БЕТI БЕРI ҚАРАҒАН ҚАЗАҚ КИНОСЫ

БЕТI БЕРI ҚАРАҒАН ҚАЗАҚ КИНОСЫ

БЕТI БЕРI ҚАРАҒАН ҚАЗАҚ КИНОСЫ
ашық дереккөзі

Кейінгі жылдары қазақ киносы баспасөз беттерінде қатты сынға ұшырап, тартымсыз туындыларымен өз көрерменін жоғалтып алғандай еді. Өйткені «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа» секілді қайталанбас көркем туындылармен іргесі қаланған төл киномыз соңғы жылдары өз бағытынан сәл ауытқып, көпшілік тарапынан қолдау таппаған, тіпті бетке шіркеу болып басылған «Келін», «Қайрат чемпион», «Аңшы» секілді туындыларымен «қазақ киносы» деген ұлттық айнаны кірлеткен болатын. Бүгінде қазақ киносында соны бет бұрыстар байқалады. Бұрынғы «Кинофестиваль үшін кино түсіру үрдісі» ендігі кезде көпшіліктің, қазақстандық көрерменнің талабын орындауға, сұранысын түгендей алатын кинотуындылар жасау үдерісіне қарай ойысты. Шартты түрде қазақ киносының бүгінгі кезеңін жаңа дәуірі, өрлеу дәуірі деп атасақ та артық болмас. Өйткені соны дүниелер жасауға деген ұмтылыстар бар, сапа мен сан проблемасын шешу дұрыс жолға қойылып отыр.

Әлемдік киноиндустрия саласында құбылыс ретінде қабылданған жанрлардағы, түрлі сипаттағы отандық фильмдер көрерменге жол тартуда. «Қазақфильм» көп жанрлы киноөндірісін қолдап отыр. Оның ішінде авторлық кинодан бастап, жанрлық киноның түр-түрін қамтуда. Көркем фильм­ге ғана емес, анимациялық фильмге де назар аударып отырмыз», – деген кинодраматург Дидар Амантайдың сөзі ойымызды қуаттай түседі. Соңғы уақыттар да Р.Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» драмасы, С. Тәуекелдің «Жерұйық» және А. Айтуаровтың «Елім-ай» секілді тарихи картиналардың дүниеге келуі көңіл қуантады. Әлемдік экранның озық жанры – экшнде түсірілген «Сіз кімсіз «Ка» мырза?», «Ликвидатор» триллерін, «Супер Баха» кинокомиксін, алғаш рет ЗD форматында түсірілген «А-ға оралу» фильмдерін көрермен жылы қабылдады. Қарашада «Менің күнәлі періштем» атты Қазақстан мен Францияның біріккен жобасы жарыққа шықты. Сондай-ақ, 2011 жылға жоспарланған белгілі қоғам қайраткерлеріне арналған 20 деректі және 10 толықметражды (оның жетеуі айналымда) фильм көрерменге жол тартпақ.Осы жылдың соңына қарай 25 сериалды «Қазақ елі» анимациялық фильмі жарыққа шықпақ.

Сондай-ақ, отандық кинопрокатта да қазақ киносы алға жылжып келеді. Мәселен 2007 жылдары қазақ киносы отандық прокаттың 5 пайызын ғана еншілесе, (70%-ын Голливуд фильмдері, 25%-ын Ресей фильмдері құраған), 2010 жылғы деректерге қарағанда, қазақстандық кинопрокаттың 10 пайыздан астамы қазақ киноларының меншігіне тиіпті. Отандық кинолар өз елінде өгейлік көріп, кинопрокатта өзіне лайықты орнын иелене алмай жатыр дегеннің өзінде, бұл әрине қазақ киносының ілгерілеуінің көрінісі. Отандық кинопрокаттың қазақ киносын дамытуға қырын қарайтындығы байқалады. Мәселен «Менің күнәлі періштем» фильмі көбіне түске дейінгі уақытта, көрермен аз келетін кезде көрсетілді. Есесіне шетелдің түрлі фильмдері күндіз-түні беріліп жатты. Ал дәл қазіргі уақытта, өкінішке қарай, кино айналымда бір де бір отандық кино жоқ.Қазақ киносы халықаралық кинофестивальден де шет қалып жатқан жоқ, жүлдеден де құр алақан емес. Жылына кем дегенде екі кинолента халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Нақтырақ айтсақ, еліміздің 40 картинасы әлемнің 22 елінде 27 кинофестивальге қатысқан. Өткен уақыттарда Серік Апырымов, Дәрежан Өмірбаев, Ардақ Әмірқұлов, Жәнібек Жетіруов секілді киногерлер туындылары шетелдерге несібелі болып қайтты. Күні кеше «Рывок» фильмінің режиссері Қанағат Мұстафин Лос-Анджелесте өткен Халықаралық VIII «Атлант» кинофестивалінде 3-орынды иеленді. Ал Ақан Сатайдың «Ликвидатор» фильмі енді шетелдердің киноэкранына шығатын болады. Өйткені Америкадағы кино таралымын жүзеге асыратын «Бич Три Интертеймент» компаниясы осы фильмді таратуға ресми рұқсат алды. Қазақ киногерлері шетелдік кино мамандарымен үнемі байланыста болып, қазақ киносының зор жетістіктерге жетуіне алғышарттар жасауда. Әсіресе, Голливуд киногері Чак Расселмен бірігіп түсіретін «Араб түні» фильмін асыға күтетін боламыз. Мұнда дархан даламыздың сәні мен салтанаты көрініс тауып, шығыс мәдениетіні суреттелетін болады. Бұл әлемдік киноөндіріске енуіміздің басы болғалы тұр, мамандардың пікірінше.

Қазақ киносының мұндай жетістігін қолдай отырып, болашаққа артар үмітіміз мол.

08.12.2011

Жания ӘБДIБЕК,

ҚазҰУ- нiң студентi