АТЫ – ОРЫСША, ЗАТЫ – ҚАЗАҚША
АТЫ – ОРЫСША, ЗАТЫ – ҚАЗАҚША
Қазақ киносы соңғы жылдары дамудың жаңа биiктерiн бағындырып келедi. Кейiнгi кезде бұл салада шығармашылықпен батыл жұмыс iстейтiн және ол үрдiстерi талғампаз көрерменнiң көңiлiнен шығып жүрген жастар шоғыры жарқырап көрiне бастады. Отандық киноөнерiне жаңаша леп әкелуге ұмтылатын кинематографистер бұрыннан таптаурын болған әдiстi пайдаланудан мейлiнше тартынады.
Ұлттық киноөнерiмiзде соңғы бiрнеше жылдың көлемiнде өзгеге ұқсамайтын қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген жас таланттардың бiрi – Шапағат Орынбаев. Ол кинодағы бағын ең алдымен актерлiкпен сынап көрдi. Режиссер Ағын Бейсеновтiң мелодрама жанрында түсiрген “Аймалашы менi” деп аталатын толық метражды көркем фильмiнде басты рөлiмен көрерменге бiрден ұнады.
Шапағаттың қоюшы-режиссер ретiндегi тұсаукесер туындысы – комедия жанрындағы “Жиырма бес теңге” фильмi. Оны көрермен де, мамандар да жақсы бағалады. Ертеңiне үмiт артты. 25 жасында түсiрген сол киносынан кейiн “Жиырма бес теңге-2”, шытырман оқиғаға құрылған “Сатқын” көркем фильмдерi мен қысқаметражды “Тағдыр тәлкегi” фильмiн бiрiнен соң бiрiн экранға шығарды. Көпшiлiктiң ықыласына бөленген және әртүрлi деңгейдегi байқауларда жүлделермен аталып өткен бұл фильмдерi оны әуесқойлықтан кәсiпқой киногерлер қатарына көтердi. Өткен жылдың қорытындысында Шапағат Орынбаев Шымкент қаласы әкiмiнiң “Ең үздiк режиссер” номинациясына ие болды.
Жас таланттың кезектi шығармасы – шытырман оқиғаға әрi адамдардың iшкi жан-дүниесiнiң арпалысына құрылған “Свои” /”Бәрiмiз де өзiмiз”/ көркем фильмi жақында ғана елiмiздiң кинотеатрлары экранына жол тартты. Өткен аптада Шапағат Орынбаев бұл туындысын Шымкенттiң Мегаорталығындағы “Кинопарк” театрында көрсеттi және ол экранда әлi де жүрiп жатыр. Режиссердiң жаңа шығармасының премьерасы Алматыда өттi. Ендi Оңтүстiкте өткiзуiнiң өзiндiк мәнi бар. Бiрiншiден, бұл өңiр – Шапағаттың туған жерi, екiншiден, “Свои” бастан-аяқ осы өлкеде түсiрiлдi және фильмде ойнаған актерлердiң денi бiздiң облыстан.
Ал ендi фильмнiң фабуласын баяндайық. Қалада тұратын, бiлiктiлiгiмен абыройға бөленген дәрiгердiң үлкен ұлы есiрткiге елiтiп, жолдан таяды. Бiр шөкiм ақ ұнтақ үшiн қылмыстық топтың құрсауында қалады. Қарызға белшесiнен батады. Оны қайтармаса баласынан айрылып қалатынына көзi жеткен әкесi шаһардағы керемет пәтерiн сатуға мәжбүр болады. Жарты ақшасын “iштен шыққан шұбар жыланын” құтқару үшiн наркобаронға бередi. Екiншi бөлiгiне алыстағы туған жерiнен үй сатып алып көшiп келедi. Қалалық отбасының қоныс аударуымен ауыл тiршiлiгiне жаңалық енедi. Бұрынғы шаһарлықтардың елге жақсылығы, өнегесi де көп болады. Қалада қалған баласы сыбайластарынан сiлiкпесi шығып таяқ жегеннен кейiн дертiнен айығуға бекем бел буып, өз еркiмен емделедi. Тұтылған өрмекшiнiң торынан аман босанып, отбасының артынан iздеп ауылға келiп, мұндағы өмiрге қызу араласып кетедi.
Фильмнiң идеясы – ерiк-жiгер табылса, қандай қиындықты да жеңуге болатынын, ұлтымыздың алтын дiңгегi – бiрлiгi жарасқан ауылда да қызықты өмiр барын түп қазық етсе, режиссер сол дiттеген ойын сәттi жеткiзе бiлген.
Кинофильмнiң басты рөлiне жерлес актерлер Марат Оразымет, Еркiн Шымырқұлов, Олжас Бекбауов, Ақмарал Маханова шақырылыпты. Сондай-ақ “Свои” фильмiнде белгiлi киноактер Ғани Құлжановтың, танымал әншi Сейфуллин Жолбарыстың, сатира әртiсi Жүсiп Ақшораевтың ойнағаны да бұл киноның кәсiбилiк деңгейiн көтере түскен. Сондай-ақ Әсем Маметова мен Дмитрий Бобров киноға алғаш түссе де өз рөлдерiн сәттi сомдай бiлдi. Фильмнiң музыкасы мен саундтрэгiн Сейфуллин Жолбарыс жазған. Шапағаттың өзi де бiрнеше эпизодтық рөлдердi ойнайды. Фильмнiң қоюшы-режиссерi Жандос Балабиев, продюсерi – Серiк Досымбетов. Жаңа киноның көзге бiрден аңғарылар ерекшелiгi – оның қуатты техниканың күшiмен түсiрiлуiнде. Осы заманғы кино құралдарын өте ұтымды пайдалануында. Ал мұның бәрi “Свои” фильмiн түсiрудi қамтамасыз еткен “Жайдарман” студиясында бар.
Жерлесiмiздiң жаңа фильмiнiң тұсаукесер көрсетiлiмiне кинотеатрдың 150 орынды залы лық толды. Соңынан киноның шығармашылық тобымен баспасөз мәслихаты өткiзiлдi. Оған қатысқан журналистер мен фильмдi тамашалаған көпшiлiк көкейдегi сұрақтарына толыққанды жауаптарын алды.
Бiз баспасөз мәслихатынан соң “Своида” эпизодтық рөл орындаған, отандық “Тоғысқан тағдырлар” көпсериялы фильмiнде басты кейiпкердiң бiрiн сомдаған, мәскеулiк режиссер Тимур Бекмамбетовтiң атышулы “Ночной дозор”, “Дневной дозор” экшндерiнде ойнаған, театр мен киноның белгiлi әртiсi Ғани Құлжановпен тiлдескен едiк.
– Мен қазiр Астанадамын. Өзiмнiң жекеменшiгiмде жасөспiрiмдер мен жастар театры бар. Ара-тұра спектакльдердi де сахналаймын. Ал Шапағаттың фильмiне арнайы шақырған соң келiп түскен едiм. Киноны экранға шығуға лицензия алғаннан кейiн бiр-ақ көрiп отырмын. Бiрден-ақ айтайын, “Свои” менiң көңiлiмнен шықты. Тақырып тiнiнiң төңiрегiне топтастырылған оқиғалар желiсiнен мiн табу қиын. Барлық көрiнiстердiң негiзгi идея айналасына үйлесiмдi тоғыстырылуы арқылы көркемдiк шешiм сәттi табылғаны сүйсiндiредi. Бұл сайып келгенде, көрермендi жалықтырмайтын талаптың орындалғаны. Уақытым аз болса да достарымның Шапағаттың киносына бiр жолға тегiн ойнап бер деген шақыруын жерге тастамай, Елордадан арнайы келiп, екi күндей Оңтүстiкте болғаныма өкiнбеймiн. Қайта қуанып тұрмын. Ең бастысы, “Свои” қазақтың осы заманғы киносына қосылатын сапалы фильм. Ал Шапағат болашағынан үлкен үмiт күттiретiн талантты жiгiт екен, – дедi ол.Бiз фильмнiң қоюшы режиссерi Шапағат Орынбаевтың өзiмен де жаңа туындысының түсiрiлуi, жалпы шығармашылығы туралы аз-кем сұхбаттастық.
– Шапағат, түсiретiн киноға сценарийдi қалай таңдайсың? Ол сенi таба ма әлде оны сен iздейсiң бе?– Мен негiзiнен сценарийдi өзiм жазамын. Әбден пiсiрiлген дүниенi фильмге айналдырумен де өзiм шұғылданғанды қалаймын. Өзгелерге берсем өзiнiң түсiнiгiне, қабылдауына ыңғайлап өзгертiп жiберетiндей алаңдатады. Бұл кино өнерiнде баяғыдан қалыптасқан дәстүр. Алыс шетелдi айтпағанда, Ресейдегi Сергей Бондарчуктiң, Василий Шукшиннiң, ағайынды Егор мен Никита Михалковтардың кинодағы синтездiк өнерiн әлем бiледi. Орыстың сценарист-қоюшы-режиссерлерi қазiр бiрiнен бiрi асып түсiп жатқан жоқ па?! Ал өз ұлтымыздың тарландары Шәкен Айманов, Асанәлi Әшiмов, Амангелдi Тәжiбаев, Серiк Райбаев секiлдi тұлғалар қалыптастырған үрдiстен тәлiм алғанның өзi бiр мектеп. Кино түсiрудi режиссер Ағын Бейсеновтен үйрендiм. Көптеген майталман мамандардың үлгiсiне ден қоямын, өмiрдiң тәжiрибесiн бойыма сiңiрдiм. Әйтпесе, менiң кинорежиссерлiк арнайы бiлiмiм жоқ. Мамандығым – саясаттанушы. Киноөнерiне көңiлдi тапқырлар клубынан келдiм.
– Сценарий тақырыбымен қалай табысасың? Идея тосын туындай ма? Әлде дайын ойды фильм шикiзатына айналдырасың ба?
– Дайын дүниеге жоламаймын. Күтпеген жерден сезiмiмдi селт еткiзген кездейсоқ жағдайларға құмармын. Көңiлiмдi қозғаған, әсерi күштi оқиғаны жұрттың да жүрегiн толқытатындай көркем туындыға айналдыруды мақсат етемiн. Яғни, ой түйетiн шығарма жасау үшiн шынайы штрихтарды құрастыруға, ми шағуға тура келедi. Мұндай сәттерде өзiммен өзiм оңаша қалғанды қалаймын. Негiзi шынайы шығарма күйзелiстен туады.
– Сценарий дайын болды. Ал, оны түсiруге қаржылай кiм көмек бередi?
– Рас, кино түсiру қаражатсыз жүзеге аспайды. Маған ұлттық киноның түсiрiлуiне жанашыр азаматтар қолдау көрсетiп келедi. Әттеген-айы, руханиятымыздың осы саласына, әсiресе, бiз сияқты өз күшiмен тырбанып жүрген жастарға мемлекет тарапынан жанашырлық сезiле бермейдi. Қазақ киносының әлi де кенже қалып, еңсе көтере алмай келе жатқанының бiр түйткiлi де осыдан ба деп қаламын. Әрине, жастарға жанашырлық қолдау көрсету мәселесiн мен тек өзiме ғана қатысты айтып отырған жоқпын. Жалпы отандық кино өндiрiсiн дамытуға мемлекет мүдделiлiк танытқанда ғана оның өрiсi кеңитiнiн айтқым келедi.
– Актерлердi қалай таңдайсың?
– Бұл мәселенiң де ақшаға келiп тiрелетiнiн бiлесiз. Фильмге тегiн ойнауға келiскендердi қатыстырамын. Ал, қыздардың рөлiне кастинг ұйымдастырамын. Өз еркiмен келген актерлермен де, байқаудан жеңiп шыққан талапкерлермен де түсiру жұмысы басталмай тұрып келiсiп аламын. Әйтпесе, жұмыс қызу жүрiп жатқанда талапқа төзiмi жетпей, ақы төлемегендi сылтауратып, орта жолдан ойынды тастап кетуi бек мүмкiн. Негiзгi қаржы пиротехникалық жабдықтарға, түсiру алаңдарын жалға алуға, басқа да техникалық шараларға жұмсалады. Бiз аз қаражатпен көркемдiк-идеялық сапасы жоғары, халық талғамына жауап бере алатындай кино жасауды көздеймiз.– Фильм түсiру кезiнде әлгiнде өзiң айтқандай, актерлердiң кетiп қалған жағдайлары болды ма?– Кездестi, әрине. Өмiрде ешкiм де оқыс жағдайдың орын алмайтынына кепiлдiк бере алмайды. Бiз мұндай жағдайда сценарийге өзгерiс енгiзуге мәжбүрмiз.
– Көрерменге жаңа ұсынған “Свои” фильмiңдi орыс тiлiнде түсiрiпсiң. Мұның себебi жөнiнде бiр журналда “қазақ өз тiлiндегi киноны аз көредi. Сондықтан осылай жасау керек болды” деген түсiндiрмеңдi оқып қалдым.
– Мен ол журналды оқыған жоқпын. Егер солай жазылса, бұл қып-қызыл өтiрiк. Бұған дейiн қазақ тiлiнде түсiрiлген киноларымның бәрiнiң өз көрерменi бар. Ал бұл фильмдi орысша түсiрудегi басты мақсатымыз – Ресейдiң “ТВ-1000”, “Русское кино”, ТМД-аралық “МИР” телеарналарына шығару едi. Қазiр сол бағытта жұмыс жүргiзiп жатырмыз.
– Алда қандай кино түсiрмек жоспарың бар?
– Бүгiнде қолымда “Ограбление по шымкентский”, “Случайный роман” деп шартты түрде аттарын қойған сценарийлерiм дайын. Одан кейiн қазақтың атын әлемге танытқан саңлақ спортшы Бекзат Саттарханов туралы жоба миымда пiсiп-жетiлiп тұр. Мұндағы идея – талантты тұлғаларды, дара дарындарды, ұлттық батырларымызды көзi тiрiсiнде қадiрлеуге “ұмытшақтығымызды”, олардың бедел-даңқын ел үшiн дұрыс пайдаланбайтынымызды айту едi. Жан күйзелiсiнен туындаған осы сценарийiм туралы шырт ұйқымнан оятып сұраса, мазмұнын, әрбiр деталiне дейiн жаңылыспай айта аламын. Қаржы табылса, оны экранға шығаруға әзiрмiн.
– Әңгiмеңе рахмет! Шығармашылық жолыңа дәйiм сәттiлiк тiлеймiн.