ҚАРЖЫ САЯСАТЫНЫҢ ҚАТПАРЛАРЫ

ҚАРЖЫ САЯСАТЫНЫҢ ҚАТПАРЛАРЫ

ҚАРЖЫ САЯСАТЫНЫҢ ҚАТПАРЛАРЫ
ашық дереккөзі
254

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстанның басты бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында адами капиталдың сапалы өсуіне мән берілді.Оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу қажеттігі айтылды. Үкіметке қазақстандық инновациялық жүйені нығайтуды тапсырды. «Перспективалы ғылыми-зерттеулерді қаржыландырудың бюджеттік шығындарын инновациялық гранттарды бөлу арқылы ұлғайту маңызды», – деді.

«ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын тағайындау үшін конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша республиканың ең үздік 200 үміткері анықталды.Олардың қатарында 2011 жылғы «Жоғары оқу орны­ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанған Еуразия Ұлттық университетінің 25 оқытушысы бар.Байқауға 84 жоғары оқу орнынан 600-ден астам үміткер қатысқан.Оның 38-і мемлекеттік, 14-і акционерлік, 32-сі жеке меншік жоғары білім ордасы. Ғылыми ізденістер жүргізуге, педагогикалық біліктілікті жетілдіріп отыруға қолдау көрсету мақсатында белгілен­ген бұл грант оқытушылар үшін марапат пен қолдаудың басты үлгісі. Жоғары оқу орнының оқытушыларына қолдау көрсету мақсатындағы грант материалдық және морльдық тұрғыдан демеу болып, қаншама жемісті ізденістерге жол ашып, зор мүмкіндіктер туғызып жатқандығы хақ.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ­стандағы білім беру саласындағы көшбасшы екенін жыл сайын дәлелдеп келеді.Әлемдік ғылыми қауымдастық берген баға бойынша әлемдегі ең үздік 500 университет қатарында.Бұл біріншіден, тарихи оқиға болса, екіншіден университетіміздің ғылым, білім көкжиегінің биіктігін көрсетеді.

Халық даналығы «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» немесе «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дейді.Бұл бірегей ой иірімдері адам өміріндегі ұстаз рөлінің маңыздылығын айшықтап, ұлтты тәрбиелеудегі ұстаз еңбегінің зор екендігін танытады. Өрелі мақсатта ұстаздарымызды ұлықтау үшін еліміздегі жоғары оқу орындарының үздік оқытушысын анықтау байқауы дәстүрге айналып отыр.

2011 жылғы мемлекеттік грантының иегері атанған университеттегі жиырма бес үздік оқытушының үшеуі экономика факультетінен. Солардың бірі Қаржы кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы, «ЖОО-ның ең үздік оқытыушысы — 2011» грантының иегері Сембиева Ләззат Мықтыбекқызы.

Ол бұл атақты алғаш рет иеленіп отыр.Өзінің айтуынша, педагогика саласында 20 жыл жұмыс жасайтын ол аталмыш университетте 1996 жылдан бері еңбек етіп келеді.Содан бері аспирантура, магистратура ашылып, жас ғалымның жетекшілігімен бір адам кандидаттық диссертация қорғады, 12 магистрант тәрбиеленіп шықты.

Ләззат Мықтыбекқызы ғалым ретіндегі ғылымға қызығушылығын Қазақстан экономикасын дамытуға бағыттай білді. Қаржы-несие саясатының мәселелерін зерттей келе «Қазақстан экономикасының тұрақтылығын дамытудағы қаржы-несие саясаты: теория, әдістеме, іске асыру механизмі» атты кең көлемді монография жазды. Сонымен қатар, осы тақырыпқа қатысты 80-нен астам ғылыми еңбегі жарық көріп, ғылыми зерттеудің нәтижелерімен бірнеше рет алыс-жақын шетелдерге шықты, халықаралық конференцияларға қатысты. Мәселен, Чехия, Болгария, Англия, Ресей (Мәскеу, Калининград), Өзбекстан (Самарқанд), Қырғызстанның Бішкек және тағы басқа қалаларында болып, тәжірибе алмасуы осы сөзіміздің дәлелі.

Е.Букетов атындағы Қарағанды мем­лекеттік университеті экономика факультетін тәмәмдаған ол 1995 жылы мамыр айында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлтттық унинверситетінде кандидаттық, 2008 жылы маусым айында Қарағандыда докторлық диссертация қорғап, бүгінде ғылымның даңғыл жолына түскен ғалым.

ЖаҺандану үрдісінде әлеуметтік-экономикалық және технологиялық қайта даярлау ғалымдарымыздың алдына үлкен міндеттер жүктеп отыр.Ал оның басым көпшілігі білім беру институттарының қызметін жолға қоюмен тығыз байланысты.Осылайша бүгінгі білім беру саласы мен қазіргі қоғамдық даму сатысында бәсекеге қабілеттілікті жоғарылатудың ел үшін де, жеке адам үшін де маңызы зор.

Соңғы жылдары, нақтырақ айтсақ, 2006 жылдан бастап, жоғары оқу орындары оқытушыларының ғылыми-зерттеу саласын қаржыландыруға қомақты қаржы бөліне бастады. Демек, ғалымдарымыздың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатудың бірден бір жолы – мемлекеттік грантты жеңіп алу.

Грант ғылымға қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарады.Ал ғалымдар мен ғылыми қызметкер үшін грант – бұл ғылыми немесе басқа да зерттеулерді, тәжірибелі –құрастырушылық жұмыс­тарды, білім алуды және басқа да мақсат­тарды көздейтін қаржы немесе натуралдық формадағы қайтарымсыз субсидия. Осындай грантты жеңіп алған ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер қорытынды кезеңде атқарған еңбегінің түп нәтижесімен есеп береді. Бұған еліміздің ішінде немесе шет елдің жоғары оқу орындарында білім алуы және іс-тәжірибеден өтуі көзделген.

– Білім беру бағдарламасы аясында педагогтік шеберлігімді үнемі шыңдап, кәсіби деңгейімді ұдайы арттырып келемін, – дейді Ләззат Мықтыбекқызы. – Мәселен, Қаржы және несие мамандығында білім алатын студенттерге базалық және арнайы тәртіп бойынша тәлім беру үшін оқу құралдары мен оқу-әдістемелік кешендерін құрдым.Сондай-ақ «Қаржы» атты ғылыми еңбегімді айтпағанда, магистранттарға арналған «Қаржы: несие саясаты», «Қаржы: оқу құралы», « Қаржы: несие, банктер», «Экономиканы қаржы-несие төңірегінде реттеу» секілді еңбектерім жарық көрді. Ғылыми-педагогикалық сала қызметінде 20 жылдан астам уақыт ұстаздық еткен бар мен үшін «ЖОО-ның ең үздік оқытушысы» атағы көп жылдық еңбегімнің жемісіне берілген жоғары баға деп білемін. Ал, грантты жеңіп алу біліктілік пен ғылыми іс-тәжірибеден өтудің, алыс-жақын шетелдерге шығып, халықаралық конференцияларға қатысудың, сондай-ақ оқулықтар мен монографиялар жазып шығару мүмкіндіктеріне жол ашады, – дейді ол.

Иә, жыл сайын жетілдіріле түскен бағдарламалар Қазақстандағы білім сапасын және дүниежүзіндегі бәсекеге қабілеттілік деңгейін жоғарылатуға үлкен мүмкіндіктер туғызады. Ал Ләззат Мықтыбекқызы сынды жас ғалымдар қатары көбейе түсетініне шүбәміз жоқ. Сөз орайы келгенде ол өзінің ғылыми ізденістеріне үлкен қолдау көрсеткен Елбасыға, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне алғысын білдіре келіп, дамудың жаңа жолына бет бұрған білім беру жүйесіне өз үлесін қоса беретінін жеткізді.Біз де мемлекеттік маңызы жоғары грант иесін ғылым жолындағы жеңісімен құттықтай отырып, ұрпақ тәрбиесі жолындағы еңбегіне табыс тілейміз.

Базарбек ТҮКIБАЙ,

«Еуразия-ақпарат»

оқу-тәжiрибе орталығының аға маманы

Серіктес жаңалықтары