АС МӘЗIРIНДЕ – НАУРЫЗКӨЖЕ

АС МӘЗIРIНДЕ – НАУРЫЗКӨЖЕ

АС МӘЗIРIНДЕ –  НАУРЫЗКӨЖЕ
ашық дереккөзі

Тағы да бір әз-Наурыз табалдырықтан аттады. Арқаның алты ай «мезі» етер қытымыр қысы тәрізді Алматыны да биылғы аппақ қары мен аязы қияр емес. Алатаудың ақбас шыңдарына қонақтаған кіршіксіз аппақ қар да қазақ халқының мейірімді аппақ жүзіндей әсер етеді.

Жылдың қай мезгілінің болса да көтерер жүгін, әкелер ырыс-берекесін жанымен сезінетін туған халқымыз әрдайым өзінің тәубашыл пейілінен айныған емес. Сондықтан да болса керек, мұсылманша жыл басы саналатын Наурызды ерекше күтеді. Өйткені жыл бойғы тындырылатын шаруалары мен тіршілік нәрі – күнделікті нәпақаларына береке тілеп, жыл он екі ай жер басып аман жүруін, берерінің мол да адал болуын Жаратқаннан тілейтін қасиетті күн саналады бұл мейрам.

«Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» тұсы, яғни қыстан аман-есен шығып, көктемнің самалы ескен осы бір шуақты жыл мезгілін асыға күтетін тағы бір себебі бар. Ол – сан ғасырлық тарихы бар, тіпті қазақ халқының өзімен бірге жасап келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары да дәл осы күні жаңаша жағынан көрініс та­уып, беки түседі. Қыстай араласа алмай қалған шалғайдағы ағайын-туыстың бір-бірінен хат-хабар алып, сағына қауышып, ыстық бауырсақ пісіріп, қыстық соғымнан қалған сүрдің иісін бұрқыратып мәз-мәйрам күйге түседі. Сүр ет демекші, бар дәмдісін наурызкөжеге сақтайтын дәстүрлі мерекенің көтерер жүгі де ауыр.

Қалалықтар да осы бір мерейлі мере­ке­ні асыға күтеді. Қанымызға сіңген осы бір қасиетіміз отбасын одан сайын ын­ты­маққа,бірлікке, имандылыққа үйіріп, қа­дір-қасиеттерін арттыра түсері де сөзсіз. Жылдан жылға сәулеттеніп, әсемденіп келе жатқан Алматының сәнді де дәмді мейрамханалары да осы бір дәстүрді жаңғыртып келе жатқанына біршама уақыт болды. Қаламызда ұлттық дәстүрдегі, ұлттық үрдістегі кафе-мейрамханалар саны бүгінде жетерлік. Тек жылына бір рет келетін Нау­рыз мейрамы ғана емес, күнделікті ас мәзіріндегі ұлттық тағам түрлері де көздің жауын аларлықтай. Осындай сәні мен мәні келіскен мейрамханалардың біріне мейрам қарсаңында бас сұққан едік.

– Он жылға таяу уақыт ішінде біздің мейрамханада ұлттық тағам түрлері ас мәзірінен түскен емес. Қаланың көптеген тұрғындарын, оның ішінде біздің аудан таза қазақи аудан болғандықтан да, көбіне келушілер, тапсырыс берушілер өзіміздің қандастарымыз. Ал, Наурыздың жөні тіпті бөлек. Әсіресе 21-22 наурыз күндері дастарханда тек қана қазақтың ұлттық тағамдарынан түскі уақытта ас мәзірін ұсынамыз. Оның ішінде наурызкөже, тұшпара, ыстық самса, бауырсақ, құрт-ірімшік, бал бар,– дейді «Думан» мейрам­ха­насының иесі Әлия Сабалақова ханым. – Дәл қазір наурызкөже дайындалып жатыр, көрейік десеңіздер жүріңіздер,– деп мейрамхананың асханасына бастады.

Асханада бізді Сәлима мен Әсем есімді екі келіншек үстеріндегі халаттарындай аппақ тістерін көрсете әдемі жымия қарсы алды.

– Қандай дән қосып пісіріп жатырсыздар,– деген сұрағымызға маңдай терін жеңінің ұшымен әлсіз ғана сүртіп алған Сәлима:

– Меніңше, жеті, тоғыз түрлі дән салып дайындау деген қатып қалған қағида емес сияқты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бір замандарда бір қазақ ауылды бір ғана бай асырап келгені де тарихымыздан белгілі. Бірақ қанша кедей болса да бір кесе наурызкөже пісірмейтін үй болмаған. Әркім қалтасының түбін қағып, біреу бидай, біреу бір уыс тарыдан, не болмаса бір кесе күріш қосып та қыстан қалған бір жапырақ сүр еттің сорпасынан дәмді көжесін пісіріп ішкен ғой. Ал, қазір дүкен сөрелерінде бәрі де самсап тұр,– деп жауап берген.

– Дәні толық сақталмаса да Наурыз­кө­жеге міндетті түрде сүр ет қосылады. Сіздер қалай сақтайсыздар?

– Біз де бір-екі ай бұрын етті тұздап, кептіріп, бабымен сақтауға тырысамыз. Қыстай тұзы сіңіп, сүрленген ет, әрине, дәмді болмақ. Еліміздің әр өңірінде сусынкөже, ашығанкөже деген атаумен наурызкөженің «туыстары» жылдың қай мезгілі болса да дастархан мәзірінен түскен емес.

Иә, Сәлиманың пікірімен де ке­ліс­пеу­ге болмайды. Атам заманнан ұлттық әдет-ғұрыптарымен қатар, салт-дәстүрін де бұзбай сақтап келе жатқан қазақ халқының дастарханы әманда дәмді астан кетпесін деген тілекпен біз жылы қоштастық.

Таңсұлу Алдабергенқызы