КӨКТЕН ҚАЗАН ТҮСКЕН КҮН

Жеткен кезде Наурызымыз жапан біткен жаңғырар,

Тұман орап тау басын, аспан үрпі салбырар.

Жансыздарға жан бітіп, әуен билеп маңды бір,

Жер көгеріп шөп қаулап, мерейін бір қандырар.

Күнге тосып арқасын жан — жануар албырар,

Аунап-қунап барлығы жерге түгін қалдырар.

Ахмет Байтұрсынов

Исі қазақ халқының ұлттық мерекесінің басы болып табылатын «Ұлыстың ұлы күні» – Наурыз мейрамын тойлай бастағанымызға да біршама жылдар өтті. Көпті көрген кісілердің айтуынша наурыздың алғашқы үш күнінде жер-көкті жарып, ерекше дыбыс естіледі екен. Бірақ мұны тек қана қой мен оны бағып жүрген шопан ғана естиді. Көк желекті көктеммен бірге көңілге қуаныш сыйлай келетін бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік пен жан-жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады. Сіздер білесіздер ме, Наурыздың – Ұлыстың ұлы күні деп аталынуының да өзіндік тарихы бар. Бұл жөнінде ел аузында мынандай аңыз бар: бір күні Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жер дүниені жайлаған топан су кері қайтады. Сол сәт жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы көк аспаннан түскен қазаннан бірге дәм татады. Содан, бұл күн – ұлыстың ұлы күні деп аталынып кетеді.

Бұрынғы қазақ ауылында Наурыз күні ертемен ер адамдар қолына күрек алып, қыз келіншектер құрт, сүт алып далаға шығады. Жиналған жігіттер ағаш отырғызып, бұлақ көзін ашады. Ал әйелдер Күн Анаға сәлем береді. «Жер-Ана құт дарыт, Жарылқай көр!» деп көзі ашылған бұлаққа май құйып, егілген ағашқа ақ бүркеді. Қазір заманның талабы дейміз бе, уақыттың тапшылығы дейміз бе, мұндай дәстүрді кейбір ауылдарда ғана сақталған, ал қаладағылар Наурыз көжені де жасамайды.

«Заманы, заманына қарай адамы» де­ген дұрыс шығар. Қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «Жаңа жыл», «Әулие Валентин» күнін өз дәрежесінен асырып, қалтаны қағып тұрып атап өтеміз. Оның бір дәлелі, биыл мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев астаналықтарды «Әулие Валентин» мейрамымен құттықтап сөйледі. Бұл мей­рамның қазаққа еш қатысы жоқ, дінге де, дәстүрге де таңба екенін айтып түсіндіре алмай жүргенде, «Халық қаһарманына» не деріңді білмейді екенсің. Сонда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының бұлардан қай жері кем? Негізі біздің кейбір билік басында отырғандар қазақтың тілі, діні, дәстүрі және ұлттық мейрамына келгенде тілдерін шайнап, төменшіктеп сөйлей алмайды, ал орыс пен шетелдің мейрамын тойлағанда, жерден жеті қоян тапқандай «қуанып», тіпті аузы-аузына жұқпай сөйлегенде тоқтата алмайсың.

Бір кездері Наурызды Қазақстанда тойлау тоқтатылып, 62 жыл өткенде ұлтжанды Мұхтар Шаханов ағамыз бұрынғы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинге Наурызды халыққа қайтару жөнінде арнайы хат жазған болатын. Және де ол хатта мынандай талап бар еді:

«У меня есть конкретные предложения. У казахского народа существуют свои традиции, свои праздники. Одним из таких праздников является «Наурыз».Займствованние из фарси, это пониятие постепенно стало символизировать приход весны, пору обновления жизни. «Наурыз» массово праздновался каждый год, начиная с 22 марта. В этот день выравнивается продолжительность дня и ночи. Мы, поколение послевоенной поры, стали едва ли не последними свидетелями этого торжества. Помню, как мы в детстве вместе со взрослыми встречали это красочное зрелище. Пеклись пироги. Лакомства, различные блюда из проса, пшеницы. Это было выставкой народной кухни. Мужчины с лопатами, кетменями выходили чистить арыки, сажали деревья. Одним словом, был подлинный праздник труда, к которому никто не оставался равнодушным. Думается, что эту добрую традицию необходимо возродить как народный праздник, который стал бы таким же, массовым, красочным, жизнерадостным, как праздник «Русская зима», «Сабантуй в Поволжье». Осы хаттан кейін Наурыз мейрамы қазаққа қайта оралды. Ұлжанды ағаларымыз шырылдап жүріп қазаққа сыйлаған ұлттық мейрамымыз – Наурыздың қазіргі жағдайы жүрекке қаяу салады. Неге біз жаңа жылымызды дүркіретіп тойлаймыз, бұған кім кедергі?! Оның тағдырына алаңдайтын ешкім жоқ сияқты. Сондықтан аузын ашса, жүрегі көрінетін қазағым өз құндылықтарымызды өзіміз қорғап, болашақ жас ұрпаққа өзіміз дәріптеп, аманат етпесек, бармағымызды тістеп қауымыз мүмкін. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген.Наурыз – ізгіліктің бастауы, қайнар көзі. Сондықтан да әрбір қазақ азаматы: «Мен – қазақпын» деп, осы дәстүр-салтты өзінен кейінгі ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізбегі лазым. Наурыздың арғы-бергі тарихы бізге осыны үлгіге ұсынады. Наурыз – әрі мереке, әрі адал еңбектің, ащы тердің тәлімді тіршілігі. Ал тіршілік дегеніңіз адамзат өмірінің тіні емес пе?!

Олай болса, Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын! Жаңа жылымыз әр қазақтың шаңырағына құт әкелсін!

Бахытгүл ХИБАДАТҚЫЗЫ,

Алматы энергетикалық және байланыс университетiнiң қызметкерi

Back to top button