ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІН ЗЕРДЕЛЕГЕНДЕ…
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІН ЗЕРДЕЛЕГЕНДЕ…
«Қазақстанның зейнетақы жүйесi жетiлдiрiлмеген. Зейнетақы жүйесi тиiмдi болу үшiн оның жауапкершiлiгiн мемлекет өз мойнына алуы керек».
Соңғы кезде қоғамда осындай пiкiрлер айтыла бастады. Ал сонда бүгiнгi елдегi зейнетақы жүйесiнiң нақты ақиқаттары қандай?
Қазiр мемлекет жегенi алдында, жемегенi артында бақытты қарттықты қамтамасыз ете алмайды. Ол айдан анық. Қазақстан Республикасының «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес 2012 жылдың 1қаңтарынан бастап Қазақстандағы зейнетақы мөлшерi мынадай деп белгiлендi. Базалық зейнетақы – 8220 теңге, ең төменгi зейнетақы мөлшерi – 17491 теңге, ең жоғарғы зейнетақы – 47327 теңге.Күн сайын шарықтап бара жатқан азық-түлік бағасына сәйкестендірсек, мұндай мөлшер ешкімді де қанағаттандыра алмайды. Дей тұрғанмен, қазақстандықтар үшін баламалы жинақтау жүйесі бар деген уәждер айтылуда. Жыл басынан бері ерікті түрде зейнетақы жарнасын төлейтіндердің саны да қысқара түсіпті. Ерікті зейнетақы жарнасын төлейтіндердің саны 4108, ал олардың төлем қоры 117,4 миллион теңге ғана болған.
Қазақстанда ерікті және жинау жүйесінен тұратын аралас зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Дәл қазір республикада зейнетақымен қамтамасыз етудің үш деңгейлі тәртібі бар. Оның біріншісі – жұмыс өтілі мен жалақысына қарамастан зейнетақы жасына жеткендерге төленетін базалық зейнетақы төлемі. Екіншісі – заңға сәйкес 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болғандарға төленетін зейнетақы. Сондай-ақ оларға міндетті зейнетақы жарнасы есебінен де төлемдер жасалынады. Мұндай категориядағы адамдар аралас зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесіне жатады. Ал үшіншісі – ерікті түрде зейнетақы төлемін жасағандар.
Осының бәрі жеме-жемге келгенде жүйедегі әр қисындағы күмәнді әрекеттерге әкеліп соғуда. Яғни қазіргі зейнетақы жүйесі сенімсіз деген пікірлердің туындауына себеп болып отыр.
Қоғамды алаңдатып отырған да жинақтаушы зейнетақы қорларындағы осындай тұрақсыз ахуал. Ал мемлекет болса бүгінге дейін қорлардағы қаржылық жауапкершіліктерді өз жауапкершілігіне алмай отыр. Оның үстіне Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың ерлердің зейнеткерлікке шығу жасы мен әйелдердің зейнетке шығатын уақытын теңестіру туралы сөзі де қоғамда әжептәуір алаңдаушылық туғызды. Шамасы, Марченко мырза әйелдер ұзақ жұмыс істесе, олардың жинақтау жүйесіндегі қаржысы да мол болады дегенді айтқысы келген сияқты.
Қалай десек те, Бас банкирдің осынау сөзін қоғамның түрлі тобының өкілдері жерге түсірмей іліп әкетті. Саяси шешімдердің әлеуметтік зерттеулер институты берген деректерге қарағанда, Марченко мырзаның бұл ойын ел тұрғындарының 81,8 пайызы қолдамады.
Демократиялық қоғамда жұртшылық пікірінің елеусіз қалуы мүмкін емес. Жоғарыдағы 81,8 пайыздық қауым, сыпайылап айтқанда «Марченконың уәжіне қарсылар», әйтпесе тұтас зейнетақы реформасының оппоненттері кімді де болсын ойландыруға тиіс қауқарлы саяси күш екендігі де белгілі. Билік оны білмей отыр деу де қисынсыз.
Ақпарат көздері берген деректерге қарағанда, қазір Қазақстанда зейнетақы жүйесін қайта құрып, барлық зейнетақы қорларын ортақ мемлекеттік қорға айналдыру тұжырымдамасы қарастырылып жатқан сияқты. Кереметі сонда, оны шетелдік компания (?) басшылыққа алады-мыс деген де қауесеттер айтылуда. Әлбетте, ол мемлекет қаржылық жауапкершілікті өзінің мойнына алмаған жағдайда ғана жүзеге аспақ.
Осы іс-әрекеттердің бәрі де Қазақстандағы зейнетақы жүйесінің мүшкіл халінен дерек беретіндей. Егер аталмыш уәж ең жоғары деңгейдегі билік тарапынан қолдау тапса, мұнайдан түсетін кірістің бір бөлігі елдегі зейнетақы жүйесін нығайтуға жұмсалуға тиіс. Елдегі зейнеткерлерге майдай жаққанымен, бұл дақпырт жүзеге асса, ел экономикасының қаржылық жағдайда ұтылатыны да айдан анық.
Қысқасы, о баста шетелдік тәжірибеге сәйкес құрылған кінәратты зейнетақы жүйесінің бар ауыртпалығы тағы да мемлекеттің мойнына түскелі отыр деген сөз.
* * *
Қалай болғанда да, жинақтаушы зейнетақы жүйесі модернизациялауды талап етуде. Биылғы ел халқына арнаған Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш жүйені сынға алып, Ұлттық банк пен Үкіметке зейнетақы жүйесін жетілдіруді тапсырғаны белгілі. Оған қоса мемлекет басшысы «салымшылардың инвестициялық ұйымдардың қызметіне өз бетімен әсер ете алмайтынын, сондықтан ақша құйылымдарына негативті көзқараста екенін» де атап көрсетті.
Сонымен, Қазақстандағы зейнетақы жүйесін реформалау жөніндегі жоғары деңгейлі ұсыныстар үстіміздегі жылдың жазына қарай жүзеге асырылады деген болжамдар айтылуда. Осыған сәйкес, 2011 жылы «КОМКОН-2 Евразия» тәуелсіз зерттеу компаниясы жүргізген зерттеулер нәтижесін еске сала кетудің де артықтығы жоқ. Онда «салымшыларды зейнетақы қорларының жұмысындағы қандай кемшіліктер қанағаттандырмайды?» деген сауалға, негізінен, «Жинақтаушы зейнетақы қорларының жұмысы туралы ақпараттардың болмауы» деген біржақты жауап алынған.
Мұндай пікірдегілердің сұрау салынғандардың ортасындағы үлес салмағы 38,5 пайыз болған. Сондай-ақ, зейнетақы салымдарының сақталуына сұралғандардың 34,4 пайызы сенімсіздік білдірген. Тізе берсек, қазіргі зейнетақы жүйесіне сенімсіздік білдіретіндер қатары мұнымен де шектелмейді. Оны Қазақстан қалалары мен ауыл-селоларындағы халықтың көңіл-күйі де айқын аңғартып отыр.
Тақырыпқа орайластыра айтар болсақ, соңғы кезде зейнетақы қорларына абырой әпермейтін жаңа ақиқаттардың да шеті көріне бастады. Бүгінгі таңда жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық кірісі елдегі инфляция көрсеткішінен айтарлықтай деңгейде төмен екен! Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қаржылық бақылау жөніндегі комитеті берген деректерге қарағанда, 2007 жылдың ақпанынан 2012 жылдың ақпанына дейінгі бес жыл ішіндегі жинақтау қорларының зейнетақы активтері жөніндегі номиналдық кірісінің орташа коэффиценті 27,34 пайыз ғана болып отыр. Бұл көрсеткіштің мән-мағынасын түсіндіру үшін мына бір деректерді қосымша айта кету керек: аталмыш кезеңдегі инфляцияның жиналым деңгейі 57,99 пайыз болған. Демек, айырма соқырға таяқ ұстатқандай анық.
Осы бір салымшылардың көңілін орнықтырмайтын келеңсіз оқиғаға байланысты нарықтық қатынастардың маман-сарапшылары таяуда тағы да бір көңілсіз көрсеткіштерді алға тартты. Қазіргі жағдайда елдегі инфляция көлемі жинақтаушы зейнетақы қорларының инвестициялық кірісінен екі есе жоғары болып отырған көрінеді. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Қорытынды біреу ғана: 2001 жылдан бері елдегі зейнетақы жинақтау жүйесінде ештеңе өзгермеген. Кіріс аз, соған сәйкес жинақтаушы зейнетақы қорларына деген сенім де азайған. Оны ерікті зейнетақы жарнасын төлейтін адамдар санының азая түсуі де дәлелдеп отыр.
Мамандар пікіріне жүгінсек, болашақта Қазақстан ерікті жарна төлеу жүйесінен бас тартып, міндетті жинақтауды ғана қалдыратынға ұқсайды. Сондай-ақ мамандар айтып жүрген тағы бір ақиқатты бүгіп қалуға қақымыз жоқ деп есептейміз. Әлемдік тәжірибеде біржақты жинақтау және біржақты ерікті жарна төлеу жүйесі де сирек кездесетін көрінеді. Ақиқатында, әлемдік тәжірибеде қандай да бір әлеуметтік қорғау институтын қоса отырып, біріктірілген үлгілер пайдаланылатын сияқты.
Қазіргі дүниеде қандай істе де өркениетті еуропалық тәжірибелерге сүйену үрдісі қалыптасқан. Соған қарастыра айтсақ, Еуропаның көптеген елдерінде зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Олар – міндетті зейнетақы сақтандырылуы азаматтардың кәрілігіне байланысты кәсіпорындар мен жеке жинақтаулардан қаржыландырылуы түрінде жүзеге асады. Қазақстанда зейнетақы жүйесі азаматтар мен жұмыс берушілердің сақтандырулары арқылы қаржыландырса, өркениетті Еуропада әлі күнге дейін зейнетақы мемлекеттік дотация есебінен төленеді.
Ал АҚШ-та тек қана зейнетақымен қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесімен қоса жеке жүйелер де пайдаланылады. Олар жұмыс орнынан төленетін зейнетақы, жеке зейнетақы төлемдері түрінде іске асырылды.
* * *
Қысқасы, Қазақстандағы зейнетақы жүйесі қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында тұралап тұрғаны айдан анық. Оқырманды «Оу, сонда мұндай дімкәс жүйе Қазақстан Республикасында қандай үлгі бойынша жасалынды?» деген сауалдың толғандыруы да заңды.
Оны да айталық. Қазақстандық қазіргі зейнетақы жүйесі Чили мемлекетінің үлгісіне сәйкес құрылған. Бүгінгі ақиқаттар сол жүйенің өзін-өзі ақтамайтынын айқын көрсетіп отыр. Ал енді зейнетақымен қамтамасыз етуге байланысты мұхиттың арғы жағынан алған зейнетақы үлгісінің бас иесі Чилидің өзіндегі жағдай қандай дегенге келейік. Біздегі қолданыста жүрген чилилік үлгінің қателігін сол елдің өзі де кеш те болса мойындап отыр. Аталмыш елде 2008 жылдың 1 шілдесінен бастап жинақталған зейнетақымен қоса мемлекеттік зейнетақы да төлене бастады. Чилиліктер жинақтаушы жүйені пайдалану идеясынан бас тартты. Себебі оның кінәратты жақтарын олар бізден де ертерек түсінді.
Бұл жерде қандай қисын түйіндеуге болады? Біз айтсақ: «О баста халықты зейнетақымен қамту жүйесін Чилиден алған екенбіз, енді сол елдің аталмыш жүйеден бас тарту тәжірибесін де алсақ несі айып?»
Біздің бұл сөзіміз де тегіннен тегін айтылып отырған жоқ. Таяуда отандық зейнетақылық жинақтау жүйесін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де қатты сынға алды. Қазір оны жетілдіруге байланысты жұмыстар да басталып кетті.
Ақпарат көздерінде болашақтағы жинақтау жүйелерінің ықтимал жүйелері туралы деректер де жариялана бастады. Соған сәйкес, Бүкіләлемдік банктің араласуымен зейнетақы жүйесін қайта құрудың жаңа тұжырымдамасы дайындалуда. Демек, таяудағы болашақта елдегі барлық жинақтаушы зейнетақы қорлары ортақ мемлекеттік қорға бірікпек.
Бұл орайда да дақпыртты қауесеттер баршылық. Соған сәйкес, бүгінге дейін жинақталған қомақты қаржы бұған дейін де Қазақстан үкіметімен және мемлекеттік компаниялармен әріптес болған әлдебір шетелдік компанияның қолына берілмек-мыс…
Қазақстандық қоғамда зейнетақы жүйесіне байланысты осындай болжамдар мен дақпырттар айтылуда. Ендігі әңгіме болашақ реформалардың қалай жүзеге асуында ғана. Бізге белгілісі, Қазақстандағы зейнетақымен қамтамасыз етудің чилилік үлгісінің өзін-өзі ақтамағаны. Бұл енді айдан анық. Ал ел-жұрт болса…
Ел-жұрт болашақ реформалардан қазіргі зейнетақы жүйесінде табылмай тұрған ашықтық пен жариялылықты, сондай-ақ сенімділікті күтеді!