ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ АРАБ ӘЛЕМІ

ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ АРАБ ӘЛЕМІ

ЖОЛАЙРЫҚТАҒЫ АРАБ ӘЛЕМІ
ашық дереккөзі
398

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Саяси тұрақсыздық, экономикалық қиындықтар, жұмыссыздық пен қымбатшылық, көмiрсутегiлер мен бiлiктi маман тапшылығы жайлаған араб әлемiнiң бүгiнгi ахуалы мәз емес. Әзiрге мұнай мен газ қорының арқасында жоғын түгендеп отырған Парсы шығанағының келешегi қандай? ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДҮМПУ ЖӘНЕ МҰНАЙ ҚОРЫ Араб елдерінің түрлі төңкерістер мен наразылық шарасына толы болуы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың саяси келбетін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Египет пен Тунистегі биліктің күшпен ауысуының соңы жылдар бойы авторитарлық режим басқарып келген Йемен, Бахрейн, Сириядағы қарапайым халықтың басқарушы билікке қатер төндірген ашу-ызаға толы наразылық шаралары мен шерулеріне ұласса, Ливиядағы азаматтық соғысқа мұрындық болды. Бұл соғыс ел басшысы Муаммар Каддафидің ажалына әкеп соқты. Билік тағында қырық жыл бойы отырған диктатордың өлімін әлем жұртшылығы бірнеше күн бойы халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы куә болды. Аталған аймақтағы сая­си аласапыраннан Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше өзге елдер – Кувейт, Оман, Катар, Сауд Аравиясы, Біріккен Араб Әмірліктеріне айтарлықтай кесірін тигізген жоқ. Бірақ Парсы шығанағына тиесілі табиғи ресурстар түгесілгеннен кейін Кеңеске мүше елдер экономикалық және саяси қиындықтармен бетпе-бет келуі әбден мүмкін. Бүгінде әлемдік сарапшылар қауымы «араб елдеріндегі мұнай қоры біткеннен кейін аталған аймақ қалай күн көреді?» деген сауалға жауап іздеуде. Өйткені соңғы кездердегі қарқынмен мұнай өндіруді жалғастыра берсе және жаңа кен орындары іске қосылмаса, Бахрейн мен Омандағы «қара алтын» қоры 2025 жылға қарай сарқылмақ. Есесіне, Катар мен Абу-Даби халқының саны аз болғандықтан орасан зор мұнай қорын тиімді пайдалануға қол жеткізген. Саяси тұрақсыздықтар жиі қайталанатын Кувейт мұнайға бай болса да, экономикасын дербестендіруге және дамуға бағытталған жоспарларын жүйелі жүзеге асыруға қауқарсыз. Сауд Аравия­сы мен Біріккен Араб Әмірліктерінде жерасты ресурстары аса мол. Дегенмен халқының саны жыл өткен сайын көбейе түсуі әрі Араб Әмірліктеріндегі территорияда мұнай кен орындарының біркелкі болмауы кері әсер етуде. Себебі Әмірлікке тиесілі «қара алтын» қорының 93 пайызы Абу-Дабидің үлесінде, қалған әмірліктер табиғи ресурстарға тым кедей. Осыдан 40-50 жыл бұрын жағдай басқаша еді. Соңғы кездері Парсы шығанағындағы елдердегі демографиялық дүмпу де мұнайдан түскен пайда көлемін азайтады. Ресми деректерге сүйенсек, 50-жылдары Парсы шығанағындағы тұрғындар саны 8 млн. адаммен шектелсе, 2007 жылы бұл көрсеткіш 58 млн.-ға күрт көбейіпті. Сарапшылардың болжауы бойынша 2050 жылға қарай Әмірліктердің халқы 124 млн.-ға жетпек. Ең қатерлісі, қазір екі қолға бір күрек іздеп сенделген жастар саны тым көп. Мәселен 2008 жылы халықтың 70 пайызын жастар (30 жастан төменгілер) құрайтыны анықталған. Жыл сайын бірнеше есеге көбейіп отырған оларды жұмыспен қамтамасыз етуде, білім беруде қиындыққа ұшырауда. Қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздіктердің орын алуы экономикалық және саяси тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соқты. Оның соңы сан-алуан төңкерістер мен наразылық шараларына ұласты. Кейбір елдердегі қоғамның сіңірі шыққан кедейлер мен шекелері шылқыған байларға бөлінуі, орташа топтың қалыптаспауынан табиғи ресурстардан түсетін пайда мен байлықты бөлісуде теңсіздіктер қалыптасты. Мәселен Сауд Аравиясындағы жан басына шаққандағы кіріс деңгейі соңғы 20 жылда екі есеге күрт төмендепті. 1980 жылы әр адамға 16 650 доллардан келген кіріс 2000 жылы небары 7329 доллармен шектелген. Экономистер мен қаржыгерлер қауымы бұған әлемдік нарықтағы мұнай бағасының ұзақ уақыт бойы құлдырауы да кері әсер еткенін айтады. Бірақ 2003-2008 жылдары дүниежүзілік нарықтағы «қара алтын» бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін өскенін ескерсек, баға саясатын тиімді пайдалана білген елдердің кеткен шығындарды еселеп қайтарғаны айқын. Бірақ бұл қоғамдағы жікшілдік пен теңсіздікті жоя алмады. Бахрейн мен Сауд Аравиясындағы жанжалдар, Кувейт пен Бірікен Араб Әмірліктеріндегі жергілікті тұрғындар мен кірмелер арасындағы текетірестер – соның айғағы. ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ЖАЙЛАП БАРАДЫ Осыдан бес жыл бұрын McKinsey компаниясы жүргізген зерттеулер аймақтағы уақыт өткен сайын ушыға түскен жұмыссыздықтың кесірінен туындаған бірқатар проблеманың бетін ашып берді. Бахрейн, Оман мен Сауд Аравиясындағы жұмыссыздық деңгейін ресми билік төмендетіп көрсетуге тырысқанмен, нақты көрсеткіш 15 пайыздан жоғары. Оның ішінде, 16-24 жастағы тепсе, темір үзетіндердің 35 пайыздан астамы жұмыс таба алмай жүр. Жаңа жұмыс орындарының ашылмауынан еңбек нарығындағы жағдай шиеленісіп, халық арасындағы наразылық күшейе түспекші. Жоғары оқу орындарындағы білім сапасының төмендігінен еңбек нарығында, әсіресе жекеменшік салада кәсіби білікті мамандардың тапшылығы пайда болған. Бүгінде Парсы шығанағындағы елдердің үкіметтері (негізгі бастамашы – Оман мен Бахрейн) дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде экономиканы дербестендіруді және өндірістік базаны кеңейтуді қолға алды. Олардың қатарында «Бахрейн достық кәсіпкерлік үшін», «Оман 2020: дамудың экономикалық жоспары», «Катардың даму келешегі» т.б. бағдарламалар еңбек нарығындағы жергілікті халық үлесін арттыру, жекеменшік саланы күшейту, жалпы мұнай мен газға деген тәуелділіктен құтылып, экономиканың нақты салаларын дамытуға бағытталған. Аталған бағдарламалардан Сауд Аравиясы, Біріккен Араб Әмірліктері де шет қалмады. Мәселен, Сауд Аравиясы 2009-2014 жж. арасында 10,8 млн. адамды жұмыспен қамтитын жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді. Бірақ халықаралық сарапшылар қауымы мұндағы білікті мамандар саны аз екенін, сондықтан жаңа жұмыс орындарын сырттан келетіндер толтыратынын айтады. Ал мұнай қоры сарқылғаннан кейін әлемдік деңгейде қызмет көрсету мен логистиканы жүзеге асыруды қолға алған Дубайдың шикізат көзіне тәуелсіз экономиканы қалыптастырам деген талпынысы оны қыруар шығынға батырды. Тығырыққа тірелген бұл мемлекетті мұнайға бай Абу-Даби ғана құтқаруы мүмкін. ДАУДЫҢ БАСЫ — ӘЛЕУМЕТТІК НАРАЗЫЛЫҚТАР Халықаралық сарапшылардың пікірінше, 2011 жылдың көктеміндегі араб елдеріндегі саяси белсенділік Парсы шығанағындағы басқару жүйесін жаңа өмірге қарай бейімдеу қажеттігін көрсеткен. Бірақ араб биліктерінің бұқарамен терезесі тең дәрежеде келіссөздер жүргізуге мүдделілік танытпауы, керісінше, демократиялық құндылықтардың сақталуын талап еткен саяси тұрғыда белсенді тұлғаларды қуғын-сүргінге салуы әлеуметтік әділетсіздіктердің кесірінен ашуға булыққан қоғамды одан сайын ашындыра түспек. Сая­си алаңдар шеңберін тарылтып, оппозиция өкілдері сөз алатын бейтарап бұқаралық ақпарат құралдарын жауып тастауы реформалардың жүргізілуін жақтайтындар қатарын молайта түсті. Негізі араб әлеміндегі саяси шиеленіс көктемдегі төңкерістерден басталған жоқ. 2010 жылдың 10 қазанында өткізілген Бахрейндегі парламенттік сайлаудан кейін елдегі адам құқығы үшін күресіп жүрген оппозиция серкелерінің жаппай тұтқынға алынуы қоғамдағы саяси наразылықтардың ушыға түсуіне себеп болды. Бахрейндегі билік басында отырған басқарушы партия өкілдері әл-Ханифа әулетінен болғанмен ел тұрғындарының басым бөлігі – шейіттер. Билікке қарсы топ – шейіттер халықты наразылық танытуға шақырғанда оларды әртүрлі дін өкілдері қолдады. Мұндай саяси белсенділікті күтпеген сүниттік бағыттағы басқарушы билік наразылықтарды қарумен басуға тырысты. Үш айға созылған текетіресте халықты сабаға түсіруге күші жетпейтінін түсінген бахрейндік билік елде әскери тәртіп орнатып, Сауд Аравиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінен әскери сарбаздарды көмекке шақырды. Әскери тәртіп былтыр 1 шілдеде күшін жойғанмен, тараптардың келісімге келе алмауынан шетелдік сарбаздар елдеріне қайтарылмады. Арада екі ай өткенде Кувейттегі билік халық ұйымдастырған наразылық шеруін күшпен басқан соң, шерушілер Ұлттық ассамблеяға шабуыл жасап, бірнеше депутатты аяусыз соққыға жықты. Жығылған үстіне жұдырық, елге сыйлы заңгерлер мен кувейттік билікті ашық сынаумен танылған белгілі жазушының қапасқа қамалуы Парсы шығанағында ең жария әрі демократиялық қоғам болып есептелетін Кувейттің беделіне кәдімгідей нұқсан келтірген. Сауд Аравиясындағы зиялы қауым өкілдерінің «Умма» деп аталатын алғашқы саяси партия құру туралы бастамасын құптамаған билік оларды түрмеге қамады. Ал Әмірліктердегі 133 зиялының Федералдық ұлттық кеңес мүшелерін ашық сайлау арқылы бекітуді және Конституцияға өзгертулер енгізуді талап еткен петициясын жоққа шығарған билік зиялылардың кейбірін тұтқындап, оларды жақтаған үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін мемлекеттік бақылауға алды. Араб мемлекеттеріндегі оппозиялық топтардың талап-тілектеріне құлақ асудың орнына биліктің оларды қуғын-сүргінге ұшыратуы «араб көктемінің» «бүршік жаруына» түрткі болды. Сауд Аравиясы, Бахрейн т.б. араб елдерінің ресми өкілдері «қоғамдағы шейіт топтарды арандатты, ел ішіне іріткі салды» деп Иранды айыптады. ҚЫТАЙДЫҢ ЫҚПАЛЫ АРТЫП КЕЛЕДІ Жер шарындағы демографиялық өсім көмірсутегілерге деген тұтынушылық сұраныс көлемі арттырды. Бүгінде дүние жүзінде өндірілетін мұнайдың 18 пайызы және табиғи газдың 8 пайызы Парсы шығанағына тиесілі. Ол аз десеңіз, кен орындарында әлі игеріліп үлгермеген «қара алтынның» 37 пайызы, ал «көгілдір отынның» 25 пайызы тағы бар. Мұнай шикізатының мол қоры – Сауд Аравиясында, Катар газ қорының молдығы жағынан алғанда 3-орында. Халықаралық сарапшылар қауымы 2020 жылға қарай Парсы шығанағындағы мұнай өндіру деңгейі (Ирак пен Иранды қосқанда) 33 пайызға артады деп болжайды. Шикізаттың басым бөлігі әзірге азиялық нарықты қамтамасыз етуде, демек, мұнай мен газға зәру еуропалықтар шығанақтағы табиғи ресурстарға тәуелді болары анық. Қаржылық және экономикалық дағдарыс ушыға түскен уақытта Сауд Аравиясы мұнайын Қытайға экспорттауды қолға алды. Әлемдік нарықтағы «қара алтын» бағасының үдіксіз өсуі жерасты байлығы мол араб елдеріне тиімді. Соңғы жиырма жылда Сауд Аравиясында мұнайдың бір баррелі 20 доллардан 90 долларға дейін қымбаттаған. Халықаралық қаржы институтының мамандары 2015 жылға қарай «қара алтынның» құны 115 долларға дейін өсетінін айтады. Ал арабтардың Jadwa Investments компаниясы мұнай бағасы 320 долларға көтерілетінін жеткізді. Бүгінде Парсы шығанағы әлемдік нарықтағы баға саясатын елдегі әлеуметтік ахуалды түзеуге тиімді пайдалануды көздейді. Мысалы Сауд Аравиясы былтыр мұнайдан түскен қаражаттың 130 млрд. долларын әлеуметтік жәрдемақы ретінде төледі. Тығырыққа тірелген кейбір араб елдеріне көршілері көмек қолын созуға мүдделі. Айталық, 2011 жылы Шығанақтағы мемлекеттер Бахрейн мен Оманды дамыту мақсатында 20 млрд. доллар көлемінде ақша бөлді. Ал Абу-Даби Біріккен Араб Әмірліктерінің солтүстіктегі кедей елдеріне 4,4 млрд. доллардан қаражат үлестіруді қолға алды. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының шарықтап кетуі азық-түлік пен жанар-жағар май құнына да әсер етті. Инфляция деңгейін халықтың әлеуметтік ахуал деңгейіне сәйкестендіру үшін талай елдің билігі қымбатшылықты қолдан ауыздықтап әлек. Jadwa Investments дайындаған зерттеу жұмыстарында Сауд Аравиясындағы 2030 жылғы жағдайды болжағанда «мұнай шикізатын өндіру қарқыны бәсеңдегенде алтын-валюта қоры күрт төмендеп, мемлекеттік және корпоративтік қарыз көбейеді» делінген. Қазір кәрі құрлықта қарыздық дағдарыстың кесірінен бірнеше елдің экономикасы рецессияға ұшырап, кейбіріне дефолт қаупі төнгенін ескерсек, мұндай қиындықтан араб елдері де аман қалмасы анық. Әрі қазір арабтардың көмірсутегілерге деген сұранысы мен тұтынушылық деңгейі күрт жоғарылауы кейбір араб мемлекеттеріндегі энергетикалық тапшылыққа әкеп соқты. Болжамдарға сенсек, Кувейт 2027 жылға қарай өндірілетін «қара алтынның» 100 пайы­зын ішкі нарыққа жұмсамақ. Сығымдалған газды Катардан тасымалдағысы келгенде Сауд Аравиясы өз территориясы арқылы құбыр тартуға рұхсат бермеді. Есесіне, Абу-Даби катарлық биліктен газды ең төмен бағамен сатып алуға қол жеткізді. Тығырықтан шығудың жолын тапқан Бахрейн мұнайды Сауд Аравиясымен бірігіп өндіруге келісті. Бүгінде АҚШ пен Батыстың алаңдаушылығы мен наразылығына қарамастан, аспанас­ты елінің Парсы шығанағына ықпалы артып келеді. Қытай араб елдерімен келісімдерге қол қойып үлгерді. Экономистер мен қаржыгерлер Шығанақтағы мемлекеттердің үкіметтері қысқамерзімдік емес, стратегиялық тұрғыда маңызды ұзақмерзімдік жоспарларды түзу керектігін айтады.
19.01.2012

Серіктес жаңалықтары