«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ» — ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫҢ НАҚТЫ КӨРІНІСІ

«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ» — ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫҢ НАҚТЫ КӨРІНІСІ

«ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ» — ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫҢ НАҚТЫ КӨРІНІСІ
ашық дереккөзі

Ұлттық спорттың iшiнде iлкiден келе жатқаны – қазақ күресi. Кезiнде қазақ күресi арқылы аты бүкiл әлемге мәшһүр болған Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың iзбасарларын бүгiн де көптеп кездестiремiз. Солардың бiрқатарына былтыр Астанада өткен «Қазақстан Барысы» турнирiнде көзайым болып, жанкүйерлiк танытқан едiк. Сол кезде ұлттық спорттың дамуына күш-жiгерiн жұмсап жүрген азаматтар турнирдiң биыл да жалғасын табатындығын қуана айтқан. Ал жақында арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген ұйымдастырушы топ кез келген қазақтың делебесiн қоздырып, намысын қайрайтын дүбiрлi доданың Астана қаласында 22 қыркүйекте болатындығын жеткiздi.

Иә, қазақ «Күш атасын танымас» дегенді бекер айтпаса керек. Ертеде тек той-думандарда ғана білек түретін балуандар уақыт өте келе қазақ күресін ұлттық спорттың түріне айналдырды. Бойына ерекше күш-қуат біткен мұндай апайтөс батырлар қашан да ел арасында сый-құрметке ие болған. Міне, сол игі дәстүрді бүгінге жалғаған кең иықты, алып денелі балуандардың қатарынан көрініп, өткен турнирдің «Алтын белбеу» иегері атанған Ұлан Рысқұл бастаған білектілер тағы да боз кілемде белдеспекші. Қызылордалық балуан турнирге сақадай-сай екендігін айтып, жарыстың жалғасын тауып отырғандығына, елімізден әлі талай балуандардың топ жарып шығатындығына сенім білдірді.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирі бойынша іріктеу жарыстары аяқталды. Төрт ай бойы мыңдаған балуандар, спортшылар мен әуесқойлар жүлде қоры 50 миллион теңгеден асатын қазақ күресінен алдағы қыркүйекте өтетін республикалық турнирде бақтарын сынап, «Қазақстан Барысы» атану үшін барын салды. Бір қарағанда, балуандардың бәрі де осы атаққа лайық сияқты. Алайда үш кезеңді қамтыған іріктеу кезеңі бойынша кіл мықтылар ғана жолдама алды. Жарыстың бірінші сатысы ауылдық жерлерде, екінші кезеңі аудандарда, ал іріктеудің шешуші жарысы облыс орталықтарында өтіп, нәтижесінде еліміздің 14 облысы және Астана мен Алматы қалаларында топ жарған 32 балуан ғана ақтық сынның жолдамасына ие болды. Бұл балуандардың қатарында былтыр күміс белбеу тағынған Бейбіт Ыстыбаев пен қола белбеу иегері Шалқар Жоламанов та бар.

Тұңғыш турнирдің жүлде қоры 265 мың АҚШ долларын құраса, былтыр «Алтын белбеудің» иегері, ең мықты түйе балуан Ұлан Рысқұл 150 мың доллар көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталған болатын. Ал биылғы «Қазақстан Барысы» тіпті тартысты болмақ. Биыл дүбірлі доданың бас демеушісі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры 50 миллион тенге жүлде қорын тігіп отыр. Сондай-ақ өткен турнирде 1, 2, 3-орын алған балуандар ғана марапатталса, осы жолы үздік шыққан 8 балуан жүлдегер атанады. Оның алғашқы төртеуіне белбеумен қоса, ақшалай сыйлық табыс етілсе, соңғы төрт балуан арнайы бағалы заттарға ие болмақ. Мұнымен қоса жарысты ұйымдастырушылар – Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының басшылары «Қазақстан Барысы» сайысына қатысқан барлық балуандарға да арнайы сый-кәде дайындауда. Демек «Қазақстан Барысы» атанған балуанға бас жүлде – 150 мың, ал бас жүлдегердің бапкеріне – 50, екінші орын алған күміс жүлдегерге – 30 мың, оның бапкеріне – 10 мың, ал қола жүлде иегеріне – 10 мың, оның бапкеріне – 5 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындалғандығы жария етілді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, қазақ күресінің тұңғыш турнирін тамашалағысы келген жұрттың біразы «Дәулет» спорт кешеніне сыймай қалса, алдағы жарыс 9 мыңнан астам көрермен сиятын «Сарыарқа» велотрек спорт кешенінде өтеді. Сатылған билеттер арқылы жиналған көрермендер үшін лотереялық ұтыстар ойнатылып, жеңімпазға ең бағалы сыйлық – автокөліктің кілті табыс етіледі.

«Қазақстан Барысы» турнирі идеясының авторы, «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық Кеңесінің төрағасы Арман Шораев: «Қазақша күрес – атам заманнан бері келе жатқан ұлттық байлығымыз. Өкінішке қарай, соңғы кездері ұлттық күрес тек қана той-томалақта, аламан бәйгеде өткізілетін шағын бір этнографиялық көрініске айналды. Меніңше, бұл – дұрыс емес! Қазақ күресі – біздің №1 ұлттық спортымызға айналуы керек! Біз сондықтан ауыл-ауылдарда бір-бірінің тұмсығын бұзып жүрген бозбалаларды дұрыс жолға бағыттау үшін, былтыр алғаш рет «Қазақстан Барысы» атты күрес додасын өткіздік. Нәтижесі таңғаларлықтай! Мәселен, жарыстың іріктеу кезеңіне еліміздің түкпір-түкпірінен 700 мыңдай адам қатысты. Яғни қазақ күресі нағыз бұқаралық спортқа айналды. Екіншіден, былтырғы жарыстан соң, қазақ күресінің жер-жердегі секцияларына келген балалардың саны 2-3 есеге дейін көбейді! Мұнымен қоса жүлде қоры да өсіп отыр!», – деді.

«Мұндағы мақсат – түркітілдес халықтар – түріктер, өзбектер, татарлар және «Наадам» фестивалі арқылы ұлттық өнерін ұлықтайтын моңғолдар сияқты қазақ күресін ұлттық мақтанышқа айналдыру және балуандар мен мамандардың материалдық жағдайын жасқартуға қолқабыс жасау. Сондай-ақ, бұл шара қазақ күресінің ғылым ретінде зерттелуіне мүмкіндік туғызып, ұлттық дәстүрді жаңғырту арқылы жас өрендердің бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырады. Екіншіден, төл өнерді насихаттайтын жобаны ұлтымызды ұйыстыратын – ұлттық идеяға дейін жеткізу қажет», – дейді ұйымдастырушы топ.

«Күрес өнері біздің халқымызға ежелден жақсы таныс. Жамбасы жерге тимеген әйгілі Қажымұқан, Балуан Шолақ тәрізді балуан бабаларымызды айтпағанның өзінде, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ батырларының қай-қайсысы да күрес өнерінің шебері болғаны анық. Сондықтан осы жобаның авторы ретінде менің ойым – елімізде «Қазақстан Барысы» сайысын жыл сайын ұйымдастырып, халық арасында қазақ күресінің дамуына кең жол ашу. Біздің әрбір жасөспіріміз өжет әрі батыл болып ержетсе, біздің халқымыз үшін алынбайтын қамал, бағындырмайтын белес болмайтыны ақиқат. Әлем жұртына қазақ халқының батырлығымен қоса, ептілігін, жауынан тайсалмайтын ержүрек, қайсар мінезін танытсақ дейміз», – деді ұлттық идеяны бағдаршам етіп ұстанған ұлтжанды азамат Арман Шораев.

«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры Сәрсен Құранбектің айтуынша, еліміздің әр аймағында өткен додалы жарыстарда іріктелген 32 апайтөс балуандардың арасында Қызылорда облысынан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ерболат Юсупов, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Руслан Әбдіразақов, Ақмола облысынан Нұрлан Жамалов, Рустам Жұмаев, Алматы облысынан Айдос Қаңлыбаев, Руслан Сейілханов, Қарағанды облысынан Александр Касачов, Асылхан Барменов, Оңтүстік Қазақстан облысынан Бақыт Көлбай, Нұрзат Бекасылов сынды сайыпқырандар бар. Бұл балуандардың барлығы қазіргі күні қызу дайындық үстінде көрінеді. «Биыл Олимпиада жылы. Ұйымдастыру комитеті Лондондағы олимпиадаға қатысатын балуандар «Қазақстан Барысы» турнирінде жекпе-жекке шығуға ниет білдіріп жатса, қарсы емес», – дейді «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының атқарушы директоры Сәрсен Құранбек.

«Қазақстан Барысы – 2012» жарысына қатысатын 32 балуанның барлығы дерлік Алматыдағы «Шаңырақ» ықшамауданындағы спорт мектеп-интернатына келіп, болашақта ізін басатын кішкентай балуандарға шеберлік өнерін көрсетті. Біз сәті түсіп былтырғы турнирде қола белбеу иегері атанған Шалқар Жоламановпен тілдескенімізде, ол алдағы додада «Алтын белбеуден» үміті зор екендігін білдірді. «Үшінші орынға берілген қаржылай сыйлықты отбасыма жұмсадым. Тәубе, бауырларым, туыстарымның керек-жарағына көмектестім. Қазір өзім жаттықтырушы болып жұмыс істеймін» деген балуан қазақ күресін дамытуға атсалысып жатқан азаматтарға алғысын жаудырды. Өткен турнирде барша қауымды өзіне тәнті етіп, жанкүйерлердің делебесін қоздырған күміс белбеу иегері Бейбіт Ыстыбаевты да көзіміз шалды. Оның жүріс-тұрысы, шеберлік өнері өзіне нық сенімді екенін аңғартты. Біз де қапсағай денелі балуанның жанына жақындап, алдағы белдесуде жеңіс тұғырына көтеріліп, мерейінің үстем болуын тілегенімізде, «Байқауымша, мені қолдайтын жанкүйерім көп екен. Құдай қаласа, осы турнирде жеңімпаз атанып, артылған сенімді ақтауға тырысамын! Оған менің дайындығым да, тәжірибем де жеткілікті. Енді тек сол күннің келуін асыға күтудемін», – деді.

Айта кету керек, «Қазақстан Барысы» турниріне демеушілік көрсетушілердің қатарында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан бөлек, «A’SU» ауыз су отандық өнімі де бар. Ұлттық спорттың дамуына шама-шарқынша үлес қосқысы келетін отандық өнім өкілдері Алматыда «Шаңырақ» ықшамауданындағы спорт мектеп-интернатында өткен балуандарды іріктеудің ақтық кезеңінде бозкілемге шығып, күштерін сынаған тілші қауымынан да сияпаттарын аямады.

Қазақ барда, қазақ күресi өлмейді! Қуаныштысы сол, «Қазақстан Барысы» турнирі арқылы елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде ұлттық қазақ күресiнiң тамырын үзбей жүрген балуандар баршылық екеніне көз жеткізіп келеміз. Олар былайғы жұртқа аса танымал бола бермесе де, өз жерiнде, өз ауылында «Түйе балуан», «Пiл балуан», «Өгіз балуан», «Сұңқар балуан» сынды аса мәртебелi атақтың иесi! Сондықтан біз де сумо ойыны десе, ішкен асын жерге қоятын жапондар сияқты қазақ күресін әлемге кеңінен танытып, оны ұлттық идея деңгейіне жеткізсек, бір арманымыздың орындалғаны емес пе?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ