БАҚЫТТЫЛАР АҚЫНДАРҒА СЕНГЕНДЕР!

БАҚЫТТЫЛАР АҚЫНДАРҒА СЕНГЕНДЕР!

БАҚЫТТЫЛАР АҚЫНДАРҒА СЕНГЕНДЕР!
ашық дереккөзі

Ол өмiрiн өлеңге арнап келедi. Өлең оны жетелеп, асқақ Алатауға алып келдi. Алматы дейтiн ақ арман өлең дейтiн әлемнiң есiгiн ашатын құдiрет сияқты көрiнетiн бала кезiнде. Асқақ Алатау, көңiлдегi асқақ арман, өлең дейтiн ғаламат… Мұның бәрi де ол үшiн Алматыдан бастау алатындай…

«Адамдар асығады,

Алла асықпайды.

Әркімнің кеудесінде қасық қайғы.

Талабың тассын қанша,

Талайыңнан

Алмассың, ала алмассың асып бәйгі».

Төреғали Тәшеновтің поэзия­сы осындай көркем, осындай өзгеше құпияға толы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – талантты ақын, публицист Төреғали Тәшенов.

СОЗАҚТАН ШЫҚҚАН АҚЫН БАЛА

Мен Созақ ауданында туып, өстім. Аудан орталығы Шолаққорғанға қарасты Қарабұлақ деген ауыл бар. Таудың баурайында орналасқан. Сол аядай ғана ауылда менің бүкіл балалық шағым, жастық кезеңім өтті. Кейде адамды белгілі бір бағытқа бұратын адамдар болады ғой. Кейбіреуінің әке-шешесі айтып жатады. Менің әкем совхозда есепші болып қызмет атқарды. Анам болса, он бала тәрбиелеп өсірген үйдің шаруасындағы әйел еді. Үш қыздан кейінгі тұңғыш ер бала болғандықтан, маған әкем де, шешем де «пәлен бол, түген бол» деп, бетімнен қаққан емес. Қарапайым ауылдың қарадомалақ балаларының өмірі қалай өтсе, менің де балалық шағым солай өтті. Бала кезімнен әдебиетке ғашық болдым. Әдебиетті, өлеңді жақсы көретін едім. Мені ақын еткен ауылымның көркем табиғаты болар, бәлкім! Қаратаудың баурайында, тып-тыныш жатқан ауыл. Ауылдың батқан күніне, шығыстан шыққан шұғыласына сүйсінген болармын. Тентек те болғам жоқ. Тұйықтау, өзіммен-өзім жүретін едім. Алғаш өлең жазған кезім де есімде. Он үшке келген шағым. Әдебиет оқулығын оқып отырып, өлең жаза алатындай, «осы өлеңді мен де жаза аламын-ау» деген ой келді маған. Жазып көрейінші деп ойладым. Сол оймен алғаш жазған өлеңім «Қыс» туралы болатын. Бір айдың ішінде үп-үлкен оқушы дәптерін өлеңдермен толтырып тастадым. Ең қызығы, қандай өлең жазсам да, оның жанына соның суретін қоса бейнелейтін едім. Сиыр туралы өлең жазсам, сиырдың суретін, бүркіт туралы жазсам, бүркіттің суретін саламын. Сол дәптерім әлі күнге дейін үйімде сақтаулы тұр. Сандығымның түбінде жатыр. Сол дәптерді кейде қолыма алып, парақтап қоямын. Ол менің қасиетті тұмарым сияқты.

ТӨЛЕГЕНГЕ СҮЙСІНУ, МҰҚАҒАЛИДЫ ҰНАТУ

Мені поэзияға жақындатқан, шығыстың шайырларының өлеңдері еді. Алғаш мен шығыстың поэзия­сымен қанықтым. Ең әуелі, өлең жазғаным да қызық. Мен өлеңді күрделі бастағам жоқ. Жан-жануарға, қоян мен қасқырға арнап шығардым. Сосын табиғат көріністері туралы өлеңдер жаздым. Қадыр ақынның: «адам әуелі тақырыпты меңгеріп алу керек» деп айтатыны бар еді ғой. Сегізінші класқа келгенімде, қазақ тілі мен әдебиетінен беретін мұғалімнің алдында Төлеген Айбергеновтің кітабын көрдім. Ұмытпасам, «Құмдағы мұнаралар» болу керек. Сол кітапты жалма-жан қолыма ала салып, ашып қарап едім, мүлдем басқа әлемге еніп кеттім. Мен жазып жүрген өлеңдерге мүлдем ұқсамайды. Содан Төлегенмен ауыра бастадым. Төлегенді оқып, өлең жазсам, Төлегеннің өлеңдеріне ұқсап кете береді. Сөйтіп жүріп, тоғызыншы класқа келгенімде, Мұқағали Мақатаевтың кітабы шықты. Өзінің көзі тірісінде көріп кеткен «Дариға жүрек» деген соңғы кітабы. Бұл кітапты аудан орталығындағы кітапханадан тауып алып, оқи бастадық. Мұқағали мен Төлегенді жата-жастана оқитын едім. Бұл ақындардың өлеңдерінің маған тигізген кемшілігі де болды. Өйткені сол ақындардың тұтқыны болып қаласың да, өз жолыңды таба алмайсың. Олардың әлеміне сіңіп кетесің де, өз әлеміңді ұмытасың. Сенің жазғаныңның бәрі соған ұқсап кетеді.

ӘДЕБИ ОРТАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҚТАР

Жоғары класқа жеткенімде басқа сабақтың бәрін жинап қойып, тек көркем әдебиетті оқуға кірістім. Мектепті бітірген жылы жоғары оқу орнына түсе алмадым. Қатарластарымнан ауылда қалып қойдым. Екі жыл әскерге жіберді. Әскерден келген соң, ауылда тағы бір жыл қара жұмыс істедім. 1983 жылы 21 жасымда Алматыдағы ҚазПИ-ге оқуға түстім. Филология факультетінде оқып жүріп, әдеби ортамен араласа бастадым. Алматыдағы өмірім ертегі сияқты басталды да, ол ертегі қайырмасына келгенде, үзілді. Үш-ақ жыл оқыдым. 1985 жылы республикалық «Жігер» фестиваліне қатысып, ақын-жазушылармен жақынырақ таныс­тым. Сөйтіп аралас-құралас болып кеттік. Қатарластарым тани бастады. Алып-ұшып тұрған кез. Аманхан Әлім, Әубәкір Қайран, Мейірхан Ақдәулет, Жұматай Жақыпбаев сияқты жас ақындардың соңынан еріп жүрдік. Сөйтіп жүргенімде оқудан шығып қалдым. Оқудан шығуыма себеп болған нәрсе, 1986 жылы мамыр айы болатын. Аманхан Әлімнің «Таудағы тасбұлақтар» деген өлең кітабы шықты. Ауылдан бір кластасым келе қалып, үшеуміз ақынның өлеңдер жинағын тойлауға кеттік. Ол кезде Горбачевтің «сухой» заңы дүрілдеп тұрған кезі. Көкбазардың тұсындағы «Түркістан» деген мейрамханадан шықсақ, бізді милицияның көлігі күтіп тұр екен. Ол көлік салып алды да, апарып бір түнге қамап тастады. Студенттік билетім қалтамда болған. Содан институтқа хабарласып, ақырында мені оқудан шығарып жіберді. Бітірейін деп тұрғаныма бір жыл қалғанда, ауылға қайтуға тура келді. Ол кезде Алматыдан жұмыс табу өте қиын болатын. Жұмысқа тұру үшін қалаға тіркелу керек. Тіркеу болмаса, жұмысқа алмайды. Ауылға барғаннан кейін, мектепке мұғалім болып орналастым. Студенттік анықтамам мұғалім болуыма септігін тигізді. Мен ауылға кеткеннен кейін, екі аптадан соң, желтоқсан оқиғасы бұрқ ете қалды. Көзбен көре алмадым. Ішім қыз-қыз қайнады. Аядай ауылда мектепті түнімен күзетіп шықтық. Сол желтоқсанға қатыспағаныма әлі күнге өкінемін. Екі апта шыдағанымда ғой деп ойлаймын кейде. Екі жылдан кейін ғана оқуымды қайта жалғастыруға тура келді. Кеш бітіріп шықтым. Бірақ бір өкініштісі, әдеби ортадан алыстап кеттім. Алматыда дүркіреп жүрген студент ақын едім. Амал не, он бес жылым ауылда өтті.

ЖАҢАТАС – АРМАНДАРДЫҢ ҚАЛАСЫ ЕДІ

1991 жылы Жаңатасқа қоныс аудардым. Сол Жаңатаста он жыл тұрдық. Қаратауда «Қаратау кеншісі» деген газетте тілші болдым. Он жылдың ішінде дүркіреп тұрған Жаңатас тозып бітті. Алпыс мың халық тұратын еді. «Кіші Париж» атанған қала еді ғой. Кеңес Одағы қалай құлады, қала да құлдырай бастады. Орыстар шамаданын көтеріп, өз еліне кетті. Жаңатастағы жұмысшылар аштық жариялап, Тараздағы теміржолды жапқанын өздеріңіз де білесіздер. Алпыс мың халықтан ең соңында 20 мыңы ғана қалды. Қырық мыңы босып кетті жан-жаққа. Не жарық жоқ, не ақша жоқ. Осындай қиын-қыстау күндерді көзіміз көрді. Кеңес Одағының кішкене бөлшегі Жаңатаста қирағандай әсер етеді маған сол кездер. Үлкен үш қабатты тұрғын үй бір бөтелке араққа сатылды, сенесіз бе? Есік-терезе дегендердің бәрі отқа жағылып жатты. Жылу жоқ. Қаланың әкімі отқа жағуға ресми түрде рұқсат берді. Өйткені халықты сақтап қалу керек болды. Біз сол қайнаған ортадан шықтық. Мектептегі балалардың жазу жазуға қолдарының икемі келмейтін. Күн суық, жылу жоқ. Сол қаңырайып қалған Жаңатастан 2001 жылы біз де көштік. Үш баламды жетектеп, арман арқалаған Алматыма қайта оралдым. Бұл мен үшін ерлік жасағанмен бірдей болды.

МЕНІ АСЫРАҒАН

АҚЫНДЫҚ ЕМЕС,

МЕНІ АСЫРАҒАН

ЖУРНАЛИСТИКА

«Мені асыраған ақындық емес, мені асыраған журналистика», – деп Темірхан Медетбектің айтатыны бар еді. Ақындық кәсіп емес, ол бізге нан тауып бермейді. Сондықтан, нанымды журналистикадан тауып жүрмін. Мені елге танытқан ақындық емес, журналистика. Азды-көпті елге танылсам, ол – баспасөздің арқасы. Өлең – менің серігім. Күнделігім сияқты. Анда-санда өлең жазбасам, онда менің құрығаным ғой. Сирек те болса, өлең жазып тұрамын. Өзімді қинап жазбаймын, таңғы шықтай әдемі ойлар келсе, сонымен елтіп, жазатыным бар. Алғашқы өлең кітабым «Аққудың қауырсыны» 1997 жылы жарық көрді. Жаңатаста жүрген кезімде шығардым. Алматыға келіп, өзімнің ақшама шығардым. Бұл менің алғашқы ақындық құжатым десем де болады. Алғашқы кітап шығарудан қатарластарымнан қалып қойдым деп ойламаймын. Қатарластарымның бәрі отыздан асқан соң ғана кітаптарын дайындаған екен. Одан кейінгі жинағым, 2008 жылы шықты. «Жауратқан жапырақтың көлеңкесі» деп аталады.

Келмесе өмірімнің өлең хошы,

Бұйырған тағдырыма көнем де осы.

Сыз да емес, мұз да емес, жүрегімді

Жауратқан – жапырақтың көлеңкесі…

Журналистика деген уақытыңды ғана емес, өміріңді де ұрлайды екен. Журналистиканы кемсітуге тағы болмайды. Журналистика деген үлкен сала. Ақындық деген жан тыныштығына елту, өзгеше әлемге сүңгу. «Талант – тыныштықта кемелденеді» деген Гетенің айтқан сөзі бар екен. Сол сияқты, талантқа тыныштық керек.

16.02.2012

Гүлзина Бектасова