КӨПТІЛДІЛІКТІ НЫҒАЙТУДЫҢ КҮЙБЕҢІ

КӨПТІЛДІЛІКТІ НЫҒАЙТУДЫҢ КҮЙБЕҢІ

КӨПТІЛДІЛІКТІ НЫҒАЙТУДЫҢ КҮЙБЕҢІ
ашық дереккөзі
374

9 шiлдеде Бiлiм және ғылым министрлiгiнде көптiлдi бiлiм берудi дамыту мәселесi жөнiнде басқосу болып өттi. Осы басқосуда келесi оқу жылынан Қазақстан мектептерiнде 1-сыныптан ағылшын тiлiн пән ретiнде енгiзу, 5-сыныптан техникалық пәндердiң барлығын ағылшын тiлiнде үйрету қолға алынатыны айтылды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, келесі жылдан республика мектептерінде 1-ші сыныптан бастап ағылшын тілі пәні енгізіледі. Бес жылдан кейін бұл жеткіншектер ағылшын тілінде техникалық пәндерді оқи бастайды. Осы мерзімге орай, мамандандырылған кад­ларды дайындау қажет. Сондықтан алдағы 2012-2013 жылдан ЖОО-ларда көптілді мұғалім кадрларды даярлау үшін нақты және тиімді шараларды қолға алу қажет, – деді Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов.

Қазір 33 мектепте 1 сыныптан ағыл­шын тілі пән ретінде үйретіледі. Келесі жылдан ағылшын тілді мамандарды дайындайтын арнайы бөлім 20 ұлттық және жетекші аймақтық ЖОО-да ашылмақ. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов келесі жылдан бастап, мұғалімдер университет бюджетіне «шет тілін» екінші мамандық ретінде оқуына болатындығын айтқан.

Бәлкім әлемдік өркениеттен қалмау үшін, мемлекеттік кадрларды ағылшын тілінде даярлау жақсы идея шығар. Алайда біз оған қаншалықты дайынбыз? Мәселе осыған келіп тіреледі. Екіншіден, Қазақстан тәуелсіз ел атанған 20 жылдың ішінде біз өзге тілді кадрларды ұлттық кадрға айналдыра білдік пе? Айталық, Ерлан Сыдықов мырза айтқандай, қазақ тілін екінші мамандық ретінде оқыту осы уақытқа дейін неге қолға алынбады? ТМД мемлекеттері арасында ұлттық білім беру стандарттары екі тілге, екі идеология мен екі мазмұнға негізделген мемлекеттер санаулы ғана. Олар: Белоруссия, Қырғызстан, Қазақстан. Қалған мемлекеттер ұлттық білім беру стандарттарын айқындағанда, әуелі ұлттық дәстүрге негіздеуді мақсат етті. Тіпті әлемнің ең алдыңғы дамыған, өркениетті мемлекеттерінің бірі саналатын Жапония­да ұрпақты 12 жасқа дейін тек қана өз ана тілінде тәрбиелейтін жақсы дәстүр бар. Содан кейін ғана шет тілдерінде білім бере бастайды. Германия мен Францияда ағылшын тілінде білім беретін мектептер саусақпен санарлық. Бұл тәжірибенің біздің білім саласына берері не, бұл жайында бірнеше адамның пікірін ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

– Меніңше, 1-сыныптан бастап, республиканың барлық мектептерінде ағылшын тілін енгізу асыра сілтеу деп ойлаймын. Өйткені қазір мектептерде орыс тілі мен қазақ тілі қатар жүргізіледі. Негізінде, алғашқы бастауыш мектепті балалар өз ана тілінде бітіргені жөн. Егер ағылшын тілі 1-сыныптан үйретілсе, ол балалардың ана тілін меңгеруіне тежеу болады. Айналып келгенде, оның тілі не қазақ емес, не ағылшын емес, не орыс емес, дүбәра болып қалуы ықтимал. 5-сыныптан бастап, техникалық пәндерді ағылшынша жүргізу де асыра сілтеу. Бұл кезде бала тым жас, әлі қалыптаса қоймаған кезең. Шет тілін енгізуге ешкім қарсы емес. Орыс тілін бала 5-сыныптан, шет тілін 7-сыныптан үйрене бастаса, одан ешкім де ұтылмайды. Үш тілді қатар енгізген кезде, оның үшеуін де меңгере алмай шығуы ықтимал.

Жанұзақ ӘКІМ, тарихшы:

– Ғылымның дәлелдеуіне сүйенсек, баланың физиологиялық өсуі, психологиялық ерекшелігіне орай 11-12 жасқа дейін бір тілде тәрбиеленгені дұрыс. Содан кейін қажеттілікке байланысты, баланы қалаған тілінде оқытуға болады. Өйткені бала осы жасында өзге тілдегі ақпараттарды жақсы қабылдай бастайды.

Меніңше, бұл ештеңеге негіз­делмеген, жоғарыдан түскен тапсырманы орындауға арналған саяси науқандық сипат алған мәселе. Білім және ғылым министрлігі соңғы 12 жылда көп реформа жасады. Бірақ сол реформаларының ешқайсысы діттеген межеге жеткен жоқ. 12 жылдық оқу жүйесіне көшеміз дегелі 13-14 жылдың жүзі. Бірақ әлі эксперименттік оқытудан аса алмай отыр. Бұл да сондай шала піскен дүние, одан нәтиже күтуге болмайды. Керісінше, дүбәра шәкірттер тәрбиеленіп шығады. Қазақ – орыс та, ағылшын да, француз да, жапон да болмайды. Қазақ – қазақ болып қалуы керек. Осыны түсінетін кез жетпеді ме? Біздің шенеуніктер орнын, креслосын сақтау үшін кез келген осындай бір қадамдарға барады. Қазақстан – ұлттық мемлекет. Осы бағытта жүйелі бір жұмыстар жасалса, сонда нақты нәтижені көруге болатын еді. Жапония, Еуропаның басқа да мемлекеттері ұлттық сипаттағы мемлекеттер. Олар әуелі өз тілдеріне басымдық береді. Содан кейін ғана, балаларына басқа тілде білім бере бастайды. Адам интеллектісі 9-10 жаста 90 пайыз қалыптасады. Оның дүниетанымы қалыптасқанға дейін өз тілінде тәрбие алғаны дұрыс. Бұл – бүкіл әлемде қалыптасқан аксиома.

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ,

саясаттанушы:

– Біріншіден, өте орынды мәселе. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Себебі әлемдік ғылым өте тез қарқын алып дамуда, егер біз сол әлеммен бірге боламыз десек, ағылшын тілі, неміс тілі – ғылым мен техниканың тіліне айналды. Біз бұл тілдерді игеруіміз қажет. Қазір біз, Ресей, басқа да орыстілді мемлекеттер өз тілімен, орыс тілімен шектеліп, тұйықталып қалды. Бұл мемлекеттерде ғылым үлкен арнадан, ағымнан қалып қойды. Жаңалықтар, жаңа қадамдар жоқ. Біз тың ғылыми жаңалықтарға ұмтыламыз десек, қажет болса, жапон тілін де үйренуіміз керек.

Алексей ЛОБАНЧУК, Минск, Transitions Online, жоба менеджері:

– Меніңше, жақсы тәжірибе. Грузияда бұндай тәжірибе енгізілгелі біраз уақыт болды. Балалар ағылшын тілін 1-сыныптан меңгере бастайды. Бастысы – мамандар дұрыс болуы керек. Ағылшын тілінің қолданылу аясын кеңейту – қазақ тілінің дамуына кедергі болмайды деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту үшін ол тілде сабақ беретін мектептердің санын арттыру керек. Ал ағылшын тілі – шет тілі, ол қазақ тілін кемсіте алмайды. Егер пәндердің бірнешеуі – ағылшын тілінде, қалғаны – қазақ тілінде жүргізілсе, ешқандай уа-йым болмас. Егер керісінше бірнеше пән ғана қазақ тілінде, қалғандары орыс, ағылшын тілдерінде болса, онда ұлттық тілге қауіп төнеді.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары