«ҚАЗАҚТЫ ҚОЛДАЙТЫН ДА, ҚОРҒАЙТЫН ДА – ЖАЛҒЫЗ АЛЛА!»

«ҚАЗАҚТЫ ҚОЛДАЙТЫН ДА, ҚОРҒАЙТЫН ДА – ЖАЛҒЫЗ АЛЛА!»

«ҚАЗАҚТЫ ҚОЛДАЙТЫН ДА, ҚОРҒАЙТЫН ДА – ЖАЛҒЫЗ АЛЛА!»
ашық дереккөзі
383

Бейбiт Сапаралының есiмi елге дiнтанушы ретiнде, көсемсөзшi және жазушы ретiнде де жақсы таныс. ҚР мәдениет қайраткерi, халықаралық «Экология» академиясының академигi, «Қағанат» ғылыми-мәдени орталығы және «Қағанат» консорциумының басшысы Бейбiт Сапаралы бүгiнде ердiң жасы елуге толып отыр. Бейбiт ағамен әңгiменi ә дегеннен журналистиканың ауылынан бастадық.

– Бейбіт аға, Алдаркөсенің Шықбермес Шығайбайдан: «Көргенімді айтайын ба, әлде естігенімді ме?» деп сұрайтыны бар еді. Бұл сіздің де есіңізде шығар. Сіздің өмірбаяныңызға қарасам, естігеніңізден көргеніңіз көп сияқты. Сол көргендеріңізден көңілге түйгеніңіз не?

– Құдіреті шексіз Алла субхана уа таға­ланың жаратқан он сегіз мың ғаламын адам баласы ғұмыр бойына көре бергісі, тамашалай бергісі келеді. Алайда соның барлығынан түйетін түйін біреу, алатын ғибрат біреу – Алланың барлығы, бірлігі, мәңгіліктігі, оның алдына есеп беру үшін сөзсіз қайтып оралатынымыз. Ибраһим – Абай данышпан 59 жыл ғұмырында әрісі Алтай таулары, берісі Омбы төңірегін зиярат етіпті. Жетісуды көргеніне дау бар. Одан да анықтап айтсақ, Шыңғыстауда отырып, Семей, Аягөз, Қарқаралы арасындағы тарихи өлкелерді ғана көзбен көріп танып, тамашалаған. Солай бола тұрса да тақуа діндар атамыз Жаратушы берген көл-көсір қабілет-қарымы, ақыл-ойы, парасаты арқасында арғы-бергі замандағы жер-әлемді жетік біліп танып, Семей өлкесіндегі барлық зиялылар арасында терең ғұламалығымен, әділдігімен аты шығып, тіпті бірде Ресей орталығынан келген православие шіркеуінің ұлық шендісін сан алуан тақырыптар бойынша пікір алмасқанда қатты тосылдырған, таң-тамаша қалдырған. Ал біздер ше, жаһанды ғаламтор арқылы алақандағыдай көріп отырмыз, заулаған ұшақтар қанатымен әуені шарлап, жер-жаһанды кезіп, ата-бабаларымыз жүз жыл ғұмырын сарп етсе де бара алмайтын, табаны ол жердің топырағына тие алмайтын құрлықтарға небары бірер апта ішінде жеделдеп барып қайтып, рахаттана демалудамыз, саяхаттаудамыз. Дей тұрғанмен, одан біздің адамгершілігіміз артып, иманымыз күшейіп, тарихи танымымыз зорайып кетпеген сияқты. Керісінше, нәпсінің жетегіне ілесуіміз күшейіп, дүниеқоңыздығымыз тұла бойымызды меңдеп, сырты бүтін, іші түтіннің кебін киюде сияқтымыз.

Жер шары жаюлы жатқан жайнамаз іспетті. Жауын-қармен жуылып-шайылып жатқан Жер-Анада емін-еркін өмір сүр, Алланың берген нығметін таны, шет-шегі жоқ ризықтарынан пайдалан, алайда Раббыңа шүкіршілік білдіріп, әрдайым ықыласпен құлшылық етуді ұмытпа, зікір етуді жадыңнан әркез шығарма.

– Студент кездеріңізде еліміздің тарихи аймақтарын жиі аралаған екенсіз. Сіздер романтик болдыңыздар ма?

– Әлбетте, алаулаған жастық шақ нелер қиырларға қиял серметері рас. Бірақ та біздер құрғақ қиял қуған, орындалмас арманның жетегіне ерген жандар едік деп айта алмаймын. Біздер романтиктен гөрі прагматик дейтіндер қатарына көбірек ойысатын сияқтымыз. Қазақстанның өткені, бүгіні мен келешегі біздерді қатты толғандыратын. Біздер оңашада осы тұрғысында өте қызу талқылап пікір бөлісетінбіз. 1980 жылдар басында КСРО басшысы Брежневтің өзін қатты сынап, түрлі әңгімелер айтатынбыз. Бір-бірлеріміздің бойымыздағы кемшіліктерді де ашық талқылап, оны қалай түзетудің жолдарын ортаға салатынбыз. «Егемен Қазақстан» газеті мен АҚ-ның вице-президенті Еркін Қыдыр курстасымыз айтпақшы, жатақханада бір бөлмеде үшеу жататын едік, соның екеуі – Алтынбек Сәрсенбаев пен Дархан Мыңбай, білдей министр болып кетті, соған қарағанда біздер де осы осал емеспіз-ау дегендейін, бізбен қатар оқыған қырық ұл мен қыздардың барлығы да сайдың тасындай бір-бір ерен тұлғалар деп айтқым келеді.

– «Білім және еңбек», «Ұланнан» бас­тап, «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясында әр кезеңде басшылық қызметтер атқардыңыз. Сағат Әшімбаевтың сіздің өміріңіздегі қолтаңбасы ерекше болар, бәлкім. Қызметтес болған, журналистиканың шеберлігін үйренген ағаларыңызды жиі еске аласыз ба?

– Жиі деп айтсам өтірік болар, бірақ та ес­ке алатыным, жұмада, түске енгенде, айт күндерінде, үлкен және кіші қажылық кездерінде, Қағбатолла жанында, Арафатта, Минада, Мединеде, мешіттерде арнайылап Құран аяттарын оқып, марқұмдардың рухына Фатиха, Иасин оқып, дұға бағыштайтыным рас. Абай ауылында мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ берген Кәмен Оразалиннен бастап, Алматыдағы университет қабырғасындағы – Өмірбек Жолдасбеков, Яхия Әубәкіров, Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Зейнолла Серікқалиев, Марат Барманқұлов, Серік Әбдірайымов, т.т. барлық бақилық болған ұстаздардың жарқын бейнелері мен өсиет сөздері әрдайым жадымызда. Камал Смайылов, Сапар Байжанов, Ақселеу Сейдімбеков, Бекежан Тілегенов, Талап Сұлтанбеков, Сағатхан Әшімбаев, Оралхан Бөкеев, Мырзабек Дүйсенов, Қалтай Мұхамеджанов, Әбіраш Жәмішев, Әнуар Әлімжанов марқұмдардың да жорналшылық, жазушылық дүние­таны­мы­мыз қалыптасуында сіңірген еңбектері зор.

Сағат Әшімбаев деп қалдыңыз. Сағат аға талантты жастарға барша болмысымен көңіл бөлетін рухани таза, елгезек, шын пейілді ұлтжанды қазақ перзенті еді ғой. 1985 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде «Медеу – кім?» деген көлемді зерттеу мақалам жарияланып, 25 мың архив құжаттары ішінен Медеу Пұсырмановтың 2 хатын тауып алғанымды оқып-біліп, өзі жасы үлкен, қызметі жоғары болса да Дидахмет Әшімханов арқылы телефонымды сұрап алып хабарласып, Сапаралин деген фамилиям, тиянақтап мұрағат ақтарған жанкештілігіме қарап: «Шыныңды айтшы, сен осы татар емессің бе, қазақтар мұндай табанды зерттеуші бола бермейтін еді?!» –дегені бар. Кейінде қамқор көңіл ағаның үйіне жиілетіп барып, ұзақты күнге сан алуан тақырыпта пікірлесіп жүретінбіз. Ал 1990 жылы ұсынысымды қабыл алып, Д.Қонаевтің көзі тірілігіне қарамай, Евней Букетов туралы үлкен көлемде екі бөлімнен тұратын деректі-танымдық телехабар жасауыма барлық жағдай жасап, барынша жол ашуы, төл шығармашылығымдағы жарқын беттердің бірі деп білемін.

– Журналистік қызметіңізді «Қазақ­фильм­нен» бастадыңыз. Сізге киноның да ауылы алыс емес. «Қазақфильмді» еске ал­ған­да, көбіне ойға оралатыны не?

– 1983 жылы күзге салым «Қазақ­фильм­де» жоғарғы курс студенті ретінде 3 айлық тәжірибе сынақтарынан өттім. Сол кездегі кинематография комитеті төрағасы Олжас Сүлейменов, «Қазақфильмнің» бас редакторы Мұрат Әуезов қолдауымен кіші редактор қызметіне ресми бұйрық арқылы алынып, киножурналдарға сюжеттер түсіретін арнайы топтың үйлестірушісі болдым. Ертелі-кеш Юрий Израилевич Резников деген бөлім бастығымен жұмыс жасайтынмын. Тар аяда шектелмей, киностудияның көркем фильм, деректі фильм, мультфильм көркемдік кеңесі отырыстарына, комсомол ұйымы жұмыстарына, баспасөзге жазылу іс-шараларына да бел шеше қатынаса беретінмін. Ешкім қой демейтін, көпшілік ортада шығармашылық рух есіп тұратын.

Әлі есімде, 1985 жылы ЮНЕСКО шеңберінде Шоқан Уәлихановтің 150 жылдық мерейтойы аталып өтетін болды. Оның басы-қасында сол уақыттағы Қазақ ССР-інің Сыртқы істер министрі Михаил Исеналиев ағамыз жүрді. Мәскеуде Шоқанның таңдаулы шығармалар жинағы шығарылып, алты тілге аударылатын Шоқан туралы деректі фильм түсіртуге рұхсатты сол кісі алып берді. Шоқанды бірнеше жыл бойына өте тиянақтап зерттеп жүргенімді, Мәскеу мен Ленинград, Омбы мен Орынбор, Алматы мен Семей архивтерін сарыла сүзіп ұзақты күнге саралап шыққанымды Олжас Омарұлы мен Мұрат Әуезов ағаларымыз жақсы білетін. Михаил Иванович те, деректі фильмнің болашақ режиссері Григорий Емельянов та, операторы Юрий Литвяков та, тікелей өз бастығым Юрий Резников те бұл орайда менің бар білгенім мен жинап-тергенімді пайдаланғысы келіп, аталмыш деректі фильмнің алғашқы сценарийі жазылып, әр аймақта түсіріле басталуынан бастап, ең соңғы монтаждау, дыбыс­та­лу жұмыстарына дейін төтесінен менің қатынасуыммен жүзеге асырылатын болып шешілді. Шынын айту керек, қанша тәжірибелі болғанымен, режиссер мен оператор сол уақытқа дейін Шоқан Уәлиханов туралы ештеме жарытып оқымаған, мүлдем дерлік мағлұмат білмейтін болып шықты. Дереу қағаз шимақтап, орысша бағдарлама түзіп, не мағынада, қандай заттарды қайда түсіру керектігін нақтылы көрсетіп жазып бердім. Өте шапшаңдықпен қимылдап, үш-төрт ай ішінде аталмыш деректі фильмді тәмамдап шықтық. Әлі есімде, түннің бір ортасына дейін Емельянов бастаған топ тапжылмастан отырып монтаждаймыз, қандай мәтін оқылу керектігін сұрыптаймыз. Соңына таман, бір күні түсте Емельянов пен Резников екеуі екі жағымда отырып, «Құдайға шүкір, деректі фильм аяқталып келеді. Көптен бері сізге қойсақ деп жүрген сұрауымыз бар еді, сіз бұл фильм­де өзіңізді қандай дәрежеде көргіңіз келеді. Фильмнің сценарийін жазушы деген бар, фильмнің редакторы деген бар. Қайсысын қалайсыз, өйткені сіз осы фильмге лайықты еңбек сіңірдіңіз?» – деп сауал тастағаны. Албырттық шығар, түсінбестік шығар, «Маған фильмнің редакторы болу ұнайды. Өйткені газет-жорналдарда редактор, бас редактор деген ең жоғарғы дәрежеде ғой» — деппін. Ол екеуі маған аңырып бір қарады да, ниетімді тағы да бір анықтап сұрады. Қазір мұрағаттан алып сол деректі фильмді қарасаңыз «редакторы Б.Сапаралин» деген жазуды оқисыз. Ал фильмнің сценарийін жазғандар – Г.Емельянов пен М.Исиналиев деп жазылған. Кейіннен білгенім, ол кісілер 6000 сомнан қаламақы алған екен. Бізге қызметіміз бойынша үш айға 120 сомнан еңбекақы тиді. Мәселе қыруар қаражатта емес, жеке тұлғалардың тарихтағы орнында деп білемін. Осы ретте, 21 жастағы балалығыма қарамай Фрунзеге қайта-қайта телефон соғып, ол кезде атағы айдай әлемге дүркіреп тұрған қырғыз киносының мемкомитеті бастығы Шыңғыс Айтматовпен арнайы кездесу ұйымдастырып, өз бөлмесінде шағын сұхбатын жазып алғанымыз. Мұншалықты дәрежеде ұйымдастыра біледі деп басшылардың ешқайсысы да болжамаған екен. Шыңғыс ағамыз кездесу соңында барлығымызбен бірге фотосуретке түсіп, 1981 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Эрте келген турналар» деп аталатын шағын кітабын сыйлап, «Бейбітболат Сапаралинге.Ч.Айтматов. Фрунзе. 4/Х-83.» деп қолтаңба жазып берді.

Қазақ киносына байланысты ойға түсірер жағдаяттар көп. Алайда сол бір кезең есіме тап күні бүгінгідей орала кетеді.

«БІЗДЕРГЕ ТӘУЕЛСІЗДІКТІ АҢСАҒАН МҰСЫЛМАН ҚАЗАҚ ҚҰНАНБАЙ ТҰЛҒАСЫ КЕРЕК»

– Құнанбайды зерттегеніңізді білеміз. Құнанбайды зерттеуде сіз неге көбірек мән бердіңіз? Қажылық тұлғасына ма, әлде қайраткерлік тұлғасына ма? Құнанбай тақырыбын зерттеуіңізге сол ауылда туғаныңыз себеп болды ма?

– Иә, Абай елі Құнекеңді ғасырлар өтсе де қатты қадір тұтады. Құнанбай тұлғасын соцреализмнен ажырату, «Абай жолындағы» Құнанбай өмірде нақты болған Құнанбай емес екенін тарихи бұлтартпас айғақтармен дәлелдеу, Ескендір, Темір, Шыңғыстай мұсылманда атақты деп өз әкесіне орасан зор баға берген Ибраһимнің биігінен қарап тұрып, Құнекеңнің келбетін зерттеп-тану, міне, мұның барлығы да небары 29 жасымызда қолға батыл қалам алып, «Құнанбай қажы» деп аталатын дерекнамалық зерттеуді бірер жылда жазып шығуға негізгі түрткі болды.

Құнанбай болмысы өзгермейді. Замана дауылдары қанша соқса да, Құнанбай сол қазақтың Құнанбайы болып қала береді. Демек мәселе тарихи сол Құнанбайдың өзінде емес екен, оны теріс, басқаша айтып-танып, жазып келген мына біздерде екен.

– Әлі күнге Құнанбай мен Абайды дұрыс танымай жүрген сияқтымыз. Сіз қалай ойлайсыз?

– Құнанбайдың тұлғасын жас болсақ та, «Құнанбай қажы» кітабында біршама ашып жаздық деп ойлаймын. Әдебиет тұрғысынан тың мәселені көтергені үшін мемлекеттік сыйлықты да беруге болатын тақырып деп білемін оны. Құнанбай бейнесі кеңес одағы тұсында бір өрескел бұрмаланса, тәуелсіздік кезеңінде режиссер Ардақ Әмірқұловтың Абайдың жастық шағы туралы көркем фильмі арқылы және жастардың санасын бір қатты улады. Біздерге жаңа Құнанбай, шын Құнанбай, тәуелсіздікті аңсаған мұсылман қазақ Құнанбай тұлғасы керек. «Асыл арна» телеканалында Құнанбай туралы өткен жылы тәп-тәуір хабар жасалды. Сол сияқты ізденістер әдеби көркем шығармаларға да арқау болса, Құнекең бейнесі әр қырынан жарқырай таныла түседі деп ойлаймын. Тіпті Абайдың өзі туралы да шыншыл көркем фильмдер әлі күнге түсірілген жоқ. Ибраһимнің ғұмырнамасы да толық мағынасында қазіргі таңға дейін жазылған жоқ. Біздер сол олқылықтың орнын толтырмасақ, келешекте мүлдем қиынға соғатын шығар-ау.

– Олжас Сүлейменов туралы «Олжас­тың балалық шағын» жаздыңыз. Олжас ақынның қазақ тіліне көзқарасы туралы жиі сын айтылады. Сіздің ойыңыз қалай?

– Олжас – атақты Олжабай батырдың же­тінші ұрпағы. Олжастың анасы Фатима Нәшкеқызы марқұммен 1989 жылдан бері көп сөйлестім, көптеген сырларға қанықтым. Өз әкесіндей болған көрнекті қайраткер Әбдуали Қарағұлов марқұммен де үйінде талай сұхбаттастым. Ол кісілер нағыз қазақтар, ұлтшыл жандар. Ал Олжас ағамызды өскен ортасы тәрбиелеген, «кеңестік одақ құндылықтары» құрсаулап алған. Сонда да Олжас ағамыз коммунистік идеология тұсында нағыз ұлтжандылықтың рухани қайыспас туына айнала біліп, жаппай орыстанған қазақтың бетін бері бұрды. Түркі тектестердің күрескер рухын оятты. Олжас қазаққа, қазақ тіліне ешқашан қарсы болған емес, болуы мүмкін де емес. Олжас қазақ тілінің тез өркендеуі, тез арада жаппай мемлекеттік тілге айналуы, қазақ тілінің қолданылу аясын күрт өрістетуге байланыс­ты, бәлкім бәріміз келісе бермейтін, саяси қитұрқы көзқарастарды ұстанған шығар. Олжас Шумерлерден бастап бертінгі «Игор жасағы туралы сөзге» дейінгі мәдени, әдеби құндылықтар адамзат баласына түркілерден, оның ішінде қазақтардан таралғанын өткен ғасырдың алпыс, жетпісінші жылдарында-ақ айдай әлемге қасқайып тұрып дәлелдеп берді. Осы орайда «шалақазақ» деген сөз орыс отаршылдығы кезінде алғаш пайда болғандығын, ол негізінде ана тілін шала білетіндер емес, шоқынып, ақиқи дінін сата бастаған қазақтарға қаратып айтылғанын көпшілік оқырманға ескертіп өткім келеді. Олжас ағамыз қатарлылардың басты қасіреті ана тілі емес, ислам дінін барша парыздарымен дұрыс ұстанбауында деп білемін. Осыдан он бес жыл бұрын Иманғали Тасмағамбетовтің әкесі қайтыс болған кезінде көңіл айтамыз деп қабылдау бөлмесінде кездесіп қалып, әңгімелесіп тұрғанда дін тұрғысындағы бұл ойымды, ескертпелерімді Олжекеңнің өзіне де ашық айтқанмын.

«ОЛАРМЕН КҮРЕСУДІҢ ЖАЛҒЫЗ-АҚ ЖОЛЫ – ЖАРИЯЛЫЛЫҚ»

– Дінтанушы ретінде айтыңызшы, бүгінгі қоғамдағы діни ахуалды қалай бағалайсыз?

– Аллаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын, дербес еліміздегі қазіргі таңдағы діни ахуал жаман деуге аузымыз бармайды. Жамағат, әсіресе жастар қатары жаппай дінге бет бұруда. Ол тек Жаратушы Жаббар Иенің қалауымен болады. Мешіттер мен медіреселер жүздеп бой көтеруде. Садақа, Зекеттер шариғат бойынша нақты берілуі тиіс мұқтаждарға жеткізіле бастады. Дей тұрсақ та, көзге көрінбей жатқан қауіп-қатерлер көп-ақ. Олармен күресудің жалғыз-ақ жолы – жариялылық. Демек ҚМДБ Құрылтайы – дін мәселесінде қордаланған барлық өзекті ахуалдардың мейлінше тиянақтап ашық түрде сарапқа түсіп, Шура – Кеңесу негізінде олардың алдын алу шаралары айқындалатын шешімді орын, пікірталас алаңы. Осы толыққанды болмайынша мұсылмандар қауымы рухани қатерлі дерттерден тиісінше айыға алмақ емес. Муфтият жұмысын қалайша жандандырып, ақылдасатын, кеңес өткізетін Құрылтай қажет сияқты.

– Өткен жылы әр-әр жерде лаңкестік оқиғалар белең алды. Бұның астарында не жатыр? Қазір исламның өзінде діни алауыздық пайда болған сияқты. Бұған сіз қалай баға бересіз?

– Исламның өз ішінде діни алауыздық бар деп айта алмаймын. Батыстағы адамзатты алақанында ұстағысы келетін ал­пау­ыттардың ондаған миллиардтарды бөліп, әдейілеп қасақана ойлап шығарған діни бүлдіргі ағымдарын төрт мазһабтық исламның шеңберіне күштеп сыйдыруға болмайды. Лаңкестік оқиғалар да денінде тап сол аталған трансұлттық шайтани ұйымдардың жасырын ұйымдастыруымен болып жатады. Жиырма жыл бойына бұл мәселені айтып келеміз, түп-тамырын көрсетіп жазып келеміз. Он шақты кітаптарымыздың басты өзегі де сол – қазақ халқының ой-санасын отаршылдықтың, тәуелділіктің, құпия бағынушылықтың қандай да болсын салдарынан батыл түрде арылту.

Алдағы уақытта өткен жылғыдан ондаған есе күші көп бүлдіргі әрекеттер еліміздің әр аймақтарынан бой көрсетуі жымысқы түрде жоспарлануда. Сириядан өрт құлдилап Ресей мен Түркияға, Иранға, Тәжікстан мен Өзбекстанға түссе, Қазақстан дәрменсіз күй кешпек. Батыс жабылып Қытайды түймештесе, үндемес алып шыдай алмай буырқанары хақ. Ал біздер тайлы-тұяғымыз қалмай дайындалсақ та, алапат тасқынды тоқтата алмақ емеспіз. Қатер мол, пәле-жала аяқ астында. Одан аман-есен алып шығар тек құдыреті күшті Алла субхана уа тағала ғана.

– Көсемсөзші ретінде бүгінгі БАҚ сіздің көңіліңізден шыға ма? Қазақ баспасөзі мен орыс басылымдарын жиі салыстырып жатамыз. Сіз үшін қайсысының күші басым?

– Әлбетте, қазақ үшін қазақ баспасөзі әрдайым жоғары тұрады. Қазақы БАҚ-қа еркіндік, батылдық, шыншылдық жетіспейді. Баспасөздегі, теледидар мен радиодағы бастықтар ондаған жылдар бір орнында тапжылмай отыра бергені дұрыс емес. Шаршайды, таптаурын болады, батылдығы мұқалады. Мемлекеттік хатшы деңгейіндегі билік иелері идеологиямызды дұрыстап, әділдікпен бағыттап отырса, ақпараттар тасқынының да шырайы кірмекші. Қазақы тіл құнарлылығына да баса мән берген жөн.

– Баспасөздегі ашықтық, жариялы­лық­тың жүгенсіздікке ұласатын кезі көп. Бұл біздің ұлттық тәрбиемізге нұқсан келтірмей ме?

– Ұлттық тәлім-тәрбие өте күрделі үрдіс. Айтқанмен өзгере қалмайды, тоқпақтағанмен сіңісе бермейді. Мемлекеттік деңгейде үнемі келелі кеңес құра отырып, табанды түрде жаһандану зардаптарымен білікті күрес жүргізе отырып қажетті арнаға бұруды керексінеді.

– Ұлттың мүддесін толғайтын дүниелерді беруде нені басты назарға ұстауымыз қажет?

– Дін ислам мәселесі. Ғасырлар бойына ұлтымыз дінді қай мазһабта, қалайша ұстанды, соны өте сауаттылықпен жаза білсек, титтей де адаспаймыз, бағдарымыз дұрыс болады.

СҰХБАТ IШIНДЕГI СҰХБАТ

– Оқырман сізді кім деп танығаны дұрыс? Дінтанушы ма, көсемсөзші ме, әлде зерттеуші ме? Қайсысына көбірек бүйрегіңіз бұрып тұрады?

– Әлхамдулилла, әуелі мұсылман, Алланың құлы, содан соң пайғамбары­мыз­дың үмбеті. Осы екі дүниеде де жеткілікті. Ал ойлап тапқан атаулар мен атақтар, мән­сап­тар, кәсіптер маңызды емес. Ол белгілі бір қоғамдық ортада белгілі бір мақсатпен ғана ел шатаспас үшін айтылып жатады.

– Білуімізше, сіз «Қағанат» ғылыми-мәдени орталығын басқарасыз. Бұл орталық немен айналысады?

– 1996 жылы іргетасын қалаған компания баспагерлік, зерттеушілік, қайырымдылық жұмыстармен айналысудан өз қызметін бастады. Келе келе халықаралық үлкен жобаларға батыл кірісе алатын жағдаяттарға қол жеткізді. 2005 жылдан бастап «Қағанат» консорциумы құрылды, әр саладағы жиырмадан аса ЖШС басын құрады. Қазір биржа, телекоммуникация, өндіріс салаларына батыл қадам жасаудамыз. Жаһанның әр шалғайымен өте жоғары деңгейде дейтіндей байланыс­тарымыз бар. Алла абырой берсін, ақырын хайырлы етсін, дін исламның туын асқақтата көтеріп, қазақ ұлтының даңқын жаюға қолдан келгенше үлес қосудамыз.

– Болмыс-бітіміңізге қарасақ, арабтың шейх­тарына көбірек ұқсайсыз. Бұл сіздің имид­жіңіз бе?

– Арабтың шейхтарына ешқашан елік­те­ген емеспін. Қазіргі шайтани заманда көп ретте олардың тек сырт кейіптері ғана қалған. Ұлыбританияның жобасы болып саналатын дамыған деген араб елдерінде олар бір қарағанда керемет сыйлы адамдардай болып көрінеді, ал бірақ батысқа бет бұрып, Еуропа төрі не мұхит асып кетсе, шайтанның өзі безілдеп қашардай өте үлкен күнәлі істер істейді. Ислам дінін 73 тармаққа бөлшектейтін адасқан ағымдар шығару да тап сол араб шейхсымақтарының үлесінде. Негізінде, арабқа сіңген, арабқа тигізген түркі дүниесі ықпалы деген мәселені жадымыздан әркез шығармаған жөн. Бұрынғы араб бәдәуилері түркі перзенттеріне қатты еліктеген, Әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыстар сол ойымыздың жарқын дәлелі.

Имидж деген мәселеге тоқталсақ, сақал-мұрт қою – сүннет амал. Ал басқа бір түсті қазақы қара көк тақия кию сүннет амал мен ұлттық рухты паш етудің жарқын бір көрінісі деп білемін. Осы басыма киіп жүрген тақиямен Мәскеуде де, Меккеде де, Лондонда да, Лос-Анжелесте де, Пекин мен Гонконгта да болдым! Бірде-бір адам маған теріс көзбен қараған емес, қайта бұл кім, қай ұлттан болды екен деп таңырқай, сүйсіне қарайды. Қазақтар ескі хандар мен бектерге, кейде Құнанбай атамыз бен Ибраһим – Абайға ұқсатып жатады. Не болғанда да кез-келген қазақ баласының үсті-басында оның ұлтын танытатын ең құрығанда бір нышан-белгі жүруі керек деп білемін. Батыстың киімін мұздай киініп алып, тек сөз жүзінде ғана ұлт мүддесін айқайлап айтушылар өзін танытқысы келген даурықпа, даңғазалар ғана.

– Жеті балаңыз бар екен. Балаларыңызды жиі еркелетесіз бе?

– Көпбалалы отбасында тәрбиеленгеннің жөні бөлек. Өзім тоғыз ағайынды, ал құдай қосқан қосағым Ләйла Ноғайқызы Дәулет он бір ағайынды. Алла біздерге жеті перзент берді. Елбасы жұбайымызға «Алтын алқа» тақты. Шүкіршілік мол. Балаларымыз есер ерке емес, ақылды ерке, ибалы ерке, адал ас ішіп, адал сүт емген ерке сияқты. Жиырмаға келсе де әр бала әке-шешесі алдында аузынан ана сүті кетпеген бөпе секілді. Ұл-қыздарымыз тақуа діндар, иманды құлдар болса екен дейміз. Тәуелсіз еліміздің іргесі бекем, мерейі үстем болуына өз деңгейінде ат салысса екен дейміз. Тұсауы енді ғана кесілген кішкентай Ибраһим Құранды жатқа білген хафиздерден болып, бақилықта ата-анасына тәж кигізсе екен дейміз. Жер орта жасқа жеткендегі асыл арман сол, жігер-қайрат көрсетер мақсат сол!

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары