СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАН СЫРТТАЙ ОҚУ
СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАН СЫРТТАЙ ОҚУ
Бiз бұған дейiн де бiлiм беру саласының түрлi реформа алаңына айналғанын жазған едiк. Осы тiзгiндi ұстаған он бiр министрдiң де өзiнше бiр жаңалығымен келгенi талай қаламға түрлi себеппен тақырып болған. Бiр өкiнiштiсi, осыған дейiн қабылданған бағдарламалар мен енгiзiлген өзгерiстердiң көпшiлiгi оң нәтижесiн бермей жүр. Себебi бiздегi реформаның көбi соңына дейiн жетпейдi, сиырқұйымшақтанып, елеске айналады. Оның үстiне бұл саланы Тәуелсiздiктiң 20 жылында 12 министр басқарып, 12 түрлi реформа жүргiзген жоқ па?
Білім саласына министр Б.Жұмағұлов келгелі бері де біраз шаруа қолға алынған. Ол әуелден-ақ «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» іске асырудың маңыздылығына кеңірек тоқталды. Сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған білім беруді қаржыландырудың жаңа тетіктерін әзірлеу, білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету, педагог қызметкерлердің мәртебесін арттыру, білім берудегі менеджментті жетілдіру, сонымен қатар жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды даярлау сияқты аса маңызды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында біліктілікті арттыру жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуге кірісіп кетті. Тіпті, кейбір сарапшылар «Соңғы 15 жылда педагог кадрлардың біліктілігін арттыру саласында реформа болған жоқ. Көбесі сөгілмеген бұл сеңді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бұзды» деп айтып жүр.
Министрдің айтуынша, барлық деңгейдегі білім саласының құрылымдары мектеп мұғалімдері, ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыратын ұйымдар өзара үйлесімді тұрғыда жұмыс істеуі тиіс. Бұл кезде педагогтардың біліктілігін арттыратын институт басты рөл атқаруы қажет. Айта кету керек, соңғы жылдары алғаш рет республикалық бюджеттен педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институттарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 448 миллион теңге бөлу көзделген. Бәлкім, бұл соңғы жылдары білікті мұғалімдердің күрт азайып кеткендігінен кейін қолға алынып отырған шара ма? Министрдің өзі 2011-2012 оқу жылында республика бойынша барлығы 2714 мұғалімнің орны бос тұрғанын айтқан болатын. Расында, қоғамда мұғалімнің беделі мен мәртебесінің түсіп кеткендігі әсер етті ме, әлде жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың көбі «Дипломмен – ауылға» баруға жүрексіне ме, әйтеуір қаланы қайдам, ауылда білікті ұстаз мәселесі баршаны алаңдатады.
Былтыр «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылданды. Нәтижесінде бұған дейін нақты көңіл бөлінбей келген ғылым саласына айтарлықтай жағдай жасалатын болды. Біріншіден, зерттеулер мен оларды қаржыландыру туралы шешімдерді қабылдауға ғалымдардың өздерін тарту қарастырылды. Екіншіден, ғылымды қаржыландырудың – базалық және гранттық жаңа тетіктері енгізілді. Тіпті, ғылымды дамытуға 2011 жылы 29 млрд. теңге жұмсалса, биыл 42 млрд. теңге бөлу жоспарланып қойды.
Бажайлап қарасақ, елімізде ғылым саласына деген оң бетбұрыс байқалады. Дей тұрсақ та, бір кездері 45 ғылыми-зерттеу институтының арқасында Ресей, Украинадан кейінгі үшінші орында болған Қазақстан ғылымы тоқырауға ұшырағалы біраз уақыт. Еліміздің ғалымдарын бір шаңырақтың астына жинаған Ұлттық ғылым академиясының мамандары қазіргі таңда жағдайларының мәз еместігін алға тартады. Мәселен жалақының аздығы, құрал-жабдықтардың әбден тозығы жеткені жастардың ғылым саласына деген құлшынысын су сепкендей басатын сияқты. Содан кейін де ғылымнан гөрі, бизнеске жол тартатындар көп екен.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов: «Бізде ғылымға бөлінетін қаржы 2000 жылмен салыстырғанда 3-4 есеге өсті. Бірақ ғылыми қызметкер үшін не өзгерді? Айлығы өспесе, ескі приборы жаңаланбаса не пайда? Ол не үшін бар күшін салып жұмыс істеуі керек? Оны не ынталандырады? Демек, ғалымның айлығы мардымсыз болса, ол демалыс күндері мақала оқымайды, керісінше әйелімен арзан азық-түлік сататын базар іздейді. Бұл қандай ғылым? Әйелі «мына ғылымыңмен бала-шағаны, отбасыны қалай асырайсың?» демей ме?», – деп еді бізбен бір әңгімесінде. Шындығы осы. Оның үстіне қазір ғылымға жаңалық енгізген жастардың атын естімейміз. Әйтпесе, 1994 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы арқылы қаншама жастар озық білім беретін шетелдерге жол тартты. Алайда олар елге ғылыми-дәреже алып оралғанмен, ғылым саласына пәлендей пайда әкеліп жатқан жоқ. Неге? Себебі «Болашақ» арқылы оқып келген жастардың біразы қаржы мекемелеріне, шетелдік компанияларға барса, басым бөлігі мемлекеттік қызметке орналасуға ұмтылады. Бір сөзбен айтқанда, шікірейген шенеунік болуға әрекет жасап бағады. Шынтуайтында, сол білімді өз еліміздің жоғары оқу орындары да бере алады дейтіндер де бар. Ол маман шетелден оқып келді ме, елімізде білім алды ма, бұл маңызды емес. Маңыздысы – қайсысының білімді екендігінде. Нарықтық экономика болған соң, бәсекелестікте кім күшті, сол жеңуі тиіс.
Елімізде сырттай білім беру бөлімдері біртіндеп жабылатын болды. Бұл арқылы Білім және ғылым министрлігі кәсіптік және жоғарғы білім жүйесін оңтайландыруды жоспарлап отыр. Айта кету керек, республика бойынша 620,4 мың студент бар. Ал олардың тең жартысы – 285 мыңдайы сырттай оқу бөлімінде оқиды екен. Жалпы, мектеп түлектерінің басым бөлігі (60 пайызы) кәсіптік-техникалық оқуды таңдаса да, әрбір екінші оқушы колледжден кейін жоғары оқу орнына түсіп, өз білімін жалғастырып жатады. Сөйтіп, кәсіптік-техникалық оқуды таңдаған жастардың 45 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, «жоғары білімді маман» атану үшін университетке сырттай білім алуға кетіп қалады. Иә, қазір дайындығы және білімі төмен жастардың көбі кәсіптік-техникалық білім беруді тек жоғары оқу орнына түсу үшін ғана таңдайтынын айтып жүр. Себебі одан кейін бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсырудың қажеті жоқ. Әрі олар бұл арқылы уақытты ғана емес, қаражатты да үнемдей алады екен. Нәтижесінде жоғары білімі бар мамандардың саны күрт өсіп кеткен. Ал есесіне колледж, техникумға түсуге ниет білдірген жастардың қатары жыл өткен сайын кеміп бара жатқан көрінеді. Тіпті бұл көрсеткіш соңғы 3 жылда 27 пайызға күрт қысқарып кеткен.
Кезінде экс-министр Түймебаев еліміздегі білім алғысы келетін кез-келген адамға қолжетімді болған оқу орындарының санын қысқарту жұмысын бастап берген еді. Аты дардай, саны бар, сапасы жоқ университеттердің есігіне қара құлып салу әлі де жалғасып келеді. Мәселен былтырғы жылы министрлік 12 жоғарғы оқу орнының жұмысын кілт тоқтатты. Премьер-министрдің алдында жасаған баяндамасында министр Жұмағұловтың: «Бұл іс мұнымен біткен жоқ, үш-төрт жылда білім ошақтарының саны 100-ге дейін қысқарады» дегені тағы бар. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, басына бұлт үйірілген көптеген университеттер бұдан былай кәсіптік колледждерге айналатын сияқты. Бұл тұрғыда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Алдағы уақытта жоғары оқу орындарын жіктеуге кірісетін боламыз. Бұл ретте оқу орындары 6 сатыға бөлінеді. Атап айтсақ, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеті, университеттер, академиялар, институттар. Сондықтан да, еліміздегі университеттердің деңгейі атына заты сай болып, институт пен академияның деңгейіне іліне алмаса, оларды колледж деңгейіне түсіретін боламыз» деп қадап айтқан.
Жоғары оқу орындарының лицензиясы кезең-кезеңмен 3-4 жылда қысқартылмақшы. Білімді төмен деңгейде беріп жатқан оқу орындарының лицензиясын қайтару үшін сот шешімдері қажет етіледі. «2011 жылы жоғары оқу орындарында сырттай білім беру контингенті 43 мың адамға төмендеді. Бұл шаралар сапа мен талаптарды арттыру тұрғысында іске асырылады. Алайда мұндай қадамдар мәселенің жүйелі шешімі үшін жеткіліксіз», – деген министр Жұмағұлов мырза жоғары оқу орындарын бір мезетте қысқарту мүмкін еместігін де жасырмайды.
Бұл жерде мәселенің екі ұшы бар. Көптеген мамандар қазір әжептәуір білім беретін жекеменшік жоғары оқу орындарын жаппай жауып жатқандығына қарсы. «Нарықтық экономикада мұны нарық шешпей ме? Егер ол сапасыз болса, оған ешкім де бармайды. Көп ұзамай өзі-ақ жабылып қалады. Ал оған талапкерлер барып жатса, онда пайдалы дүние бар деген сөз. Оның үстіне олардың оқу бағасы да төмен. Сондай жекеменшік оқу орнын бітіргендердің көбі тәп-тәуір жерде жұмыс істеп жүр», – дейді бір жекеменшік оқу орнында дәріс оқитын оқытушы.
Әрине, оқу орындарын қысқарту мен сырттай оқу бөлімін жабу – бір күннің шаруасы емес. Министрдің сөзіне сенсек, білім беру жүйесін реформалау тағы 3-4 жылға созылатын түрі бар. Осы орайда бірқатар ұлағатты ұстаздардың пікірін білген едік.
Ұлықпан Сыдықов, Қ.И.Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университетiнiң проректоры:
– Біздің университеттегі сырттай оқу бөлімі біраз жылдан бері жабылып қалды. Филиалдары да жабылды. Бізде қазір қашықтықтан оқыту жүйесі енді. Оның мәнісі колледж бітірген мамандармен жұмыс істеп үйрену. Бұл көбінесе екінші мамандық алғысы келгендерге тиімді. Осы жүйені толық қолдаймын. Әсіресе, қазір технлогия қарыштап дамып жатқан уақытта студент әншейін диплом үшін сырттай жүріп оқып, толық білім ала алмайды. Медицинада да солай ғой. Меніңше, педагогика саласында мамандарды сырттан оқыту пайдалы. Ал қазір сырттай оқытуды шектеп, соңғы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, қашықтықтан оқыту қолайлы. Дәл біздің техникалық салада бұл үрдіс дұрыс. Бірінші ерекшелігі – бір мамандықты бітіріп, қызмет бабына байланысты екінші мамандықты алғысы келетіндерге жағдай жасау. Екінші – сырттай бөлімдегі студенттер баяғыдай үйге тапсырма алып, жылына бір-екі рет келіп, пәтер жалдап қаңғырып жүрмейді. Уақыт жағынан да, қаражат жағынан да тиімді. Сосын ешкім «бармақ басты, көз қыстыға» бара алмайды. Өйткені әр студенттің еңбегі ақпараттық жүйеде айдан-анық сайрап тұрады. Ал оқу құны күндізгі оқу бөлімінен әлдеқайда, дәлірегінде 20 пайызға төмен.
Рахман Алшанов, Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті:
– Қазiр еліміздегі 149 жоғарғы оқу орнының 94-і жеке меншікте. Соңғы кезде қысқарту жұмысына қатаң тексеру жүрiп жатыр. Бiрақ бұл жұмыс екi жақты болуға тиiстi. Бiрiншi реттеушi – нарықтық экономика, екiншi орында – әкімшілік реттеу. Бiраз құжатты қайта қарау керек. Олар ескiрген, жаңа талапқа келмейдi. Рейтингтерi төмен оқу орындары өздерi-ақ жабылуда. Бiраз оқу орындары бiрiгiп те жатыр.
Шынымен де, сырттай оқуға соңғы кезде көп сын айтылуда. Көбісі жұмыс берушілерден. Өкінішке қарай, кейбір оқу орындары сапа жағын қатты төмендеткен. Осыған байланысты көп мамандық бойынша сырттай оқытуға тыйым салынды. Қазiр 4:1 деген пропорция бекітілген. Күндізгі бөлiмде оқитындардың саны 4 есе басым болу керек. Қазiр мектептен кейін сырттай оқитын оқушылар 21 пайызды құрайды, колледжден кейінгілер 41 пайыз, ал 38 пайыз қайтадан екiншi жоғары бiлiм алушылар. Бұл жерде негізгі мәселе мектептен кейін сырттай оқитындар туралы. Олардың өздерi де жылдан-жылға қысқаруда. Мысалы 2006-2007 оқу жылында 379,1 мың бала сырттай оқыса, 2010-2011 оқу жылында олардың саны 285,3 мыңға түстi. Демек 94 мың cтудентке қысқарды. Айта кететiн жай, сырттай оқып жүргендердің iшiнде, қаражаттың тапшылығынан оқып жүргендер аз емес. Халықтың жағдайы дұрысталғанда олар күндізгі бөлiмдерге ауысуда. Бұл үлкен әлеуметтік мағынасы бар iс. Сондықтан да сырттай оқуды реттеуде жан-жақты ескерілгені жөн деп есептеймiз.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ