінің ана тілінің құдіретін бойына сіңіреді. 12-ден асқаннан кейін ғана басқа тілді меңгеруге жол алады. Баспасөз бетінен жапондық саясаттанушы Ока Нацуконың пікірін оқығанымызда игі дәстүрдің үзілмегеніне көз жеткіздік. «Осыған дейін әлемнің бірнеше елдерін араладым. ТМД-да, біраз елдерде болдым. Ал Қазақстанда жағдай басқаша. Қазақстанда сырттан келгендер үшін мемлекеттік тілге қажеттілік жоқ. Ал өзін-өзі сыйлай алмаған ұлтты өзге ұлт ешқашан сыйламайды. Біздің елде тұрып жатқандардың 15-20 пайызы өзге елден келгендер. Бірақ бұл жағдай бізге көпұлттымыз деп есептеуге жол бермейді. Жапон ұлты – бірден бір мемлекет құрушы ұлт. Жапонияда баланың тілі ана тілінде қалыптасуы керек деген ұғым қалыптасып қалған. Мұндай заң жоқ. Бірақ бұл жалпыұлттық тәртіп. Бәрі өздеріне қажетті ақпараттарды жапон тілінде ала алады. 12 жасқа толмаған жапон баласына өзге тілді үйрету деген ұсынысты қабылдай алмаймын», – депті жапондық саясаттанушы. Бір айта кетерлігі, тіл мамандары Жапония мемлекетінің ана тілін бала санасына 12 жасқа дейін сіңіруге деген әрекетін толыққанды қолдайды. Өйткені мұның астарында бір сыр жатқан көрінеді. Біріншіден, әлем тілдерінің ішінде жапон тілі өте ауыр тіл болып саналады. Оның үстіне жапондар 12 жасқа дейін әліппенің үш кезеңінен өтеді екен. Сондықтан да олар баланың тілі өз туған тілінде шығуы үшін осындай қадамға барып отырғаны айтпаса да түсінікті.
Ал бұл тұрғыда Алаштың арысы Жүсіпбек Аймауытовтан артық айтқан жан жоқ сияқты. Оның: « … Қазақты тура жолға бастайтын да, адастыратын да – оқығандар. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді, қадірлейді, сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті оқығанынан күтеді. Оқыған адам қара халықтың идеалы, бұқарасы сонша қадырлегенін оқығаны түсінуі керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін қайтарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді. …Естеріңізде болсын, қазақ баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбие қылу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды…» дегені еріксіз еске түседі. Бұдан түйгеніміз – өз туған тілінің сүтінен толықтай нәр ала алмаған бала қанша дарынды болса да, ұлттық діңі босаңдау болып, уызына жарымаған болып есептелінеді.
Әрине, мұндай кезде заман көшінен қалып қоямыз дейтіндер де бар. Олардың пікіріне де құлақ түрмеске болмас. Бүгінде бәрінен де ұлттық мүддені ойлайтын Германия, Қытай сынды мемлекеттер де ағылшын тілін меңгеруге байланысты арнайы бағдарлама аясында жұмыс істеуде. Сөйте тұра мемлекеттік тіліне деген құрметті жоғары санайды. Ал елімізге бұл реформаны енгізбес бұрын талапқа сай білім беретін оқу құралдары мен тәжірибелі ұстаздар жеткілікті ме? Материалдық, техникалық базамыз қаншалықты дайын? Міне, білім саласының басы-қасында жүрген мамандарды осы жайт алаңдататыны белгілі. Мәселен Қазақ Ұлттық Университетінің жанындағы Ғылыми-Зерттеу институтының сектор меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Әлия Құрышжанмен тілдескенімізде, 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқытуға байланысты реформаны бірауыздан қолдайтындығын жеткізді.
– Балалардың тіл үйренуге қабілеттері әлдеқайда жоғары, сондықтан жас кезінен оқи бастаса, нәтижелері жоғары болады. Бұл жерде қажет пе, қажет емес пе деген сұрақ емес, қалай тиімді оқыту керек деген сұрақ пайда болуы тиіс. Біріншіден, баланың мәлімет қабылдау қабілеті өте жоғары. Екіншіден, тілді оқығанда оны нақты мақсатта қолдану керек. Сондықтан тіл тек қана оқылған білім ретінде емес, басқа пәнді қабылдау үшін оқу құралы ретінде берілсе, оның тиімділігі арта түсер деп ойлаймын.
– Жарайды, бұл жобаны енгіздік делік. Бірақ бізде бастауышқа сабақ беретін ағылшынтілді мамандар қаншалықты жеткілікті? Оқулық базасы ше?
– Нақты статистикасыз, дәлелсіз мұғалімдердің дайындығы туралы айта алмаймын, алайда біздің оқытушылардың жұмыс нәтижесі – қоғамымыздың білім деңгейі. Ал бұл жағдай бізді қуантып тұрған жоқ. Сондықтан өз пікірім бойынша, біріншіден, мұғалімдердің өздеріне көмектесу керек. Жақсылап оқытып, дайындап, оқулық базасын дамытып, білім беру технологияларына үйретіп, толығымен қаруланған күйінде аудиторияларға жіберу керек. Қазіргі мұғалім алдына қойылатын талаптар оңай емес, сондықтан алдымен мұғалім дайын болсын, одан соң ол жұмысында дұрыс нәтиже көрсете алады деп ойлаймын.
– 2012-2013 жылдан ЖОО-ларда көптілді мұғалім кадрларды даярлау үшін нақты және тиімді шараларды қолға алу қажеттігі айтылды. Біз бұл істе асығыстыққа жол беріп отырған жоқпыз ба?
– Мұғалімді даярлау – арнайы шешімді талап ететін мәселе. Министрлік мүмкіндігінше оны шешуге қадам жасауда. Алайда мамандығына шынайы ие болам дегендер, жоғары кәсібилікке жетем дегендер кез келген тілді өз бетімен де оқып жатыр. Алайда олардың саны жеткілікті деп айтуға әлі ерте, бірақ басқаларға үлгі бола алады, ортаға әсер етеді деп сенемін.
– Әлемдік өркениеттен қалмау үшін, мемлекеттік кадрларды ағылшын тілінде даярлау жақсы идея шығар. Алайда біз оған қаншалықты дайынбыз?
– Ерте ме, кеш пе осы мәселені қолға алуға тура келер. Ендеше бүгін неге бастамасқа? Балаларымыз көштен қалып қалмауы үшін мұны ересектер ойлану керек. Тілді білетін ұстаз өзіне сай шәкірттерін дайындап шығара алады. Ол үшін оқытушы мамандығына нақты қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Нәтижесінде білімді, білікті, әлемдік бәсекеге қабілетті нағыз азаматтар біздің балаларымыз болады деген үміттемін.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ