АТҚАРЫЛАР ІС АЗ ЕМЕС

АТҚАРЫЛАР ІС АЗ ЕМЕС

АТҚАРЫЛАР ІС АЗ ЕМЕС
ашық дереккөзі
216

Астанада өткен Индустриялық форум барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қуатты Қазақстанды бiрiгiп құрамыз!» атты телекөпiр ұйымдастырылды. Мұнда ел Үкiметi мен сала басшылары дүйiм жұрт алдында Үдемелi индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қорытынды есеп бердi. Одан бұрын Елбасы «Қазмедиаорталық» кешенiндегi арнайы көрменi аралап, елiмiзде құрастырыла бастаған жеңiл көлiктер мен автобустар, ұшақтар мен тiкұшақтар, әртүрлi салаларға қажеттi техникалар мен құрал-жабдықтарды тамашалады.

Бұл көрме «Қазақстанда жасалғанды са­тып ал!» деп аталған. Мұнда отандық тауар өндірушілердің шамамен 250-дей кәсіпорны 700 түрлі төл өнімдерін ұсынды. Оның ішіндегі 600-ден астамы – өңдеуші өнеркәсіптің дайын өнімдері. Бұрын-соңды киім-кешектерде, құрылыс және тұрмысқа қажетті материалдардан «Қазақстанда жасалған» деген таңбаны жиі көре бермейтіндердің төбесі көкке жетті. Индустриялық-инновациялық жобалардың қуатты жүзеге асуы мен нақты қол жеткізген көрсеткіштері «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз!» атты дәстүрлі индустриялық жалпыұлттық телекөпір форумда жалғасын тапты. Бұл форумға «ҚазСат-2» ұлттық жерсерігі арқылы барлық аймақтардың әкімдері тікелей байланысқа шығып, жұмыстарының қорытындысын жариялады.

– Бұл – біздің атқарған жұмысымыздың нәтижесі! Мұны әрбір қазақстандықтың көруі маңызды. Өйткені бұл көрсеткіш күрделі жағдайды бастан кешіріп отырған жаһандық даму үрдісіндегі біздің мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігін, даму мүмкіндігін айқындайтын маңызды шара», – деді Елбасы.

Елбасы әуелі Эко­но­микалық даму және сауда министрінің есебін тыңдады. Аталмыш ведомствоның министрі Бақытжан Сағынтаев: «Әлемдік экономи­кадағы және сыртқы нарықтардағы белгісіздікке қарамастан, Қазақстан экономикасының оң өсімі қамтамасыз етілді», – дей келе, былтыр жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 27,3 триллион теңгеге жетсе, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші 5,6 пайызға өскенін тілге тиек етті.

2010-2014 жылдарға арналған «Үде­мелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштері де көңіл көншітерліктей. Ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосқан бағдарламаның діттегені – ел экономикасын әртараптандыру, тезірек түрлендіру болатын. Бағдарлама үмітті ақтап келеді. Биыл көлік құрастыру саласында – 16,4 %, жеңіл өнеркәсіпте – 11,5%, фармацевтикада – 9,6%, химия саласында – 3,7% пайыз өсім байқалды. Мұнымен қоса шикізаттық емес экспорт көлемі де артып отыр. Ол 2012 жылдың қаңтар-сәуір айларында – 7 миллиард АҚШ доллары болды. Инновацияға да иек артқан салалардың шоқтығы биік. «Инновациялық грант» бағдарламасы жүзеге асып, өткен жылы 129 инновациялық грант берілген. Инвестиция көлемі де артып келеді. 2012 жылдың өткен бес айында 1 миллиардқа жуық инвестиция тартылған. Ал, елімізді индустрияландыру картасы да кемелденіпті. Ол бүгінде жалпы құны 11 триллион теңге болатын 706 жобаны біріктіріп отыр. Нәтижесінде 218 мың жаңа жұмыс орны ашылған.

Халықаралық сарапшылардың пікі­рін­ше, Еуроаймақтағы қарыздық дағда­рыстың ушығуы әлемдік экономиканың өсімінің баяулауына, тиісінше, мұнай мен металдарға деген әлемдік бағаның құлдырауына, қаржы нарығындағы тұрақсыздыққа әкеп соқ­тыруы мүмкін. Осыған орай экономи­ка­лық даму министрлігі жаһандағы эконо­микалық үдерістерге және олардың Қазақстанға ықпалына тұрақты мониторинг жүр­гізуде.

«– Дағдарысқа қарсы жоспар әзірленді. Онда эконо­миканың өзгеруі­нің барлық ықтимал сценарийлері, соның ішінде терісі де ескеріледі. Жоспарда эко­номикалық дамуды қосымша ынталандыру бойын­ша қажетті іс-шаралар көзделеді. Ықти­мал дағдарыстың ел экономикасына мейлінше аз ықпал етуі үшін барлық шаралар қарастырылған. Біздің мақсат – экономикалық дамудың теріс сце­нарилерін болдырмау және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау», – деді Эко­но­микалық даму және сауда министрі. Бақытжан Сағынтаевтың баяндауынша, тұрғын үй құрылысы 20,8 пайыз өсімді құрап отыр. Құрылысқа тартылған инвестиция 134 миллиард теңгеге жетсе, 2,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қаржы рыногында депозиттердің 14,8 пайызға өскен­дігі байқалып, несиелер саны 17,4 па­йыз­ға артқан. Ұлттық қордың қаржы­сын қоса есептегенде еліміздің халық­ара­лық резервтері жыл басынан бері 12,9 миллиард АҚШ долларына артып, 85,9 миллиард доллар қаржыны құра­ды. Республикалық бюджет кірісі 2,7 триллион теңгені құрап, 25,5 пайызға артты. Ал шығыстар 2,4 триллион тең­геге жетіп, 19,5 пайызға өсті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасына қосымша кәсіпкерлікті енді бастаған азаматтарға бірінші рет 1,5-3 миллион теңге аралығында грант­тық қар­жы берілмек. Сондай-ақ жаңа кепілді несиелік жүйе өз жұ­мысын бастамақ. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасымен жаңа пі­шін­дегі жұмыстар жүруде. Жалпы, 2020 жылға дейін 63 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтермек. Осының нәтижесінде бір миллион отбасы тұр­ғын үй жағдайын түзейді. Ал биылға 6 миллион шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын модернизация­лау бағдарламасы да өз ағысы­мен келеді.

Сондай-ақ, министр «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдар­ла­ма­сына қосымша жаңа «Ауылдық елді мекендерді дамыту» ба­ғыт­­тары енгізі­лгенін жеткізді. «Мұнда шал­ғайдағы ком­му­налдық, көлік және әлеу­мет­тік құры­лым­дарды, сонымен бірге емдеу амбу­ла­ториялық және фельдшерлік-аку­шер­­лік пункттерді дамыту көзделген. Жалпы, бағдарламаның танымалдылығы артып келеді. Мәселен, жарты жылдың ішінде осы бағдарламаға 89 мың адам қатысқан. Ал өткен жылы жыл бойы қатысқандар саны бар-жоғы 100 мың адамды құраған еді. Ал «Ақ бұлақ» бағдарламасы негізінде биылғы жылдың соңына дейін 342 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қаладағы тұрғындарды ор­та­лықтандырылған сумен қамтама­сыз ету­ді 84 пайызға, ал ауыл халқын 43 пай­ызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Білім саласына келер болсақ, мектепке дейінгі балалар көрсеткіші 10 пайызға артып, 65 пайызды құрап отыр. Апаттық жағдайдағы мектептер 24 пайызға қысқарып, үш ауысымдық мектептер 17 пайызға төмендеді. 99 мектеп пен 29 балабақша құрылысы жүріп жатса, оның ішінде биылғы жылы 69 мектеп пен 16 балабақша пайдалануға берілмек. Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеушілік байқалады. Қан қысымы ауруларынан болатын өлім-жітім 40 пайызға төмендесе, туберкулезбен ауыратындар саны 13 пайызға қысқарған. Ана өлімінің 11 пайызға төмендеуі де көңілге медеу, – деді Б.Сағынтаев.

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА ОҢ ӘСЕР

Бұдан соң Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мінберге шығып, жаңа индус­трияландыру аясында 2,5 жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. 443 жаңа өндіріс ашылыпты, оның ішінде 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында 54 жоба іске қосылған. Осылардың бәрінің арқасында экономика құрылымы өзгере бастады. Бұрын Қазақстанда бол­маған жаңа өнімдер шығарылуда.

Жаңа индустрияландыру өнеркәсіп­тің базалық салаларының өсуі үшін жағдай жасады. Тұтастай алғанда, бес жылға есеп­телген бағдарлама индика­тор­лары кестеден оза отырып, орын­далуда. Мысалы, машина жасаудағы жиынтық қосылған құн – 169,4%-ға артса, өндіріс көлемі 300 миллиард теңгеден 500 миллиард теңгеге дейін өсті.

Химия саласында өндіріс көлемі үштен бірге артқан. Жоғары деңгейде өңделген өнімнің экспорты 2010 жылға қарағанда 2 есе ұлғайыпты. Құрылыс индустриясында жалпы қо­сыл­­ған құн 160%-дан асты. Болжам бойын­ша отандық құрылыс материал­дары үлесі 80%-ға дейін өседі делінген, бұл жоспар да мерзімінен бұрын орын­далғалы тұр. Қазірдің өзінде ол 67% құрайды. Тау-кен металлургия секторында жалпы қосылған құн 49% өсті. Жоғары техноло­гиялық өнім экспорты 58% ұл­ғайды. Индустрияландыру қазірдің өзінде ұлттық экономикаға оң әсер етуде. Оны мына көрсеткіштер айғақтайды: бірін­ші­ден, еңбек өнімділігінің артуы. Өң­деуші өнеркәсіпте ол 32 пайызға өсті (2008 жылы саладағы әр жұмысшыға шаққан­дағы 38,6 мың АҚШ долларынан 2011 жылы 51 мың АҚШ долларына дейін артқан). Екіншіден, инновацияны да­мыту. 300-ден астам инновациялық жо­балар мемлекеттік қолдау тапты. Үшін­шіден, бизнесті дамытуды ынталандыру. Кәсіпкерлікті қолдаудың шамамен 100 құралы әзірленді. 1500 кәсіпорын ши­кізаттық емес экспортты қолдау бағ­дарламасының қатысушыларына айнал­ды. Өңделген өнім экспортының көлемі 22 млрд. доллардан асты!

Алдын ала деректер бойынша, тек өткен 6 ай ішінде Индустрияландыру кар­тасының барлық кәсіпорындары 300 миллиард теңгенің өнімін шығарыпты.

Индустрия министрі Жаңа индус­триялан­дырудың «институционалдық қаңқа-кар­ка­сын» тұрғызу аяқталған­ды­ғын мә­лім­­­деді. Ендігі міндет – жаңа үлгідегі экономиканың дамуының индустриалдық негізін тұрғызу болмақ. «Алайда біздің ұлттық жобамыз күрделі уақытта жүзеге асырылуда. Қар­жылық дағдарыс өрістеуде, қалыптасқан технологиялық тәртіптің ауысуы үдерісі қарқын алды, тұтыныстың сипаты мен жағрафиясы өзгеруде. Сонымен, бір уақытта тәжірибе көрсеткеніндей, дағ­дарыс тек қатер ғана болып табылмайды, ол сондай-ақ жеделдетілген индустрия­ландыру үшін белгілі бір мүмкіндіктер береді. Өйткені тек шикізаттың ғана емес, сонымен бірге құрал-жабдық­тардың, инжинирингтік компаниялар­дың қызметінің құны төмендейді. Ел Үкіметі мұнай-газ, мұнай-химия, металлургиялық салалардағы және инфрақұрылымға қатысты ірі жоба­ларды іске асыру үшін осы мүмкіндікті пайдаланбақ ниетте екен. Сондықтан жаһандық қатерлердің бас көтеруіне жауап ретін­де үдемелі индустрияландыру бағдар­ла­масын күшейту бағытында тиісті түзетулер енгізу қажет».

ҚАЗАҚСТАН САНДЫҚ

ЖҮЙЕНІ ТАҢДАЙДЫ

Индустриялық форум барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ұлттық сандық телехабар тарату жүйесін ресми түрде іске қосты. Таныстырылымдық бейне­ро­ликте айтылғанындай, сандық телеар­на – бұл бейне мен дыбыстың жоғары сапасы. Жаңа жоба көпарналы хабар таратуға, ұлттық желілік ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады. Хабар таратудың тиімді жүйесі арқылы елі­міздің өңірлеріндегі жұртшылық көпте­ген телеарналарды тамашалауға мүмкін­дік алады. Атап айтқанда, отандық 32 телеарна мен радиоарналар сигналы өңірлерге жоғары сапамен жетеді. Сан­дық эфирлік телеарна алдымен Астана, Алматы, Жезқазған және Жаңаөзен қалаларында таратылып, екінші кезеңде 13 облыс орталығы мен шекаралық аймақтар қамтылады. 2015 жылға дейін елді мекендердің 95 пайызы отандық сандық телеарнамен қамтылады.

«Өткен жылы спутниктік цифрлық телевизия іске қосылды. Қазір бірінші кезеңде елімізде «эфирлік цифр­лық телевизия» іске қосылуға дайын. Бүгінде «ОТАУ ТВ» спутниктік желісін 150 мыңдай отбасы тұтынып отыр. Мұнымен қоса халықты спут­никтік телевизияға қосылу үшін қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету мақса­тында отандық қабылдағыштар мен декодерлер өндірісі ұйымдастырылды», – деді Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев. «Спутниктік ТВ-ны іске қосумен бір уақытта телевизия хабарларын таратудың ұлттық эфирлік цифрлық желісінің құрылысы басталды. Оның негізі ре­тінде ең перспективті еуропалық стан­дарт — DVBT2 алынды». Қазіргі кезде осы жобаның бірінші кезеңі аяқталып отыр. «Осылайша, 370 елді мекенде тұрып жатқан 3,5 миллионнан астам азаматтарымыз цифрлық эфирлік те­ле­визияға биылғы жылы-ақ қол жеткізеді. Барлық қазақстандық теле­арналар хабар таратудың цифрлық стан­дартына көше алады. Бейне мен дыбыстың са­пасы елеулі жақсарады. HD форматында жоғары айқынды­лықтағы кескінді беру мүмкіндігі пайда болады», – деп артық­шылықтарды тізбе­леді министр. Оның үстіне «цифрда» ұлттық эфирлік хабар тарату желісін іске қосу жаңа қазақ­стандық теле­ар­на­ларды ашуға мүмкіндік бермек. Соның айғағындай, елімізде «24.kz» атты жаңалықтар арнасы құры­лып отыр», – деді ол. Бірінші қыркүйектен бастап Қаз­медиа орталығының базасында елімізде тұңғыш рет тәулік бойы жаңалықтар тарататын «24.kz» санды телеарнасы жұмыс істей бастайды. Бұл барша қазақстандықтар үшін үлкен жаңалық. Аталған телеарна ВВС, CNN, Euronews және Ресей 24 сияқты әлемдік арналар­дың қазақстандық баламасы. Күн сайын телеарна 48 «жаңалықтар», 40 ақпа­раттық-тақырыптық бағдарлама дайындайды. Арна елдегі және шекараның ар жағындағы оқиғаларды жедел, анық, қысқа әрі толыққанды таратуды бас­шы­лықта ұстайды. «24.kz»-тің шетел­дік басты ақпараттық әріптесі – «Reuters» агенттігі. Телеарна қызмет­кер­лерінің саны – 350 адам. Орталық кеңсесі – Ас­та­нада. Республика бойынша өкіл­дік­тері ашылған. Телеарна ең озық технологиямен жабдықталған. «24.kz» базасында соңғы үлгідегі жинақы телеви­зия­лық станса жұмыс істейді. Бұл ақ­па­раттық жедел тарату мүм­кіндігін арттырады. Арна «Отау ТВ» ұлттық спутниктік жүйесі арқылы хабар таратады. Бұдан бөлек www.24.kz веб-сайты іске қосылады.

АЛЫС ҚАШЫҚТЫҚТАР ҚЫСҚАРМАҚ

Телекөпір арқылы Мемлекет басшысы Павлодар облысындағы 2014 жылы іске қосылатын Боз­шакөл кен байыту комбинаты құры­лысын бастауға рұқсат берді. Бұл жоба Павлодар облысында мыс саласын дамы­тып, елді жарты ғасырға жуық түс­ті металдармен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Комбин­ат жаңа жоғары технологиялық жабдықтармен жабдық­та­лады. Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтама­сыз ету үшін бұл комбинаттың аса қажеттігін атап өтті: «Қытай Халық Республикасымен де келісім бар. Сондықтан да тұтынушы болады деген ойдамын. Оның үстіне, Павлодар облы­сында тағы да бір ірі тау-кен металлургия кәсіпорны пайда болды» деген Президент «Қазақмыс» корпорациясының басшысы Эдуард Огайға кәсіпорын құрылысын жоспарлы мерзімде аяқтауға тапсырма берді. Ал корпорация комбинаттың алғашқы өнімін 2015 жылы шығаруға сөз берді.

Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан үшін ғасырлық жоба» ретінде «Жез­қаз­ған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбар­көл» теміржолдарының құрылысын бастауды мақұлдады. «Бұл көптен бері аңсаған, алайда қара­жат болмай, қол жетпей келе жатқан үлкен жоба еді. Бұлай дейтініміз, бір жағынан 1 мың шақырымнан артық темір жолды қазіргі заманда дүниеде ешбір мемле­кеттер салып жатқан жоқ. Күштері жетпейді. Біз тәуелсіздіктің арқасында осы жылдарда 1300 шақырым жол салдық. Қостанай мен Ақтөбені қостық. Сыртқа шығып, айналып жүрген шығыс­тағы өзіміздің жолды қосып, Өскеменге Қазақстан арқылы тікелей баратын болдық. Анау күні Қытайдың шекарасымен Алматыны қостық. Енді мына жолдың маңызы өте зор. Себебі Жезқазғанның, Арқалықтың экономикасы өркендейтін болады. Орталықтан, шығыстан Каспий өңіріне, батысқа қарай тасымалданатын біздің тауарлардың бағасы арзандап, сапасы жақсарады, оларды жеткізу жылдамдығы артады. Жоба 700 миллиард тең­геге түседі», – деді Елбасы.

АСТАНА – ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫ

Мемлекет басшысының индустрияландыру бағдарламасы еліміздің өзге өңірлерімен қатар, Астана қаласында да табысты жүзеге асуда. Бүгінде елорда «болашақ экономикасының» орта­лы­ғы – тәуелсіз қазақ елінің қуатты локомотивіне айналды. Адам капиталын жинақтау жағынан Астана көш бастап тұр. Бас қаламыз аймақтық даму жоспарында 2020 жылға дейін агломерация ретінде бекітілген. Соңғы жылдары Астана қаласының өңдеуші саласындағы өндіріс көлемі 7 есеге өсіп, 112 миллиард теңгені құрады. Инвестиция көлемі жағынан жетекші орынға ие. Соңғы 10 жылда инвестиция көлемі 8 есеге ұлғайып, 50 миллиард теңгеден 400 миллиард теңгеге жетті. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында түрлі салалар бойынша 40 серпінді жоба жүзеге асты. Ал өткен 2,5 жылда құны 16,3 миллиард теңге болатын 6 жоба іске қосылды.

Елбасы Үкімет алдына елімізде өндірілетін алтын көлемін жылына 70 тоннаға дейін жеткізу міндетін қойған еді. Осыған байланысты Астана қаласында аффинаж зауытын салу қолға алынды. Бұл өндіріс орны страте­гиялық нысан ретінде саналады. Бейне­көрініс көпшілік назарына ұсыныл­ғаннан кейін байланысқа «Тау-кен-Са­мұ­рық» АҚ басқарма төрағасы Мәжит Тұрмағанбетов шығып, елордадағы аффинаж зауытының құрылысы жобасына тоқталды. Оның айтуынша, Германиядағы аффинаж­дық жетекші кәсіпорындардың озық үлгідегі инновациялық технологиялары пайдаланылады. Зауытты іске қосу 2013 жылғы төрт тоқсанға жоспарланып отыр. Оның қуаттылығы жылына 25 тонна алтын және 50 тонна күміс өндіруге есептелген. Мәжит Тұрмаған­бетов Мемлекет басшысынан аффинаж зауытының құрылысын бастауға рұқсат беруді өтінді. Елбасы оларға құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат етіп, сәттілік тіледі.

Индустрия көшбасшысы атанған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы орасан зор табыстарға қол жеткізді. Жеті­ген – Қорғас, Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара желілері пайдала­нуға берілді. Астанада әлемдік талап­тарға сай «Локомотив құрастыру зауыты», Екібастұзда вагон жасау компаниясы, Астанада жолаушылар вагонын құрастыру зауыты іске қосылды. Өткен жылы елордада Мемлекет басшысының қатысуымен «Тұлпар – Тальго» жолаушылар вагоны өндірісі зауыты ашылған болатын. Ал алғаш рет отандық өнімдермен жабдықталған пойыз Алматыдан Петропавл қаласына жетті.

Сонымен, Астанадағы «Қазақстанда жасалған» көрмеде жұртшылық отандық өнімдерді көріп қана қоймай, оларды сатып алу мүмкіндігіне де ие болды. Жыл сайын отандық өнім артып келеді. Міне, бұл индустрияландырудың нақты жемісі болса керек. Олардың барлығы «Қазақстанда жасалған» бел­гісі атауымен ерекшеленеді. Ал елор­дадағы жәрмеңке аясында жалпы кө­лемі 15 миллиард теңгенің 46 келісімі жасалды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары