«Менің қарындасымнан» басталған жол
«Менің қарындасымнан» басталған жол
Сайын Мұратбековтің шығармалары мен үшін өзгеше әлем, өзгеше құбылыс. Мен ол кісіні әуелде «Менің қарындасым» арқылы таныдым. «Райгүлімен» таныстым, «Алғашқы қарына» сүйсіндім. Тіршілік дейтін әлемнің тылсым құдіретіне Мұратбеков шығармалары арқылы бас қойып, қуаныш пен мұңның бір-бірімен астарласып жатқанын ұқтым. Жазушының кез-келген әңгімелері еріксіз сені өзіне ұйытып әкетеді. Еріксіз сені оқуға жетелейді. Өйткені онда көгілдір де мөлдір әлем бар. Өйткені онда табиғи тазалық пен қарапайым тірлік бар.
Әдебиет дегеніміз көркем сөздің философиясы деп қарасақ, шын мәніндегі келісті шығармалардың образдарды берудегі ішкі астары да осы философияға негізделетіні белгілі. Біз оқыған Сайын Мұратбеков шығармаларындағы кәусар ой – адамды сүйсінтеді, жылатады, жылатып тұрып, жұбатады.Сайын аға да бала болды. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына дөп келді. 1936 жылы Талдықорған облысындағы Қапал ауылында дүниеге келген жазушы неміс фашизміне қарсы соғыс басталғанда небәрі бес жаста ғана еді. Бес жасар бала демесеңіз, қиын-қыстау уақыт балалардың бәрінің балалық шағын ұрлағаны белгілі. Қанды қырғын кішкентай баланы да ерте есейтті. Өмірдің қиындығы мен ауырлығын қаламгерге ертерек көрсетуге тырысты.
«…Атасының сөз арасындағы әңгімесіне қарағанда майданда жүрген әкесі де қисса-дастандарды жатқа соғатын жан екен. Ол Қобыланды, Арқалық, Қосай батырлардың аттары аталған жерде ішкен асын жерге қойып, олардың жырдағы ерлігін екі сөзінің бірінде айтып отырушы еді дейді. Содан болар, қарғыс атқан әнебір қиын жылда НКВД адамдары оны ұстап әкетуге келгенде: «Келініңіздің айы-күні жетіп отыр, көке. Егер ол ұл туса, атын Сайын деп қоярсыз», – деген тілегін айтады. Бұл оның «Ер Сайын» жырындағы сайыпқыран жігіт сияқты батыл да батыр азамат болса екен деген арманы шығар, бәлкім». Күні ертең-ақ, ұлының «Ер Сайын» жырындағы Сайын сияқты батыр болмаса да, халқы сүйген дана, қаламгер болатынын әкесі сезген болар іштей… Дәл осылай атасы сыр шертетін кештердің бірінде бала Сайын анасы Рәзиядан айрылып қалады. Қырман басында колхоз жұмысында жүрген анасы қайғылы қазаға ұшырайды. Анасының мезгілсіз келген қазасы ата мен баланы да есеңгіретіп тастады. «Халық жауы» деген айыптан әзер құтылып, елге оралғанында, зұлмат соғыс басталып, соғысқа кеткен әкені күткен бала мен атаны тіршілік атты кеме өз көшіне ілестіріп әкетті. Көрер қызығы мен татар дәмі бар болғаны да, Солтүстік майданда соғысып жүрген әкелері аман-есен елге оралды. Бұл анасының қазасынан кейінгі бір жылдан кейін болған оқиға еді. Әкесін құшақтап тұрып, бала Сайынның жылағанын көрсеңіз… «…Оның ағыл-тегіл көз жасында 42-нің қытымыр қысындағы ана қазасынан кейінгі көрген азап, сол жылдың аптап жазындағы атасы екеуі бастан кешкен тозақ, былтыр күздегі колхоз бригадирінің қырмандағы тұлымтасқа мінгізіп, жиын-теріннен соң бір уыс бидай бердірмеген мазақ… бәрі-бәрі де бар еді. Сондағы нала мен наза, қорлық пен зорлық енді ып-ыстық көз жасы болып сыртқа шығып жатыр… шығып жатыр. Көз жасының ыстық та ащы болатынын ол осы жолы тұңғыш рет сезген еді…» («Егемен Қазақстан», 12 қазан, 1996 ж.) Қиындықтан да құтылып, кітап дейтін әлемге бет бұра бастағанында, бұл тұратын ауылға қаладан тағы бір базарлық келе қалады. Қаладан келген әкесі ұлына Ғали Ормановтың қалыңдығы кереқарыс жыр жинағын алып келеді. Аталас туыс боп келетін Ғали Орманов қалаға ерте кетіп, ауылдан жырақта өмір сүріп жатқандықтан, бұлар ол кісімен жиі кездесе бермейтін. Осы кітаптан кейін Сайын аға тұратын ауылда кітапқа деген құмарлық басталып кетсін. Ауылдан қалаға кеткендердің бәріне ең әуелі сәлемші қып, кітап әкелулерін өтінетін еді. Қолдарына тиген кітаптарды ауылдастары бала Сайынға оқытуды әдетке айналдырған. Кітапты оқи отырып, әр жазушының шығармаларына дендеп ене бастаған бала Сайынның да көңіл түкпірінде әдебиетке деген бір құмарлық бұйығып жатқан. Осылай, жетінші сыныпта оқып жүрген сәтінде ауылдағы хикаялардан құрастырып жазған «Біздің ауылдың кештері» атты тырнақалды әңгімесі мектептегі «Достар» атты қабырға газетіне жарияланады. Сайын Мұратбековтің әдебиет дейтін ауылға бет бұруы да осы «Біздің ауылдың кештерінен» басталса керек.Қолына қалам ұстағысы келген қарымды жастың әуелден таңдайтыны журналистика болатыны белгілі. Жазушы Сайын Мұратбеков те әуелі КазГУ-дің журналистика факультетіне емтихан тапсырған. Оқуға түсе алмаған соң, ауылға барғысы келмеген жас жеткіншек Құрманғазы атындағы консерваторияның сценарий бөліміне оқуға түседі. Бұл жолда болашақ жазушыны бүгінгі қазақтың сахна өнерінің майталмандары Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Фарида Шәріпова, Оспанхан Әубәкіровпен табыстырады.
Консерваторияның өнер факультеті өзінің қолы емес екенін сезінген жас талапкердің күндіз-түні қолына алғаны қаламы мен қағазы болады. Тастақ жақта пәтер жалдап жататын төрт жігіттің үшеуінің ермегі роль жаттау, сценарий бойынша дайындалу болса, болашақ жазушы тумбочкасын теріс қаратып алып, этюд жазуға кіріседі екен. Сабақтан қала берген уақытында олар өздерінің шығармашылықтарын қызу талқыға салатын еді. Олар деп отырғанымыз: Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Мақай Нұртасов және Сайын Мұратбеков. Үшеуінің тірлігі бір төбе де, Сайын Мұратбековтің тіршілігі бір төбе. Қызу талқылаулар басталған осындай кештің бірінде Сайын аға өзінің жазған «Менің қарындасым» атты шығармасын достарына оқып береді. Шығарманың мазмұны, жылы лиризмге толы шығарма Асанәлі мен Мақай досына қатты ұнаса керек, олар жазушыға бұл шығармасын газетке бастыруын өтінеді. Әуелі «Менің қарындасымды» алып, Сайын аға «Лениншіл жастың» есігін қағады. «Бір жұмадан соң, хабарын айтам» деген әдебиет және өнер бөлімінде отырған кісінің жауабы бір жұмада емес, екі-үш жұмаға созылады. Ақырында қайта-қайта келгіштеп, әңгімесінің жағдайын сұрап, мазасын ала берген мұның әрекеті ұнамаса керек, әлгі кісі жазушының бетін қайтарып тастайды. Осылайша, «Лениншіл жастан» жолы болмаған «Менің қарындасымды» алып, «Әдебиет және искусство» журналына алып келеді. Мұнда да әңгіменің жолы болмайды. Жолы болмайды дегенге, «Менің қарындасым» мүлдем атаусыз қалды деуге де келмес. «Әдебиет және искусство» журналында жатқан әңгімесінің тағдыры журнал арқылы шешілмесе де, Жазушылар одағында өткен жас-ақын жазушылардың республикалық семинар-кеңесінде бағы ашылады. Жиналыстың екінші күнінде сөз алған жазушы Тахауи Ахтанов өз баяндамасының бір тұсында «Менің қарындасым» туралы жылы лебізін білдірсін. Жиналысқа қатысып, шет жақта отырған жазушыға бұл лебіз мүлдем күтпеген оқиға болғаны рас. Тахауи Ахтанов өз сөзінде: «Бізде шағын жанр-әңгімені жаңа форма, тың тақырыппен байыта отырып, оны жоғары деңгейге көтерудің ізгі нышандары байқалуда. Оған жас жазушы Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесін мысалға келтіруге болады. Оймақтай нәрседен ой түйіндеуге тырысқан бұл шығармада мөлдірлік, табиғилық, сыршыл лиризм мен адам жанына барлау жасаған психологизм ұшқындары бар», – деген екен. «Менің қарындасымның» тағдыры да, Сайын Мұратбековтің жазушылық тағдыры да осылай шешілген еді. Консерваториядан қол үзіп, жазушы болам деген арманын алға жетелеу үшін жазушы КазГУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі.Сайын ағамен алғашқы сұхбатымда ол кісі өзінің алғашқы тырнақалды шығармалар жинағының шығуы үшін Әбу Сәрсенбаевтай жыр алыбының қамқорлық көрсеткенін, әдебиеттегі алғашқы қадамына оң сапар берген адамның да Әбу Сәрсенбаев екенін ризалықпен айтқан еді. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі өзінің «Иірім» атты жинағында бұл жөнінде қысқаша келтіре кетіпті.
«Қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілі Сайын Мұратбековтің де Әбекеңе айтар алғысы аз болмауға тиіс. Оның «Менің қарындасым» атты тамаша әңгімелер жинағының қолжазбасын қолтығына қыстырып, Әбекең қайда бармады. Ақыры сол кітап жарық көргенде, Әбекең оның авторынан кем қуанған жоқ» деп жазады. Қадыр ақынның Әбу Сәрсенбаев туралы жазған мына өлеңінде: Ақынға біздер күлдік пе, Ақтарып салса-ақ шындығын. Өмірде сені білдік те, Не екенін білдік жақсының! Жыр үшін емес бұл тіпті, Жүректер, Әбе, мекенің. Өлеңде сені білдік те, Не екенін білдік әкенің! – дейді.Әбу Сәрсенбаевтай ағасының ақ тілегі Сайын Мұратбековке де оң әсерін тигізбей қоймады. «Менің қарындасым» атты алғашқы жинақ қазақ әдебиетінде жаңа есімді әкеліп қана қоймай, Сайын Мұратбеков сияқты дарынның тұсауын да кесті.
«Менің қарындасымнан» басталған жол ұзын-сонар әңгімелер желісіне ұласты. Ертегіші Аянның тағдыры бар Сайын ағаның балалық шағында… «Балалар, тоқтаңдаршы. Мен сендерге кешегіден де қызықты ертегі айтып беремін» деп аяғын сылти басып, балалардың соңынан еріп жүретін Аянның аянышты тағдыры бүгінгі оқырманға таңсық болмас. «Жусан иісі» әңгімесін оқыған сайын, әуелі есімізге жусанның иісі оралады. Жусанның иісі ауылда өскен, ауылда дүниеге келген, ауылдың қара топырағын иіскеп өскен әр баланың есіне оралатыны анық. Аян тағдырына қатысты сауалыма Сайын аға бір кездері: «Бұл біздің ауылдағы соғыс кезіндегі балалардың барлығының тағдырынан жинақталған» деп еді. Сол жолы күліп отырып, ауылдағы жерлестері айтқан мына бір әңгімені еріксіз еске түсірген. Жазушының Ғұмар деген досы былай деп айтқан екен. «Сенің «Отау үй» атты кітабыңда «Жусан иісі» атты әңгімең бар емес пе?! Міне, соны оқыған біздің ауылдың Тәжібай, Науқан деген ағайынды механизатор екі жігіттің үлкені: «Бұл мен туралы жазылған екен», – дейді қызып отырып. Оны естіген кішісі: «Жоқ, мұндағы Аянның тағдыры тура маған ұқсайды», – деп оған қарсылығын білдіреді. Сөйтіп, екеуі шартпа-шұрт төбелесіп, ақырында оларды әзер айырып алатынын» айтқанда, Сайын ағаның жүзіне еріксіз күлкі үйірілген еді. Әңгіменің тым шынайы жазылғандығы да шығар, жерлестерінің ол шығарманың өн бойынан өздерін іздеп, өз болмыстарын танып жатқандығы. Әрине, Аянның тағдыры тым аянышты. Жусан иісін ұмыта алмайтын баланың ауылды, жусанды ұмытып кетуі мүмкін емес. Әңгімедегідей бізде Аянның жусанды ауылға қайтып оралуын тілеп едік. Естеріңізде болса, Аян былай дейтін еді ғой әңгімеде: «– Әй, мен сендерге бір қызық айтайын ба,– деді ол сүйінші сұрағандай қуанышты үнмен, – Мен бүгін таң алдында түсімде ағамды көрдім. Рас айтам. Түнде жатар алдында ағамның пальтосын басыма жастап, көпке дейін иісін иіскеп жатқам. Ағамның иісі сіңіп қапты. Біртүрлі жусанның иісі сияқты жақсы иіс. Мен бүйтіп жағасына мұрынымды тығып алдым да ұзақ-ұзақ иіскедім… Әжем ылғи: «ағаңды анау Жусанды төбенің үстінде, мал қайырам деп жүргенде айдалада тапқанмын дейтін… Менің ағамда жусанның иісі содан қалған…Сөйтіп жатып ұйықтап едім, түсіме кірді…», – дейді. Сайын ағаммен болған алғашқы сұхбатым әлі есімде. Сайын аға редакцияға өзі келді. Сол жолы аға маған шығармалары жайлы, иә тек шығармалары жайлы, кө-ө-ө-п сыр шерткен. Өзiнiң де Қанат кейіпкері сияқты хат тасығанын, Ырысбек сияқты ағаларының кейбiр қияли қылықтарын шығармасына арқау еткенiн риясыз әңгiмелеген едi. Өткен күндерi еске түстi ме, ағамның әңгiме ауанына қарап, мен де сөзiн бөлгiм келген жоқ. Ара-арасында өткен күндердегi балалық қылықтарына өзi де риза боп, күлiп алады. Әсiресе, ең алғаш ересек балалардан хат жазуды үйренгенiн, хат жазамыз деп бүкiл балалар бiр-бiрiнiң көкелерiнiң атын хатқа жазып жiберген сәттерiн айтқанда, мен де ерiксiз күлгем. Мен үшін Сайын ағаның шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі – «Жабайы алма». «Жабайы алманың» әрбір сюжеті менің санамда жаттаулы. Кез келген сәтте сол бір повестен үзінді айтып бер десе, қиналмай айтатыным рас. Қанаттың бойындағы кейбір көріністерді соғыс кезіндегі балалардың бәрі бастан кешкені анық. Соғыс туралы жазылған шығармалардың көбінде «Жабайы алманың» кейбір эпизодтары қайталанып жатады. Бұл шығарманың қайталануы деген сөз емес, бұл сол қоғамның нақты көрінісін көрсететін шығарманың шынайылығында. Өйткені сол қоғамдағы оқиғаның бәрі солай біркелкі қайталанып жатты. Ауылдағы тұрмыс, балалық шақтағы қиындық, ұрлық-қарлық, әйелдердің колхоз жұмысындағы ауыр тірлігі, аналардың екі қолға бір күрек деп, таңның атысы, күннің батысы үй көрмей, дала кезуінің өзі сол қоғамдағы көріністі айқындап тұр.Сайын ағаның шығармаларының ішінде ерекше көңілге әсер ететіндерінің бірі – «Райгүл». Жазушының көзі тірісінде берген сұхбаттарының бірінде «Райгүлдің» оқиғасы белгілі сықақшы Оспанхан Әубәкіровтің басынан кешкен жайт екендігі туралы айтылған еді. Оспанхан аға қаладан ауылға барған сәтінде, әкесі оның көрші ауылдағы бір танысының үйіне соға кетуін өтінеді. Әкесінің өтінішін екі еткісі келмеген Оспанхан аға сол танысының үйінен қызын көріп, ұнатып қалады. Әкесінің де ойы Оспанханды әлгі жекжатының қызына қосу болса керек. Колхоз жұмысында белсенді жұмыс атқарып жүрген бойжеткен сықақшының бетін қайтарып жіберсе керек. Осы әңгімені қызыға айтып отырғанын естіп, Сайын аға Оспанхан Әубәкіровтен қолқалап сұрап алады. Осы оқиғаның желісімен «Райгүл» дүниеге келіпті. «Райгүл» дүниеге келген жылы жазушының дүниеге келген нәрестесіне де ауылдағы апалары Райгүл деп есім береді. Бұл туралы қаламгердің жары Мәриям апай айтқан естеліктердің бірінен оқыған едік.
Жазушының шығармаларының көбі елде жүргенінде жазылды. Әрбір кейіпкері ауылдағы қарапайым тірлік иесінен, ауылдастардың өмірінен ойып алынғандай көрінеді. Ол жазушының ауылдасы ғана емес, әрбір қазақтың басынан кешіп жатқан жайттар екені белгілі. Сайын аға шығармаларының ішіндегі керемет кейіпкердің бірі – Тұраш. Неге екенін білмеймін, «Таңғы шықты» оқыған сайын, ерекше күйге бөленем. «Селолық дүкеннің сатушысы Тұраш қамаудан үш ай дегенде босады». Әңгіме дәл осылай басталады. Тұраштың не себепті қамауға түскенін, оның түрмеде болған жағдайларын біліп қажеті жоқ. Осы сөйлем арқылы-ақ оның басынан түрлі жайлардың өткенін бірден байқайсыз. Әсіресе, әңгіменің мына бір тұсына көз жүгіртіп көріңізші: «…Осы мезетте үстін шерткіштеп, туфлиіне қараған жігіт дереу қалтасынан қызыл шүберекті ала сап, аяғын ысып-ысып қойды. Шүберегін сілкіп-сілкіп, бүктеп қалтасына қайта тықты. Жалт-жұлт еткен қызыл пүліш екен. Тұраштың жүрегі зырқ ете түсті. Теріс айналды. «Түу, ақшасы да, бәрі де құрысын, тезірек кетейінші…», – деп шеткі көшемен тауға қарай тартты. Неге Тұраш пүлішті көргенде тыжырынды екен деп ойлайсың бір сәт. Бірақ бәрі де сол құрғыр пүліштің кесірінен басталғанын әңгіменің ауанынан сезесің. Шын мәнінде, сатушы Тұраш дүниеқоңыз ба? Оның түбіне дүниеқоңыздық жеткен-ау деп ойлауың да мүмкін ілкі сәтте. Бірақ шын мәнінде дүниеқоңыз оның әйелі еді. Ал өзі ше? Ол өзінің адалдығын, рухани тазалығын сақтай алар ма екен деп, кейіпкермен бірге жаның ауырады. Бұл не, шеберлік пе? Таланттың шеберлігі деген осы шығар. Шығарманың ең үлкен шеберлігі, соңғы шарықтау тұсы. Қыз бен жігіттің махаббатының куәсі болған Тұраштың бойын қуаныш кернейді. Ол не қуаныш болуы мүмкін?! Оны сезіндірген тау ішінде, апақ-сапақта кездескен екі жастың кіршіксіз махаббаты еді.Сайын аға туралы әріптестері де жылы-жылы пікірлер айтты. Қаламдас, қанаттас достарының айтқан естелігі, шерткен сырлары қаншама?! Әсіресе, қаламдас інісі Смағұл Елубай: «Стиль – адам. Ал адамның жаратушысы Құдай. Бұлардың бәрі пенденің санасынан тыс бірінен-бірі өткен құпия. Сол себептен де өнері баяғыда-ақ Үшқараның басына ұя салған Сайын Мұратбеков әдебиет жайлы 40 жыл әңгіме шертсе де, өз шығармаларына тән сөз сиқырын, яғни өз өнерінің мәйегін ашып бере алмапты. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай талант иесінің маңдайына жазылған сый – Тәңір берген суреткерлік тылсым өнерпаздың қолындағы, ырқындағы құбылыс еді», – деп жазған екен қаламгер ағасы жайында.
Сайын Мұратбеков туралы жазғанда көпшілік оның Бейімбет Майлин салған сара жолды жалғастырғандығы туралы да жиі айтады. Бейімбеттің әңгімелеріндегі қарапайымдылық, табиғи тазалық, лиризм Сайын Мұратбеков шығармаларында көрініс тауып жатса, онда қаламгердің Бейімбет бастаған мектепті жаңа бір көркемдік сатыға көтергені деп қабылдағанымыз да абзал шығар. Сайын ағаның бар жазып жиғаны екі томнан аспайды деп жатады. Көп те емес, аз да емес, сол екі томдық шығармалардың саф алтындай құндылығында. Әдебиет дейтін әлемнің көшіне маржандай шығармаларымен ілесіп, қазақ оқырманына қарапайым қазақы болмысты көрсетіп, қазақтың табиғилығын танытып кетті.Сайын ағалардың буыны бір шоғыр. Ол Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Серікқалиев, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Әбіш Кекілбаев сияқты ақын-жазушылармен етене жақын араласты, бірге жүрді. Солардың ішінде мінезі жұмсақ, көп сөйлемейтіні Сайын аға мен Жұмекен Нәжімеденов болыпты. Қаламгердің жары Мәриям апа жазушының шығарманы үнемі түнде жазатынын айтады. Әсіресе күз мезгілін ұнатады екен. Қарлы жаңбыр жауған кезді қатты жақсы көреді екен. Қар жауып бастаған сәтте, Сайын аға жазуға отырады екен. «Алғашқы қар», «Қысқы кеш», «Ананың арманы», «Отау үй» сияқты әңгімелері де осындай уақыттарда жазылса керек.
Мәриям апа: «Аянның ертегі айтатындығы Сайынның өзіне келеді. Бірақ Аянның прототипі бар. Ол ауылда тобығы тайғандықтан, аяғын қисаңдатып, сәл ішіне басатын Ұзақбай деген бала. Сол баланың тағдыры шығармаға арқау болған. «Жабайы алмадағы» Қанат та өмірде бар адам. Қанаттың прототипі – Сайынның ауылындағы Науқан деген баланікі. Оның да әкесі соғыста қайтыс болған. Шешесі соғыс уақытында колохоздың жұмысынан зорығып өлген. Қазір Науқан ауылда тұрады. Ақсақал болды. Он алты баласы бар. «Жабайы алмадағы» балалар Сайынның ауылындағы «Қызыл жұлдыз» бригадасының балалары. Ал «Басында Үшқараның» деген әңгімедегі Әсет – Сайынның өзі. Бір жылы Бердібек Соқпақбаев, Тахауи Ахтанов, Сайын үшеуі Қапалдағы Сайынның атасының жайлауын аралап, Бұрхан бұлаққа барып қайтқан. Келгеннен кейін ойыма бірдеңелер келіп жүр. Бір шығарма жазсам ба екен деп жүрді. Келер жылы Әкім Тарази өз ауылының жайлауына шақырып кетті. Содан келді де, күзге салым «Басында Үшқараның» әңгімесін жазып шықты» деп айтады. (“Ақжелкен”, 2011, №11) Өмірінің соңында Сайын аға төсек тартып көп ауырды. Жазушылар одағында кездесіп, сұхбат алған сәтімде, аға өзін «қант диабетінің» мазалап жүргендігін айтып, мұң шағып еді. Таудағы үйдің ауа-райы денсаулығына қолайлы көрінген соң, сол жақта тұрып жатқан болатын. Жетпіс жылдығы қарсаңында, Мәриям апама телефон соғып, ағаның көңіл-күйін сұрап хабарласқанмын. Мәриям апа ағаның денсаулығының нашарлап кеткенін айтып еді. Сол жолы Сайын ағаға «Жабайы алма» кітабы үшін Мемлекеттік сыйлықтың берілгенін де білеміз. Ауырып, жаны қиналып жатқанда, еліміздің ең үлкен сыйлығын алуы Сайын ағаның көңіліне демеу болған да шығар, бәлкім. Өмірінің соңында Сайын аға «Мұң жапырақ» атты повестін аяқтамақ болыпты. Аталмыш шығарманың шағын үзіндісін бір журналға жариялағанымен, бұл дүние ол кісінің көңілінен шыға қоймаған соң, жыртып тастапты. «Мұң жапырақты» жақсы шықпаған соң, отқа өртеп жіберіп, қайта жазбақ та болған екен. Ағаның бұл арманы орындалмай, ішінде кетті. Тіршіліктің қым-қуыт уақытында жазуға мүмкіндігі болмады. Енді жазамын деп жүрген шағында, айықпас дертке шалдығып, төсекке таңылды. Жүзінде мейірім шуағы есіп тұратын, ұстамды, сабырлы Сайын ағаның әрбір шығармаларынан қаламгердің өзі көз алдымызға келеді. Шығармаларын сүйіп оқитын, әрі жатқа білетін Сайын ағамен көзі тірісінде екі рет кездесіппін. Бірінде – редакцияда, екіншісінде – Жазушылар одағында жолыққан сәтімде, ағаның күлімсіреп сөйлеген жүзін, ұстамды мінезін өзім жатқа білетін әрбір шығармаларының кейіпкерлеріне ұқсатқам. Бірде ертегіші Аян сияқты, енді бірде бала Қанаттың бітім-болмысы, енді біресе Ұзаққа келіңкіреген, енді бірде қолапайсыз кескін-келбеті бар Сұлтаннан аумаған еді Сайын ағам. Ең бастысы, «Басында Үшқараның» әңгімесіндегі Әсеттің өзі еді ол кісі. Мәриям апа Сайын ағаның көп сөйлемейтіндігін, айтқысы келген ойын ойланып барып қана айтатынын, жазудан басқа ештеңеге ебі болмағанын айтады. Жазу дейтін құдіретпен туылып, жазу дейтін шеберліктің шыңына шыққан дарынның қолынан қалам ұстау келгендігі, қалам ұстағанда да қарапайым сөз құдіретін бағындыра білгендігі ақиқат еді. Сайын Мұратбеков шығармаларын оқырман іздеп жүріп оқыса, қаламгердің бақыты да сол шығар. Ақын шығармаларын жинақтап, кітап етіп жаңалап тұру да қажет дүние. Сайын Мұратбеков есімін оқырманға әйгілі ететін де, оқырманына ұмыттырмайтын да кітаптары болары белгілі. «Жабайы алмадан» бастап, қаламгердің кез келген шығармасы жаңарып отырса, қала, ауыл кітапханаларына таратылып отырса, оқырман іздеген дүниесін кітапханалардан таба алатын болса ғана, қаламгердің елі үшін жазған дүниесі мәңгілік. Жазушының жары Мәриям апаның Сайын аға оқыған мектепке ол кісінің есімі берілсе екен деген арманы бар. Жазушы аты ұмытылмаса, шығармаларын күн сайын оқушылар оқып жүрсе, көңілдеріне түйіп жүрсе, қаламгердің ұмытылмағаны…Гүлзина Бектасова