«ҚҰЛЫПТАУЛЫ» БӨЛМЕНIҢ КIЛТI

«ҚҰЛЫПТАУЛЫ» БӨЛМЕНIҢ КIЛТI

«ҚҰЛЫПТАУЛЫ» БӨЛМЕНIҢ КIЛТI
ашық дереккөзі

Қазақ кинорежиссура саласында бүгiнгi күннiң өзектi тақырыбына айналып отырған бiр жан бар. Ол – Жанна Исабаева. Қазақ киносында шу тудырмаса, тыныш жүре алмайтын Жаннаның бұрын да көрерменнiң зығырданын қайнатқаны бар едi. Бұл жолғысы, тiптен шектен шығып кеттi.

Әлқисса… Басынан бастайық­шы… Жанна Исабаева қазақ режиссурасына жаңадан қосылған есім емес. Ол әуелі «Қарой» фильмін дүниеге алып келді. «Қарой» фильмінде қаныпезер жігіттің өз анасын өлтіруін көріп, жағамызды ұстап едік. «Ойпырмайды» көріп, бетті басып, кинотеатрдың залында әзер отырғанбыз. Ал бұл жолы Жанна тіпті «айды аспаннан» бір-ақ шығарды.

ҚАРА ТАҢБА – «ҚАЙРАТ ЧЕМПИОН»

Белгілі әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан өзінің бір сөзінде: «Жаман киноның екі түрі болады. Біреуі атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру секілді қатыгездіктерді көрсету арқылы қані­шер­лікке етті үйретуге бағытталады. Екіншісі, жалаңаш-жалпы, ашық-тесік, ыңырсу-қыңсылау секілді арсыздықты алаулату арқылы адамның, әсіресе жас ұрпақтың хайуани инстинктілерін оятып, қоғамда зинақорлықтың салтанат құруына бағытталмақ» деген болатын.

Біздің соңғы кездері жеке­меншік студияларда түсірілген фильмдер көбіне Бекболат ағамыз айтқан екінші жолды таңдауға бел шешіп кіріскен секілді. Қазақ киносын жалаңаштау арқылы ұпай жинағысы келе ме, әлде көрерменнің бәрінің аңсары тек жалаңаштануға ауып барады деп ойлай ма, кім білсін, әйтеуір киноөнерінде тән жалаңаштауға құмар боп алдық.

«Келінді» жалаңаштап біт­кен режиссерлер, ары қарай, жігіттердің ар-ұятын «ұрлау» үшін «Қайрат девственникті» түсірген болатын. Тәкаппар, жауынгер, батыр халықтың бүгінгі «келіні» мен «жігітінің» сыйқы осы дегендегісі шығар, кім білсін?!

Рухты оятатын, қазақтың ержү­рек­тігін паш ететін фильм түсірудің орнына арзанқол, қи­раған ауыл мен жігері жаншылған қазақ­тар­дың тағдырын қазбалап жүрген фильм­дерге өкпелеп жүргенде, жаңа кино тіптен, мас­қарамызды шығарды. Жігіттердің жігерін құм етті, қыздарымызды «жезөкшеге» айнал­дырды.

ДАҚПЫРТТЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ

Қазақ ертегілерін оқығанда, мін­­детті түр­де бір зәулім сарай пай­да болатын. Ол сарайдың көп бөлмесі болатын. Сол көп бөлменің бірі үне­мі құлыптаулы болушы еді. Сол құлыптаулы бөлмені «ашпау» керектігін бұйыратын. Қайдағы, ертегінің кейіпкері де, ертегіні оқып отырған оқырманның ықы­ласы да, сол «құлыптаулы» бөл­медегі «құпияға» ауатын. Сол әуес­тік бізді кейіпкерімізбен бірге «құ­пия» бөлмені еріксіз аштыратын. Құпия бөлмедегі «жын» ба, әлде «дию» дейміз бе, біздің әлгі кейіпкерімізді одан ары қарай «сұм­дық» оқиғаларға жетелейтін еді.

Қазіргі фильмдер де солай. БАҚ біткен улап-шулап, жабыла жарысып жазып жатқан соң, көр­гің келмеген дүниені еріксіз көруге жетелейді. Әуелде «Келінді» де көргіміз келмеген. Көргіміз келмегендіктен емес, про­катқа ақша түсіргіміз келмегендіктен. «Келін» деген атқа кір келтіргендіктен, ақша­мызды сорақы фильмге қимаған едік. Бірақ еріксіз көрдік. Дақпырты көп болған­дықтан, еріксіз көруімізге тура келді. «Қайрат ініміз» туралы фильмді де солай көрдік. Бір ұққанымыз, фильмнің дақпырты көбірек болса, соның сұранымы да артады екен. Сұранымы артқан фильмге көрермен де көп жиналады. Көрерменнің көп болғаны, тәуелсіз режиссерлер үшін ауадай қажет. Өйткені өзінің күлді-көмеш тауарын өткізуге пайдалы. Прокатта фильм көрерменінің аз болуы, кинотеатр басшылары үшін де тиімсіз. Айналымдағы фильмдерге қаржы түспеген соң, ол өзін-өзі ақтамайтын болады. «Алматыда пәктігін жоғалтқан» фильмінің де дақпырты осындай. Атының өзі адамды шошытатын фильм түнгі он бірден кейін кинотеатрда жүргендіктен, көпшіліктің сағат 11-ден кейін кино көруге деген ықыласын оятуда. Жақсы фильм көремін деген желікпен емес, «бұл қандай фильм болды екен» деген әуестікпен баруда.

ДАУҒА АЙНАЛҒАН КИНОАЛЬМАНАХ

«Алматыда пәктігін жоғалту» фильмі, жай ғана кино емес. Ол тұтас киноальманах десек те болады. Аталмыш киноальманахтың прокатқа шығарыла бастағанына бір айдай уақыт болды. Наурыз айынан бастап көрсетіле бастаған Жанна Исабаеваның «Алматыда пәктігін жоғалтқан» фильмінің атынан бұрын, дақпырты басым болып тұр.

13 новелладан құралған фильмнің атынан көрініп тұрғанындай, алматы­лықтардың алғашқы төсек қатынасы туралы сөз қылатыны бесенеден белгілі. Иә, алматылықтардың! Өйткені оқиғаның бәрі Алматыда өтіп жатыр. Асфальтте өскен қалалықтардың төсектен басқа ешқан­дай тіршілігі қалмағанын Жанна апамыз сезініп, іштей қатты қапаланып жүрген болуы керек. Сол іштегі шерін сыртқа кино арқылы шығарып, жұбаныш тапқанға ұқсайтын сияқты.

«Теряя невинность в Алма-Ате». Алматы емес, «Алма-Ата» деп аталып тұрған фильм қоғам арасында үлкен шу тудырып, үлкен кинотеатрларда жарқ етіп үлгергенімен, қазақы намысы оянған азаматтар бар екен. Олардың бірі жуырда Алматыдағы «Арман» кинотеатрына барып, аталмыш фильмді прокаттан алып тастау қажеттігін айтып, талап еткен. Ашулы ер азамат егер өзінің айтқаны орындалмаса, кинотеатр қызметкерлерін жазалайтынын айтқан екен. Бұл жөнінде орыстілді басылымдарда да, қазақтілді басылымдарда да жиі жазылды.

Мұндай оқиға «Silk Wae Cinema» кинотеатрында да қайталанады. «Жұма күні түнгі ондарда бізге үш жас жігіт келді. Екеуінің бет-пішіні – еуропалық, үшіншісі – шығыс адамы. Әуелі олар администратордың бөлмесіне баса-көктеп кіріп, балағаттап кеткен. Бұдан кейін билеттердің сатылуына кедергі келтірген. Онан соң сеанс өтіп жатқан залға кіріп, жұртқа «шығыңдар» деп қоқан-лоққы жасаған. «Қолында таяғы бар 300 адам ертіп келіп, ги­пермаркеттеріңнің күлін көкке ұшы­ра­мыз деді», – дейді Мүсілім Шың­ғожинов «Время» газетіне берген пікірінде.

Демек, аталмыш фильм қазақтілді көрер­меннің ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де наразылығын оятып отыр. Бұл – Алматыда туып, Алматыда өскен баланың көбі Жанна Исабаева сияқты ойламайды деген сөз. Күмәнді бір тұсы, әлгі намысқой, арлы жігіттер шынымен фильмге наразылық танытқандар ма, әлде фильмінің айналасында шу тудыруға ұмтылған режиссердің «жалдамалылары» ма? Көңілде күдік көп. Ал құқық қорғау органдары әлі күнге шарасыздық танытып отыр.

Режиссерлердің көбі киноларын «өнер туындысы ретінде қарауымызды» өтініп жатады. Өнер туындысы көрермен үшін дайындап, түсірілмейтін болса, онда оның несі өнер болғаны?! Қазақы қалыптағы, қазақы рухтағы көрермен ғана қабылдау керек деген сөз емес, «Мосфильм» түсірген фильмдер де, «Ленфильмнің» өнімдері де талай жыл қазақ көрерменіне де, басқаларға да рухани азық болып келді. Кез келген ұлттың өнерін табиғи өнім ретінде қабылдауға болады. Көрермен ол фильмдердің жақсысын қабылдайды, жаманынан жиренеді.

Ал ұлттың фильмі ұлттың көз­қарасын, ұлттың идеологиясын ұстан­ғаны абзал. Егер фильм идео­ло­гия­ның құралы деп қабыл­дан­баса, ресейліктер соңғы кездері орыс халқын батыр, ержүрек етіп көрсетуге неге әуес?! Өйткені қалғып кеткен асқақ рухты оятуға, халықтың бойындағы ұлттық сананы оятуға кино таптырмайтын құрал екенін ресейліктер жақсы біледі. Ал біздің кейбір режиссерлеріміз керісінше, өнерді «өтірікпен» былғағысы келетін сияқты. Өтірік жүрген жерде, өнердің болмайтынын сезінбейтін де болар, ол шіркіндер. «Алматыда пәктігін жоғалту» деп ат қояр ма еді бойында ұлттық рухы бар, бойында намысы бар қазақ қызы. Қоймас еді. Ең әуелі, режиссер ұлтын сүю керек. Ұлтын сүймеген, ұлттық қасиеттерін бойына сіңірмеген адамнан ұлттық дүние тумайды. Жүз жерден табысты болса да, Жанна Исабаеваның бойында Шәкен Айманов қасиет тұтқан киелі өнерге деген құрмет жоқ сияқты. Әсілі, әр фильмде кинорежиссер «менінің» бір бөлшегі жататынын небір ұлы режиссерлер айтқан. Бұл фильмде Жанна Исабаеваның өз «мені», болмысы жатқан жоқ па екен?!.

СОРАҚЫ ФИЛЬМДЕР НЕГЕ СЫЙЛЫҚ АЛҒЫШ?

«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді. Қазақ киносындағы бір құмалақ болып отырған Жанна Исабаева өзінің бұл фильмін түсіргені үшін арланбайтын да сыңайлы. Ол баспасөз беттеріне берген сұхбатында: «Мен ешкімді де пәктігін жоғалтуға шақырмаймын. 100 жасқа дейін пәк болып жүрсін. Иә, онда төсекпен байланысты сәттер бар. Бірақ олар эротикалық сипатта. Оны шектен шығушылық деп атауға болмайды. Кинотеатрларда немесе теледидарда көрсетілетін сәттер менің жасағанымнан әлдеқайда ашық», – деп қисая тартады.

Әр елдің өзінің ұлттық фильмі болады. Біз «Келін» үшін жерге қарап жүргенде, «Суперкелін» деген фильмді дүниеге әкелді өзбек режиссерлері. Қаланың ақсаусақ, шолжаңдаған еркетотайын қара­пайым өзбек­тің келініне айналдыру идеясын көзде­ген бұл фильм ештеңеден ұтылған жоқ. Керісінше, өзбек қыздарына келіннің қандай болатынын үлгі-өнеге етіп көрсетті. Әне, ұлтын қадірлейтін киногерлер солай әрекет етеді.

Немесе ұлдарын батыр, қызда­рын тәкаппар етіп көрсететін кәріс сериалдары неден ұтылыс тауып отыр. «Жумонг ханзадасын» ту еткен кәріс халқының жаужүрек, жайсаң қалпына тәнті болып, жапа-тармағай Жумонг ханзаданы тамашалаған жоқ па едік. Демек, фильм көрерменді тәрбиелей алады. Тіпті, тәрбиелеудің ең мықты құралы десек те болады! Жумонг ханзада арқылы кәріс халқы өздерін батыр, жаужүрек етіп көрсетті.

Біз ше? Абылайханды қалай көрсеттік?! Абылайхан бейнесінен кейін, Абылай боп атқа мініп, ержүрек кейіпкерге елікте­ген баланы көрмедік. Бекболат Тілеухан: «Жұдырықтасудан миллиард жарым қытай­дан, миллиардтан астам үндіден шықпаған олимпиада чемпионы ат төбеліндей болса да қазақтан қайта-қайта шығады. Қуаты ерен, қаны сапалы, жілік майы бүтін ел, бұл – қазақ!» дейді. Ал мұндай халықты азғын, ұятсыз етіп көрсету кімге тиімді, айтыңызшы… Азғындаған, арзанқол фильмдер­ге сыйлық үлестіре берудің де артында сая­си ойындар жатқан жоқ па? Әйтпесе, біз көр­генді өзгелер көрмей, білмей отырған жоқ.

Қазақ режиссерлерінің ең үлкен трагедиясы неде? Олардың көпшілігінің ауылдың иісін сезіне білмейтіні. Жусан исін иіскемеген баладан ауыл туралы не жаңалық күтерсің?! Асфальтте туып, асфальтте өскен бала ауыл туралы, қазақ туралы жақсы фильм түсіре ала ма?! Түсіре алмайтыны заңды. Оның бірінші себебін айттық. Екіншісі, тілді білмейтіні. Қалада өсіп, қалада тәрбиеленген алпысыншы жылғы балалардың көбі қазақ тілінің мәйегін бойға сіңіріп өскен жоқ. Тілді білмеген баладан ұлттық дүниені қалай күтерсің?! Жетпісінші-сексенінші жылдары қазақ зиялыларының көбі балаларын орысша тәрбиеледі, орыс мектептеріне берді. Аты Алашқа мәлім кейбір ағаларымыздың балалары қазақ тілін білмейтінін естігенде, еріксіз төмен қарайсың. Сондай орысша оқып, орысша тәрбие алған балалардың біразы режиссерлеріміздің арасында да жүр. Орысша өсті, оқуын Мәскеуде орысша жалғастырды. Солай бола тұра, қазақ туралы, қазақтың мәдениеті туралы, қазақтың өркениеті туралы кино түсіруге құмар. Түсірсін делік, бірақ қай тұрғыда?! Терезеден сығалау да өнер ме? Әлде пәктігін жоғалт­қанын айтып, жар салса, қазақ кино­өнері дамып кете ме?

Жанна Исабаева үшін бұл фильм ең қымбатты өнер туындысы болса болар, ал қарапайым көрерменге «Алматыда пәктігін жоғалтқан» фильмі арсыз дүние. Ұлы Абай қайта-қайта «қашық болуға» міндеттейтін сорақылық. Жаны таза көрермен үшін қазақ киносының классикасына айналған «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады» қымбат! Арсыздық арқылы ақша табуға болады. Арсыздықты насихаттау арқылы да. Бірақ аталмыш фильм көрерменге азғындықты, арсыздықты қанша насихаттағысы келсе де, ар-ұятқа кір жұқтыра алмайды. Оны аласарта алмайды.

Гүлзина Бектасова