1 қаңтардан бастап Қазақстанның елшіліктері шетел азаматтарына ЖСН беруді доғарады

/
1 қаңтардан бастап Қазақстанның елшіліктері шетел азаматтарына ЖСН беруді доғарады

Ресейдегі Қазақстан Республикасының елшілігі бүгін шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру тәртібіне қатысты жедел хабарлама жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Елшіліктің Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, шетелдіктерге ЖСН беру бойынша пилоттық жоба 2025 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін күшінде болады. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның шетелдегі мекемелері шетел азаматтарына ЖСН рәсімдеуді тоқтатады.

Сонымен бірге, уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстанға келмей-ақ онлайн форматта бірқатар мемлекеттік қызметтер мен сервистерді алуға мүмкіндік беретін eResidency бағдарламасын іске қосқаны атап өтілген. Бағдарлама аясында ЖСН қамтылған цифрлық ID-карта алу да қарастырылған.

Елшіліктің түсіндіруінше, бұл бастама шетелдіктерге Қазақстанда ресми цифрлық мәртебе рәсімдеп, елдің бизнес мүмкіндіктері мен онлайн сервистерін пайдалануға жол ашады.

eResidency бағдарламасы арқылы мыналарға қол жеткізуге болады:

ЖСН көрсетілген цифрлық ID-картаны алу;

Қор нарықтарына, криптобиржаларға және қазақстандық нөмірі бар eSIM-ге қол жеткізу;

Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) мен сақтандыру қызметтерін рәсімдеу;

Қазақстандық карталарды пайдаланып, онлайн банк шоттарын ашу;

Төлем қызметтеріне қатысты салықтық резиденттік пен эквайринг мүмкіндіктерін алу.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары