ЕЛ ІРГЕСІ БЕКІСІН ДЕСЕК,

ЕЛ ІРГЕСІ БЕКІСІН ДЕСЕК,

ЕЛ ІРГЕСІ БЕКІСІН ДЕСЕК,
ашық дереккөзі
148

«Арқанкергендегi» қанды оқиға елiмiздi ғана емес, шет жұртты да елең еткiзген оқыс оқиға болды. Ел iргесiн қорғау қызметiндегi өрiмдей жас 14 шекарашы мен бiр қорықшыны өлтiрiп қана қоймай, жатқан жайларымен қоса өртеп жiберу қандай қаныпезерлердiң қолынан келдi екен? Иә, тiрi қалған жалғыз шекарашы жасалған айуандық iстi өз мойнына алып отырған көрiнедi. Расында, солай ма, әлде «ақыл-есi қозғалған» оның сөзiнiң ар жағында басқа да белгiсiз дүниелер бар ма? Оны тергеу орындары әлi де анықтай жатар.

Ал бұл оқиғаның анық-қанығына құлақ түріп отырғанда, шығыстағы тағы бір заставаны («Терісайрық») 11 шекарашы рұқсатсыз тастап кетіп, бір тәуліктен кейін табылып отыр. Әзірше, айтқандары «Әскери жарғыға жат қысымшылық көрген» секілді.Кінәлілер қамауға алыныпты.

«Арқанкергендегі» 14 шекарашының қаза болуы, мына 11 шекарашының әскери міндетін атқарып жатқан орнын тастап кетулері әрине, ең алдымен шекаралық және жалпы қорғаныс қызметіндегі олқылықтардың көрініс беруі екендігі анық. Ел іргесінің босаңсып, шекаралық шепке селкеу түскенін көрсетер мұндай оқиғалардан соң осынау алып көршіміз Қытаймен іргелес аймақтарға ортақ үлкен мәселенің қордаланып, оң шешімін күтіп жатқанын тағы да айғақтаса керек.

Жұртқа белгілі 90-шы жылдардың екінші жартысында эканомикалық тығырықтан шығудың бір жолы деп «оңтайлану» науқанымен төрт облыс, ондаған аудандар таратылған еді. Кейіннен Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшіріліп, қирап-тозып бара жатқан қала қайта жанданып ес жинағаны халықтың көз алдында. Ал Семей, Арқалық қалаларының жай-күйлерін (әсіресе, қыс айларында) «КТК», «31», «Астана» телеарналарынан олардың зар-үндерін естіп, көз жас­тарын көріп қабырғаң қайысады…

Қысқартуға ұшыраған ішкергі аудан­дар­дың да шекесі қызғаны шамалы шығар, ал мына әсіресе Қытаймен шекаралас аудандардың орталықтары ауысқандықтан күн көрістің қамымен іргедегі ел үдере көшіп, таудан ойға түсіп кеткенін, 14-15 жылдан соң аймақтағы жұрт селдіреп бос қалғанын көріп отырмыз. Оны өзіміз ғана емес, тау басынан дүрбі салып, қарауыл қарап отырған ұлы көршіміз де аңдап отырған болар. Бәлкім содан да бұл иен жатқан жерді біресе жалға сұрап, біресе «шекара сызығын аңдамай» өтіп кетіп жүрген «жүргіншілері» де төбе көрсетіп қалады.

Тау қойнауларына орналасқан бұрынғы ферма орталықтары мен қыс қыстауын, жаз жайлауын жайлап, малын бағып, шөбін шауып отырған жергілікті тұрғындар бүгінде азайып барады. Олар етекке түсіп, аудан, облыс, тіпті Алматы, Астана қалаларын бетке алып көш түзегелі қашан. Алматы, Астана маңынан «заңсыз жер телімдерін иеленіп», «Шаңырақ», «Бақай» оқиғаларының арасында осынау шекаралық аудандардан көшіп келгендер де болуы әбден мүмкін. Мұны «ішкі миграция» деп, анық есебін алып отырған статистикалық мекемелер анық білер. Ал менің естіп-білгенім: сөз жүзінде Семей облысының Ақсуат ауданы таратылды деп, іс жүзінде орталығы Ақсуатқа көшкен Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданының іргесі сөгіліп, бұл ауданнан 28 мыңнан астам адам ішкері елге қоныс аударғандығы. Мұндай көш жеке аудандық мәртебесінен айырылған Қатонқарағай, Марқакөл, Мақаншы, Нарынқолда болып жатқан жоқ деп кім айта алар?

2010 жылы шілде айында «Терісайрық» секілді заставалар орналасқан туған жеріміз Тарбағатай тауындағы жайлауды көріп қайту мақсатында жергілікті дос-азаматтармен бірге арнаулы көлікпен Мауқыбай кезеңіне көтеріліп, Қотанашы жайлауының кең аңғарына көз салғанымызда жалғыз киіз үйді көзіміз шалды. Кезінде бұл алып аңғарды қақ жарып шығысқа қарай ағатын Терісайрық өзеншесінің қос қапталын ала тігілген аппақ шағаладай киіз үйлерден көз сүрінуші еді. Бүкіл аудан малшылары бас қосқан бұл қан-жайлауда дүрілдетіп шопандар тойы өтуші еді. Бәйге, көкпар, қыз қуу тәрізді қызықтарды осы жайлауда тамашалайтынбыз. Олардың әр күні еңбек қана емес демалыс, мерекемен, ырду-дырду қызықтармен таңды таңға асыратын… Гүлге оранған жасыл шалғын белуардан десе де болады. Ауасы, суы қандай! Тек, ел жоқ. Иен жайлау. Туған жеріңді көріп қуанасың, бірақ қалың жұртты көре алмай жабырқайсың. Сұрастырғанымызда ен жайлаудың ең төріне малшылардың 7-8 үйлері ғана шыққан екен. Көзімізге көрінген киіз үйге түсіп, бір қонып, ертеңіне аттанып кеттік. Қалған алты-жеті үйді көре алған да жоқпыз. Тегі бірінен-бірі тым алшақ отырса керек.

Қайтар жолымызда «Асусай» елді мекенінің (бұрынғы ферма орталығы) жоғарғы жағында орналасқан «Қызыл» зас­тавасына соқтық. Қасымызда, әрине, бізді бастап жүрген шекарашы офицер бар еді. Мөлшері 25-26-дай жауынгер шекарадағы қызметтерін өтеп жатқанға ұқсайды. Көбісі «контрактниктер». Сол маңайдың жігіттері.

Еліміздің Тәуелсіздігін алған жиырма жылдың ішінде көптеген игілікті істерді еңсергенімізбен, кезіндегі сол «оңтайлану» саясатының салқыны – ел ішін әбігерге салған құйындай елестейді. Басқаны айтпағанда осынау шекаралық аудандардың таратылуы ойланбай істелген шарадай көзге ұрады. Естуімізше, алып көршіміз бізбен шекаралас аудандарына ішкі халқынан көптеп көшіріп әкеліп, тұрғындар санын «қоюландырып» жатса керек. Салынып жатқан ауыл-қалаларын білмеймін, әйтеуір кейінгі жылдары ақ кірпіштен тұрғызылған шекаралық зәулім мұнаралары алыстан айбындана көз тартады. Ал біздің кезіндегі Кеңестік қарауыл мұнаралары (вышкалар) шырпыдан тұрғызылғандай қораш кейіпте. Застава үйлері де сол өткен ғасырдың 30-жылдары тұрғызылған. Төбелері аласа, едендері тозған, қабырғалары кедір-бұдыр. Бұл тұрақтар, әрине, қазіргі заман талабынан тым алыс қалған.

Біреулерін біреуі атып жатыр ма, өртеп жатыр ма; Отан қорғау шебінен шегініп қашып бара ма – оларды көретін көз, еститін құлақ жоқ. Ел іргесі осылай иен күйінде қала бермек пе?

Кезінде ел-жұрт тығыз отырған уақытта ел ішіне кірген бөгде адамға дәм-тұзын алдына қойып, әңгімеге тарта отырып, оның «шақырылмаған қонақ» екендігін біліп, шекара қызметкерлеріне хабар беріп, талай жансыздардың ұсталуына жергілікті жұрттың көмек көрсеткенін бала кезімізде еститінбіз. Ал енді ондай жансыздарды ұстап бермек түгілі, өз шекара әскерлеріміздің ел іргесін қалай күзетіп-қорғап жүргенінен бейхабар жұртқа бұрын-соңды болмаған суық хабарлар жария етілуде.

Сондықтан да ел іргесін бекітіп нығай­тайық десек шекара қызметіндегі әскердің санын арттырып, сапасын жақсарту өз алдына, олардың арқа сүйер халқын қайтадан өз орнына қондыру, яғни, шекаралық аудандарды қалпына келтіру ісі әбден пісіп-жетілгендей. Кеңес кезіндегідей шекаралық аудандарда тұрып, еңбек ететін бюджеттік қызметкерлерге 50-70%-тік қосымша еңбекақыларын тағайындап, жұрттың туған жеріне оралуына мүмкіндік жасау керек сияқты. Мектептер, балабақшалар, мәдени мекемелерін қалпына келтіріп, халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге бар жағдайды жасаған абзал болар. Айналдырған бес-алты ауданның жағдайын жасауға үкіметіміздің ақыл-парасаты, күш-қуаты жетуге тиіс деген ойдамыз.

Еркін НҰРАЗХАН,

мәдениет қайраткері

Серіктес жаңалықтары