ТҮЛЕКТЕР ТАБЫСҚАН КҮН

ТҮЛЕКТЕР ТАБЫСҚАН КҮН

ТҮЛЕКТЕР ТАБЫСҚАН КҮН
ашық дереккөзі
445

Мамыр айының соңғы сенбiсi химиктер күнi деп аталады. Биылғы жылы Қазақ Ұлттық университетiнiң химия факультетiнiң ұстаздары дәстүрлi мерекесiн ерекше атап өттi. Биыл бұл мерекеге 51 жыл толып отыр. Салтанатты шараға университеттiң 1962, 1972 және 1982 жылғы түлектерi де жиналып, бас қосты.

Бүгінде білдей ғылым докторлары, академиктері атанған түлектер байырғы студенттік шақтарын сағынышпен еске алды. Өткен жылдардың елесіндей болған студенттік шақ – әрбір түлек үшін қимастықпен еске алатын қымбат кезеңдер.

Химия мамандығын иемденіп, химия зерттеу институттарында қызмет атқарып жүрген білгір, білікті мамандарымыздың көбі осы университеттің түлегі. Елу бір жылдан бері осы факультетте қызмет атқарып келе жатқан академик, профессор Танашева Маруан апай: «Химиктер күнінің аталып келе жатқанына елу бір жыл болды. Бұл күні химиктер бір-бірімізді құттықтап, мәре-сәре болып қаламыз. Алғаш рет бұл күнді факультет деканы Батырбек Бірімжанов бекіткен еді. «Химик күні» деп белгілеп, Батырбек аға бәріміздің басымызды қосып еді. «Химиктердің өзі бір ру болып саналады» дейтін Батырбек Бірімжанов ағай. Алғашқы кездері факультеттегі ұстаздар ғана бас қосатын. Кейінірек, университетті бітіргендеріне бес, он, жиырма жыл болған түлектердің басын біріктіретін болдық. Батырбек Бірімжановтың ұлы Рүстем Бірімжанов та химик. Химиктер күні біз үшін үлкен мереке болып саналады», – дейді.

Академик Еділ Ерғожин оны «қазақ химия ғылымының атасы» деп баға берген екен. «Өйткені Батырбек Ахметұлы ұлттық химия ғылымындағы алғашқы ғалымдардың бірі ғана емес, бірегейі еді. Әлі есімде, университеттің алғашқы курстарында оқып жүрген мені Химия ғылымдары институтына жетелеп әкеліп, институттың сол кездегі директоры Әбікен Бектұровқа «Еділдің ендігі ғұмыры ғылымда, ғылым бұл жігіттен талай игілікті көреді» дегені күні бүгінге дейін құлағымда жаңғырып тұрғандай. Ол мені ғана емес, талай студентін «ғылымға бұрған» ұстаз еді. Мұндай ұстаз әр студентке бұйырмайтын бақыт. Өмірдің талай «нәубетін» көріп жүрсе де, бойындағы қанмен біткен ұлтжандылық, мейірімділік, қайырымдылық қасиеттерін сол қалпында сақтап, көптің игілігіне жарата білген мұндай тұлғаның шәкірті болу да ғанибет екен. Ол бізге әрдайым: «Ұстаз –мәуелі бәйтерек. Бәйтеректен толып жатқан бұтақтар нәр алып өсіп шығады, олардан жапырақтар өнеді. Сөйтіп, бәйтерек саялы болады. Ұстаз да сол бәйтерекке ұқсауы керек. Шәкірттеріңе әкедей қамқор болыңдар» деуші еді. Ол бұл сөзін «өсиет» ретінде айтып қана қоймай, сонымен бірге өз өмірінде жүзеге асырып кеткендіктен де біз оны өзімізге үлгі тұттық. Қазақ химия ғылымы бұл күндері алып бәйтерек секілді сан бұтақты, сан жапырақты бір әулет десек, оның алтын діңгегі осынау алып та аяулы ұстазым екені даусыз. Қазақстан химиктерінің басым көпшілігі сол діңгектен өріп шыққан бұтақтар мен жапырақтар» деген екен.

Сол күні жан-жақтағы химиктердің бәрі бас қосып, химия саласында қандай ғылыми ізденістер жасалып жатқандығы туралы ұсыныс-пікірлерін ортаға салады. Жағымды жаңалықтарымен бөліседі. 1962 жылы университет қабырғасынан түлеп ұшқан түлектердің алды бүгінде ақ шашты қарияға айналған. Ардагер апайлар мен ағалар ортаға шығып, өткен күндері туралы әдемі естеліктерін ортаға салды. Одан кейін университеттегі жылдары туралы слайд-шоудың куәсі болдық.

Университет бітіргендеріне отыз жыл толған түлектер де ортаға шығып, өз лебіздерін ортаға салды. Олардың арасында әр облыста химия зерттеу институтында қызмет атқарып жүргендері де аз емес. Солардың бірі – Төлеген Сейілханов. Химия ғылымдарының кандидаты Төлеген Сейілханов отыз жылдық мерейтойға келе алмағаны үшін өкінішін білдіріп, өзі қызмет атқаратын Ш.Уәлиханов атындағы ҚМУ-дан жүрекжарды лебізін жолдаған екен. Бейнетаспаға жазылып алынған ғалымның бұл тілегін курстастары жеткізді. 1982 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінен түлеп ұшқан бұл студенттер бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде қызмет атқарады. Олардың арасында білдей ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары бар. Ғылыми зерттеу институты басшылығы қызметінде отырғандары да жоқ емес. Тіпті, алыс қиырлардан ат арытып оқуға келген студенттің кейбірі шет елдерде тұрады. Сыртта жүрсе де, әлі күнге өздері білім алған ҚазМУ-дің қара шаңырағын ұмытқан емес. Оның бірі – Надежда Бочковская. Бүгінде Израильде тұратын білікті маман өзінің курстас­тарына деген ыстық сағынышын ғаламтор арқылы жолдапты.

1982 жылдың түлегі ҚазҰТУ-дің доценті Жәкірова Нұрбүбі: «Студенттік өмір деген – ізгі өмірдің бас жағы. Осылайша өтсе екен әр адамның жас шағы» – деген өлең жолдарының оралымдары жастық шағында студенттік өмірді бастан өткізген әр адам үшін көңілге қуаныш, сағыныш сезімін орнататын бір күйді бастан кешіреді. Біздің студенттік өміріміздің өткеніне 30 жыл болса да, сол бір шақты сағына еске аламыз. Жас шағымызды еске түсірген кездесуден түйгеніміз, біз бір- бірімізді сол 17 жастағы қалпымызда қабылдай алатынымыз бен бір бірімізге деген, «alma-mater» – қазақтың қара шаңырағы Қазақ Ұлттық Университетінің химия факультеті мен аяулы ұстаздарымызға деген шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Кеңес кезінің қаншама теріс жағын айтсақ та, біз білімнің сапалы, студенттердің білімге құштар кезінде КазГУ-де оқу бақытына ие болғанымызға еш өкінбейміз. Оған біздің өз салаларын да, басқа саланы да еркін игеріп, өмірде өз орнын тауып отырған курстас достарымыз куә. Географиясы да, биографиясы да әр алуан курстастарымыз дүние жүзінің қай нүктесінде жүрсе де, химиктер күнімен құттықтауды ұмытпайды. Өмірде жеткен жетістіктерімен бөлісуге, кездесуге асығады. Осы жолы да сондай бір кездесуге мұрындық болған Еркеш Батырбеков пен Қарлығаш, (екеуі де курстасымыз) Батырбек Бірімжанов секілді асылдың сынығы – Рүстем Бірімжанов пен ардақты профессор Ш.С.Ахметованың қызы – Жанна Сәрсенбаева, Қайрат Қадырбеков, т.б. курстастарымыз», – деген лебізін білдірді.

Бірімжанов сынды алып бәйтеректен тараған бұтақтар аяулы ұстаздарын бір сәт те жадынан шығарған жоқ. Қымбатты ұстаздары салған сара жолмен, қазақ химия ғылымына еңбек етіп келеді.

Салтанатты мерекенің соңы ән мен жырға ұласты. Студенттер ғана ән салған жоқ, факультет қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер де өз өнерлерін ортаға салды.

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары