ЖАЗУШЫ ҚИЯЛЫНДА НЕГIЗ БАР МА?
ЖАЗУШЫ ҚИЯЛЫНДА НЕГIЗ БАР МА?
Ғылыми-техникалық негiзге сүйенiп шығарма жазудың хас шеберi, атақты қиялгер жазушы Жюль Верн ХIХ ғасырда жазған жиырма шақты романында жүзден астам болжам ұсынған. Оның қиялдарының көп бөлiгi ХХ ғасырда жүзеге асырылғаны тарихтан мәлiм. Әлем оқырмандарына аты мәшһүр Жюль Верннен соң араға қырық жылдай уақыт салып ағылшын жерiнде дүние есiгiн ашқан Герберт Уэльс оның тiкелей мұрагерi iспеттi iзiн басты.
Уэльс ХХ ғасырдың екiншi жартысына дейiнгi аралықта қалың оқырманын тамсандырған 20 роман жазды. Соның iшiндегi ең әйгiлiсi осыдан тұп-тура 112 жыл бұрын жарыққа шыққан «Ғаламшарлар соғысы» деген кiтабы болатын. Герберт Уэльс те дәл Жюль Верн секiлдi әр романында қиял-ғажайып ойларды ортаға салды. Онысының көбi сол кезеңде шындыққа айналған болса, кейбiрi ХХI ғасырдың еншiсiне қалып, бүгiнде жүзеге асып жатқан көрiнедi.
Алайда екi жазушының ұқсастығымен қатар шығармаларының нысанында елеулi айырмашылықтар да кездеседi. Айталық, Жюль Верн мұхит, теңiз, алыс жолсапарлар мен саяхаттар тақырыбына аса ден қойып, қалам тартса, Герберт Уэльс қақтығыстарды, соғыс техникаларының болашағын көбiрек бейнеледi. Әлем оқырмандары бүгiнде Герберт Уэльс туындыларын “Көрiнбейтiн адам” (1897), “Ғалым Мороның аралы” (1896) романдары арқылы көбiрек таниды.
Ал оның тақырыбының аумағы шын мәнiнде өте кең болғанын атап айту ләзiм. Уэльс көбiнесе, автокөлiк, шынжыр табан танкiлер, сүңгуiр қайықтар, ұшақтар, велосипед, телефон, әуе шарлары секiлдi техникалық құрылғылардың болашағын болжады. Сонымен қатар әлемдi шарпуы ықтимал соғыс өрттерiн, тiптi өзге ғаламшарлармен арада өтуi мүмкiн шайқастарды да қиял елегiнен өткiзiп, қалам тербедi. Тағы бiр қызығы, шаңсорғыш, ас үй құралдары секiлдi әдеттегi тұрмыстық заттардың да болашақта қандай болатындығын алдын ала болжап, жазып кеттi.
Америкалық тарихшы Пол Крабтридiң мәлiмдеуiнше, Уэльстiң шығармалары жарыққа шыққан тұста заты тұрмақ аты беймәлiм болған көп дүниелердiң кейiн 80 пайызы орындалуға мүмкiндiк тапса, дәл 60 пайызы жүзеге асырылған көрiнедi. Пол Крабтридiң зерттеуiнiң нәтижесiнен сенсек, жазушы қиялының 20 пайызы мүлде негiзсiз орындалмас арман ретiнде қарастырылған.
Алайда оны орындалмайды дегеннен гөрi әзiрше уақыты келмеген, алдағы уақыттың еншiсiндегi дүниелер десе болатын секiлдi. Себебi, аталмыш 20 пайыз негiзiнен гуманитарлық ғылымдарға арналған екен. Пол Крабтри өз зерттеуiнде Уэльстiң ұсынған «бүкiләлемдiк бiртұтас мемлекет құру туралы» қиялын орындалмайтын еш негiзсiз пайым деп таныған. Алайда, ұлы жазушы көз жұмарынан бiр жыл бұрын (1946) БҰҰ-ның құрылуы келешектегi «Бүкiл адамзатқа ортақ үкiмет орнының» құрсақта пайда болған «бiр тамшы суы» емес пе екен?
ХХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап күшейе түскен жаһандану үдерiсi бүгiнде тiптi кәрiне мiнiп алғаны соншалық, кеше ғана қаперсiз жатқан қазақ даласын да дүр сiлкiндiрiп жатқан жоқ па. Саясаткерлерiмiздiң өзi жаһандану сөзiн ауыздан тастамайтын жағдайға келдi. Өстiп жүргенде, күндердiң бiр күнiнде «Әлем парламентi» жер-жиһанға жар салып, жер шарындағы әр ел бiр-бiр округке айналып, «депутаттарын» ұсына бастамасына кiм кепiл. Жаһанданудың бiр қырына үңiлiп көрсек, соны көргендей боламыз.
Қалай десек те, Герберт Уэльстiң қиялы тығырыққа тiрелген жоқ, керiсiнше, жүзеге асу уақытын күтiп тұр ма екен деген күмәндi ой санамда сумаңдай бередi. Сондай-ақ, ұлы жазушының қиялдаған «демократиядан технократияға ауысу» жайындағы ойларын жүзеге аспайтын дүниеге балайтындар өте көп. Қайдам. Бұл тұрғыдан келгенде, басқаны айтпағанның өзiнде, қазақ академигi Асқар Жұмадiлдаевтi тыңдасақ та жетiп жатыр.
Алайда қателеспейтiн пенде болмайтындығын Уэльс нақты көрсетiп кеттi. Қанша дана қиялшыл болса да оның кейбiр ойларының орындалмаған тұстары да баршылық. Айталық, оның «әйелдердiң үй шаруасынан аспай қалатындығы турасындағы» қиялы орындалмады. Ол ХХ ғасырда өмiр сүрген британдық азамат, ұлы қиялгер болса да – Маргарет Тэтчер деген «темiр әйелдiң» өз елiн басқаратындығын, ғасырлар тоғысында әлемдiк саясатқа елеулi ықпал ететiндiгiн түсiнде де көрген жоқ. Германия сынды батыс демократиясы дамыған елдердi айтпағанның өзiнде Үндiстан, Цейлон, Түркия, Пәкстан сынды шығыс мемлекеттерiнiң жоғары билiгiне төменетектiлердiң қол жеткiзетiнiн сол кезде бiреу айтса, оған тiптi Уэльстiң өзi де сенбеген болар едi.
Гэрберт Уэльс 1920 жылы Кеңес Одағына сапарлап, ұлы төңкерiсшiл тұлға Владимир Ленинмен кездесiп, «Алакөлеңкедегi Ресей» атты кiтап жазған. Онда да ол кеңестiк қоғамның ұзақ тұратындығына сенбедi. Ресейдi түн қараңғылығы жауып келе жатқандай елестеткен жазушы Ленин жайындағы эссесiн «Кремль қиялгерi» деп атаған. Қоғамдық дамудың заңдылығы тұрғысынан келгенде, Лениннiң арманы жазушыны сендiре алмады. Жалпы фантаст жазушылар ғылым, техника, технология саласында қамшы салдырмаса да қоғамдық ғылымның дамуы жағына келгенде мардымды ештеңе ұсына қоймайды. Уэльс те сол iзбен жүрдi. Бүгiнге дейiн гуманитарлық салада Сен Симон, Шарль Фурье немесе Томмазо Кампанелладан озған утопист шыға қойған жоқ.
Ресей жайындағы Уэльстiң көп ойлары шындықты дөп баса алмапты. «Таяудағы он жылда Кеңес Одағы қытай жерiнде саяси билiгiн орнатады» дегенiнiң орындалмас қиял екенiн бүгiн көрiп отырмыз. «Ресей қазiргi қатаң режимiнiң салдарынан батыс елдерiнiң көшiнен көп артта қалады» деп санады.
Алайда кеңес елi әлемде алғаш рет ғарышқа адам баласын ұшырып, олардың алдына шығып кеттi. Мұны ұлы қиялгер болжай алмады. Сөйте тұра ғаламшарлар арасындағы соғыс жайында бүтiндей бiр роман жазғанын қайтерсiз. Ондай соғыстың бетiн әрi қылсын, әзiр бола қойған жоқ. Дегенмен, ғарышты игеру саласындағы адам баласының iрi жетiстiктерiнiң нәтижесiнде Ай немесе Марста өз иелiгiн құрмаққа бәсеке баршылық. Кейiн қыза келе түрлi қайшылықтар туындауы мүмкiн. Ондай жағдайда ғаламшарлар аралық соғыс болмаса да, жер шарындағылар айды бөлiсе алмай өзара тайталасуы әбден ықтимал.
Сонымен қатар «ХХ ғасырда алып Ресей батыс және шығыс деген екi жiкке бөлiнедi, славяндардың бүйрегi Батыс Еуропаға қарай бұрады» дегенi қазiргi Ресейдiң ахуалына сәл де болса келiңкiрейтiн секiлдi.
«Қиялдар» кiтабында Уэльс дамыған елдердiң болашағы жайын баяндаған. Олардың тұрғындарын төрт iрi топқа бөледi. Бiрiншiсi, байлар, акция пакет иелерi, банк қожайындары. Олар саясатқа араласпайды, ел алдында ешбiр жауапкершiлiктi мойындарына алмайды. Екiншiсi, өндiрушi топтар, олар бiлiктi мамандар. Бiлiмдарлықтарының арқасында әлеуметтiң игiлiгi үшiн ғылыми жаңалықтар ашады, жаңа құралдар жасайды. Үшiншiсi, өнiм өндiрмейтiн, менеджментпен, қаржыны бөлумен ғана шұғылданатындар. Олар сауда-саттықпен, саясатпен айналыспайды. Төртiншiсi, төменгi топ, яғни, бiлiмсiз надан тобырлар. Механикаландыру мен автоматтандырудың салдарынан жұмыссыз қалғандар. Осы топтағылардың арасынан ұры-қарылар, қылмыстық элементтер туады деп болжаған.
Ұлы қиялгер адам баласын гендiк, тектiк жағынан тазартуды армандады. Тұқым қуалайтын науқасқа шалдыққандар, ақыл-есi кемiстер, маскүнемдер, нашақорлардың қоғамда болатындығын мойындаған Уэльс егер ондайлар әлеуметтiк қамқорлықтарды көтере алмай қылмыстық жолға түссе аямай жазалауды, тiптi көздерiн құрту арқылы өмiрдi тазартуды өз туындыларында ұсынды.
Болашақ мемлекеттер қылмыскерлердi асырау үшiн еш кiнәсiз адал адамдарды түрменiң күзетiне, бақылаушысына, қызмет көрсетушiге айналдыруға неге мүдделi болуы керек деген болатын автор. Уэльс те өзге мыңдаған жазушылар секiлдi моральдық тазалықты қастерледi. Алайда, әлi күнге дейiн, өкiнiшке қарай, адам баласы ар тазалығын сақтамай келедi. Генетика мен евгеника саласы қарқынды дамып, iрi ғылыми жаңалықтар ашылып жатса да әр жеке адамның тектi, ақылды бала табу жайындағы армандарының орындалуы қиынға соғып тұр.
Бәрiбiр, «жазмыштан озмыш жоққа» келiп тiреледi. Баяғыда ата- бабаларымыз «Я Алла, бала бер, бала берсең сана бер», – деп тегiн зарламаса керек. Адамзатқа аты әйгiлi Бетховеннiң өзi науқас ата-анадан жаралған. Бiр отбасындағы бес баланың төртеуi жарымес болып туылғанда ең кенжесi Людвиг Ван Бетховендi Құдай ерекше жаратқан, әлемге аты мәшһүр композитор болатындай дарын мен қабiлет берген. Герберт Уэльстiң фантастикалық шығармаларында жарымес балалар туралы, әкесiн танымайтын есерсоқтар жайында да көп айтылады.
Герберт Уэльс – атомның бөлiнуi, ядролық қарулар, лазер сәулесi сынды ғылыми жаңалықтарды болжай бiлген технологияның iрi қиялгерi болғанымен қоғамдық-саяси өмiрдiң болашағын дәл тұспалдай алмаған жазушы. Оның адамзат өмiрiнде ерекше орын алатын көптеген тосын жаңалықтарды алдын ала көре бiлуi әлемде теңдессiз қиялгер екендiгiн дәлелдей түскендей болады да тұрады.