«КӨКТЕН КЕЛГЕН» – ҚОЙ ЕШКІЛЕР

«КӨКТЕН КЕЛГЕН» – ҚОЙ ЕШКІЛЕР

«КӨКТЕН КЕЛГЕН» – ҚОЙ  ЕШКІЛЕР
ашық дереккөзі
227

Жуырда Шымкенттің жергілікті бір басылымында Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының әкімі Аманғали Аймұрзаевтың сұхбаты жарық көрген-ді. Сұхбатты оқыған жұрт әрі-сәрі күйге түсті. Әкім мырзаның кейбір сөздеріне кейбіреулер еріксіз күліп жіберген де секілді. Сонымен әкім өз сөзінде жұртты неге таңғалдырды?

Соңғы жылдары еліміздің бас партиясы «Нұр Отан» жыл сайын «Өзіңнен баста!» атты акция ұйымдастырып, соның арқасында сырт көзге байлығын көрсеткісі келмейтін шенеуніктер амалының жоқтығынан қолда бар мал-мүлкінің саны мен жылдық табысын жариялап жүр. Кезек Созақ әкіміне келгенде бұл шенеуніктің аудан орталығы Шолаққорғанда үлкен үйі мен қалтасында 6 миллион теңгесі, 379 қойы, 322 ешкісі, 37 жылқысы, 20 түйесі мен 32 сиыры бары анықталыпты. Әрине, әлдеқандай қылмыстық тексеріс жүргізілгендіктен емес, тек әншейін дүниесінің саны ғана есептелген ғой.

Сонымен сұхбат барысында Аймұрзаев әкім меншігіндегі үйінің, ірі мал басының санын растай келе, «бірақ менің атымда қой, ешкі сияқты ұсақ мал атымен жоқ, мұндай жалған ақпардың Интернет бетіне қалай шығып кеткенін білмеймін», – деп шыр-пыр болып ақталыпты. Тіпті көлігім де жоқ дейді. «Сонда қой мен ешкі қайдан пайда болған» деген журналист сұрағына ол: «Ауыл әкімдері мал санын көп қылып көрсету үшін әркімнің атына жаза береді ғой. Маған да солай жазып қойған екен», – деп жауап қатқан. Сөйтіп қарамағындағы ауыл әкімдеріне: «Мына малды қайдан алдыңдар, менде ешкі түгілі қой да жоқ қой», – деп ренжіп, әлгі «жалған» мәліметті өшіртіп тастаған екен. Осыны оқып, әркімнің атына мал тіркей беретін ол қандай ауыл әкімдері десті жұрт. Жалған деректі бастығының меншігіне тіркеп, «көктен қой-ешкі келтіргендері несі?» – деп таңқалысты. «Әлде өз әкімдерінің аяғын көктен келтірудің амалы ма?» – деп құмалақ ашқандар да аз емес. «Бізде Созаққа барып, меншігімізге мал тіркеп қайтсақ қайтер екен?…» – деп күлкіге қарық болды көп адам.

Бұдан соң не деуге болады? Әкімдер шынайы табысын жариялауға қорқатын болғаны ма, әлде ауыл әкімдері астыртын бірігіп, бастықтарын жерге қаратқысы келгені ме? Мүмкін ауылдың басшылары жайбасарлық танытып, аудан әкімінің қой-ешкісін өзге біреулердің атына жазып үлгере алмай қалды ма екен? Әкім мырза не малының санынан жаңылды, не ауыл әкімдерінен кінәрат кетті. Қалай десек те, цифрлар ауадан алынбайтыны аян. Не болса да бір жасырғандары іште екені анық. Ал Аманғали Аймұрзаев 6 миллион теңге деп көрсетілген ақшасының көлемін де өтірік депті. Айтуынша, қалтасында бар жоғы алты жүз мың-ақ теңгесі бар екен. Одан да аз болса, кім білсін?!

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Шымкент қаласы

Серіктес жаңалықтары