«ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ — ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ»

«ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ — ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ»

«ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ —  ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ»
ашық дереккөзі

ҚР Ұлттық кiтапханасының кiтап қоры тағы бiр асыл қазынамен толықты. Кiтапхана қорына қосылған бұл жолғы еңбек – ҚР Мәдениет қайраткерi, ҚР Президент сыйлығының лауреаты, мемлекеттiк «Дарын» жастар сыйлығының иегерi Болатбек Төлепбергеннiң «Ұлттық идея – тәуелсiздiк тұғыры» атты туындысы.

Еңбек жолын «Жас Алаш» газетiнен бастаған Болатбек Төлепбергеннiң бүгiнге дейiн 20 кiтабы жарық көрген. Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына арналған «Желтоқсан-86» деп аталатын 10 томдық естелiктер, құжаттар, мақалалар жинағының құрастырушы авторларының бiрi.Сондай-ақ, «Желтоқсан қарлығаштары», «Тауқымет пен тағзым» сынды кiтаптармен қатар «Сүйiктi менiң Отаным» және «Тәуелсiздiк бесiгiн тербеткен» атты деректi фильмдердiң де авторы.

Ұлт жанашыры Болатбек Төлепбергеннiң оқырманға ұсынған кезектi тың дүниесiнде қазақтың ұлттық идеясының қалыптасуы мен дамуы ел тәуелсiздiгiнiң тұғыры әрi алғышарттарының бiрi ретiнде қарастырылады. Еңбек «Ұлттық идея феноменiнiң теориялық-әдiснамалық және рухани қырлары» және «Қазiргi Қазақстандық қоғамды топтастырудағы ұлттық идеяның рөлi мен қызметi» атты бөлiмдерден тұрады. Қазақстандағы ұлттық идеяның рухани-адамгершiлiк негiздерi мәселесi әлеуметтiк-философиялық бiлiм тұрғысынан талданып, қазақ ұлттық идеясының тарихи-рухани қалыптасуы мен оның мазмұны болмыстық, рухани, этникалық және әлеуметтiк қырынан зерттелiптi. Автор еңбектiң жарыққа шығуы үшiн талай тер төккен. Бұл оның ұзақ жылдар бойғы ғылыми iзденiсiнiң жемiсi.

Алайда кiтаптың таралымы мың дана ғана. Осы тұрғыда автордың ұстазы, филология ғылымдарының докторы У. Қалижан: «Алдағы уақытта кiтаптың таралымын арттыру қажет. Сонда ғана бұл кiтап барша қазақ жұртына қолжетiмдi болмақ. Аталған еңбектi ең алдымен жас ұрпаққа таныстыру қажет. Мектептер мен жоғары оқу орындарында кездесу ұйымдастырып, автордың еңбегiн жас­тар арасында насихаттау керек», – дедi.

Әсел ӘНУАРБЕК,

ҚазҰУ-нiң студентi