ЖЕҢIСТI ҚАЗАҚТАР ДА ЖЫРЛАҒАН

ЖЕҢIСТI ҚАЗАҚТАР ДА ЖЫРЛАҒАН

ЖЕҢIСТI ҚАЗАҚТАР ДА ЖЫРЛАҒАН
ашық дереккөзі

Ән сөздерiнiң барлығы жәй сөздер емес, ол сөздер бiздiң Отанымыздың, армиямыздың тарихы болатын. Ол сөздерде халық жүрегiнiң қасиеттi патриотизмi жатқан-ды. Сол патриотизмнiң арқасында Отанға опасыздықпен шабуыл жасаған немiс фашистерiн күл-талқан етiп жеңiп шықтық.

Бауыржан Момышұлы

Басқа зорлық-зомбылықты ұсақ-түйек деп есептегеннің өзінде қазақтар өткен ғасырда екі дүниежүзілік соғыстың тауқыметін көрді. Ақ патша тұсында, кейін кеңес заманында бастан өткерген қиямет-қайым, шынында, аз болған жоқ.

1907–1912 жылдарда Ресей үкіметі өлкенің 40 млн. десятина жерін тартып алып, қазақтарды шөлейтті, далалық аймақтарға ығыстырып жіберді. Соғыс басталысымен олардан алынатын салық көлемін 10–15 есе көбейтіп, халықтың ашу-ызасын туғызды. 1916 жылдың 25 маусымындағы «Ресейдің бұратана халықтарын майдандағы тыл жұмыстарына алу туралы» жарлық Алаш жұртының патша әкімшілігіне қарсы қарулы көтеріліске шығуына түрткі болды. Өзге елдің мүддесі үшін қазақтар құрбан болғысы келмеді.

Коммунистік идеологияның ықпалымен 1941–1945 жылғы неміс-герман шайқасын Ұлы Отан соғысы деп жүрміз. Ақиқаты солай ма еді десек, бұған күмән келтіріп жүргендер бар. Бұл – біздің соғыс емес. Империялар майданы. Диктаторлар қақтығысы. Бір жағында Гитлер, екінші жағында – Сталин. Кеңестік тоталитарлық жүйе мен фашистік жүйе арасындағы талас-тартыс дейді енді біреулер. Ал ұлттық сипатын сөз етсеңіз, оны майдан даласында қырқысқан екі елдің негізгі халықтары – неміс пен орыстың – әрқайсысының «мен үстемдік құрамын» деген негізгі мақсат-мүдде үшін жанталасқан көрінісі деп түсіндіреді. Комсомол-партия ұйымдарының тәлім-тәрбиесін көрген кәрі-жастар өздері сұранып майданға кетіп жатты. Бірақ жалпы қазақ халқы соғыс өртін бұл жолы да қаламағаны рас.

Бұл күндері тәуелсіз елімізде күні кешегі кеңес-герман текетіресінің сипаты, мән-маңызы, тарих төріндегі орны туралы осындай сан алуан пікір айтылып жүр. Ондай жағдай бұрын да болған. Бірақ компартия басшылығы көзқарасын, ресми бағытын анықтап алған соң белгіленген шеңберден бір сүйем оңға-солға бұрылуға жол берілмейтін, келіспеушілік бола қалса әрі кеткенде әлде біреудің жеке ой топшылауы тұрғысында есептеліп, көбінесе айтылған жерінде қалатын.

Біз, қырқыншы жылдың басында туған азаматтар, майдан шебінде болғамыз жоқ. Бірақ әкелеріміз, аталарымыз соғысқа барды, жарақат алып, мүгедек болып елге оралды. Соның зардабынан өмірден ерте озып та жатыр. Майданда қаза тапқандар, хабарсыз кетіп, мүлде жоғалғандар да аз емес. Тұтқынға түсіп, неміс лагерінің азабын көріп, сол үшін елге келген соң қайта абақтыға жабылып, итжеккенге жіберілген ағайын-туыстар да жеткілікті.

Осыған орай белгілі тарихшы профессор Мәмбет Қойгелдінiң ой-өріміне назар аударайық. Ол былай дейді: «Қазақ сияқты халықтардың осы империялық қақтығыста көздеген мақсат-мүддесі жоқ болатын, сон­дық­тан бұл біздің соғыс емес» деген пікірлер әлі жиі айтылады. Осыған байланысты не айтуымыз керек? Маман, тарихшы ретінде олай деуге қақымыз жоқ. Өйткені ол соғыс біздің соғыс болды, оған біздің әкелеріміз, аталарымыз қатысты. Ұлы Отан соғысы адамзат тарихындағы үлкен кезең. Сол үлкен кезең­ді сол кездегі кісілердің ұстанымына сай қорыту процесі ылғи жүріп отырды. Көптеген мәселелер анықталды. Ол – тарихи процесс. Сондықтан Ұлы Отан соғысына байланысты әртүрлі көзқарастың болуынан қорықпау керек. Оған үрке қараудың да қажеті шамалы. Ол әсіресе, соғыстың біздің тарихымыз­да алатын орнын қорыту процесі дегеннен шыға­ды. Меніңше, пікір біреу-ақ болуға тиісті емес. Ол күрделі құбылыс, күрделі оқиға, күрделі кезең. Осыған байланысты әртүрлі көзқарастардың, пікірлердің болуы мүмкін. Ол заңды, солай деп қабылдау керек» («Қазақ әдебиеті», №13, 2-8 сәуір 2010 жыл).

* * *

Ел басына күн туып, оның болашағына қауіп төне бастаған кезде бүкіл кеңес халқымен бірге қазақ жұрты да тас-түйін жұмылып, майдан үшін қызмет етті. Мәселен халық ақындары жұртты басқыншы жауға қарсылық білдіріп, өшпенділікке тәрбиелеуге, майдан батырларының ерлігін жырлауға белсене кірісті. Отан соғысының басталуы жыр толғауға шақырды. Халық ақындары алғашқы күннен бастап ұран, үндеу, арнау өлеңдерімен ер-әйел, үлкен-кішінің бәрін Отанды қорғауға насихаттады. Олардың бұқараны жеңіске жұмылдырудағы тиімді қызметі, өздері шығарған өлең-жырлары қиын-қыстау кездегі ел арасындағы пәрменді үгітшілік жұмысты күшейте түсті.

Соғыс басталысымен-ақ июнь айының соңына дейінгі он күн ішінде Атырау, Қы­зылорда, Қарағанды, Семей қалаларында халық ақындарының облысаралық жиындары өтіп, жаңа қоғамдық-саяси хал-ахуал туындауына байланысты алда атқарылатын шығармашылық істер талқыланды.Ақындар жалынды еңбегімен жауды жеңуге қызмет ететіндіктерін білдірді. Қатысу­шылардың атынан өлеңмен жазылған үндеу-хаттар қабылданды. Ақындар мәслихаттан шығысымен аудандарды аралап, үгіт-жыр айтуға кірісіп кетті. Олардың патриоттық өлең-жырлары аудандық, облыстық газеттерде жарияланды, жиналыстарда оқылды, сахнада орындалды. Соғыстың алғашқы үш айында ақындар шығарған өлеңдерінен «Халық қаһары» жинағы құрастырылып, онда Жамбылдың, Нұрпейістің, Шашубайдың, Омардың, Нұрлыбектің, Кененнің, Естайдың, Қуаттың, Айманкүлдің, Жақсыбайдың, Саяділ­дің, Орынбайдың, Иманжанның, Төлеубай­дың, тағы басқа ақындардың жырлары жарияланды. «Қаһарлы сөз қамал бұзады» деген Отан қорғау туралы мақал-мәтелдер мен тақпақ сөздердің жинағы жарық көрді.

Біраз талант иелері (С.Керімбеков, Х.До­­сай­баев, Н.Қанатбаев, М.Құлмырзаев, Ш.Сейітов, М.Жүсіпов, Қ.Қаратаев, Ә.Егіз­баев, Н.Молдыбаев т. б.) өздері сұранып майданға аттанды. Тылда қалғандары өнерімен жеңіске үлес қосты. Н.Бекежанов, К.Әзірбаев, М.Тырбаев, Е.Беркімбаев, О.Тайманов, А.Жексенбаев, Ж.Жантөбетов, Ә.Сариев, Ш.Қошқарбаев үгіт-насихат бригадаларын ұйымдастырып, өндіріс орындарын, колхоз-совхоздарды аралап, тыл еңбеккерлеріне мәдени қызмет көрсетті.

Тылда атқарылған іс-шаралар, Сталинград шайқасы, Москваны қорғау, Днепрден өту, Кавказды, Украинаны, Белоруссияны азат ету сияқты өзекті оқиғалар өлең өрнегіне түсті. Майдангерлерге жылы киім жіберіп, танк колонналарын жасауға қаржы жинау науқаны кезінде ақындардың еңбекшілер арасында жүргізген үгіті өте тиімді болды. К. Әзірбаев пен О. Шипин тылдан сәлемдеме апарған делегация құрамында майданға барып қайтты.

Халық ақындары майдан үшін, жеңіс үшін тыл еңбеккерлерін қажырлы еңбекке шақырды, жауынгерлерге арнап отты өлең-жырлар шығарды. Олар майдан газеттерінде жарияланып тұрды. Майдан ерлерінің қаһармандығын, тыл еңбекшілерінің жанкешті тірлігін суреттеген толғау-жырлар пайда болды: Әбдіғали – «Капитан Гастелло», Нұрпейіс – «Ер Талалихин», Жамбыл «Ленинградтық өрендерім» атты тамаша жыр-сәлемін жолдады. Жәкең туындысы М. Тарловскийдің аудармасымен плакат болып, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) көшелерінде ілулі тұрды, радиодан бірнеше рет оқылды. Оның қала қорғаушыларына әсері зор болды. 1943 жылдың көктемінде майдан жауынгерлерінің хатына жауап ретінде шығарған «Жүз жасаған жүректен» атты арнау жырын да жауынгерлер жанқалтасына салып жүріп оқыды.

Халық ақындары арнау, толғау жырларымен қатар эпикалық дастандар да шығарды. Нұрпейіс 28 панфиловшылардың бірі Нарсұтбай Есболатов («Ер туралы жыр») пен Төлеген Тоқтаровқа («Жиырма бес») арнаған дастандарын шығарды. Нұрлыбек те оны («Ер Төлеген») жырға қосты.Қ.Жапсарбаевтың Москваны қорғаған 28 батырдың бірі «Мұсабек Сегірбаев» туралы дастаны жарық көрді. А. Белгібаевтің «Сейітқасым батыр», «Темірбек батыр» деген дастандары да Кеңес Одағының Батыры атанған жауынгерлердің ерлігіне арналды. Ақындар бұл дастандарды ел арасында айтып жүрді. Сол жылы көктемде Қарағандыда, Атырауда кәсіпорын, өндірісаралық ақындар айтысы өтті. Кейін бұл бастама басқа облыс­тарда да қолдау тапты.

1943 жылдың желтоқсанында Алматыда ақындардың республикалық айтысы болды. Осыдан кейін жыл сайын жарысушы аудандардың, облыстардың арасында ақындар айтысы өткізіліп тұрды. Облыса­ралық айтыстар 1943-1944 жылдары жеке кітап­ша болып басылды. Майдандық газеттер жауынгерлердің творчествосына кеңінен орын берді.

Рамазан Елебаев, Смағұл Көшекбаев тә­різді жауынгер композиторлар майдан ансамльдеріне жетекшілік ете жүріп, өздері шығарған әндерге өлең мәтінін жазды. Майданда авторы белгісіз ән өлеңдері, мақал-мәтел, нақыл сөздер де көп тарады. Соғыс жылдары қазақ поэзиясы үшін айрықша кезең болды. Бұл сұрапыл уақыт ақындардың шынайы патриоттық сезімін күшейтіп, шы­ғармашылық қабілетін тасқындата түсті. Жауға деген ыза-кек, отаншылдық биік рух жүректің сонау түпкірінен шыққан жалынды жырмен өрнектеліп жатты.

* * *Осыдан алты-жеті жыл бұрын еліміздің білім және ғылым министрлігімен бірігіп Л. Н. Гумилев атындағы Ұлттық университет Жеңістің кезекті мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция өткізді. Осы жиында бір кезде бізге КазГУ-де тарихтан дәріс оқыған соғыс ардагері, ғалым, профессор Шағила Құсанова апамыз естелік айтып, қазақ халқының герман фашизмінің күйреуіне қосқан үлесі жөнінде әңгіме қозғады. Сөз арасында белгілі ұстаз ақмолалық мұғалім-тарихшы Есенбаев Ғайсаның (оны Қисан деп те атайды – А. К.) майданда ерлік жасағанымен қоймай, «Есіл – өзен» деген өлең шығарғандығын, ал оның қазақ сарбаздарының ән-ұранына айналғанын атап өтті. Әрмән қарай ғалым апамыз осы туындыдан шағын үзінді келтірді де «батырлығы, ержүректілігі, қайсарлығы, ерлігіне қоса қазақ халқының ұлттық санасының өшпес өнеге-ақындығы осы шумақтардан-ақ байқалады», – деді.

Осыған орай «Сарыарқа» журналында (№2, 1995) жарық көрген нота жазбалары мен жарияланған суретке назар аударған абзал. Одан дөңгелек биік үстел басына жайғасқан үш адамды көресіз. Суреттің астына әнді нотаға түсірген әуесқой композитор Е. Иманбаев, «Есіл – өзен» өлеңінің авторы Ғ. Есенбаев, ал сол жақ шеттегі адам осы әңді мақамдап орындаушы, бұрынғы Ақмола театрының әртісі (1954 жылға дейін) Ж. Қалиев, қазір Көкшетау қаласында тұрады деп түсініктеме берілген.

Әрине, сол уақытта Ақмола баспаханасы шығарған өнімнің қандай екені белгілі. Сурет әдемі, әсем емес. Сапасы нашар. Қара-ақ. Солай болса да үстел басына жайғасқан кісілердің түсін жобалап, аңғаруға болады. Ортадағы көзәйнек киген негізгі кейіпкер – Ғайса Есенбаев. Көйлегі ақ, галстук таққан. Кеудесіндегі орден планкасынан мемлекеттің сый-құрметіне бөленіп, біраз марапатты еншілегенін байқайсыз. Ал оң жақта қолына домбыра ұстап, ән шырқап отырған адамның (Ж. Қалиев) омырауы да толған орден-медальдар. Егде тартқан осы екеуіне сүйсіне қарап қалған өзіміздің кәсіпқой журналист, әуесқой композитор ініміз – Ескермес Иманбаев.

Өлең мәтініне тереңірек үңілсеңіз автордың жеке басы, өмір туралы ой-толғамынан хабар аласыз. Туған елін, өскен жерін артқа тастап, қан майданға аттанып барады. Өткен күнді, болашақ атар таңды ой елегінен өткізеді. Елімен, жерімен, ағайын-туыстарымен қоштасады.

Есіл-өзен, Қараөткелдің қаласы,

Таныс жердің сайы менен саласы,

Туған қала, өскен жерім қош-сау бол,

Шақырады мені майдан даласы.

Міне бүгін қағаз-қалам қолға алып,

Бір-екі ауыз сөз жазамын толғанып.

Ұзақ сапар, ауыр жолға жүрерде

Өткен күнді, болашақты ойға алып.

23 жыл, бұдан бұрын, бұл жерде

Мен келіппін көзімді ашып, дүниеге.

Содан бері сан қалдырып, сан қайттым

Қараөткелдей туып-өскен жеріме.

Қазақ «тумақ барда өлмек бар» деген. Ал ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі. Тағдырдың не жазғанын көре жатармыз. Ақын алыс күнге жете алмай қалуым да мүмкін деп налиды, күйзеледі.Мүмкін тағы айналып келермін,

Сүйікті ел, сенің бейнең көрермін.

Не жете алмай ондай күнге алыста

Тағдыр жетсе жау оғынан өлермін.

Дәл тиген оқ су ағызып қанымды,

Ауыр жара қинағанда жанымды,

Сендер елде, мен алыста достарым,

Кім түсініп, кім біледі халімді.

Көрер адам өмірдің не салғанын,

Туған қала батады артта қалғаның.

Мені ұмытпай жылы сөзбен еске алсаң,

Сол болады әдейі іздеп барғаның.

Өлімнен, қауіп-қатерден қорықпайтын жан бар ма? Олай болса, ақынның кейбір «жаман» ойларын түсіністікпен қабылдаймыз. Өйткені ол болашаққа сенеді, Отан үшін, ел үшін от пен суға түсуден қашпайды, ел-жұрт­тың сенімін ақтауға дайын екендігін паш етеді.

Қош болыңдар аға-іні, дос-құрдас,

Сүйікті жар, құрмет тұтқан қарындас.

Отан үшін не көрсем де ризамын,

Бірақ маған сіздердей дос табылмас.

Қош бол Есіл, қош-аман бол, Қараөткел!

Алдымда тұр талай ауыр, тар өткел.

Өзің туып еркелеткен ұлыңа

Қан майданда қажымайтын қайрат бер!

* * *Біз, қырқыншы жылдың басында туған ұрпақ, жетпістен асып сексенге жол тартқан азаматтар, «Есіл-өзен» әнін бала кезімізден тыңдап өстік. Жиын-тойларда, әртүрлі бас қосуларда жеке дауыспен де, көп адам қосылып та айтып жүрдік. Ел ішінде халық әні сияқты кең таралды. Құлақ құрышын қандырып, жүрекке тура жол тартқан әдемі өлеңнің әуенін кім шығарды, мәтінін жазған кім деп ешкім назар аудара қоймаған. Кейін облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі – «Арқа ажары» – А. К.) газетіне ауысқан кезде ән авторы Қараөткел (Ақмола) өңірінің түлегі екенін, оның осы жерде тұрып жатқанын естіп білсек те, шынын айтсақ, соған мән бере қоймаппыз. Сөйтіп жүргенде уақыт жылжып өтіп, мұның жай-күйін білетіндер біртіндеп өмірден өтіп жатты. Сол кезде осы басылымда бізбен бірге қызмет атқарған ақмолалық азаматтар – Әмір Нүркішев, Рамазан Ахметов, Шәмшиден Дәуітов сияқты ағаларымыз, сөз жоқ, мұны білуші еді. Ал қазір Ғайса Есенбаевпен кездесіп, көзімен көргендерді табудың өзі қиын. Жеңіс тойының елу-алпыс жылдықтары кезінде газет-журналдарда, теле-радио хабарларында Ғайса Есенбаев есімінің елеусіз қалуы да сондықтан болса керек.

«Қараөткелдей туып-өскен жеріме» деп жырлаған Ғайсаны Ақмола өңірінің түлегі болғандықтан осы аймақта туып-өскендер білуі мүмкін деп біраз адамнан сұрастырып едік, тиянақты жауап ала алмадық. Сөйтіп тұрғанда көмекке Өтеген Әбілқасымов ағамыздың келе қалғаны. Ол – елу жылдай байланыс саласында үлкенді-кішілі қызмет атқарып, соңғы 15-20 жылында оның облыстық мекемесін басқарған белгілі азамат, ел ішінде абырой-беделі бар сыйлы ақсақал. – Мен Ғайсамен бір-екі рет кездескенім болмаса, жақын араласқан кісі емеспін. Қорғалжын поселкесінде аудандық байланыс жүйесін басқарып жүрген кезім. Бір күні кеңсеге егде тартқан біреу келді. Ол:

– Сіз «Есіл-өзен, Қараөткелдің қаласы» деп басталатын өлеңді білесіз бе? – деді.

– Білемін.

– Сол өлеңнің сөзін жазып, әнін шығарған автормын.

Ғайса Есенбаевпен осылай таныстым. Өмірдің ащы-тұщысын көрген адам сияқты. Өте жұпыны киінген. Жұмыс іздеп жүр екен. Аудандағы кәсіптік-техникалық училищеге ұстаз болып орналасуына көмектестім. Ол кезде біз қазына есебінен тігілген киім киетінбіз. Сол есіме түсті де:– Сізге байланыс қызметкерлерінің формасын тіктірсем қарсы болмайсыз ба? – деп сұрадым. Келісті.

Соғыстан кейін ел жаңа есін жиып жатқан уақыт. Халықтың жалпы тұмыс жағдайы әлі көтеріле қоймаған кез. Майдангер ағаға қол ұшын бергім келді. Сөйтіп арнайы тапсырыс­пен жақсы матадан кәстөм-шалбар тіктірдім. Бірақ жеті-сегіз айдан кейін ол Қорғалжыннан кетіп қалыпты.Арада біраз жылдар өтті. Облыс орталы­ғына ауысқанмын. Бірде Тың игеру­шілер сарайында болып жатқан ақындар айтысына келсем, сонда Ғайса жүр. Мені таныды. Сөйлестік. Бұдан соң оны көрмедім. Бір қарындасы біздің үйдегі София жеңгеңмен бірге оқыпты. Тағы бір туысы Сабындыда тұрады деп естігенмін. Басқа да жақын туғандары болуы мүмкін.

Өтекең ақсақал осылай деді.

* * *Қазақ өміріне тән елеулі оқиғалар ел аузында сақталған. Халықтың көркем қиялы мен өнер туындысына арқау болған. «Батыр Тәуке», «Исатай», «Қайран елім», «Елім-ай» (Қожаберген жыраудікі) сияқты тарихи ән-жырлар соның жарқын бір көрінісі.

Неміс фашистерімен болған күні кешегі қырғын майдан кезінде пайда болған әуендер де қазақ сарбаздарын ерлікке жігерлендіріп, жауды құртып, бейбіт өмір құруға, кіршіксіз махаббатты жырлауға шақырғаны сөзсіз. Сол уақытта өмірге келген «Жас қазақ», «Кестелі орамал», «Тос, мені тос», «Қыз арманы», «Дариға, сол қыз» тағы басқа көптеген әндер осындай патриоттық сезімнен туғандығы белгілі. Ғайса Есенбаевтың шы­ғармасы туралы да осы пікірді айтуға болады. Алайда қазіргі жастардың көпшілігі оны біле қоймайды. Өйткені мұны насихаттап, түсіндіріп жатқандар шамалы. Мәселен, Жеңіс күніне, соғыс тақырыбына байланысты шығып жатқан әндер жинағына «Есіл – өзен» бірде-бір рет кірмеген.

Ән, музыка – ең күшті насихат құралы. Алайда біз осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Мәселе сонда. Жеңіс тойына байланысты республикалық немесе облыстық деңгейлерде өткізілетін ресми іс-шаралардың концерттік бағдарламалары әйтеуір мемлекеттік тілде бірдеңе болуы керек деген пиғылмен майдан тақырыбын жырлайтын бір-екі әнмен ғана шектеліп жүр. Ал, көп жағдайда, ұйымдарда, мекемелерде соғыс ардагерлерімен болған кездесулерде, осыған орай басқа да өткізілген шараларда түгелдей дерлік орыс музыкасы шырқалатынын көріп жүрміз. Мұны жалаулатып жүргендердің басым көпшігі де өзіміз, қазақтар. «Священная война», «Катюша», «Синий платочек», «Темная ночь», «В землянке», «Смуглянка», «На солнечной поляночке» … деп кете береміз.

Эстрадада классика деңгейіне көтерілген бұл туындылардың орындалуына ешкім қарсылық көрсетіп отырған жоқ. Алайда өзіміздің тап осындай ән-жырымызды санаттан шығаруға, ұмытуға болмайтындығын, оны әрдайым насихаттап отырудың қажеттігін тағы да шегелеп айтқымыз келеді.

Бұл – ұсақ-түйек емес. Терең астары бар дүние. Тәуелсіз ел екенімізді сезінсек, бұдан қорытынды шығаруымыз керек-ақ. Шынын айтсақ, осындай тірліктің салдарынан майданда тек орыстар ғана болды деген сияқты кейбір ресейлік ұлтшылдардың пікіріне ұқсас ой-өрім қалыптасады. Қисық, қатерлі ұғым. Қазақ халқының Жеңіске қосқан қомақты үлесін, соғыс өртіне байланысты бастан өткізген қиямет-қайымын, тылдағы бауырларымыздың жанкешті еңбегін көп жағдайда тиісті дәрежеде айта алмай жүргеніміз де содан шығар.

Ғайса Есенбаевтың «Есіл – өзен» әні туралы сөз қозғағанда осы жайлар еске түсіп еді.

Астана