ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ туралы

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ туралы

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ туралы
ашық дереккөзі
РЕДАКЦИЯДАН:

Әйгiлi «Қыз Жiбек» операсының авторы, Қазақстанның халық әртiсi Евгений Брусиловскийдiң «Дүйiм дүлдүлдер» атты кiтабында, 1933-1936 жылдары халық ағарту комиссары болған, сол жылдары қазақ мәдениетi мен өнерiнiң, ғылымы мен бiлiмiнiң өрге басуына өлшеусiз еңбек сiңiрген Темiрбек Қараұлы Жүргенов туралы мынадай естелiгi бар екен. Мұндағы қазақ тiлiндегi сөз бүгiнгi бiздi де ойлантары анық екенiн ескерiп, үзiндiнi сол күйiнде жариялауды жөн көрдiк.

Евгений БРУСИЛОВСКИЙ

…«Наркомпрос Темірбек Жүргенов бұл жас театрды (музыка театры) зор қамқорлықпен және сүйіспеншілікпен аялап, аяғынан тік тұрғызды. Театрдың ресми көркемдік жағын басқарушы Жұмат Шанин, бас суретші А. Ненашев, музыкалық жетекшісі – И. В. Коцык болғанымен, театрдың барлық жұмысымен – репертуар тыңдау, постановка қою, музыкасын тыңдау, суретшінің жұмысы, материалдық жағдайы дегендей шаруаның бәрімен Жүргенов өзі шұғылданатын.

…Олимпиада қорытындыларын жинақтау мақсатымен Жүргенов өз кабинетінде облыс өкілдерінің басын қосып, кішігірімдеу мәжіліс шақырды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам – қарағандылық Б.А. Орлов және мен орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйледі. …Оңай да түсінікті, қарапайым орыс тілі тұрғанда, осындай түсініксіз қазақ тілінде сөйлеудің не керегі бар екендігін Борис Александрович ұға қоймады? Осындай қисындар ырқымен Борис Александрович орнынан тұрды да, Жүргеновтің қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанынан, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Жүргеновтің кішкентай қара көздері ұшқындап кетті. Қашанда дүрдиіңкіреп тұратын алдыңғы ерні одан сайын торсия берді. Мұның өзі қызық көрініс еді. Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырыс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» – ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» – деп қайталап. Жүргенов даусын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі. – Сіз Қазақстанға келдіңіз, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Бәлкім, Сіз жолдас Орлов, біз ана тілімізде сөйлесуімізге мұрсат етерсіз? Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе? …Жүргеновтің қазақша едәуір иланымды сөйлейтіні бар еді. Ол сөйлегенде жұрт бірден тыныштала қалатын. …Нарком Темірбек Жүргенов өктем мінезді кісі еді. Сырт пішініне қарасаң, әскербасы тәрізді. Орта бойлы, дембелше, жауырынды. Әлі біршама жастығына қарамастан бурыл тарта бастаған үрпиген қайратты шашы, қалың қасы, кішкене қатал көздері, тік бітімді мұрны және қашан көрсең де әлденеге разы болмай тұрғандай түксиген астыңғы еріндері, қомақты шекесі – тұтас алғанда, қасаң мінез, дойыр да алғыр кісінің қияпатын көз алдыңа келтіретін. Ол наркомпростың өз проблемаларын шешумен бірге Қазмузтеатрдың репетицияларына барып үлгеретін, жергілікті газет беттерінде Сәкен Сейфуллинмен қызу айтысқа түсіп, оның «Қызыл сұңқарлар» пьесасы жайлы да пікірлер айтуға да, Байсейітовтер мен Жандарбековтердің тіршілік қалпына көз салуға да, т.с.с. қыруар іске үлгеріп жүретін. Жұрт Жүргеновтен қорқатын. Бірақ оның ұлттық өнерге толассыз сүйіспеншілігі, соның жолында уақыты мен күш-жігерін әрдайым аямайтыны үшін оны сыйлайтынында. Ол аз сөйлейтін. Бірақ, қашан болсын нақты, қысқа және батыл сөйлейтін.
«Дүйiм дүлдүлдер» кiтабынан