«ҚАЙРАН, МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ»...

«ҚАЙРАН, МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ»...

«ҚАЙРАН, МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ»...
ашық дереккөзі
258

Күнделiктi күйбең тiрлiк, басына тартсаң аяғына жетпейтiн бiр кем дүние, тозған жүйкелер мен кiр басқан көңiлдер… Саналуан дерттiң себебi көп. Осыдан екi жыл бұрын елiмiзде 80 мың адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұмыпты. Өлiм-жiтiмнiң 52 пайызы да осы дерттiң үлесiнде. Сондықтан шығар қазiр «инфаркт», «инсульт» сөзi ешкiмге таңсық емес.

Жүрек-қан тамырлары аурулары бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамның ажалына себеп болуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, 2008 жылы осы дерттен Жер шарының 17,3 миллион тұрғыны көз жұмған. Әлеуметтік ахуалы орташа және төмен мемлекеттерде көп кездесетін дерт әйел мен еркекке қатар тән. Халықаралық мамандардың болжамынша, 2030 жылға қарай осы аурудан 23,6 миллион адам ажал құшпақ. 2010 жылы Қазақстанда жүрек-қан тамырлары аурулары 80 мың адамның түбіне жетіпті. Қазір адамдар арасындағы өлім-жітімнің 52 пайызы да осы дерттің үлесінде. Әлбетте, ауруды асқындырмас үшін оның белгілерін алдын ала анықтап, дер кезінде емдеген абзал. Осы мақсатта, Алматы облысына қарасты Ынтымақ ауылының іргесінен «Седжон Евразия» Халықаралық кардиологиялық клиникасы бой көтермек. 2015 жылы пайдалануға берілетін нысанның алғашқы кірпішін қалау рәсіміне Алматы облысының Денсаулық Сақтау басқармасының басшысы Маралбек Мейірбеков, Кореяның денсаулық сақтау индустриясын дамыту институтының президенті Ко Кен Хва, Кенги-до провинциясының денсаулық сақтау саласын дамыту бөлімінің жетекшісі Рю Ён Голь, Седжон госпиталінің төрағасы Пак Ен Гван, Корея Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Хен Ын, Седжон госпиталінің президенті Чон Ран Хи, «Седжон Еуразия» халықаралық медициналық орталығының бас директоры Вячеслав Шегай т.б. қатысты.

Аталған жоба құрылысын іске асырушы – Қазақстандағы «Седжон Еуразия» халықаралық медициналық клиника. Оның әріптесі – Кореядағы «Седжон» госпиталі. Яғни, кәрістердің «Hyewon Medical Foundation «Sejong General Hospital» компаниясы мен «Седжон Еуразия» халықаралық медициналық клиникасы» ЖШС арасындағы серіктестікке құрылған франшизнгтік келісім шеңберінде салынатын ғимаратта 300-400-ге жуық медициналық қызметкер тер төкпек және 100 төсектік аурухана, дәрігерлік кеңес орталығы, емхана болады. Кореяның жоғарытехнологиялық медициналық индустриясының арқасында отандастарымыз жүрек дертін емдемек. «Седжон Еуразия» халықаралық медициналық орталығының бас директоры Вячеслав Шегайдың айтуынша, жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққандардың көпшілігі негізінен аурулары асқынғаннан кейін барып дәрігердің көмегіне жүгінетіндіктен, оларды кейде аман алып қалу мүмкін болмайды: «Кореялық мамандардың көмегін пайдалана отырып, заманауи медициналық құрал-жабдықтарды орнатамыз. Бұл кардиологиялық ауруларды ертең кезеңде-ақ анықтап, асқындыруға жол бермейді. Аурухананың басты мақсаты – аурулардың алдын алу. Кореядан берілетін медициналық көмек пен жаңа технологиялар арқылы аурудың белгілері мен түрін табу, асқынудан сақтау. Мәселен, қатерлі ісік дертінің 1-ші кезеңін емдеуге 150 мың теңге жұмсалатын болса, оның 3-4 кезеңін тойтаруға 20-30 млн. теңге көлемінде қаражат қажет екен. Осы себепті, клиника мамандарының мақсаты – ауруды тез анықтап, оған тиісті шара қолдану болмақ. Біз мемлекеттік квота мен қайырымдылық қорын ұйымдастыруды да жос­парлап отырмыз».

Кореядағы 1982 жылы іске қосылған «Седжон» ауруханасы адамдарға кешенді түрде жан-жақты қызмет көрсетуге негізделген. Бүгінгі таңда бұл медициналық мекеме – кәрістер жеріндегі жүрек-қан тамырлары жүйесін емдеуге маманданған жалғыз госпиталь. Бүкіл әлемге аты шыққан «Седжон» кардиологиялық орталығында жылына 1300-ге жуық күрделі ота, 4000-нан астам шағын ота жасалады. Сонымен, Қазақстан мен Корея арасында жасалған келісімге сәйкес, Sejong General Hospital («Седжон» госпиталі) мамандары қазақстандық әріптестеріне ІT-технологияларды меңгерте отырып, эксклюзивтік медициналық құралдарды Қазақстан аумағына бермек. Ғимарат құрылысын қолға алғандар кәрістердің басқару әдісін пайдалану, олардың жоғары білікті мамандары мен кеңес берушілерін тарту Ынтымақтағы ауруханаға алыс-жақын шет елдерден келетіндердің санын арттыра түседі деп жоспарлап отыр.

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Маралбек Мейір­бековтің мәлімдеуінше, Қазақстандағы халық­аралық деңгей­де салынған аурухана мен емха­налардағы қызмет көрсету сапасының жақ­саруы бірқатар күрделі де қиын оталарды өз елімізде жасауға мүмкіндік беруде: «Осыдан 4-5 жыл бұрын көптеген ауруларды емдеуге қауқарымыз жетпеген болса, қазір оның көбін өз елімізде емдеуге қол жеткіздік. Қазақстан мен Корея арасындағы бұл жоба екі елге де жемісін береді деген үміттемін». Салтанатты шара барысында Корея Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Хен Ын: «Седжон» ауруханасының көмегімен көптеген адам өмірін сақтап қалатынымызға сенімдімін. Жобаны жүзеге асырудағы мақсатымыз – денсаулықты сақтап, ғылыми зерттеулермен алмасу. Қазақстан дамыған ел. Жыл сайын оның медицинасы алға жылжуда. Кореядағы «Седжон» ауруханасы 30 жылдан бері жүрек ауруларын емдеуде үлкен жетістіктерге жетті. 2015 жылы Қазақстанда іске қосылатын халықаралық клиника дүниежүзілік деңгейде қызмет көрсетеді деген сенімдемін» деп мәлімдеді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары