Бейсенбі, 9 Ақпан, 2023

БІРГЕ ТАТЫП КЕЛЕМІЗ ӨМІР ДӘМІН

Қуанышбайдың атын қоспай мен әңгіме айта алмаймын. Айтқан күнде де әңгімемнің ажары кірмейді. Өйткені «Бір жас – бел құрдас» деген қазақтың ғұрпы бойынша, ол – менің бел құрдасым. Құрдастың сан түрі болады: санда бар да, санатта жоғы немесе санатта бар болса да, сыйластыққа жоғы кездесе береді. Құрдастықтың бағасын бағзы заманнан білген қазақ «құрдастың құны бір» дейді. Онысы – аса тәрбиелі сөз. Қаншама биік қызметте жүрсең де, байлыққа белшеңнен батсаң да, өзіңмен қарайлас туған адаммен құның тең деген сөз. Сондықтан онымен сыйласып өт деген сөз. Оның түп- төркіні құрдасыңды әрдайым түсініп, бір-біріңе сүйеу болып жүр дегенге саяды. Құрдастың құнын түсінбеген адам қаймене қазақтың қадірін тіпті білмейді.

Қуанышбай Арқаның арғы шетінен, мен Жетісудың шығыс бетінен келіп Алматыда жолықтық. Егер әдебиетке деген құштарлығымыз басымызды қоспаса, ол мені, мен оны білмей-ақ Алматыда өмір сүріп жатуымыз әбден мүмкін-ді. Бізді таныстырған – «Лениншіл жас». Кәзіргі «Жас Алаш» сәбет заманында солай аталатын. Кәрібай, Кәдірбек, Оралхан, Серік – бәрі сол гәзеттің дүркіреп тұрған кезінде бірге істеді. Және оның дүркіреп аты шығуына ең көп еңбек сіңірген топ солар болды. Кейін қатарларына Қарағандыдан Ақселеу келіп қосылды. Мен комсомолдың Орталық Кәмитетінде жастар мен балалар баспасөзін қадағалайтын қызметте болдым. Ортақ іс, ортақ ой-пікір бәрімізді тез ортақтастырып жіберді. Ол кездесуіміз өткен ғасырдың жетпісінші жылы болатын, содан бері қырық екі жыл өтіпті, бір адамның ғұмыры деген сол емес пе?

Біздің ол кездегі болмысымыз, білім мен білуге ұмтылған бағытымыз, қызметке деген құлшынысымыз, ана тілін сыйлауымыз бен білуіміз кәзіргі ұрпақтан өзгеше еді. «Ана тілін сақтау» аралында жүрген адамдар секілді едік. Кеңес үкіметі құлайды деп біз ойлағамыз жоқ. Бірақ қазақтың бірте-бірте тілі де, өзі де орыстың бауырына кіріп, сіңіп бара жатқанын білдік, өз ортамызда оны сөз қылмайтын күніміз болмайтын. Қазақтың өткен тарихын, өткен замандардағы салт-дәстүрін әрі сағынышпен, әрі мақтанышпен жиі айтып жоқтайтынбыз. Бірақ соның бәрін астарлап жазып, астарлап айтқаннан ары аспайтынбыз. Онымызды елдің азы аңғарғанмен, көбі түсінбейтін. Сәл ашығырақ кеткен жерімізді өз қатарларымыз-ақ аңдып отырып, айқай сап шыға келуі мүмкін екенін білетінбіз. Ондай қылықты біреу бақталастық дейді, біреу сатқындық дейді, қайсысы болса да, қазаққа пайда тигізбейтін әдет еді, әйтеуір. Заң ол кезде де әділ жазылатын еді, бірақ оның іс жүзінде орындалуы басқаша болатын. Сондықтан біз көп жағдайға сол әділ заңды бұзушылар кінәлі деп түсінетінбіз. Орыстар көптігін жасап, азшылықтың аузын жабуға тырысуда деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, заңның өзі де олардың көпшілік екенін есептей отырып жазылған екен ғой. Саясат дегеннің сұрқиялығын сезу үшін, біз де көзімізді ашатын саясат оқуымыз керек екенін онша біле бермедік. Күдікпен, сезікпен күн кештік. Біздің сәбет үкіметіне деген сезіміміз бен сенімімізді шайқалтқан –Желтоқсан көтерілісі. Содан кейін-ақ жедел есейдік, бұрын бұғынып айтатын пікірімізді енді өз ортамызда ашық айта бастадық. Біз отырған жерден қашып кететіндер шыға бастады. Сөйтіп жүргенде, теріс пікірдегілерді үш әріптегілер тізімдеп жатыр екен деген қәуесет құлағымызға тиді. Ол тізімнің басында Ақселеу тұр екен деп естідік. Маған біреулер сіз он тоғызыншы болып тұрсыз деді. Ондай тізімнің болғанын, сол бойынша отыз жетінші жылдың қасіреті тағы қайталануы мүмкін екенін, алайда соны бас­тап жіберуге әзірленген мақалаға Ерғали Сағат бауырымыз қол қоймай қойып, олардың ойын жүзеге асырмай тастағанын Ақселеудің жылын беріп жатқан кезде бір ініміз жұртқа жайып салды. Желтоқсаннан кейінгі жағдай белгілі ғой: тәуелсіздікке ұмтылған одақтас республикалар бірінен кейін бірі қарсылық көрсете бастады да, бізді қудаламақ болған үкімет өзі қорғануға мәжбүр болды. Біздер өзіміз үшін атақ-абыройдың ең үлкені еліміздің тәуелсіздігін көргеніміз деп түсінеміз. Біз атақ-абырой сұрағаннан гөрі, қолымыздан келсе, еліміз­дің атақ-абыройы үшін әлі де бірдеме істегіміз келіп тұрады. Сол қанағатшыл, тәубәшіл ниетіміздің үнемі ең басында Қуанышбай ұйтқы болып тұрады. Және, әңгіменің шыны керек, Кеңес үкіметін бізге беталбатты жамандата да бермейді. «Жетімдерді жетілдіргені рас қой», – деп, бізді сөзден тосады. Ненің де болса тек әділдігін айтқысы келіп тұрады. Біз оны сонысы үшін сыйлаймыз. Өйткені қазаққа қай заманда да әділдік жетіспеген ғой. «Өткенді, кеткенді жамандап кәйтесіңдер, жақсы екендеріңді біліммен, мәдениетпен көрсетіңдер», – дейді.

Қуанышбай – адамдармен көп араласатын, орта алаламайтын адам. Оны ағалары­ның қасынан да, інілерінің жанынан да жиі көруге болады. Ол – оның құдай берген мінезі, кісіге жұғымдылығы. Басқамыз оған ұқсай бермейміз.

Ол – шын мәніндегі жақсы жұрналшы. Адамға да, заманға да, шындыққа да қиянат жасамай жазуға ұмтылады. Онысы – әрі әділдік, әрі мәдениеттілік. Әркім өз танымын, өз түсінігін жазуы керек, біреудің ырқында кетпеуі керек деп ұғады. Бұл қағиданы басшылыққа алмайтын жұрналшы кәзір Қуанышбайдың шашынан көп, өкінішке қарай. Білмейтін нәрсесін біліп тұрғанша бөсетін жұрналшыларға енді Қуанышбай бөгет бола алмайды.

Жұрналшылығынан гөрі Қуанышбай – ақын. Жұрналшылық – қызметі, ал ақындық – оның қасиеті. Ақын ретінде ол аса атақты да емес, тым атақсыз да емес. Өзінің тәубәшіл биігінде. Өмірде өзі өтірік айтпайтын адам шығармасында да жалғандыққа бармайды. Оның өмірлік көзқарасы, жан дүниесі өз-өзінен өлеңнің шындығына айналып жатады. Адамдық болмыс деген – сол. Оның өлеңдері – өз болмысының қағазға түскен түрі.

– Жетікөл, сенде туып, өсіп едім,

Жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп едім.

Өзіңде өлең жолын ұйқастырып,

Ақындай атағы зор бөсіп едім, – депті ол алғашқы өлеңінің бірінде. Рас айтады, бәріміз де дәл Қуанышбайша бөскеміз кезінде. Әрине, ол мақтаншақтық емес, туған жерге деген мақтаныштың буы. Ондай будың шарпуын сезіп, құндағына бөленбеген адам өнерге келмейді. Өйткені адамды өнерге сүйіспендік сезімі ғана жетелейді. Ал кез келген адамның алғашқы сүйіспендігі ата-ана мен туған жерге оянады. Сондықтан да ақын Қуанышбайдың алғашқы өлеңдері ата-анасы, туған-туысы мен туған жер, туған ауылына арналады. Ол әдейі тақырып қумайды, тек өзінің жүрегін тербеткен, көңілі мен ойын баураған жәйттерді ғана жыр етеді. Көбіміз мән бермеген, өлең арнамақ тұрмақ, көз қырын да салмай өте шығатын «Ескі үйлерге» оның өлең арнауы осыны аңғартады.

– Қанша кісі туды, өсті, жетілді,

Небір ойлы, небір сырлы, не тілді.

Шежіресі сан ұрпақтың жазылған

Көне үйлер көне кітәп секілді,–

дейді Қуанышбай. Солайы солай екен-ау дейсің мұны оқығанда. Әлденені дәл суреттеу­мен қатар, әр сәтте әртүрлі құбылатын адам сезімін де ол дәл бейнелейді:

– Толқындар бірі үстіне бірі шығып,

Кезекпен бірі құлап, бірі жығып,

Жатқанда жел қайықта мен отырмын –

«Осыдан кетсем-ау, – деп, – тірі шығып!»

Сөз жоқ, пенденің шынайы жағдайын көз алдыңа әкелетін қылық. Басқаны қайдам, мен бұдан Қуанышбайдың дәл өзін көрем. Қыздан ұялғанынан қайыққа амалсыз мінген ол, қайықты жел шайқаған кезде, малту білмегендіктен, дәл солай қорықпағанда кәйтсін-ау?!

Пенде демекші, оның «Пенделік пердесі» дейтін өлеңі бар. Онда ол көп адам айта бермейтін, қайта бүркемелеуге ұмтылатын ақиқаттың бетін аша сөйлейді:

– Қуаныштан өмірдің мұңы басым,

Бастан кешсең, бәрін де ұғынасың.

Әлдекімнің көңілін жықпаймын деп,

Шындықтан да кей-кейде бұғынасың.

…Ойға аласың өткенді, қамығасың,

Жастығыңды оралмас сағынасың.

Жейтін шақта ел қамын пенделікпен

Біреулерге бас ұрып жағынасың.

Рас қой? Ақын Қуанышбайдан осындай ақыл Қуанышбайды көргенде, өзің де қуанасың. «Той қуғаннан ой қуған озар түбі» деп, өзі айтпақшы, Қуанышбайдың озар тұсы да өстіп ой айта білетіндігі мен ой түйе білетіндігі. Оның суреткерлігі де бір басына жетіп артылады. Көрініс пен сезіністі әдемі шендестіреді. Оған көз жеткізу үшін, мына шумақтарға көңіл аударыңыз:

– Үлпілдек, аппақ тұр бақбақ,

Қып-қызыл маңай гүл қаптап.

Қып-қызыл шоқты басардай,

Баса алмай тұрмын қырға аттап.

Аяқ басуға аяйтын мұндай гүлді қыр, құдайға шүкір, қазақ даласында қыруар. Өз ауылыңды танып тұрғандай әсер аласың.

– Бүлдірген қыз бетіндей албыраған,

Тоғайда қызыл шие балбыраған.

Қарақат секілді бір жұлдыздар тұр

Бұлттардың бұтағында салбыраған.

Қарақат пен қызылқат секілді салбыраған жұлдызды қырда өскен қазақ баласынан басқа кім бұлай өлеңге қоссын-ау?! Бұл сурет әсіресе күн батып бара жатқанда ғажап құбылмаушы ма еді?! Қуанышбайдың өлеңі Оралханның Алтайын да айнытпай алдыңа әкеліп қояды:

– Ғажайып тыныштыққа құлақ тұнып,

Айнала алақтаймыз кереңдейін, – дейді. Шөп шықпаған алақандай жері табылмайтын таңғажайып Алтайды алғаш көргенде, бәріміз де керең кісіге ұқсап мәңгі­ріп қалғанбыз. Сол кереметті екі ауыз сөз­бен елестеткен Қуанышбайға қалай риза болмас­сың?! Табиғаттың бітімін Оралхан досының тағ­дырына әкеліп тоғыстырғаны тіптен тамаша!

– Шатқалдың үлкен жолдан бұрысын-ай,

Қызғанған сұлулықты ұрысын-ай.

Жарасқан жалғыздығы ескерткіштей,

Тас жарған ақ қайыңның тұрысын-ай!

… Тағдырлас осы қайың, досым, саған,

Топ қыздың өскен жалғыз ортасында.

Қуанышбайдың Алтайға деген ықыласында бүгінгі қазақтың бүкіл ата-бабасына деген ықыласы жатқандай:

– Айбын бар алабөтен туысында,

Ешқашан жығылмаған туы сында.

Ерлері ертегінің сияқты бір

Ғаламды ұстап тұрған уысында.

Оның «Мұзтауын» оқығанда, шынында да, мұздап кеткендей сезінесің:

– Ұшар басы көкте күнмен астасқан,

Үсті түгіл, Мұзтауыңның асты – аспан.

Түнереді, түксиеді жаратпай,

Жер әлемге дұшпан сынды қастасқан.

Жерден гөрі сен ғарышқа жуықсың,

Мұз жамылып, бұлт-орамал буыпсың.

Көрген сәтте дір еткізер жүректі,

Қара жерден, тастан бетер суықсың.

Ол осыдан отыз жыл бұрын «Құрдастарға» деген өлең жазыпты.

– Дауылға да килігіп небір тосын,

Бастап алға келеміз өмір көшін.

Қара бастың күйттемей тыныштығын,

Тапсақ дедік ел-жұрттың көңіл хошын, –

деп, «ер мұраты – ел үшін еңбек ету» екенін сол кезде-ақ өлеңге қосыпты. Алайда ол да кейде күңгірт ойдың жетегінде қалып, жалғызсыраған екен:

– Уақыт па, біздер ме әлде, әккі кім?

Жастық шақтың жоғалттық-ау пәктігін.

Қасқыр пыйғыл, түлкі үміт пе кінәлі,

Қалды қайда сәби мінез, тәтті күн?..

Дос үйіне шақырусыз кірмейміз,

Пенде емес, көктен түскен пірдейміз.

Асып-тасар түгіміз жоқ тындырған,

Ел алдында борыштымыз бірдей біз…

Ескі достар біздің үйге соқпайды,

Жанға батар менде басқа жоқ қайғы.

Қалта жұқа, көңіл жомарт күндерді

Осындайда жүрек шіркін жоқтайды, –

депті ол «Ескі достарға» деген өлеңінде.Өз уайымын айтып отырып, біздің де уайымымызды қозғапты. Бұл – ауылдан қалаға келген бәріміздің де басымыздан өткен тіршілік, қазақы өмірге қабыса бермейтін қылық.

Сезімді бейнелей алмаған адамды қазақ ақын санамайды. Қуанышбай – бұл жағынан құдайға шүкір.

«Тау бұлағы бұлқынады дірілдеп,

Жігіт сүйген тұңғыш рет қыздайын», –

дейді өзінің өмір тәжірибесінен өлең жазып, дәл ой түйіп.

«Көлеңкесі жазда жанды баураған,

Көк терек те кісідей бір жаураған.

Тұр қалшыйып жар басында ақ қайың,

Адам сынды бейне балық аулаған».

«Күз бен көңіл» өлеңіндегі осындай суреттер оның жақсы ақын екенін еріксіз мойындатады. Оның шынында да жақсы ақын екенін оқырманға дәлелмен анықтап беру үшін, бүкіл өлең жинақтарын куәге тарту керек болар еді. Әйткенмен теңіздің дәмін тамшысынан да байқауға болады ғой. Мен сол тамшыны оқырманның таңдайына татырдым деп ойлаймын.

Қуанышбайдың «Бәрі біздің жадымызда» дейтін жалғыз дастаны бар. Ол – біз сияқты замандастары бастан кешкен ортақ дәуірдің саяси-көркем сыйпаттамасы. Ал осыдан он жыл бұрын шығарған «Қоңыр күз күмбірі» атты кітәбінің «Жас дәурен» аталатын бүкіл бір бөлімі – оның сүйіспендікті жырлаған лирикалары. «Егерде сені сүймесем» деген өлеңнен бастағанына қарағанда, есейген шақтағы махабат жырларына ұқсайды.

«Бұрылыс, мүйістерде,

Қыз-жігіт сүйіскенде,

Екі бас түйіскенде,

Мен сені еске аламын», –

дегені осы ойыма куә секілді. Бұл бөлімдегі өлеңдер оның әлі жанының қар-таймағанын көрсетеді. Жақсы адамның, оның ішінде жақсы ақынның жаны қартаймауы тиіс деп ойлаймын.

Қуанышбайдың көбімізден бір артықшылығы көп оқиды. Кітапқұмар. Және кітапжыйғыш. Ол бізге көбінесе кітап сыйлайды. Өз басым одан талай кітапты сұрап алып оқыдым. Бір жақсысы, ақшаға сараң болса да, кітапқа сараңдығы жоқ, сұрағаныңды беріп тұрады. Көп оқыған адам, сөз жоқ, көп біледі. Ол сондықтан тарих жайында да, өнер мен ғылым жайында да кіммен болсын терезесі тең пікірлесе алады. Бұл – оның бір ерекшелігі.

Оның тағы бір ерекшелігі – пікір айтқыш. Жазғанымызға ол пікір білдірмейінше, жанымыз жай таппайды. Ол пікір айтқан соң барып бойымызға сенім оралады. Бізге оның ең қажет жері – осы: оқығыштығы мен айтқыштығы.Ол – шығармаларымыздың халыққа қарай қадам жасайтын тұңғыш табалдырығы. «Табалдырықтан биік тау жоқ» дейді ғой қазақ, біз үшін Қуаныш­байдан биік оқырман жоқ. Мен өзім соған әбден дағдыланғанмын, жазғаныма қашан Қуанышбай пікір білдірмейінше, жаным жай тапқан емес, елеңдеп күтемін де жүремін. Оның бұл қылығы – біздің құтымыз. Оның айтуы бойынша жөнде-ген, өңдеген шығар­маларымды есепке алған болсам, ол менен қыруар қаламақы өндіріп алған болар еді.

Көп оқығыштығы мен пікір айтқыштығы­ның арқасында ол ысылған сыншы болып алды. Және өте елгезек сыншы болды. Шерхан мен Сейдахмет сықылды шоң ағаларының, Мұқағали, Тұманбай, Қадыр, Сәкен Иманасов, Қоғабай секілді тете ағаларының, Күләш Ахметова, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Кәрібай Ахметбеков, Кәдірбек Сегізбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Серік Әбдірайымов сынды замандастарының, Кеңшілік, Серікбай Оспанов, Серік Тұрғынбеков қатарлы інілерінің шығармасын талдаған сыни мақалалары – Қуанышбайдың өнімді еңбегінің бір парасы. Әрі адал пікір айтатын адам екенінің нағыз айғағы.

Ешкімге жамандық ойламайтын, жасамайтын, өзі ұнатқан шығармаға тез арада пікір білдіріп жанталасып жүретін Қуа­ныш­бай әдебиеттің де құты. Өйткені әдебиет­тің ажарын, берекесін кіргізетін – ол жазып жүрген жедел, елгезек пікірлер. Пікір­сіз қалған әдебиет бірте-бірте өлі әде­биетке айналады. Сондықтан әдебиеттің тамырына қан жүгіртуге атсалысып жүрген Қуа­нышбайдың еңбегі – елеулі еңбек. Сондай елеу­лі еңбек етіп келе жатқан оған: «Жетпіс жасың құтты болсын, кәрия!»– деймін шын жүректен.

Бексұлтан

НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button