ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ЕКI ҰҒЫМЫ
ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ЕКI ҰҒЫМЫ
Рет саны бойынша сегiзiншi рет жасақталып отырған Үкiмет құрамында жұртқа бейтаныс тұлға жоқтың қасы. Алтыншы жыл қатарынан премьер қызметiн атқарып келе жатқан Кәрiм Мәсiмов осымен екiншi рет «өз еркiмен» отставкаға кетiп, екiншi мәрте Парламенттiң қолдап-қолпаштауымен орнында қалды. Министрлер Кабинетiнiң басшысы ауыспаған соң, былайғы жұртқа Үкiмет құрамы алдыңғы құрамын сақтап қалғандай көрiнетiнi де рас. Бiрақ осы жолы сарапшылар мен журналистер қауымын ерекше елең еткiзген екi тағайындау болды. Көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтардың ешқайсысы бұл тағайындауларға бей-жай қарамасы сөзсiз. Өйткенi әңгiме мемлекеттiк идеология мен ақпараттық саясат салаларына қатысты.
Сонымен, мемлекеттік хатшы қызметіне Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тағайындалуы Мемлекеттік хатшы лауазымының саяси қызметтегі ролінің күшейтілуін меңзесе керек. 2002 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мемлекеттік хатшы қызметін Сыртқы істер министрі қызметімен қоса атқару жүктелген кезден бастап бұл лауазымды қызметтің мемлекеттік билік жүйесіндегі абырой-беделі солғын тартқаны рас. Оның үстіне, жаңа мемлекеттік хатшыны таныстырған кезде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Мұхтар Құл-Мұхаммедті «бас идеолог» деп атады.
Бұл қызметінде Мұхтар Құл-Мұхаммед мәдениет, ақпарат салаларының дамуына жетекшілік етіп, мемлекеттік тіл мәселесіне қолдау көрсетпек. Бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі, одан соң мәдениет министрі болған Мұхтар Құл-Мұхаммедке бұл салалардың жұмысы таңсық емес. Мәдениет болсын, бұқаралық ақпарат құралдары болсын, мемлекеттік тілді дамыту мәселесі болсын, Құл-Мұхаммед мырза бұл мәселелердің жай-жапсарымен егжей-тегжейлі таныс. Бұған дейін іс басында жүрген азамат енді бас идеолог ретінде бұл салалардың дамуын лауазымдық дәрежесіне сай жоғарыдан бақылап, мемлекеттік саясатты жүргізудегі негізгі бағыттарды айқындап отырмақ.
Жаңадан тағайындалған мемлекеттік хатшы өзіне жүктелген міндетті анық түсінетінін аңғартып өтті. «Саяси қызмет сатысымен өрлеудің барлық кезеңінде Президенттің маған жауапты қызметтер беріп, үлкен сенім артуын өзім үшін мақтаныш деп білемін. Мен қашан да жұмысқа бар білімім мен қажыр-қайратымды жұмсадым. Жаңа қызметімде мен оған қоса осы жылдары жинаған мол тәжірибемді де сарқа пайдаланбақпын», – деді Құл-Мұхаммед мырза.
Жаңа Үкімет құрамындағы бір жаңалық – екі жыл бұрын ғана құрылған Байланыс және ақпарат министрлігі таратылды, Ақпарат Мәдениетке қайта қосылды.
«Қайта» деуіміздің себебі бар. Тәуелсіздік жылдары БАҚ саласын қадағалайтын салалық министрлік «Ақпарат және қоғамдық келісім», одан соң «Қоғамдық келісім, ақпарат және мәдениет» деп те аталып, жеке-дара Ақпарат министрлігі болып құрылып, арасында Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі болып, екі жыл бұрын Байланыс және ақпарат министрлігі болып құрылған еді. Енді міне, Мәдениет және ақпарат министрлігі болып қайта құрылды.
Ақпарат саласының мемлекеттік маңызы жоғары болса да, Мәдениетсіз даму жолы соқтықпалы соқпақтарға ұрынатын сыңайлы.
Ал Мәдениет және ақпарат министрлігінің тізгінін ұстаған Дархан Мыңбайдың екі мамандығы бар: ол – әрі журналист, әрі экономист. Басқаша айтқанда, шығармашылық жұмыстың қыр-сырын да біледі, сондай-ақ шаруашылықты тиімді жүргізудің барлық әдіс-тәсілдерін де меңгерген. Оның үстіне, соңғы жылдары Дархан Мыңбай Президент Әкімшілігінде ішкі саясат бөлімін басқарып, ақпарат саласына жетекшілік еткені мәлім. Ендеше, мәдениет пен ақпарат саласындағы қандай да бір өзгерістерді, оның даму келешегі мен қазіргі жетістіктері мен кемшіліктерін көзбен көріп, қолмен ұстағандай айтып беруге қабілетті азамат. Оның үстіне, Дархан Мыңбай Оңтүстік Қазақстанда аудан әкімі болып қызмет етіп, облыс әкімі орынбасары қызметінде бірталай істің басы-қасында болған. Ал бірнеше жыл бұрын мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары болған, енді осы саланың басшылығына қайта оралды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан тосыннан түрен салғандай төл ақпараттық саясат ұстанып, өзіндік ұлттық идеология құруға мәжбүр болды. Десе де, қоғамдық ортада «мемлекеттік идеология» мен «ұлттық идеологияның» бір-біріне қайшылығы мен үндестігін талдауды мақсат еткен талқылаулар әлі де жүріп жатыр. Жоғарыдағы екі тағайындау бұл екі ұғымның арасы қашық емес екенін дәлелдейтіндей көрінеді.
Гүлбиғаш Омарова