ЖАЙЫЛМАНЫҢ ҚАРБЫЗЫ
ЖАЙЫЛМАНЫҢ ҚАРБЫЗЫ
Жайылма – қарбызымен қадірлі. Шілде айы туысымен жұрт осы ауылдың қарбызын іздей бастайды. Өйткені дәмі тіл үйіретін бақша өнімдері осы кездері жұрттың жеңсік асына айналып шыға келеді. Құрамында дәрумені мол әрі жесең шөліңді қандыратын қарбыз көздің де құрты. Таудың таза суымен суғарылып, тың топырақта өніп шыққан бұл өнімдер адам ағзасына да зор пайдалы. Сондықтан да болар, сонау ел шетінен көліктерімен келіп, Жайылманың қарбызын алып кетіп жатқандардың қара-құрасы бұл кезде көп болады. Міне, қарбыз піскен шілде айының 4-ші жұлдызынан бері бақша өнімдерін тиеген нешеме КамАЗ-дар егін даласынан еліміздің басқа қалаларына аттанып та жатыр.
Биылғы жылы ауыл тұрғындары жалпы 500 гектар жерге бақша дақылдарын орналастырса, оның дені қарбыз. Осындағы 8 шаруа қожалығының құрамындағы жұмысшылар осы дақылды егіп, күтіп-баптауға бейімделген. Сонау ерте көктемнен пленка астына бүркемелеп орналастырылған бақша дақылдары басқа өңірлерге қарағанда әлдеқайда ерте піседі де, дер кезінде саудалай білудің нәтижесінде сытырлаған теңгеге айналып шыға келеді. Таза еңбектің арқасында Жайылма ауылы тұрғындарының әлеуметтік жағдайы қазір көтеріңкі. Жұмысты білгірлікпен жүргізетіндердің алғашқы сапында әдеттегідей «Шоқымазар» шаруа қожалығы тұрады. Оның төрағасы Әлімбай өз ісін жетік білетін, ұйымдастыру қабілеті жоғары азаматтың бірі. Ондағы 102 гектар егіннің барлығы да шығымдылық дәрежесінде жайқалып тұр. Бақша өнімдерінен басқа 20 гектар картоптың да күтімі өз бабында деп айтуға болады. Сонымен бірге, Жайылмадағы «Бектас», «Жиделі» және «Берік» аталатын шаруа қожалықтарының диқандары да өз өнімдерін ерте пісіруге қол жеткізді.
Қазірде құрылысы жүріп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойының осы ауыл тұсында жайылмалықтар өздерінше жайма базар ашып, онда да өз өнімдерін саудалап тұрады. Өткен-кеткен жолаушылардың бір қайырылып, шөл басып, әжеттерін шығарып жататындығын сауапты істің қатарына жатқызуға әбден болады.
– Біршама өнімімізді күніге осы жерде-ақ, саудалап жібереміз, – дейді бақша егушілердің бірі Құрбанкүл есімді келіншек. Айтса айтқандай-ақ, жайма базарға кідіріп, сауда жасаушы жолаушылар қарбыздың әрқайсысын 250-300 теңгеден қолға тиізбей-ақ алып кетіп жатыр.