Атырауда төтенше жағдайлар қызметкері суға батып кете жаздаған тұрғынды аман алып қалды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Атырау облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешов Жайық өзенінің "Малибу" жағажайы маңында кезекті профилактикалық рейд жүргізу кезінде оқиғаның куәсі болды.
1976 жылы туған ер адам суға шомылып жүріп, ағысқа қарсы тұра алмай, суға батып бара жатқан. Жантөре Демешов дереу суға түсіп, жедел әрекетінің арқасында тұрғынды жағаға алып шықты.
Қазіргі таңда ер адамның жағдайы қанағаттанарлық.
Төтенше жағдайлар департаменті суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауға және тек арнайы жабдықталған жағажайларда демалуға шақырады.