БАСТЫ АРМАНЫМ – ОЛИМП ШЫҢЫНА ШЫҒУ

БАСТЫ АРМАНЫМ – ОЛИМП ШЫҢЫНА ШЫҒУ

БАСТЫ АРМАНЫМ – ОЛИМП ШЫҢЫНА ШЫҒУ
ашық дереккөзі
297

Төрт жылда бiр рет алауы тұтанатын Олимпиада ойындарының ашылуына да санаулы күндер қалды. Осынау дүбiрлi додаға елiмiзден 115 спортшы қатысуға мүмкiндiк алып, қазiргi уақытта қызу дайындық үстiнде. Бағы жанып, бабы шапса, бас жүлдесiз оралмайды деп үкiлеп үмiт артып отырған спортшыларымыз жетерлiк. Солардың бiрi – Мая Манеза.

Мая өте еңбекқор. Алдына қойған басты мақсаты бар. Ол – барлық спортшылардың арманы саналатын Олимпиада ойындарының жеңімпазы атану. Еңбегі де еш кетіп жатқан жоқ. Бүгінде біраз белестерді бағындырып тастады. Қазіргі таңда Мая екі дүркін әлем чем­пио­ны, Әлем чемпионатының күміс жүл­дегері, Азия ойындарының жеңім­па­зы, Азия біріншілігінің қола жүлд­е­ге­рі, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Құрмет орденінің ие­ге­рі.

Мая Манезаның ауыр атлетикаға келуі мектеп қабырғасынан басталды. Қытайда дене­шынықтыру сабағында әр оқушыны дене бітіміне қарап, әр спорт түріне бө­ліп, мектеп қабырғасынан дайындайды екен. Оқушыларды бөлу барысында дене­шы­­нықтыру пәнінің мұғалімі Маяны бірден зіл­темір бөліміне бөледі. Міне, осылай шы­на­шақ­тай қыз ауыр атлетикаға мектеп жасынан бейімделе бастайды. Алайда Қытайдың шалғай ауылында зілтемірмен айналысып жүрген Мая Манеза қытай елінде ешбір жа­рысқа шығып көрмеген, анау айтқандай жетістіктері де жоқ.

Мая айтады:

«Біздің ауыл Қытайдың шалғайында бол­ған­дықтан, бізге жарыстарға бару мүмкін бол­мады. Тек осыдан 6-7 жыл бұрын ғана облыстық жарысқа шығу мүмкіндігі туды. Сол жарыста Қазақстаннан келген бас бапкер жаттығу залына кіріп, жаттығуларымызды біраз тамашалады. Артынша біздің бапкер мен аудармашы келіп, Алексей Ни мырза Зүлфия екеумізге қазақ еліне ауысып, қазақ елінің туының астында жаттығып, өнер көр­се­туге шақырды. Көшу мәселесі отбасы­мызда тәптіштеп талқыланды. Ата-анам, туған-туыс біраз алаңдаушылық білдірді. Тілі, діні өзге, таныстарым жоқ елде қалай бо­лар екен деп өзім де біраз ойландым. Алайда ойлана келе, болашағым үшін келісімімізді бердік. Тарқатып айтар болсам, Қытайда санаулы ғана жарыстарға шығып жүрген едім. Айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі болмады. Бір сөзбен айтқанда, қалың топтың арасында көптің бірі болып жүрдік. Қазір ойланып отырсақ, Зүлфия екеуміз сол кезде қазақ еліне келмегенде, әлі күнге дейін есімдері беймәлім қатардағы қытай спортшысы болып жүрер едік. Қазақ еліне келгеніме және осындай зор жетістіктерге жетуіме жағдай жасаған бапкерлерім мен басшылыққа алғысымыз шексіз».

Ия, Маяның сөзінің жаны бар. Аспанасты елінде 18 миллион адам тек мірмен айналысса, бұлардың үлкен аренаға шығу мүмкіндігі екіталай екені сөзсіз. Елімізге сол кездері қоныс аударып келген қос дүңген қызына ұлттық құрама сапындағы спортшыларымыз да жылы қабақ танытып, тез бауыр басып кетті. Бастапқыда қос дүңген қызы тілден қатты қиналды. Дегенмен уақыт өте келе қыздар тілді де шама-шарқынша игеріп кетті.

Аз ғана уақыттың iшiнде, яғни екi жылда Мая 63 келi салмақта өзiнiң мықтылығын мой­ындатты. Ел кубогын жеңiп алды, Бей­жiң­дегi Олимпиада ойындарына қатысу құқығын ием­денiп, аспанасты елiне аттанған едi. Алайда жаттығу барысында жарақаттанып қалуына байланысты жарыс жолына шыға алмады. «Әттең» дейміз, әйтпегенде, Манеза аспанасты елiнен де олжасыз келмес едi. Себебi ол өте еңбекқор, жаттығудан шаршамайды және өте намысқой. Ол туралы кейбiр мамандарымыз «Мая – өте талантты спортшы. Олимпиададан медаль алуы мүм­кiн» деген батыл пiкiр де айтты. Бұл сөзге илан­басқа лаж жоқ. Өйткенi жаттығу барысында ол таңдай қағарлық нәтижеге иек ар­тып жүр. Бәзбiреулер еліміз Қытайдың бетке ұстар талантты атлетiн ақшаға алып келдi деген қауесеттердi де айтып қалады. Шын­дыққа жанаспайтын дүние. Оның үстiне олар­дың келгенiнiң өзi қазақ елiнде талай қыз балалардың зiлтемiрмен айналысуына құштарлықтарын оятты. Ал бүгiнгi таңда Қытай елiнiң ауыр атлетика бойынша әлемдегi көшбасшы ел екенi еш дау туғызбайды. Соның барлығын қаперге алған жанкүйер қауым Мая Манезаның Олимпиадада атой салатынына қатты сендi. Жарақаты бол­мағанда ақтар еді сенімді.

Мая айтады:

«Менің сол сәтте қандай жағдайда бол­ға­нымды көз алдарыңызға елестете алмайсыздар. Әр спортшының арманы Олимпиада ойындарына қатысу әрі жеңіс тұғырына кө­терілу. Менің де басты арманым осы еді. Қаншама дайындық, жанкешті жаттығулар, амал қанша бәрі зая кетті. Тіпті менің салмағымда Олимпиада алтынын алған қыздың нәтижесін көргенде еріксіз жылап жібердім. Себебі жаттығу барысында одан да ауыр салмақты еркін еңсеріп жүрген едім. Ауыр атлеттердің жарақат алып қалу жағдайы қас-қағым сәтте. Өзімді-өзім қатты кінәладым. «Неге дәл сол күні жарақаттануым керек еді», – деп өзімді қатты жазғырдым. Қатты уайымдадым. Егер шынын айтсам, тіпті спортпен қош айтысқым келді. Бірақ менің достарым мен командалас серіктерім сол мезетте маған демеу бола білді. Олар маған: «Егер сен қазір ашуға бой алдырып, спорттан кетер болсаң, сенің осы күнге дейінгі еңбегіңнің еш кеткені», – деген еді. Сол үшін де менің оларға деген алғысым шексіз».

Міне, ашуға емес, ақылға ерік берген қайсар қыз арада бір жыл өтісімен, яғни 2009 жылдың маусым айында Талдықорғанда жалауы желбiреген Азия чемпионатында бақ сынады. Сары құрлықтың бетке ұстарлары бас қосқан бәсекеде Мая жұлқа көтеруде 98 келi, серпе көтеруден 131 келi зiлтемiрдi еңсердi. Қоссайыста 229 келi нәтижемен қола медальдi қанағат тұтты. Жерлесiмiз Макао мен Солтүстiк Корея өкiлдерiнен қалып қойған едi. Шыны керек, көпшiлiк бұл нәтижеге аса қуана қоймады. Өйткенi жанкүйерлер жер жәннаты – Жетiсуда өткен жарыста Мая алтын алады деп күткен. Десек те, бұл жеңiлiс Маяны жасытпады, қайта жiгерлендiре түстi. Дәл сол жылы яғни 2009 жылы Кореяның Гоянг Сити қаласында өткен әлем чемпионатына тыңғылықты даярланған Манеза жұлқып көтеруде аса көзге түскен жоқ. Бар болғаны 105 келiнi еңсерсе, бұл уақытта бiраз атлет осы жаттығу бойынша, оның алдын орап кеттi. Серпе көтеру де басталды. Қазақстан спортшысы өзгелерге сан соқтырды. Жарыс жолына құлшынып шыққан Манеза 141 келi нәтижеге иек артса, Царукаева мен Симек 135 келiлiк көрсеткiшке қол жеткiздi. Үшiншi орынды түрiк қызы иеленіп, Манеза мен Царукаева мәреге бiрдей жеттi. Қоссайыстың қорытындысы бойынша, олар 246 келiлiк зiлтемiрдi бағындырды. Басты қарсыласынан салмағы 300 грамм жеңiл болғанына байланысты әлем чемпионатының алтыны Мая Манезаның мойнында жарқырады. Қазақ жанкүйерлерiнiң қуанышында шек жоқ. Бәрi құттықтауға асығуда. Бiрер уақытын бөлген Манеза: «Менi жiгерлендiрген Зүлфияға келген Елбасының жеделхаты болды. Өзiмнен бақандай сегiз жас кiшi сiңлiмнiң жеңiсiн қайталамасам болмайды деп, өз-өзiме серт бердiм», – дейдi. Сол мезетте Мемлекет басшысының жеделхаты барлық атлеттерiмiздi жiгерлендiрдi десек, артық айтпағанымыз.

Оңтүстік Кореядан 4 алтын және 1 қо­ланы олжалап, командалық екінші орынды иеленген Қазақстан құрамасы талай алпауыт елдерді артқа тастады. Аталмыш жарыстан кейін Республикалық ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов мырзаны сөзге тарттық. Федерация президенті: «Осы деңгейге жету үшін көп еңбектенуге, ізденуге тура келді. Бір ғана мысал. 1,5 миллиардтан астам тұрғыны бар аспанасты елінде18 миллион адам тұрақты түрде ауыр атлетикамен айналысады. Ал біздің халықтың саны небәрі 16 миллион. Десек те, Қазақстан қытайлармен иық тіресе алды. Басқа мемлекеттер жерлестерімізбен үзеңгі қағыстыруға жарамады. Бұл ­– өте керемет көрсеткіш! Бұрын-соңды біз осындай ғаламат нәтижеге қол жеткізген жоқ едік. Алайда «келесі жылы да мол олжаға оп-оңай кенелеміз» деп, арқаны кеңге салудың реті жоқ. Өйткені Түркияда Олимпиада жолдамалары сарапқа салынады. Ал лицензиялық жарыстың жөні бөлек. Оған барлық мемлекеттердің оғландары бес қаруын асынып келеді», – деп ақтарылған еді. Ия, Қайрат Болатұлы қателеспеген екен. Арада бір жыл өтісімен еліміздің ауыр атлети­ка құрама командасы Анталия төрінде өткен әлем чемпионатына қатысты. Бұл жолы да ауыр атлеттеріміз олжалы оралды. Спортшыларымыз Анталиядан қос алтынмен қоса әлем рекордын жаңартып келді. Үлкен қуаныш. Аталмыш додада Мая қызымыздың бабы да келісіп, бағы да жанды. 63 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Манеза Мая өзінің былтырғы нәтижесін екі келіге жақсартып, қоссайыстың қорытындысы бойынша 248 (105+143) келі салмақты бағындырып, алтыннан алқа тақты. Сонымен қоса, Манеза серпе көтеруде әлемдік рекордқа өзгеріс енгізді.

Маяның келесі жұлдызы жарқыраған шағы ол Гуанжоуда өткен Азия ойындары­ Мая осы ойындардың жеңіс тұғырының ең биік сатысынан қол бұлғады. 63 келі сал­мақта өнер көрсеткен Мая Манеза қос­сай­ыс­тың қорытындысы бойынша 241(106-135) келіні еркін бағындырды. Бұл жолғы Маяның бағындырған зілтемір салмағы керемет деуге келмейді. Себебі дәл сол жылы Мая Анталия төрінде қоссайыста 248 келіні бағындырғанын айтқан едік. Алайда Азия ойындарының алтынын алуға еш кесірін тигізген жоқ. Бастысы – бас жүлде қай­сар қыздың кеудесінде жарқырады. 2011 жыл. Париж. Әлем чемпионаты. Алтынға татырлық күміс! Ия, былтыр ғана француздар елінде ұйымдастырылған әлем біріншілігінде Мая Манеза төрешілердің бұра тартуының кесірінен алтын алқадан айрылып қалды. Қаршадай қызымызды төрешілер ресейлік Царукаеваға жығып берді! Царукаева жұлқа көтеруде 117, серпе көтеруде 138 келіні әзер еңсерді. Алайда төрешілер бір ауыздан есепке алды. Жалпы француздар өздері ұйымдастырған әлем біріншілігінде қазақ еліне аса оң көз таныта қоймады. Зүльфия қызымыз алтын алғанда «байқамай» әнұранды ауыстырып жіберді. Бапкерлер жұлқа көтеруде 147 келіге тапсырыс берген. Бұл салмақ әлем рекордынан төрт келіге ауыр салмақ екенін ескергеніміз жөн. Енді міне, Маяның зілтемірінің бір жағына тағы да «байқамай» бақандай бес келіні артық қосып жіберген және сол артық салмақ қосқан жағын бекітуді де ұмытқан. Нәтижесінде Мая тепе-тендікті ұстай алмай, зілтемір бір жағына ауып, екінші мүмкіндігін мүлт жіберді. Дәл осылай олар Маяны психологиялық шабуыл арқылы сағын сындырмақ болған. Ашуға бой алдырып, сағы оңайлықпен сына қоятын Мая бар ма?! Бойын тез арада жинап соңғы мүмкіндігіне қайта шықты. Мая 147 келіні ырқына көндіре білді. Мұндайды күтпеген төрешілер, әрине, бұл мүмкіндікті де есепке алмады. Екінші мүмкіндігінде жоғарыдағыдай сорақылықтан соң сағы сынбай, қайта шығып өз мүмкіндігін дәлелдеген Мая Манезаның әрекеті ерлікке тең еді.

Ал маусым айында өткен Қазақстан чем­пионатында Мая Манеза қоссайыстың қо­рытындысы бойынша 260 (115-145) ба­ғын­дырып, төрт жылдықтың төл спорт мерекесі саналатын Олимпиада ойындарына қатысу мүм­кіндігіне ие болды. Алла амандығын берсе, алдағы Лондон Олимпиадасында қайсар қыз Мая Манеза елімізге алтын жүлдемен оралатыны сөзсіз! Алла сол күнге жеткізсін, ағайын!

Бахтияр ҚАБАСОВ,

Журналист

Серіктес жаңалықтары