ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН АСҚАҚТАТҚАН АСТАНА

ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН АСҚАҚТАТҚАН АСТАНА

ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫН АСҚАҚТАТҚАН АСТАНА
ашық дереккөзі
422

Осыдан он төрт жыл бұрынғы Астана мен (байырғы Ақмола) бүгiнгi Астананың келбетiн салыстыруға мүлдем келмес. Арқаның аңырап жатқан сары даласы айналдырған он шақты жылдың iшiнде көркейiп, гүлденiп сала бердi. Күндiз-түнi еңбек еткен жұмыскерлердiң еткен еңбегi мен төккен терi бас-аяғы он жылдың iшiнде шағын ғана қаланы зәулiм Астанаға айналдырып жiбердi. Тап бiр ертегiде ғана кездесетiн келбеттi сарайларды қазiр Астананың мұнтаздай көшелерiнен қиналмай табатыныңызға сенiм мол. Бұл да болса, елорданың көркейгенi, өскенi деп бiлемiз. Он төрт жылда осындай биiкке жеткен Астананың алда әлi де талай асуларды бағындыратыны сөзсiз. Ендеше бұған астаналықтардың өзi не дейдi? Бiздiң де бiлгiмiз келгенi осы.

– Қазақтың Астанасы кеше қалай еді? Бүгін ше? Бүгінгі Астананың келбеті туралы не айтар едіңіз? Әлібек АСҚАР, жазушы: – Кешегі, біз көшіп келген кездегі Ақмола мен бүгінгі Астананы салыстырудың өзі қисынға келмейді. Өйткені екеуі екі басқа қала, қала ғана емес, мен үшін екеуі – екі басқа әлем. Ол кезде мен Баспасөз және бұқаралық ақпарат деп аталатын министрлікте қызмет жасаймын. Үкіметтің көшу жөніндегі комиссиясының мүшесімін. Николай Макиевский деген төрағамыз жиі-жиі жинайды, дайындығымыздың есебін тыңдайды. «Алматыда орасан жер сілкінісі болады, тездетіңдер, жиналыңдар», – деп қамшылап қояды. Ол кісінің сөзін әзілге баласақ та, көшуге жайлап дайындық жасап жүретінбіз. Бірде біздің бір «достарымыз» «министр Сәрсенбаев Ақмолаға көшуге қарсы екен» деген дақпырт таратып жіберіпті. Сол сөзге қатты ашуланған министріміз айналасы бір айдың ішінде министрлікті түп орнымен қопарып көшірді де жіберді. Бұл 1997 жылдың 2 маусымы болатын. «Ақмолаға Ауыл шаруашылығы, Көлік министрлігі көшіпті», – деп естігенбіз. Келсек, олары өтірік екен, әр министрліктен үш-төрт адам офистерін жөндеп, іссапарда жүр. Біз болсақ, көшкен қызметкерлеріміздің бәріне үй сатып әперіп, екі «Камаз», төрт вагон керуенмен келдік. Сөйтіп, 3 маусым күні Ақмолаға келіп түстік. Алдамай, көзбояушылық жасамай, таза, тұтастай көшіп келген алғашқы министрлік болғандықтан, облыстың басшылары оркестрмен күтіп алды. Министрліктің жаңа офисінде атшаптырым дастарқан жайып тастапты. Сол арада пәтерлеріміздің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Арада төрт күннен соң министріміз Алматыға қайтып кетті. Өйткені Президент Әкімшілігі де, Үкімет аппараты да әлі сонда. Министрліктің ұжымына ие болып, шаң қапқан аптап қалада мен қалдым. Ол кезде сол жағалауда саяжайлар, әлдебір поселкелер бар. Ол жақ қалың маса, шіркей. Оң жағалау қаптаған құрылыс. Біздің үйдің қасында «Самал» деген шағын аудан салынып жатты. Күндіз де, түнде де тарсыл-тұрсыл… Үй салу үшін алып балғалар пыс-пыс етіп, қап-қара түтін бұрқыратып қада қағып жатады. Көше біткен құрылыс, шашылған материалдар, асфальт салып, тротуар жөндеп жатқан адамдар. Жел соқса шаң борап кетеді. Жұмысқа үш-төрт көшені айналып, әзер жетеміз. Кейде көше жабылып, машина жүре алмай қалады, ондайда машинаны тастап жаяу тартамыз. Мемлекеттік мекеменің бәрі әлі Алматыда, ел-жұрттан бұрын алып-ұшып несіне келгенімізге таңбыз, өкінеміз, бармағымызды шайнаймыз. Барар жер, басар тау жоқ, бірімізді біріміз үйге қонаққа шақырамыз. Сондай басқосуларда Алматы туралы ән басталса, қыз-келіншектер көздерін сығымдауды шығарды. Содан ондай әнге мораторий жарияладық. Іссапарда жүргендейміз, енді біраз шыдасақ, гүл жайнаған Алматымызға қайта көшіп кететіндей көңіл-күйде жүрдік. Ақыры 8 қарашада мемлекеттік рәміздер келді. 10 желтоқсанда Президент Әкімшілігі мен Үкімет аппараты көшіп келді. Сонда барып жүрекке сенім, көңілге үміт ұялағандай болды. Қарамыз көбейіп, қайнаған өмір басталды да кетті. Қазір өзім сол жағалауда, баяғыдағы саяжайлар орын тепкен маңайда тұрып жатырмын. Шынын айтсам, хан сарайындай мұндай кең пәтерлер, коттедждер бұрын түсімізге де кірген емес. Жуықта өткен құрылтайда Мюнхен мен Парижден, Лондон мен Венадан келген бес-алты қазақ ағайынды ертіп, түнгі Астананы қыдыртқанымыз бар. Түнде көп жүре бермегендіктен бе, түнгі Астананы өзіміз де біле бермеппіз. Ғажап, кереметтей көркем! Түнгі Астана жарқылдап, мың сан бояумен құлпырып салады екен. Дүниенің төрт бұрышын түгел аралап жүрген қалталы қандастарымыз да бастарын шайқап, қала көрінісіне таң қалысты. Ата жұртының бас қаласының әдемілігін мойындап, риза болысты. Расы солай. Астана көз алдымызда өсіп, өркендеп жатыр. Бәріне де куәміз, көріп те, біліп те жүрміз. Бұрынғы суық қыс, ыстық жаз да адыра қалған. «Алматылықтар жүрек жылуымен жылытып жіберді» деп әзілдейді жергілікті ағайын. Солайы солай да шығар, бірақ Елбасының тапсырмасымен қаланың айналасын қоршап мыңдаған гектар орман белдеуі жасалды. Олар қазір жайқалған тоғайға айналған. Ішінде қоян мен түлкі, елік пен қырғауыл жортып жүр. Тіпті Ақордаға бара жатқанда ағаштардың арасында қыста да, жазда да орғып жүрген орқояндарды көргенде делебең қозады. Қала көшелері де жасыл желек бауларға, алуан түрлі ағаштарға, жайнаған гүлзарларға толып кетті. Бүгінгі Астана көңіл арбап, көз қуантады. Он төрт жылда пайда болған қаламызға тіпті өзіміз де қайран қаламыз. Іштей мақтан етеміз, марқаямыз. Роза МҰҚАНОВА, жазушы: – Біз көшіп келген кез 2003 жыл болатын. Сол жағалауда Ақ орда, Ұлттық кітапхана мен Көлік министрлігі ғана еді. Арқаның ен даласы. Әр жерде шалшық, көлшіктерді көресің, қалың қамыс. Сол қамыс та, көлшік те ғайып болып, бүгінде зәулім үйлер бой көтерді. Сәні жарасып, жасанып, Астана сұлу шаһар кейпіне енді. Кешкісін аяңдап келе жатып, жан-жағыма қараймын. Көңілім толып, бойым сергиді. Сенімім күшейіп, бойға қуат бітеді. Амандық болса, бұл қала талай асуды асып, әлемге таныла береді деп ойлаймын. Бұрын бастама атаулыға үркіп, күдікпен қарайтындарға Астана ел тәуелсіздігін, қазақ елінің рухын асқақтата түсті. Астананың көркеюі – Елбасының толассыз еңбегі деген болар едім. Қазір елордамыз жасыл желекке, орман-тоғайға айналды. Бұл адам айтса сенгісіз сияқты көрінетін. Ал шын мәнінде ертегіні де іске асыруға болатындай. Шет елде жүргенде де, демалысқа барғанда да, мен Астанамды сағынамын. Астана – бейбіт елдің, берекенің, ырыздықтың тұрағы. Тәуелсіздіктің биік көрінісі, мақтанышы Елордамыз көркейіп, жасана берсін дегім келеді. Жандарбек БҰЛҒАҚОВ, айтыскер ақын: – Алматы – Қонаевтың қолтаңбасы болса, Астана – Елбасының қолтаңбасы екенін барша жұрт жақсы біледі. Бірақ бір өкініштісі, дәл Астананың іргесінде жарығы жоқ, ауызсуы жоқ ауылдар әлі де бар. Сондықтан Астанадан бөлек, ауылдағы жағдайларды ойлап тұрса деген ел ағаларынан бір өтінішіміз бар. Бірақ біз, жастар Астанамызбен мақтанамыз. Оның қарыштап дамуына барша қазақ жұрты тілекші деп ойлаймын. Мемлекеті, астанасы жоқ елдерді естіген кезде, өзіміздің көркем Астанамыздың бар екенін мақтан тұтамыз. Әрі Астананың күннен күнге қарыштап дамып келе жатқаны да көз қуантады, көңілді сүйсінтеді. Бүкіл Алаш баласының арманы – көк байрақтың астына жиналу болғаны аян. Сондықтан, барша Алаштың тілегі болған қазақтың ордасын көрген сайын бойымызды мақтаныш кернейді. Елбасымыз бастамашы болған бұл қалада жүрегі қазақ деп соққан азаматтардың табан ақы, маңдай тері жатыр. Осы қаланың гүлденіп, түрленіп, нұрлануына тілекші болмайтын Алаш жұрты кемде-кем. Астана дами берсін, көркейе берсін! Біз соған қуанамыз, соған мақтанамыз!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары